Бауыржан Бабажанұлы. Дегдар
2004 жылы «Ақтөбеде мемлекеттік педагогикалық институт ашылатын болыпты» деген хабар шығысымен, жұртшылық жаңа оқу орнының басшысы кім болады екен деп елеңдесті. «Анау келеді екен, мынау келеді екен...» деген әңгімелер желдей есті.
Келді. Ғалымжан Жұмабайұлы Нұрышев. Экономика ғылымдарының докторы. Профессор. Кіндік қаны тамған жері — Атырау. Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде проректор болып жұмыс істепті. «Алды кең екен!» — десті кіргендер. «Нағыз зиялы!» — десті үлкендер. «Өте мәдениетті екен, нағыз ғылым адамы екені көрініп тұр», — десті ғалымдар. Сол тұста облыстағы мемлекеттік тілді дамыту басқармасында жұмыс істеп жүрген маған ол кісімен жүздесудің сәті түсе қойған жоқ. Бірақ Сәтжан Дәрібай екеуміз журналистік дағдымен пединститут жаққа құлақ түре жүрдік. «БАҚ-қа көзқарасы дұрыс екен. 80 жылдық мерейтойы аталып жатқан «Ақтөбе» газетіне шашу ретінде біраз қаржы аударыпты» — деген әңгімені естіп, ішім жылып қалды.
Көп кешікпей, «Ақтөбе» газетіне қайта оралғасын, Ғалымжан Жұмабайұлымен етене араласа бастадық. Жұрт, айтса айтқандай, келісті кісі екен. Өте мәдениетті. Жылы қабылдап, күліп сөйлеседі екен. Тіпті бір кездесуден кейін-ақ жақын бауырым сияқты әсер қалдырды.
2004 жылы «Ақтөбеде мемлекеттік педагогикалық институт ашылатын болыпты» деген хабар шығысымен, жұртшылық жаңа оқу орнының басшысы кім болады екен деп елеңдесті. «Анау келеді екен, мынау келеді екен...» деген әңгімелер желдей есті.
Келді. Ғалымжан Жұмабайұлы Нұрышев. Экономика ғылымдарының докторы. Профессор. Кіндік қаны тамған жері — Атырау. Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде проректор болып жұмыс істепті. «Алды кең екен!» — десті кіргендер. «Нағыз зиялы!» — десті үлкендер. «Өте мәдениетті екен, нағыз ғылым адамы екені көрініп тұр», — десті ғалымдар. Сол тұста облыстағы мемлекеттік тілді дамыту басқармасында жұмыс істеп жүрген маған ол кісімен жүздесудің сәті түсе қойған жоқ. Бірақ Сәтжан Дәрібай екеуміз журналистік дағдымен пединститут жаққа құлақ түре жүрдік. «БАҚ-қа көзқарасы дұрыс екен. 80 жылдық мерейтойы аталып жатқан «Ақтөбе» газетіне шашу ретінде біраз қаржы аударыпты» — деген әңгімені естіп, ішім жылып қалды.
Көп кешікпей, «Ақтөбе» газетіне қайта оралғасын, Ғалымжан Жұмабайұлымен етене араласа бастадық. Жұрт, айтса айтқандай, келісті кісі екен. Өте мәдениетті. Жылы қабылдап, күліп сөйлеседі екен. Тіпті бір кездесуден кейін-ақ жақын бауырым сияқты әсер қалдырды.
Шерхан Мұртаза ағамыз «арқалағаны — алтын, жегені — жантақ түйеге» теңеген қазақ журналистерінің аузынан ақ май ағып отыратын күні шамалы. Жұрттың жыртығын жамаймыз деп жүгіріп жүретін жазғандардың өздерінің де іші тоңып жүретінін былайғы жұрт көп біле бермейді. Не мемлекеттік қызметтің, не бюджеттік қызметтің санатына енбейтін журналистер, ең аяғы, үйдің кезегіне де тұра алмайды. Әсіресе, пәтерден пәтерге көшіп жүретін жастар жағына тіпті қиын. Мұндайда газеттің де жұмысы ақсай бастайды.
