Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 6961 0 пікір 5 Маусым, 2013 сағат 13:05

Қансейіт Әбдезұлы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің профессоры: Абай дәстүрі және қазақ дастандары

Қазақтың ұлы ақыны, қазақ жазба поэзиясын жаңа сапалық биікке көтерген, әдебиетімізге көркемдік құндылықтардың әлемдік үлгілерін алып келген, өзіндік ақындық мектеп, қайталанбас дәстүр қалыптастырған Абай Құнанбайұлы поэзиясының көп қырлы сипаты әдебиеттану ғылымында аз сөз болып жүрген жоқ. Әсіресе, Абайдың ақындық мектебі, оның өз тұстастары мен өзінен кейінгі шәкірттеріне әсер-ықпалын былай қойғанда, Абай поэзиясының өзінен кейінгі тұтас қазақ әдебиетіне тигізген игі әсері, қазақ поэзиясының жаңа сапалық арналарына жол ашуы, тұтас көркемдік мектептер мен жаңашыл ақындық ізденістердің дүниеге келуіне негіз болуы әлі де тереңдеп зерттеуді қажет етеді. Соның бір саласы қазақ поэзиясындағы дастандық дәстүрдің Абай арқылы жаңа биікке көтерілуі және жаңа кезеңге қадам басуы. 

Дәстүрлі қазақ поэзиясында сюжеттік оқи­ға­ларды арқау етіп, тарихи кезеңдердің шындығын биік көркемдік деңгейде, тартымды суреткерлік шеберлік аясында жинақтап көрсете алған эпи­калық шығармалар молынан кездеседі. Поэзия­мыздағы осынау арналы көркемдік ізденістердің арғы бастауларына назар аударатын болсақ, бірінші кезекте Абай поэзиясының көркемдік тағылымы, шеберлік мектебі ойға оралады.

Қазақтың ұлы ақыны, қазақ жазба поэзиясын жаңа сапалық биікке көтерген, әдебиетімізге көркемдік құндылықтардың әлемдік үлгілерін алып келген, өзіндік ақындық мектеп, қайталанбас дәстүр қалыптастырған Абай Құнанбайұлы поэзиясының көп қырлы сипаты әдебиеттану ғылымында аз сөз болып жүрген жоқ. Әсіресе, Абайдың ақындық мектебі, оның өз тұстастары мен өзінен кейінгі шәкірттеріне әсер-ықпалын былай қойғанда, Абай поэзиясының өзінен кейінгі тұтас қазақ әдебиетіне тигізген игі әсері, қазақ поэзиясының жаңа сапалық арналарына жол ашуы, тұтас көркемдік мектептер мен жаңашыл ақындық ізденістердің дүниеге келуіне негіз болуы әлі де тереңдеп зерттеуді қажет етеді. Соның бір саласы қазақ поэзиясындағы дастандық дәстүрдің Абай арқылы жаңа биікке көтерілуі және жаңа кезеңге қадам басуы. 

Дәстүрлі қазақ поэзиясында сюжеттік оқи­ға­ларды арқау етіп, тарихи кезеңдердің шындығын биік көркемдік деңгейде, тартымды суреткерлік шеберлік аясында жинақтап көрсете алған эпи­калық шығармалар молынан кездеседі. Поэзия­мыздағы осынау арналы көркемдік ізденістердің арғы бастауларына назар аударатын болсақ, бірінші кезекте Абай поэзиясының көркемдік тағылымы, шеберлік мектебі ойға оралады.
Абай Құнанбаевтың халық басынан өткен бел­гілі тарихи кезеңдерді және осы кезеңдерде тағ­дыр кешкен немесе ел өміріндегі ірі-ірі оқиғаларға ұйытқы болған тарихи тұлғалардың өмірінен алын­ған сюжеттік желілерді арқау ете отырып, терең гуманистік, адамгершілік, азаматтық идеяларды көтеретін туындылары кейінгі қазақ поэзиясына да өзінің игі ықпалын тигізді.
Абай жырлаған бұл тақырыптардың ішінде қазақ поэзиясының ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан алтын арқауы – адамзаттық гуманистік құн­дылықтар, биік адамгершілік қасиеттер, мәң­гі­лік махаббат, жастар арасындағы сүйіспеншілік, Отанды қорғау, туған жер үшін күресті бейнелеу идеялары да алдыңғы қатарға шығады. Айталық, ұлы ақынның “Ескендір”, “Масғұт”, “Әзім әңгі­ме­сі” ат­ты поэмалары осынау өзекті тақырып­тарды бей­нелеудің қазақ әдебиетіндегі озық үлгілері болып табылады.
