Қазақ тілді балалар не ойнап, не көріп жүр?
Кезінде Хабар арнасы өзінің «Бүгін» бағдарламасында студия қонақтары ретінде бұрынғы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай, ҚР МСМ Мәдениет комитеті Музейлер мен кітапханалар басқармасының басшысы Гүлзейнеп Пазылова, жазушы, әдебиет сыншысы Анар Қабдуллина, «ВilimLand» ЖШС атқарушы директоры Санжар Кенжеханұлы, және блогерлер Адина Зейнолла мен Мадина Зейноллалар қатысқан «Қазақтың балалары не оқып, не көріп жүр? Олардың санасына қандай ақпарат құйылып жатыр? Еліміздегі балалар әдебиеті мен балалар контентінің жай күйі қандай? Ақпарат тасқыны мен бәсекеге қабілетті ме?» деген мәселелерді қарастырған келелі дүниені көтерген болатын. Содан бері екі-үш жыл өтті. Әлі бұл мәселелер өз өзектілігін жойған жоқ.
Иә, мақаламыздың аты аты айтып тұрғандай ана тілінде тілі шыққан, өз отбасында тек қазақ тілінде қарым-қатынас жасайтын алаш бүлдіршіндері не көріп, не ойнап жүр деген мәселе қоғам мүшелерін ойландыра бастады. Осы мәселеге арналған зерттеу мақалалар мен ғылыми ізденістер елімізде бой көрсете бастады. Осы орайда психолог мамандар пікіріне ден қоятын болсақ.
– Жалпы компьютерлік ойындар балаларға әрқалай әсер етеді. Бірақ бұл ойындар логикалық ойын дамытса, спортқа қызушылығын артыратын болса логикасының жетілуіне оң әсер етеді. Ал құбыжық, атыс-шабыс ойындары баланың жүйкесін жұқартады, көздері ауырып, оқу үлгерімдері нашарлай түседі. Негізінде компьютерлік ойын «аддикцияға» ұшыратады. Бала күннен бастап баланы жауапкершілікке сезіндірген дұрыс. Құмар ойын есірткіден де бетер.Соны біле тұра,балалар ойнайды, - дейді психолог Назгүл Есимова. Бұл негізінен компьтерлік және інтернеттік ойын түрлеріне қатысты әрі баланы «компьютерлік тәуелділіктен» арылтудың төте жолы.
Енді қазақ баласы үшін тағы бір қауіпті үрдіс – жат идеология мен психологияға негізделген телеөнімдерді көріп, өзге ділді азамат болып қалыптасуы. Міне осы мәселеге қатысты психолог Гүлназ Бердібекқызы:
– Баланың психологиясы кез келген нәрсені тез қабылдағыш келеді. Теледидардан көрген кейіпкеріне тез еліктейді. Оған көргеннің бәрі әсер етеді. Сол себепті баланың теледидардан қандай бағдарламаларды көріп жүргені өте маңызды. Негізі балаларға тыныш отырса болды деп кез келген телеарнаны көрсетіп қоюға болмайды. Кейбір заманауи мультхикаялардың бала психологиясына кері әсері бар. Қазіргі таңда балаларға арналған «Балапан» ұлттық телеарнасы көрсетіліп жүр. Телеарнада балаға арналған тәрбиелік мәні бар бағдарлама, мультфильмдер көрсетеді. Қазақша дәстүрді және үш тілде сөздіктерді үйретеді, – дейді.
Жалпы қазақ көпшілік жағдайда мультфильм дегенге менсінбей қарап, тек оның баланың көңілін аулап, көзін қызықтыратын дүние секілді көретініміз жасырын емес. Көпшілік жағдайда өз отбасымыздағы балалардың қандай мультфильм қарап жүргенін, одан не үйренгенін қаперден шығарып аламыз. Ал, балаларға арналған теле өнімдерге қатысты қаламгерлер мен журналистердің ой-пікірлері қандай енді соған тоқтала кетейік.
«Қармақшы таңы» газетінің журналисі Ерсін Сәдуұлы өз кезегінде:
– Қазіргі таңда балаларымызға нені көрсетіп жүрміз? Байқап отырсақ, шетелдің арзанқол атыс-шабыс мултьфильмдерімен санасын улап жатырмыз. Бүгінде «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты қазақтың төл туындысының орнын, голивудтық «Том мен Джери» және ресейлік «Маша мен Аю» мультфильмі басқан заманда баланың талғамы да өзгерген. Оның сана-сезімін, бүтін психологиясын не адам емес, не құбыжық емес бейнелер жаулап алған. Қай үйдің баласы болмасын көрген мультфильмінің ішіндегі кейіпкердің бейнесін сомдап іс-қимылын қайталауда…
Ал өзіміздің қазақстандық аниматорлар қалай жұмыс істеуде? Бізде қазақша мультфильмдер жоқ емес, бар. Қазіргі күні неше түрлі «Алдар көсе», «Ертөстік», «Қажымұқан» т.б секілді мультфильмдер шықты. Бірақ оны бала түгілі үлкендер дұрыс қабылдай алмады. Неге дерсіз? Себебі, кейіпкерлері өте тұрпайы. Қимыл-қозғалысы қолапайсыз. Мәселен Алдар көсені халық көп сынға алды. Кейбір тұстары қазақтың дүниетанымына да келе бермейді,- деген ой-пікірді алдымызға тартады.