Бірде біздің қыздардың қабағы тым салбырап жүрді. Жұмысқа кешігіп келу, материалды уақытында бермеу сияқты «індет» орын ала бастады. Шақырып алып, сөйлессем, жағдайлары тіпті қиын екен. Тұрып жатқан пәтерлерінің құны көтеріліп, шығып кетіпті. Қалада пәтер бағасы күйіп тұр. Онсыз да айлық жалақысының жартысынан астамын «қожайындарына» беретін қыздар не істерлерін білмей, жыларман халде жүр екен. Аяқ астынан не дерімді білмей қалдым. Сасқанымнан: «Жатақханаға тұрасыңдар ма?» — деппін. «Әрине, тұрамыз, бірақ студенттерге орын жетпей жатқанда бізді кім жолатсын...» — дейді қыздар төмен қарап.
Дереу Ғалымжан Жұмабайұлына жеттім: «Солай да солай...». Мені мұқият тыңдаған Ғалекең сәл ойланып қалды. Адамның басына әуелі күдік келеді ғой. «Ай, келіспейтін шаруа болды-ау» — дедім іштей. «Қиындау іс екен...— деді Ғалымжан Жұмабайұлы, — өйткені жатақхана мәселесі өзімізде де күйіп тұр. Сосын... құзырлы органдар да жиі тексереді». Бір кезде маған қарап күліп жіберді. Сірә, түрім өзгеріп кетсе керек. «Ой, Бауке, шешеміз! — деді сосын. — Менің атыма хат жазыңыз», — деді әуелі. Бір кезде көзінде ұшқын пайда болды, сірә, ретін тапса керек: «Қыздарыңызды институттың газетіне жарты ставкаға жұмысқа алайын. Әрі оларға қосымша нәпақа болады, әрі пединституттың қызметкері атанғасын, тексеруші органдардың да тісі батпайды». Сөйтті де жатақхана мәселесіне жауап беретін орынбасарына дереу тапсырма берді.
Төбем көкке екі-ақ елі жетпей оралдым. Жатақханада тегін тұрып қана қоймай, қосымша табыс табатындарын естіген қыздарым тіпті мәз болды. Екі-үш күнде көшіп алды. Жатақхана құтты болып, үй алып шыққандары да бар.
Көп ұзамай педагогикалық институт ірі мәдени ошаққа айналды. Ай сайын халыққа қажетті мәдени шаралар өтеді де жатады. Ұлттың жоғын іздеген адам әуелі пединститутқа, оның ректоры Ғалымжан Нұрышевқа бас сұғады. Кірген адамның шаруасы түгенделіп, көңілі жайланып шығады. Әсіресе пединститут пен «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің басын біріктіріп отырған «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС-ның арасында керемет бір жылы қарым-қатынас орнады. Бірдеңе ұйымдастыратын болсақ пединститутқа жетіп барамыз. Ғалекең қуана қарсы алады. 2007 жылы өмірден ерте кеткен аймаңдай дарын Төлеген Айбергеновтің туғанына 70 жыл толған мерейтойын дүрілдетіп өткіздік. 2008 жылы марқұм Әлімбай Ізбайдың туғанына 50 жыл толу құрметіне орай ұйымдастырылған мүшәйраның қорытындысы пединституттың Студенттер сарайында өтті. Ғалымжан Жұмабайұлы осы шараға ат салысып қана қоймай, мүшәйрада көзге түскен бір студентті дереу грантқа ауыстырды. Бұл — отбасылық жағдайы ауыр бойжеткенге үлкен көмек екені өз алдына, біздің шарамыздың да мазмұнын күрт арттырып жіберген іс болды.
Менің және Сәтжан Дәрібайдың «Жазушы» баспасынан шыққан кітаптарымыздың да тұсаукесері осы Студенттер сарайында өтті. Қазақстан Жазушылар одағы Ақтөбе филиалының жанынан құрылған жас әдебиетшілердің «Шұғыла» әдеби бірлестігі де осы жерден қанат қақты.