«Ескендір» поэмасы ақындық шегіністен басталады. Ұлы ақын алдымен Ескендір патшаның кім екендігін, қандай іс-әрекеттерге барғандығын, өз заманында қандай билік жүргізгендігін шолып айтуды мақсат етеді.
Ізгілік пен қатыгездікті, жақсылық пен жаман­дықты бірден ажыратып, ақындық позициясын бірден анықтап, айшықтап жеткізген ақын Абай Ес­кендір патшаға, оның тұлғасына, тарихи орнына деген өз көзқарасын бірден ажыратып алады.
Оқырман да ақын дүниетанымына тән, авторлық мақсатқа сай ақын Абай қандай гуманистік құн­ды­лықтарды, адамгершілік қасиеттерді алдыңғы қатарға шығарғысы келгендігін бірден аңғарады. Сондықтан поэманың басталуындағы алғашқы шумақтардың өзімен-ақ Абай өз дүниетанымын, адамзат тарихында орын алған заманауи оқиға­лар­ға қатысты өз бағасын бүркемелемей, астарламай, ақ пен қараны бөліп тастағандай етіп, оқыр­ман­ға ашық, тайға таңба басқандай түсінікті, әрі поэтикалық аяда шашыратып алмай, түйіндеп, жинақтап жеткізеді. Поэманың:
Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?
Македония шаһары оған мекен.
Филипп патша баласы, ер көңілді,
Мақтан сүйгіш, қызғаншақ адам екен, –
деген жолдармен басталуында осындай үлкен ав­тор­лық мақсат жатқандығын байқамау мүмкін емес.
Ақын және заман, ақындық дүниетаным және тарихи тұлға болмысы категорияларын Абай саналы түрде жіктеп, жіліктеп көрсеткісі келмегенімен, осынау поэма шумақтарының мазмұнынан, поэ­ти­калық астарынан қазақ оқырманы ақын меңзегелі отырған гуманистік, қала берді адамзат­тық құндылықтарды жан-жүрегімен қабылдайды.
Ең бастысы, ақын дүниетанымындағы рухани құндылықтардың бір адамның, яғни белгілі тарихи тұлғаның өмірбаянына қатысты, сол кезеңдегі өт­кен тарихи оқиғалар арқылы қалайша жарқырап көрініс табатынына куә боламыз. Поэманың астары қалың сюжетке құрылуы, ішкі динамикасының ширақ, жинақы болып келуі, өте тартымды, жатық тілі, ең бастысы, шығарманың көркемдік сапасынан, поэтикалық жүйесінен Абай қолтаңбасының айшықты көрінуі поэманың ең басты құндылығы ретінде бағалануы тиіс.
Ақынның көркемдік қабылдауында Ескендір сияқты тарихи тұлғаның жеке тағдырынан бастау алатын сюжеттік желі өрби келе, поэманың көр­кем­дік шешіміне орай айырықша әсерлі, айырықша тар­тымды, тағылымдық, тәрбиелік маңызға ие бо­лады. Яғни жеке тұлғаның өмірінен алынған тарихи оқиғалар шоғыры көркемдік дүниетаным, фило­софиялық ой-толғамдар арнасында ақын үшін бүкіл адамзаттық идеяларды көтеруге мол мүмкіндіктер ашты.
Поэманың сюжеттік желісінде ашкөз, қанқұмар патша Ескендірге қарама-қарсы бейне ретінде ғұлама ғалым, данышпан, дана қария Аристотель бейнеленеді. Поэманың көркемдік шешімі ретінде ақын Абай өз шығармасында арнайы Аристотель сөзіне кезек береді.
Дүниені жаулап, ашу мен қатыгездікке ерік бер­ген, тоқтау, қанағат, рахым дегенді білмеген қанқұмар патшаға Аристотельдің сөзі ой салады. Қатыгез патшаны райынан қайтарады. Адам баласының көзі тірісінде дүниеге тоймайтынын, барға қанағат етпейтінін меңзей отырып, поэма кейіпкері Аристотель:
Кәпір көздің дүниеде араны үлкен,
Алған сайын дүниеге тоя ма екен?