Балалар жазушысы Серікбол Хасан осы орайда айтатын төмендегі пікрлері ойға қонымды дер едік. Енді қаламгер бұл жайында не дейтініне ден қоялық:
– Негізінде, көбіміз мультфильм дегенге менсінбей қараймыз. Оны тек баланың көңілін аулап, көзін қызықтыратын дүние секілді көреміз. Сөйтеміз де, баламыздың қандай мультфильм қарап жүргенін, одан не үйренгенін ескермейміз. Сөйтсек, бұл мультфильм деген қып-қызыл идеология екен. Баланы білімді қылатын да, бүлдіретін де – осы мультфильм. Біздің көрген мульткейіпкерлеріміз қандай еді? Леопольд, Чебурашка, Буратино, Мойдодыр, Құйыршық, қарлығаш. Бұл кейіпкерлердің бәрі де бізге жақсы тәрбие берді. Леопольд – достыққа, Мойдодыр тазалыққа үйретті. Ал балаларымыз не көріп жүр? Бүгінгінің мульткейіпкері балаларға қандай тәрбие беріп жатыр? Жиырма жылдан бері бала психикасын зерттеп жүрген неміс психологы Райнер Пацлаф теледидардың баланың дамуына әсер ететінін жазыпты. Психолог «баланың дұрыс дамуы оның көрген мультфильміне байланысты» деген қорытындыға келген…
Оны айтамыз-ау, мультфильм бояуының қанықтығы мен дауысының жоғары болуы, тіпті сюжетіне дейін баланың болашағына әсер етеді. Яғни баланы шынайы өмірден алыстататыны белгілі болды. Шыны керек, қазір көбіміздің балаларымыз «Маша мен аюды» он айналдырып қойып берсең де, аузын ашып отырып көреді. Баланы өзіне магнитше тартатындай бұл мультфильмнің қандай құпиясы бар? Графикасы мен сапасына қояр мін жоқ. Кейіпкерлері де сондай шынайы шыққан. Алайда Машаның өзіне бір қарадыңыз ба? Бірбеткей, бұзақы, бетпақ. Білетіні – бұзықтық, бүлдіру. Демек, бұл мультфильм «өмір сүрудің бүкіл ережесін бұзып, өзің қалағандай өмір сүр, сені бәрі кешіреді» деген ой тастайды. Шынында, Машаны көрген бала оның әрекеттерін айнытпай қайталайды…
Пайғамбарымыз: «Жақсы мен жаман жолдас әтірші мен от жағушыға ұқсайды. Әтіршінің қасында болсаң, жақсы иісті иіскейсің немесе жақсы иіс үстіңе жұғады. От жағушының жанына барсаң не көйлегің жанады, не болмаса жаман иісті жұтып қайтасың» деген екен. Білгенге, мультфильм де осы секілді, жақсысы мен жаманы бар. Балаңа жаманын көрсетсең, тәрбиесінде қара дақ қалады. Жақсысын көрсетсең, жүрген жері шат болады. Қалау – өзіңізде!». Жазушының айтқан жоғарыдағы пікірлеріне бізде өз тарапымыздан толық қосыламыз.
Қазақ тілді контент жоқ емес бар, бірақ сапасы жұрт көңілінен шығып жүрген жоқ. Олардың ішінде 400 аса бейнебаяны бар ютубтағы «Алик кз». Осы турасында Ерсін Сәдуұлы: … Қазақша дыбысталған бұл фильм балаға боқтық сөзден бастап неше түрлі жауыздық іс-әрекеттерді үйретіп жатыр. «Әй дейтін ажа, қой дейтін қожа» жоқ. Бүгінде 395 бейнебаяны бар бұл топ, өз аудиториясын кеңейтіп 400 мыңнан аса адам жинап үлгерген. Әлі қанша бала тіркелетіні белгісіз, - деп өкінішін жасырмайды.
Бұдан шығатыны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі осы мәселені қолға алып, қазақи салт-дәстүрімізге сай балаларға арналған бейнеөнімдерді қаржыландыруды қолға алса, көп нәрсе оңалар еді.
Әбіл-Серік Әліакбар
Abai.kz