Ақын-жазушыларға, журналистерге деген ықыласы ерекше еді. Ол кісі тізгін ұстап тұрған кезде төрт журналист — Идош Асқар, Мейірхан Ақдәулетұлы, Ертай Ашықбаев, Раукен Отыншиндер — «Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының құрметті профессоры» атанды.
Жалпы қазақ шаруасын бітіріп беретін адамды ығыр қылады ғой, мен де Ғалымжан Жұмабайұлының алдына көп бардым. Оқудан шығып кеткен журналист, оқу ақысын төлей алмай жүрген жас әріптес, жұмысқа тұрғысы келетін жас маман, шығармашылық кешін өткізгісі келетін дос... бәрі маған келеді де, мен пединституттан бір-ақ шығатынмын. Соның бірде-бірінде (!) Ғалекең бетімді қайтарған емес. Бірде Ақтаудан келген ақын Әнуарбек Бимағамбеттің жылы қабылдап, үзіліп қалған оқуын қайта жалғастыруға мүмкіндік туғызған ағасына қатты риза болып: «Алды кең кісі екен...» — деп мәз болғаны бар.
Бірнеше рет сапарлас болдық. Бірде Астанада отбасы туралы шешіліп әңгіме айтқаны бар. Әйелі Күлімхан Бәйкенқызы да үлкен ғалым екен. Ұлы мен қызы туралы да сүйсіне әңгімеледі.
Келіншегім сонда жұмыс жұмыс істейтіндіктен пединституттың ішкі «кухнясынан» да хабардар едім. Ғалекең қатал да әділ басшы екен. Кейде тіпті қуырып алатын көрінеді. Бірақ, жақсының ашуы жібек орамал кепкенше, сәлден соң жайдары қалпына түседі екен. Күліп отырып-ақ тізгінді мықты ұстапты. Барлық жағдайды бағамдап отырып, шын мұқтаж адамға дереу көмек береді екен. Сондықтан да оны институт қызметкерлері қатты сыйлаған. Бір мерекеде тіпті техникалық қызметкерлер жиылып, ректорға сыйлық ұсыныпты. Әрине, кереметтей мықты сыйлық емес, бірақ олардың ықыласы Ғалымжан Жұмабайұлын қатты толқытыпты.
Белгілі ғалым, журналист Бауыржан Омарұлының «11-ші қаламұш» атты кітабында мынадай бір қызық дерек бар. Торғай өңіріне іссапармен барған «Қазақстан пионері» газетінің тілшісі Сапарбай Парманқұлов бір келеңсіздікті көріп, соны ескертпекке облыстық комсомол комитетінің хатшысына кіреді. Хатшыда көзілдірікті бір кісі отыр екен. Оған назар аудармай, шаруасын жедел айтып болып, орнынан тұра берген Сапарбайдан әлгі кісі жөн сұрап, хатшыдан оны әуежайға жеткізіп салдыртуды өтініпті. Ол кісінің кім екенін есік алдына шыққасын бұлқан-талқан болған хатшыдан естиді. Сол кезде дүрілдеп тұрған «Лениншіл жастың» бас редакторы Сейдахмет Бердіқұлов екен. Ол кісі Алматыға келе салысымен: «6-қабатта «Лениншіл жастың» тілшісі жүр! — деп Сапарбайды дереу іздетіп, қызметке алыпты. (Ол кезде «Дәуір» баспа үйінде «Қазақстан пионері» — 6-қабатта, «Лениншіл жас» 7-қабатта орналасқан болатын — Б.Б.)
Міне, осындай талағында биті бар жасты Ақтөбе мемлекеттік институтының студенті ретінде көргісі келетін қасиет Ғалымжан Жұмабайұлында да бар еді. Белгілі ақын Ертай Ашықбаевтың 55 жылдығына арналған кеште бір оқушының өлеңі мен сөзін ұнатқан ол: «Мына баланы біздің пединститутқа қабылдау керек. Егер грантқа түсе алмай қалып жатса, ішкі мүмкіндіктерімізбен көмектесеміз» — деп дереу қасындағыларға тапсырма беріп жатты...