Қанша тірі жүрсе де, өлген күні
Өзге көзбен бірдей-ақ болады екен, –
деп, терең астарлы өсиет сөзін айтады. Поэманың аяқталар тұсындағы осынау шумақтар шығар­маның күллі көркемдік шешіміне сыйып тұрған тақы­рып­тық, әрі философиялық ойды, автордың кон­цеп­туал­ды көзқарасын, терең дүниетанымын аңғар­тады.
Поэманың идеялық, көркемдік жаңалығы да алдымен осынау авторлық шешімдегі ақынның өзіндік толғаныстарынан нәр алады. Демек, Абай сомдаған көркем бейнелер тарихи кезеңдер шындығын авторлық идеяға сәйкес қайтара жаң­ғыртып, қайтара құбылтып, мүлдем жаңаша маз­мұндық аяда оқырманға ұсынуға болатындығын көркемдік тұрғыдан дәлелдеді.
Қазақ поэзиясында көркем бейне сомдау, осы мақсатта ақындық шеберлік шыңына көтерілу мәселелеріне арналған еңбектер аз емес. Әдебиет­тану ғылымындағы осынау мәселені – құнарлы, дәстүрімізді байытқан тақырып десек те болады. Алдымен Абай дәстүрінде көркем бейне сомдау­дың саңлақ үлгілерін қалдырған қалам қайрат­керлері еске түседі. Классик қаламгерлеріміз Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқановтан бастап, кейінгі толқын қабыр­ға­лы ақын-жазушыларымызға дейінгі үлкен шоғыр­дың арасынан осынау дәстүрлі арнаға із салып, қалам тартпаған шығармашылық тұлғалар кемде-кем екен.
Мағжан Жұмабаевтың “Батыр Баян”, “Қор­қыт”, “Қойлыбайдың қобызы”, Сәкен Сейфуллин­нің “Көкшетау”, Ілияс Жансүгіровтің “Күй”, “Күй­ші”, “Құла­гер”, Сәбит Мұқановтың “Сұлушаш”, алпысын­шы жылдары дүниеге келген Қалижан Бекхожиннің “Ақсақ құлан”, Хамит Ерғалиевтің “Құрманғазы”, Жұбан Молдағалиевтің “Кісен ашқан”, т.б. поэзия­лық шығармаларымыз әде­бие­тіміздегі тарихи тақырыпты, тарихи тұлғалар тағдырын бейнелеуді жаңа белеске көтерді. Осынау шығармалардағы тарихи тақырыпты меңгеру ерекшеліктері, сюжет құрудағы пішіндік ізденістер, тарихи тұлғаны дара­лаудағы көркемдік әдіс-тәсілдер Абай дәстүріндегі суреткерлік арналармен әр қырынан келіп сабақтасады.
Бұл туындылар ішкі көркемдік қуаты, халықтық сипаты жағынан да ұлы ақын шығармаларынан үлгі-өнеге алғанын, қазақ поэзиясында бұрыннан бар бай дәстүрлерді жаңа көркемдік сапалық деңгейде қайтара жаңғыртқанын таныта келді. Қа­зір­гі қазақ поэзиясында да бұл өнер көші, құ­нар­­лы дәстүр тоқтап, толастаған жоқ.
Ал енді, поэзиямыздағы сондай көркемдік үлгілерді тудырған, қазақ әдебиетіндегі ақындық жаратылысы бөлек, тума дарын Иса Байзақов шығармашылығы да дара көрінеді. Аса дарынды өнер иесінің басқа бір, өзі қатарлас өнер иесі туралы сөз толғауы, образ сомдауы, сол арқылы кие­­лі қазақ өнерінің тұлғаларын әдебиетімізге көр­кем бейне ретінде қайтадан алып келуі – әрқашан да оқырман ықыласына бөленіп отырған. Иса Байзақов қаламынан әр жылдары, әр кезеңде туған өнер туындылары да өз оқырманын оқшау көркемдік бояуымен, сирек кездесетін ұтымды теңеулерімен, сюжет тартымдылығымен оқырман назарын аударды.
