Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 3768 19 пікір 3 Шілде, 2023 сағат 12:46

Тағы бір үмітім Ерлан Қаринде...

Осыған дейін айтып, жазып келе жатқанымдай, мен соңғы екі айдан бері Президент Әкімшілігінің басшысы Олжас Бектенов мырзаның атына дамылсыз хаттар жазып, ауылдық округ әкімінің құзыретін тағы да үш бағыт бойынша кеңейту туралы ұсыныс жасап келемін.

Дамылсыз дейтін себебім, аталған ұсыныс-хатыма тек үш-төрт министрліктің қолданыстағы заңдарға сілтеме жасай отырып, өз құзыреттері шегінде берген жауаптарын келуде. Президент Әкімшілігінің өзінен әлі бір тиянақты жауап алған жоқпын. Сол себепті, мен қайталап хат жазып, аталған өтінішімнің Қасым-Жомарт Кемелұлына жетуін өтініп, Олжас Бектенов пен Қанатбек Жайсаңбаевтың қабылдауларын сұрап жатырмын...

Иә, алдыңғы маусым айының 14-і күні Президент Әкімшілігі Инспекциялық-әдістемелік жұмыс секторының меңгерушісі Шыңғыс Андабеков ағамыз шақырып, осы мәселе туралы әңгімелесіп, ұсыныс-хатымның Президент Әкімшілігінің басшысы Олжас Бектенов мырзаның және Оның бірінші орынбасары Тимур Сүлейменовтың өз қолына тигенін жеткізгені туралы айтқан болатын.

Бірақ, ол хаттар да әуелгі әдетімен тағы да сол үш министрлікке жолданды. Одан қала берді, «Құрметті Ауыт Мұқибек! 14 маусым күні Президент Әкімшілігінде жеке қабылдауда болдыңыз. Жеке қабылдау барысында Сіз көтерген мәселелер толығымен талқыланды, сонымен қатар, Ұлттық экономика және Ауыл шаруашылығы министрліктеріне Сіздің сұрақтар бойынша қосымша нұсқаулар берілді» - деп, Шыңғыс Андабеков ағамызбен кездесудегі әңгімеге сілтеме жасалып, Президент Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімі меңгерушісінің орынбасары Б. Байкеновтің қысқаша жауап беруімен тынды.

Мейлі, мені «Қыртымбай екен!» десе, дей берсін, тағы қайталап айтайын, ауылдық округ әкімінің құзыретін біз ұсынған үш бағыт бойынша тағы да кеңейту – үш министрліктің деңгейінде шешіле қоятын, мұндай шығарып салма жауаптармен тындым бола қалатын мәселе емес!

Бұл мәселені менің құлғанадай қууымның басты себебі, биылғы 19 сәуір күні өткен еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан түйткілді түйіндердің бірде-біреуі сол беті қалмай, шешілуі керек!

Оны шешудің бірден-бір жолы –  ауылдық округ әкімінің құзыретін тағы да үш бағыт бойынша кеңейту. Бұл – бір.

Екіншіден, Егер, осы жоба жүзеге асса, ең кемінде, қорасында малы жоқ, даласында егіні жоқ субсидия алып келгендердің жолы кесілетін еді ғой;

Үшіншіден, халықтық бақылау күшейеді;

Одан қала берді, Президентіміздің мемлекеттік басқаруды орталықсыздандыру саясатыңыздың нақты жүзеге асқандығының бір айқын көрінісі болары сөзсіз...

Қысқасы, бұл – «Ескі Қазақстан» мен «Жаңа Қазақстанның» айырмасын көрсететін басты факторлардың бірі.

Сондықтан, маған Президент әкімшілігінен осы ұсынысымның Мемлекет Басшысына жеткен не жетпегені туралы жазбаша жауап керек!

Ал, бұл ұсыныс Қасым-Жомарт Кемелұлының қолына тиіп, Ол кісі қандай шешім қабылдаса да, мен оған ризамын!

Әрине, мен бұл ұсыныс-хатымды Президент Әкімшілігінің басшысы Олжас Бектенов мырзаның ғана емес, Мемлекеттік Кеңесші Ерлан Қарин мырзаның атына да жолдадым. Ол кісіден де ауылдық округ әкімінің құзыретін тағы да үш бағыт бойынша кеңейту мәселесін Қасым-Жомарт Кемелұлына жеткізуді өтіндім.

Президент Әкімшілігінің құрылымына қарасам, Мемлекеттік Кеңесші Ерлан Қариннің аты-жөні тізімнің ең басында тұр екен. Одан кейін Олжас Бектенов, одан кейін Нұрдәулетов Ғизат Дәуренбекұлы, одан кейін...

Қазақта «Әулие аттаған оңбайды!» деген киелі сөз бар. Осы жүйеден алғанда, Ерлан Тынымбайұлынан аттап өтіп, Олжас Бектеновке «секіргенім» жарамас деп ойладым.

Оның үстіне, Президент Әкімшілігінде отырған он тоғыз адамның, сайып келгенде, илейтіні – бір терінің пұшпағы – біз секілді қарапайым азаматтардың өтініш-тілектерін Президентке жеткізу ғой!

Солай емес пе?!

