Сейсенбі, 24 Желтоқсан 2024
Алашорда 5272 18 пікір 10 Шілде, 2023 сағат 12:21

Қостанай өңірінің тарихи жер-су атаулары туралы бірер сөз

Ұлттық мемлекеттің кескін-келбетін белгілейтін мәдени құндылықтардың бірі – жер-су атаулары. Өкінішке қарай, патшалық және кеңестік отаршылдық тұсында саясаттың шоқпарымен, ал тәуелсіздік алған кезде эйфориялық көңіл-күйдің әсерімен ономастика саласында жеңіл-желпі шешімдер қабылданып, көптеген тарихи жер-су атаулары өзгеріп кеткені белгілі.

Соңғы жағдай, әсіресе, экономикалық-әлеуметтік қиындықтар қатар келген тәуелсіздіктің алғашқы кезеңдеріне тән көрініс болды. Ел еңсесі көтерілген кейінгі жылдары мемлекеттік мекемелер ономастика саласын тарихи-танымдық мәні бар, ұлттық салт-сана мен дәстүрдің жалғасы ретінде қызмет ететін құндылықты бірегейліндіретін ғылыми санат ретінде танып, жер-су атауларын өзгертудің заңнамалық негіздері мен тетіктерін қалыптастырды. Дегенмен де, әлі де болса олқылықтар мен кемшіліктер бар. Бұл орайда кешегі Түркістан қаласында өткен құрылтайда мемлекет басшысы Қ.Тоқаев мемлекеттің ономастика саласында ұстанатын саясатының бағыты қандай арнада болатынын айқындады. «Ономастика саласы, - деді Президент, - тарихи сана-сезімді жаңғыртудың маңызды идеологиялық құралы екені белгілі. Кейбір адамдардың қалауымен жалған өмірбаяны әдейі қолдан жазылған Кеңес дәуірінің қайраткерлері бар. Ондай жасанды тұлғалардың есімін түрлі нысандарға беруді доғару қажет. Жалпы, ономастика саласын тәртіпке келтірген жөн. Бұл шаруа кешенді және дәйекті түрде бір орталықтан атқарылуға тиіс. Ономастика бұл –  ата-бабаларымызға байланысты я белгілі тұлғалардың туысқандарының ісі емес. Бұл – мемлекеттің шаруасы. Осы саладағы барлық рәсімдерді іс жүзінде реттеу маңызды. Онда аймақтардың ерекшелігімен қатар, жалпыұлттық басымдықтар да ескерілуі керек».

«Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел» (Абай) дегендей, ономастика мәселелерінде түзейтін істер жетерлік. Соның бірі – тарихи жер-су атауларына және әкімшілік территорияларға кісі есімін беру мәселесіне көзқарасты түбегейлі өзгерту қажеттігі. Біздер жер-су, өңір атауларына кісі есімін көлденең тарта бермей, көне замандардан сақталып жеткен тарихи атауларды сақтау мәселесіне назар аударуымыз қажет. Мұндай қарекетке кешегі кеңес дәуірінің арғы жағындағы патша заманындағы топографиялық карталардың тигізетін пайдасы мен  маңызы зор. Патша отаршылдығы тұсында Қазақ даласын басқарған әкімшілік орталықтарда (Орынбор, Омбы, кейіннен Ташкент, Алматы) әскери генерал-губернатордың кеңсесі жанында арнайы топогроф мамандардан құралған бөлімшесі жұмыс жасаған. Олар арнайы түрде Қазақ даласының түрлі мазмұн-сипаттаға карталарын жасаумен айналысқан. Қолда бар материалдар мазмұны біздерге топографтар мамандар жоғары кәсіби біліктілік танытып, жер-су атауларын жергілікті халықтың тілдік қолданысындағы нұсқада беруге ұмтылып отырғандығын байқатады.

Патша заманынан жеткен карталардан топонимикаға қатысты көптеген деректерді кездестіруге болады. Мысалы, біздің қолымызда Ресей империясы қарулы күштерінің Бас штабының әскери-топогафтар бөлімінің мамандары жасап, 1918 жылы жарияланған Қостанай уезінің картасы бар. Онда өзен-көл, орман, тау, жер бедеріне, елді мекендерге (қыстау) қатысты қызықты, құнды мағлұматтар кездеседі. Оларды өңірдің тарихи топонимикасын зерттеп-зерделеу ісіне пайдалануға болады. Біздер бұл жолы уездің батыс бөлігіне қатысты деректерге көз жүгіртпекпіз (1 сурет).

1 сурет. Қостанай уезінің батыс өңірінің картасынан үзінді..