Иса Байзақовтың әдебиетіміздің алтын қоры­на қосылған “Құралай сұлу” мен “Алтай аясында” атты поэмалары тарихи оқиғаларды көркемдік тұрғыдан жинақтаудың жаңа үлгілерін танытты. Бұл шығар­ма­ла­рына арынды ақын алдымен қазақ тағды­рын­дағы айрықша орны бар ірі-ірі тарихи оқиғаларды ар­қау етеді. Халықтың бостандық, тәуелсіздік жолын­дағы мақсатты күресі алдыңғы қатарға шы­ғады да, осынау оқиғалардың ел өмі­рін­дегі, жекелеген адамдар тағдырындағы әлеу­меттік-рухани салмағына назар аударылады. Ақынның дүниетаным тереңдігі, тарихи көзқарасы, поэти­ка­лық, көркемдік жинақтау әдіс-тәсілдері өзінің кең ауқым­дылығымен, шынайылығымен оқырманын баурайды.
Қазақ жүрегінде “Есім ханның ескі жолы” деген аңызға бергісіз қанатты сөз қалдырған, ел бірлігі, ұлттық мұрат жолында баға жеткісіз тарихи еңбек жасаған әйгілі Есім ханның заманында тағдыр кешкен, елінің жоғын жоқтаған, әділдігімен, тура­шыл­дығымен көпке жаққан Монтай бидің тұлғасы да поэманың құнарлы тұсы десек, қателеспейміз.
“Құралай сұлу” поэмасында туған жерді қасық қаны қалғанша қорғай білетін батырлық болмыс пен адал махаббаттың жолында басын бәйгеге тігетін азамат тағдырының арасындағы рухани сабақтастық, жүрек қуаты қылаусыз поэзия тілінде сөйлейді. Автор осынау адам бойындағы ізгі қас­иет­терді нақты көркем тұлғалар арқылы, олардың жан дүниесіндегі сезім толқындарын жарқырата аша отырып, оқырманына терең тебіреніспен жеткізеді.
“Алтай аясында” атты поэмасы да ақынның осынау ұлы идеясын басқа қырынан алып, оны ары қарай тереңдете түсетін туындысы. Бұл шығарма­ның да алтын арқауы – тәуелсіздік, бостандық, яғни еркін өмір жолындағы ержүрек жандардың бойындағы күрес рухын, қажыр-қайратын құдіретті поэзия тілінде кестелеу болып табылады. Адал махаббат, шынайы сүйіспеншілік жолында басын бәйгеге тігетін, биік мақсат-мұратты армандайтын, осы жолда қандай да қауіп-қатерден тайсалмайтын қазақ жастарының тұлғасы типтік көркем бейнелер деңгейіне көтеріледі.
Поэманың орталық кейіпкерлері Балағаз бен Еркежанды өмірдің қиын өткелдеріне салатын автор сол кезеңдегі дала өмірінің сан қатпарлы тарихи-әлеуметтік шындығын жалаң алмайды. Керісінше, кейіпкерлер тағдыры арқылы сан қат­парлы тарихи шындық көрініс табады. Оқиға желі­сінде әрқилы әлеуметтік топтар өз әрекетімен, өз мінез-құлқымен шынайы танылады. Тарихи оқиға­ларды қамтып көрсету, тұлғаның көркемдік қуатын аша түсетін іс-әрекеттерді бір желінің бойында шебер қиюластыру, табиғат суреттері, психология­лық иірімдер – барлығы түптеп келгенде, ақынның суреткерлік шеберлігінің терең құнарынан бастау алып жатады. Оны қазақтың ең бір сүйікті, ардақты ақынына айналдырған дүниелері де осы мәңгі тозбас құдіретті поэзияның арқасы еді. Солардың ішінде, тағы да қайталап айтсақ Абай үлгісімен, Абай бастаған дәстүрде тарихи тақырыпты, әлеу­мет­тік-рухани мәселелерді арқау еткен туындылары алыстан менмұндалап, айшықты көрінеді. Осылардың қатарында “Құралай сұлу”, “Алтай аясында”, “Ақбөпе” сынды поэмалары көркемдік талаптарының ең биік шыңына көтерілген туындылардың қатарына енді.
Ақын талантының тағы да бір қайталанбас қыры “Ақбөпе” поэмасындағы Ақбөпе тұлғасының көркемдік қуатымен сабақтас көрінеді.