Естеріңізге тағы сала кетейін, ауылдық округ әкімінің құзыретін тағы да кеңейту туралы біз ұсынған үш бағыт мынау:

Бірінші, өзі жетекшілік ететін ауылдың жерін өзі басқару;

Екінші, аудандық, облысық және республикалық бюджеттен бөлінетін қаражатты өзі басқару және ауылдық Кеңестің келісімін ала отырып игеру;

Үшінші, ауыл тұрғындарына берілетін субсидиялардың, гранттардың және қайтарымсыз несиелер мен төмен өсімді несиелердің кімдерге берілетінін алдын-ала белгілеп, жоғарыға ұсыну. Сөйтіп, мемлекеттен бөлінген көмек қаражаттардың иесіне бірден жетуін қаматамасыз ету.

Сондай-ақ, аудан мен облысты республикалық бюджеттен айырып, тек жергілікті бюджетпен қалдыру, ауылды тікелей республикалық бюджетпен қамтамасыз ету мәселесін де осы жолы қарастырған артық болмас еді.

Тағы бір жағынан, негізі, бұл – Мемлекет Басшысына «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заңының жобасы Мәжіліс талқысына түсерде, мен емес, осы Мемлекеттік Хатшы ұсынатын ұсыныс еді.

Өкінішке орай, Аталған Заң жобасынан, жоғарыда айтылған, 19 сәуір күні өткен еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан түйткілді түйіндерді шешуге арналған мұндай нормаларды таппадық.

Оқасы жоқ, мен де Ақордаға бөтен адам емеспін, Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдаушысымын. Өткен жылы жасалған саяси реформа кезінде шекара сыртында қалып бара жатқан алты-жеті миллион ағайынға КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ҚҰҚЫҚ беру туралы ұсынысым өтпей қалған кезден бері Ерлан Қаринге өкпелеп жүргенім рас. Оған бола Ерлан Тынымбайұлы мені айыпқа бұйырмайды деп ойлаймын. Ұлттық мүдде жолында, өткен-кеткен өкпе-ренішті қайырып қойып, біріміз ескермеген дүниені екіншіміз толықтырып отырсақ, біріміз ұсынғанды екіншіміз қабылдап жатсақ, бұл нағыз кісілік пен азаматтықтың белгісі емес пе?!

«E-OTINISH» арқылы бәрін көріп отырмын, Мемлекеттік Кеңесшінің атына жолдаған хатымды Президентінің Әкімшілігі Өтініштерді қарауды бақылау бөлімі меңгерушісінің орынбасары Болат Байкенов Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Президент Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Қанатбек Жайсаңбаевтың атына тіркепті.

Қанатбек Жайсаңбаев мырза оны Ерлан Қариннің атына тіркепті.

Ерлан Қариннің алдында 23 маусымда барып түскен сол хатым 1 шілде күні Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары Ернар Баспаев мырзаның алдына қарай жылжыды. Одан ары не боларын білмеймін...

Демек, ұсыныс-хатым иесіне – Ерлан Қаринге жетті. Сол үшін, Болат Байкенов пен Қанатбек Жайсаңбаевқа алғысым шексіз!

Жоғарыда да айттым, осыған дейінгі осы мәселе жөніндегі мақалаларымда да жаздым, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заңының жобасы аясында ауылдық округ әкімінің құзыреті тағы да үш бағыт бойынша сөзсіз кеңейтілуі керек!

Бұл – «Жаңа Қазақстанның» талабы!!

Бәріміз білеміз, әр қадамын бағып, бақылап отырамыз, Ерлан Қарин – Президентіміздің «Жаңа Қазақстан» құру Ұлы жоспарының басы-қасында жүрген сұңғыла жігіт. Ауылдық округ әкімінің құзыретін тағы да үш бағыт бойынша кеңейтсе не болады, кеңейтпесе не болады, бұл реформаға кімдер не үшін қарсы болып отыр, Ерекең оны бізден он емес, отыз есе жақсы біледі. Бәрін сезіп, біліп, көріп отыр. Әйтпесе, Ол Мемлекеттік Кеңесші бола ма?!

Олжас Бектенов те солай, Ол Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін басқарған, субсидиялар мен мемлекеттік бағдарламалардың қаржысын кімдердің, қашан, қалай тонап келе жатқанын да, тонағалы отырғанын да тіпті жақсы біледі!

Ал, мен болсам, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы келесі жылы тағы да 19 сәуір күні өткен кеңейтілген кеңестегідей, «Өкінішке қарай, әкімдер соны біле тұра, алдағы қиындықтарды уақтылы бағамдай алмайды. Жауапкершілікті өзіне алып, дер кезінде шешім қабылдаудан қашады;» немесе «Субсидия алған кейбір пысықайлар өндірісті өркендетудің орнына бюджет қаржысын қалтасына басып, шалқып өмір сүрген. Ал қарапайым шаруалар үшін субсидия алу – қияметтің қиыны;» - деп тұрмаса екен деймін!

Бұл енді Ерекең мен Олжекеңнің ықыласы мен ықпалына байланысты дүние!

Менің «Тағы бір үмітім Мемлекеттік Кеңесші Ерлан Қаринде» деп отырған себебім - осы!

Ауыт Мұқибек,

«Құрмет» орденінің иегері

Abai.kz

19 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5340