Картада уездің батыс бөлігінен жер бедеріне «тау» деген ұғымды қосақтаған жер атаулары жиі ұшырасады. Айталық, карта дерегі Бес оба, Жетіқара, Қой тас, Бестөбе, Ақ оба, Құмырлы деген өңірлерді таулы жер (1 суреттегі қызыл түсті пирамида кескініне назар салыңыз) деп белгілейді. Тіпті, Бес оба тауының биіктігі теңіз деңгейінен (карта теңіз деңгейі өлшеміне Қара теңіз бен Балтық теңізі алынған-авт.) 1027 фут деп айқындалып көрсетілген.

Тобыл өзенінің Жетіқардан төменгі ағысы бойында Орта Дамбар (Дәмбар) тауы деген жер бар (2 сурет). Орта Дәмбар болса, үлкені немесе кішісі де болатыны анық. Өкінішке қарай, картада ондай белгі жоқ.

2 сурет. Орта Дәмбар тауы және Тобылдың оң жағалауындағы «Қыз моласы»

«Тау» дегенде, әдетте, біздің көз алдымызға Алатау, Қаратау сынды биік таулар оралады. Дегенмен де, ертедегі қазақтар биік төбе, еңселі қыраттарды «тау» деп те атағандығы  байқалады. Айталық, қазіргі Қамысты ауданында «Бестау» деген жер бар, бірақ ол маңда алыстан мұнартып, «мен мұндалап» тұрған биік тау жоқ. Жалпы, Бестау топонимикасы Кавказда (Пятигорск) , одан әрі Түркияда (Бештепе) кездеседі. Түркі тілдерінің оғыз диалектісіндегі«тепе» сөзі – қыпшақ диалектісіндегі «төбе».

Биік қырдан, төбе-белдерден ылдиға су ағып, жылға, өзек, өзен құрайды. Картадағы «Бес оба», «Ақ оба» деген тау атаулары, бәлкім, су когнитивіне қатысты болар деп ойлаймыз. Бұған нақты мысал ретінде Қостанай өңіріндегі Обаған өзеннің атауын келтіруге болады. Ал Құмырлы тау топонимикасы онымен аттас «Құмырлы» көлінің жанында тұрғандықтан пайда болған деп тануға болады. Өйткені Қостанай қаласының маңында Майқұмыр атты көл болған (Мархабат: «Тарихи жәдігер: Қостанай қаласының алғашқы картасы»). Құмырлы атауы «табаны құм көл» дегенді білдіреді деп ойлаймыз.

Қостанайдың батыс өңіріндегі айтулы топонимика – Жетіқара тауы. Таудан  белгілі Тобыл өзені бастау алып, солтүстікке қарай ылдилап Ертіс өзеніне құяды, Ертіс Обьқа (Обаға), Оба өзені Солтүстік мұхитқа құяды. Қостанай уезінің оңтүстігінен бастау алатын Обаған өзенінің ағыс жолы да дәл осы көріністі қайталайды (Мархабат: «Арқада бір өзенді дер Обаған» ).

Жетіқара өлкесін қазақтар, кем дегенде, ХҮІІІ ғасырдан бері «тау» деп атап келеді. Мұны біздер 1768 жылы Орынбор экспедициясының құрамында болған саяхатшы Иоганн Петер Фальктің еңбегінен көре аламыз. Саяхатшының экспедиция барысында неміс тілінде жазған жазбаларын 1824 жылы Ресей Ғылым Академиясы орысшаға аударып, «Записки путешествия академика Фалька» атты деген атаумен жеке кітап етіп бастырып шығарады.

Биолог-географ саяхатшы Тобыл өзенінің бастауынан бастап, өзеннің Ертіске құяр сағасына дейін жүріп өтіп, өлкенің табиғиғатын сипаттаған. Оның бұған арнаған бөлімі «Страна по Тоболю» деп аталатын 23-ші тарауда берілген. Саяхатшының жазбасынан қазақтар Жетіқара өңірін таулы өлке деп санағаны анық байқалады. Онда И.Фальк былай дейді: «Тобол выходит на Юго-Запад в Киргизской степи из гор, соединяющих Урал с Алтайским хребтом при горах, называемых Киргизцами Тетигера-тау. Горы там отлоги, безлесны, плоскость холмистая, а близ источника Тоболя стоит отдельная, кеглеобразная гора, которую, по причине правильного ее вида, можно бы было почесть творением рук человеческих, если бы она не была очень высока» (Мархабат: Жітіқара: жер атауына жіті қарауымыз керек).

1868 жылы Торғай облысы әкімшілік территориясы құрылғанда Қостанай уезі 8 болысқа бөлінеді. Сол сегіз болыстың бесеуі (Дәмбар, Жетіқара, Сарыой, Сүйіндік, Шұбар) уездің батыс немесе солтүстік-батыс бөлігіндегі өңір болатын. 1881 жылы Дәмбар болысынан Бестөбе, 1894 жылы Қарабалық болысы бөлініп шығады. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында Дәмбардан Аят және Бестөбе болысы бөлінеді. Қазіргі таңда Бестөбе болысының территориясы жоқ, ал Аят болысының территориясы күні кешеге дейін Таран ауданы деп аталып келді. Бұл күнде ол Майлин ауданы деп өзгертілді. 1927 Ресейдің Орынбор облысында Қазақстанмен шекаралас Домбар ауданы құрылады. Ауданның атауы Домбар өзенінің атына байланысты аталып, орталығы Домбаровка елді мекеніне орналасады. Ресейлік Домбар – тарихи Дәмбардың орысшаланған түрі.