Кім көрді көктің жерге құлағанын,
Кім көрді күннің жарық сұрағанын,
Кім көрді Ақбөпедей қыршын жастың,
Шомылып қанды азапқа жылағанын, –
деп басталатын дастанның тұтастай сюжетті желісі, ішкі композициялық құрылымы, кейіпкерлер жүйесі, барлығы жиналып келгенде бір идеяға тоғысады, бір мақсатқа қызмет етеді. Ол идея – мәңгілік махаббат идеясы.
Сүйіспеншіліктің биік тұғырынан бір елі шегін­бейтін қазақ жастарының қайсар мінезін асқақтата жырлау мақсатын көздеген автор суреткерлік тал­ғам мен көркемдік талаптың биік деңгейіне көте­ріле­ді. Яғни адамгершіліктің, кісіліктің, азамат­тықтың айнымас өлшемі – адал махаббатқа деген тұрақтылық екендігін ақын барлық шығармала­рында өмір бойы жырлап өтті.
Абай поэзиясының тереңіне үңіле білген, содан нәр алған, ең бастысы, Батыс-Шығыс құнды­лықтарын поэзия тілімен сөйлете білген ұлы Абайға қазақтың бір топ нәзирашыл ақындары да терең көңіл қойды. Рухани ұстазымыз Абай деп санап, осы бағыттағы ізденістерінде де олар Абайға арқа сүйеді. Абайдың поэтикалық суреткерлігінен, тіл шеберлігінен үлгі алды.
Дастандық жыр дәстүріне ат басын бұрған ақын-жыраулардың барлығы да Абайдан ең алдымен гуманистік идеяны алдыңғы қатарға шығару­ды, адамгершілік, азаматтық құндылықтарды ас­қақ­­та­та жырлауды үйренді. Ұлы гуманистік идея­лары мен азаматтық сарындағы ой-аңсарла­рын поэзия тілімен қалың оқырманға жеткізе білді.
Жаратушының болмысы, Алла-тағалаға құлшы­лық ету, күллі ғажайыптар бір ғана Жаратушының қолын­да тұрғандығын кеңінен насихаттайтын дастандар легі қазақ поэзиясынан орын таба бастады.
Бұл туындыларда (дастандарда, толғауларда) ең баста Абай негізін қалап кеткен орнықты диа­пазон­ның, ой ауқымын арыдан салып, алыс көкжиектерді қамтып айтуға мол мүмкіндіктер ашатын әдіс-тәсілдер бой көрсетті.
Бір кезде өз тұсында Абай көтерген елдік, отан­дық тақырып тар шеңберден шығып, адамзаттық ауқымдағы маңызға ие болып, әлемдік маңызы бар мәселелерге қарай бет бұрды, сөйтіп, елдік шеңберден шығып, енді космогониялық, филосо­фия­лық феноменге ие бола бастады. Абай жырла­ған отандық тақырып, әсіресе, шығыстық сарын­дағы сюжеттер, діни астардағы қиял-ғажайып оқиғалар­ға толы мазмұндық сюжеттер өзара жинала келіп, әрекет ете отырып, оқырмандарға қиялға жетелей­тіндей ой тастады. Әсіресе, шығыс­тық сарындағы сюжеттер, діни- мистикалық астары қалың идеялар адам сенбейтін таңғажайып оқиғаларға табан тірей отырып, әрекет ететін, қиялға жетелейтін, пері-періштелер бас кейіпкерге айналатын жаңа сю­жеттік желілер қазақ дастандарынан орын алды.
Құрғақ дидактиканың орнын тірі поэтикалық сөз ауыстырды. Философиялық ой-аңсарларға құлаш ұра алатын ақындық қуат алдыңғы қатарға шықты. Автор өз туындыларына арқау еткен бұл әсерлердің, ізденістердің тамыры ең алдымен Абайға барып тіреледі.
Тарихи тұлғалардан бөлек енді қиял-ғажайып оқиғаларды бастан кешетін, бірақ халық жадында сан ғасырлар бойында жатталып қалған, ел арасында аңыз, әфсана болып кең жайылған ертегілік қаһармандар да әдеби кейіпкерлер ретінде шығарма сюжетіне еніп, үлкен идеялық жүк көтеріп тұратын деңгейге көтеріле бастады. Бұл туындыларда да (мейлі тарихи тұлға бола ма, мейлі қиял-ғажайып кейіпкер бола ма) олар бәрібір оқырман санасын сырт итерген жоқ, өз болмысына адам санасы жақын болған соң оқырмандар да оларды табиғи қабылдады.