...Ажалдың аты — суық. Әсіресе, кенеттен келген қазаның. Сейсенбі күні таңертең облыстық әкімдіктен Любовь Чернова телефон соғып: «Ғалымжан Жұмабайұлы әйелімен бірге түнде жол апатына ұшырап, қайтыс болыпты...» — деген хабарды естірткенде мен есімнен танып қала жаздадым. Менен естіген редакция қызметкерлері де есеңгіреп қалды. Сол күні ешкімнің жұмысқа қолы барған жоқ...
Ертеңіне де әрі-сәрі күйде жүрдік. Номерді баспаға тапсырған күні түнде кенет шошып ояндым. Бір сәтке кешеден бергі оқиғалардың бәрі түс сияқты, Ғалекең тірі жүрген секілді көрініп кетті. «Ендеше біздің қос ғалымның қазасына арнап, бет ұйымдастырғанымыз әбес болды-ау, ертең Ғалымжан Жұмабайұлы не дейді? Дереу кезекшіге телефон соғып, газетті тоқтату керек...». Орнымнан көтеріле бере, сылқ етіп қайта құладым. Алланың ісін пенде жоққа шығара алған ба, сірә...
Ертеңіне айтсам, Мейірхан аға да тура осындай жайтты бастан кешіпті.
Біз ғана емес, бүкіл Ақтөбе жұртшылығы есінен танып қалғандай. Қаралы хабар естілген бойда жастар жағы әлеуметтік желілер арқылы бір-біріне көңіл айта бастады. Ол кісінің жақсылығын көрмеген, алақанының жылуын сезінбеген адам жоқ екен ғой...
Сәрсенбі күнгі облыстық мәслихаттың отырысы Ғалымжан Жұмабайұлын еске алудан басталды. Екі күн бойы пединститутта өткен қаралы жиында сөйлеген адамдардың бәрі Нұрышевтен көрген жақсылықтарын айтты. Институттың бұрынғы түлектері де жер-жерден келіпті...
Қазір ойлап қарасам, оның жер бетіндегі миссиясы — адамдарға жақсылық жасау болған екен. Жақсылығы аз, сол аз жақсылықтың өзі есеппен жасалатын заманда Ғалекеңнің тұлғасы зорайып көрінетіні содан екен...
«Сендер — ғапылсыңдар!» — дейді Құранда. Ғапыл екеніміз рас қой. Ешқашан өлмейтіндей алшаңдап басып жүреміз. Болмашы нәрсеге бір-бірімізді сілейтіп салып, айызымыз қанады. Мүмкін, Ғалымжан секілді жақсыны жарымен бірге қасиетті Рамазан айында қасына алып кету арқылы Алла Тағалам бізге тағы бір ой салайын деген шығар...
«Жігіттер Астанаға кел деп шақырып жатыр...» — деп еді бірде. «Нұрышев басқа жоғары оқу орнына ауысқалы жатыр екен...» — деген де пыш-пыш әңгіме шыққан. «Ауысып кеткенде, мүмкін...». «Ұшақпен ұшқанда...». Жұрттыкі, әрине, пендешілік. Жазуынан асқан пенде жоқ қой өмірде...
Кезек күтіп тұрғандай сезіне біл,
Алдыңдағы апанның басына кеп... — депті Мұқағали Төлеген ақын қайтыс болған кезде жазған жырында. Осындай сәттерде ажалды ойлап тәубаға келгенмен, тірі адам тіршілігін жасай береді ғой. Бәлкім, адамзаттың ең үлкен бақыты да — қашан, қандай жағдайда өлетінін білмейтіндігінде шығар...
P.S.
12 маусым — Ғалымжан Жұмабайұлының туған күні. Тірі болса, 56-ға толар еді...
Ақтөбе қаласы
Abai.kz