Әсіресе, ислам дінінің асқан мейірімі мен шапағатын, асыл қасиеттерін көрсететін, сол қасиетті дүниелерді аңызға бергісіз етіп суреттейтін сюжеттік желілер қазақ оқырмандарына бірден жат көрінген жоқ. Бұл қасиетті дүниелер, биік, асыл, таза рухани күштер қазақ жанына жақын болғандықтан қалың оқырман оларды бірден жүрегімен қабылдады.
Осы арнада, әсіресе, Сыр бойынан шыққан шы­ғыс­шыл, діни тақырыптарға көбірек қалам тербеген ақын, жыршы-жыраулардың әдеби еңбегі шоқтықты көрінді. Соның бірі, әрі бірегейі – Сыр сүлейі Тұрмағамбет Ізтілеуұлы Абай дүниесін бала кезінен жүрегіне жақын ұстап, санасына сіңірген, қала берді, осынау өңірде кең етек жайған халық мұрасынан нәр алған, соның інжу-маржандарын жас­тайынан жанына балап, жаттап өскен дарындарымыздың бірі болатын.
Ақын Бұхарадағы “Көкелташ” медресесінде дәріс алған жылдары, кейінгі өнер иесі ретінде елге танылған кезеңдерінде де осынау жыршылық, дастандық өнерімізден бір сәтке де көз жазған жоқ. Осы бағытта талай әдеби-шығармашылық белестерден өтіп, шеберлік шыңдап, өмірінің соңғы кезеңінде Шығыстың әйгілі туындысы Фирдоусидің “Шахнамесінің” сюжетін жырлады. Осылайша Тұрмағамбет Ізтілеуұлының қазақ поэзиясының төріне көтерілген, қайталанбас атақты төл туынды­сы “Рүстем-Дастан” жыры дүниеге келді. Сыр бойын­да ежелден тамыр жайған ұлы даналық мектебі, жыр мектебі, сонау Алдашбай ахундардан, Ешнияз сал, Базар жырау, Кете Жүсіптерден басталатын ақындық, ұстаздық мектеп Тұрмағам­бет Ізтілеуұлы тұсында айрықша шарықтау биігіне көтерілді.
Әдебиетіміздің көне тарихына кішкене шегініс жасап, ой көзімен барлай қарасақ, дәстүрлі қазақ поэзиясында сюжеттік оқиғаларды арқау етіп, тарихи кезеңдердің шындығын биік көркемдік дең­гейде, тартымды суреткерлік шеберлік аясында жинақтап көрсете алған эпикалық шығармалар молынан кездеседі. Поэзиямыздағы осынау арналы көркемдік ізденістердің арғы бастауларына назар аударатын болсақ, біздің заманымыздың V-VIII ғ.ғ. көне түркі ескерткіштерінен бастап, ортағасырлардағы жәдігерлеріміз, кешегі XIX ғасырдағы Абай поэзиясының көркемдік тағылы­мы, шеберлік мектебі ойға оралады.
Арыға бармай-ақ, өзіміздің XVI ғасырда – 1530-жылдары, ұлы бабамыз, тарихшы, ақын Мұхаммед Хайдар Дулатидың “Жаһан на­ме” атты әйгілі, шығыстық үлгідегі, ең бастысы, түр­­кілік дүниетаным биігінен ой толғайтын, дана­лық сөз айтатын классикалық, поэтикалық шығар­масын дүниеге алып келгендігін айтсақ та болады.
Тұрмағамбет ақынғы қайта оралсақ, оның жыр­шы, жырау, ақын ретіндегі бір ерекшелігі – өзі жырлаған шығармаларында біздің басты құндылы­ғымыз – ислам тақырыбын мол қамтып, осы арқы­лы дастандық үлгіде имандылық тақырыбын, пайғам­барлар өмірбаянынан таратып айтатын сюжеттік желілерді өнегелік және тағылымдық мақсатта көп жырлағандығы.
Даналық ой-толғамдар, фәни жалғанның қас-қағым сәттік өткіншілігі мен адам бойындағы ал­уан мінез-құлықтың көріністері – барлығы ой елегінен өтеді. Шайыр осынау тақырып, ой арнала­рының барлығын көркем тілмен, поэтикалық айшықтаулар арқылы оқырман жүрегіне әсерлі жеткізеді. Қазақ танымындағы таныс сюжеттер, таныс кейіп­керлер ақын дүниетанымы арқылы жаңаша жинақ­тық мәнге ие болатындықтан олар өзінің көркемдік құндылығын тереңдете түседі. Поэтикалық әсері де осы арқылы жаңаша пайымдалады.
Айталық, ақынның “Жасыл құс”, “Хабибулла мен Аллаяр”, “Мұхаммед туралы”, “Мәрді диқан» дастаны, “Соқыр мен ақсақ”, “Қойшы хикаясы”, “Ескендір хикаясы”, “Лұқман баласының хикаясы”, т.б. дастандық үлгіге жақын, хикаялық сюжеттерді арқау еткен, көлемі жағынан қысқа-қысқа туындыларында дін тарихынан, пайғам­барлар өмірінен тарата отырып, өмірдегі ізгілік жолына бастайтын адам бойындағы жақсы қа­сиеттерді уағыздайды, үлгі етеді. Жауыздық пен жамандық, өтірік пен өсек, жала мен пәле, ұрлық пен сұмдық сияқты адам­затты аздыратын, жарға жығатын мінез-құ­лық­­тарды, шынайы өмір кө­ріністерін нақты кейіп­керлер әрекеті арқылы әшкерелеп отырады.
“Жасыл құс” хикаясында Ұлы Жаратушының, Алла-тағаланың барлық ізгі қасиет­тері марапатталады. Әлемдегі күллі жақсылық, игілік көзі Алланың қолында екендігі айтылады. Күллі әлемді өз нұрынан жаратушы Құдіреттің адамнан бастап, Жер бетінде тіршілік ететін барлық тірі ма­құ­лықтарға бірдей тиесілі ризығын тауып беретіні айтыла келіп, бұл жалғанда ешбір өзгеріс, қоз­ға­лыс, жаңғыру Алланың рақымынсыз жүзеге аспай­тындығы көрсетіледі. Дүниеде мақсатсыз жара­тылған тіршілік иесі болмайды деген идея бой көтереді. Ақынның исламдық дүниетанымы да, жалпы адамзаттық құндылықтарға деген көз­қарасы да осы идеялар арқылы көрініс табады.
Таза дін тақырыбы, яғни пайғамбарлар өмі­рі­нен сюжет тарқатып, оқиғалар құраудың тағы­лымдық, тәрбиелік астарына үңілетін ақынның осы мақ­саттағы туындыларынан “Сүлеймен хикаясы”, “Самұ­рық хикаясы” атты екі дастанын бөле-жара қараған орынды. “Сүлеймен хикаясы” дастаны өзіміздің аңыз-әпсаналарымызда, ертегілік, хи­каялық жыр-дастандарымызда жиірек сурет­теліп, кеңірек сөз болып келе жатқан Сүлеймен (ғ.с.) пай­ғамбардың өмірбаянынан алынған көне дерек­тердің бірін арқау еткен. Әлемдегі жанды-жансыз атаулының барлығының тілін білген пайғам­бары­мыздың ел ішінде ежелден аңызға айналған бір тағылымды оқиға желісі тұтас дастанның тақырып­тық идеялық арқауын көтеріп тұр.
Дастанда алдымен сабыр мен ақыл, даналық марапатталады. Ілім мен білім, көрегендік, тап­қырлық адам баласын ізгілікке бастайтындығы айтылады. Тұрмағамбет ақынның осынау сюжетті таңда­уының өзінде үлкен сыр бар. Күллі тіршілік заңын, әлем жаратылысын түсінуге шақырады. Адамның ізгі мақсаты осы деген идеяны алға тартады.
Ал, “Самұрық хикаясы” дастанында Алланың пешенеге жазған тағдыр бұйрығынан асып, ешбір пенде тіршілік ете алмайды. Ақын өз дастанында “Адамның тағдыры бір Жаратқанның иелігіндегі дүние” деген идеяны насихаттау мақсатын көзде­ген (Тұрмағамбет Ізтілеуұлы. Шығармалары. Алматы, “Дешті Қыпшақ” баспа үйі, 2007, 568-б.).
Түйіндей айтқанда, Тұрмағамбет Ізтілеуұлының дастан, хикаяларының өн бойынан сан ғасырлар арқауы үзілмеген Шығыс шайырларының жырлап өткен мәңгілік идеясы – Ұлы Жаратушыға деген сүйіспеншілік, Ұлы Жаратушыға жақындай түсу идеясы, Алланың болмысынан тарайтын күллі жақсылық, ізгілік атаулыға ұмтылу идеясы самал желдей есіп, жаныңа нұр құяды. Алланың дидары ақын дастандарында мәңгілік ақиқат жолына бас­тайтын шамшырақтай биіктей береді. Шайыр әр алуан тақырыпты, яғни адам бойындағы әрқилы қылық-мінез, іс-әрекет жайын астарлы оймен қабыстыра, сабақтастыра өріп отырып, түптің-түбінде өзінің басты ақындық мұраты, дүниета­ным­дық тірегі, темірқазық нысанасы – адамгершілікті, иман байлығын, кісілік сабағын уағыздаудан бір елі ауытқымай өтті. “Мәрді диқан” дастанындағы «Мал, перзент, бақ, дәреже, өнер, ғылым; Беріп тұр наз-нығмет неше мың сан; Шүкірін осылардың өтемекке; Уа, дарих, ойласаңшы біздер надан; Үміт көп, қанша айтқанмен, өмір қысқа; Баянсыз бір күн өтер фәни жиһан” деген жолдарда Тұрмағам­бет Ізтілеуұлының даналық ойлары бір кездері бес ғасыр бойына қазақ жыраулары жырлағандай, адам өмірінің күллі мән-мағынасы, философиялық түйіні қайтара бой көтереді.
Фәнидің жалғандығы, пенде өмірінің қас-қағым сәттік қысқалығы, тақ пен тәж, байлық пен мансап, барлығы-барлығы жиылып келгенде адамның тәуба жолындағы бір қадамынан басталатындығы, бұл тіршілікте иман мен ұятты, ар мен намысты биік ұстаған жанның ғана кәміл екендігі айтылады. “Еге етті адамды Алла бұл қапасқа, Өзгеден ізгілігі, ар­ты­­ғы үшін”, – деп ойын түйіндейді кемеңгер ақын.
Сондықтан да Тұрмағамбет Ізтілеуұлы өз шығармалары арқылы қазақ поэзиясындағы, жалпы түркілік поэзиядағы сан ғасырлар бойына жасап келе жатқан, ең бір жасампаз, дәстүр­лі, қазақ оқырманының көркемдік қабылдауына етене жақын, қазақтың қара өлеңіндей құлаққа үйреншікті, сіңісті жанрлық түр – дастандық жыр­ла­ры­­мыздың өресін жаңа биікке көтерді.Тақырып­тық ауқымын кеңейтті. Ақындық дүниетаным кеңістігін, көркемдік жинақтау айдынын жаңа өрістерге бастады. Ең бастысы, батырлық, қаһар­ман­дық рухтағы, дәстүрлі, сан ғасырлар бойында шыңдала, қырлана түскен шығыстық, түркілік дас­тан­дарымыздың қатарына Тұрмағамбет ақынның қаламы танымдық-тағылымдық мәні терең діни-философиялық, сюжеттік дастандарымызды алып келді. Тарихи тұлғалар тағдырынан немесе пай­ғам­­барлар өмірінен тарата айтылатын, сюжеттік оқиғалары тартымды болып келетін, оқырманын жалықтырмайтын, поэтикалық қуаты өте әсерлі, көркемдік бояуы қанық, суреткерлік шеберлік тұр­ғы­сынан төрт аяғынан тең тұрған дастандық жыр­лар­дың осынау үлкен шоғыры біздің бүгінгі әде­бие­тіміздің де баға жетпес байлығы.
Туған әдебиетіміздегі осынау Абайдың теңіздей терең рухани қайнарынан бастау алатын әдеби-эстетикалық, тақырыптық-сюжеттік, композиция­лық, философиялық, қала берді тілдік – стильдік ізде­ніс­тердің барлығы жиылып келгенде әдебиеті­міз­дегі ұлы дәстүрлердің тамыры әлі де терең және сан ғасырлардың қатпарынан көктеп еніп, бізге еркін жетіп отырғанын дәлелдейді. Абай дәстүрі дас­тан жанрындағы осы ұлы сілемдердің бізге жа­қын­дау жатқан ұлы арналарының бірі, әрі бірегейі ғана.

"Қазақ әдебиеті" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5338