Қазақстан мен Ресейге ортақ Дәмбар топонимикасын «дәм (і) бар» деген өзен атауынан шыққан деп бағамдауға болады. Мал баққан көшпелі қазақ судың ащы-тұщысына қарап атау беріп отырған. Дәмбар атауы - сол тыныс-тіршіліктен  туындаған көрініс. Орыс тілінде аталмыш топонимиканың этимологиясын «дом (үй)+бар» деп атап жүр. Бұл патша заманында Жетіқара өңіріндегі «Бірсуат» (жалғыз (ауызекі тілде жаңғыз) сөзінің синономі-авт.) деген өзенді «Берсуат» деп белгілеп, оны «Дай воду коню» деп аударған көрініспен пара-пар жағдай. Шындығында, Дәмбар - Қостанай облысының Қарасу, Амангелді, Наурызым аудандарының территориясынан ағатын Дәмді өзенімен атауымен түбірлес сөз. Бірақ сөздер байланысын ықшамдайтын жұрнақ (ді - сын есім мәнді жұрнақ) жалғанбағандықтан сөз тіркесі түрінде қалған.

Дәмбар болысы сияқты 1884 жылы кең-байтақ Жетіқара өңірінен Құмақ болысы бөлініп шығады. Құмақ – қазіргі таңда Орынбор облысының құрамында. Жетіқара өлкесінен атақты орынборлық татар көпестері ағайынды Закир және Шәкір Рамиевтер алтын өндіретін кен орындарын ашады. ХХ ғасырдың басында Шортанды өзенінің бойында Рамиевтер иелігіндегі жаңа алтын кен орны табылып, сол жерде отырықшы жұмысшы поселкасы пайда болады. Ол патша заманында Жетіқара болысының орталығы, кеңес дәуірінде аудан орталығы мәртебесіндегі қала болып қалыптасады. Ол бүгінгі – Жетіқара қаласы.

Сөз орайы келгенде айта кетуміз керек, Жетіқарадағы алтын кен орнын игерген ағайынды Рамиевтер тек кәсіпкер емес, руханият жанашырлары болған. Олар Орынборда татар тілінде шығып тұрған «Вакыт» (Уақыт), «Шура» (Шора) газеттерінің құрылтайшы-демеушілері болған.  З. Рамиев - «Дэрдменд» (Қайғылы) деген лақаппен ақындық даңқы шыққан кісі (3 сурет).

Рамиевтер ашқан «Вакыт» типографиясынан 1913 жылы А.Байтұрсынұлының редакторлығымен «Қазақ» газеті басылып шыға бастайды. Бай-қуатты ағайынды көпестер Исмаил Гаспринский (4 сурет) негізін қалаған жәдидшілдік қозғалыстың жанашыры болып, оқу-ағарту, әлеуметтік салада көптеген келелі істер атқарады. Орынбор өлкесіндегі 20-шақты алтын өндіретін кен орындарына басшылық жасаған ағайынды Рамиевтер И.Гаспринский қайтыс болғаннан кейін оның құрметіне Ор уезінің орыс-казактарға тиісті Наследницкая станициясының маңындағы кен орнын жадидшілдік қозғалыстың жетекшісінің құрметіне «Гаспринский» деп атаған. Бір қызығы, кеңестік билік кезеңіндегі жеке меншікті мемлекет меншігіне тәркілеу кезінде ағайынды Рамиевтер алтын кен орындарын ешбір қарсылық, дау-дамайсыз жаңа билікке өткізіп береді. Бұл шығармашылықпен айналысқан тұлғалардың дүниеге деген көзқарасы бөлек болатындығын көрсетсе керек.

Бүгінгі таңда аудан атынан құр қалған тарихи Бестөбе болысына келетін болсақ, ол қазіргі таңда «Қамысты ауданы» деп аталып, оның атауы Қамысты ауданының шағын бір ауылына «қонақтаған». Патша заманында Бестөбе болысының территориясы Сыр бойын қыстайтын Кіші жүз Жаппас тайпасының жайлауы еді. 1888 жылы бестөбелік жаппастар «Қожакөл» деген жерде атақты Басығара датқа арнап үлкен ас береді. Асқа 300 үй тігіліп, қонақтарға 500-ден астам қой сойылады.  Аста дәстүрлі бәйге, балуандар күресі, садақ ату, теңге алу сынды сауықтық сайыстар өтеді. Сауықтық шараларға ағартушы Ы. Алтынсарин төрешілік жасайды (Мархабат: Жаппас Басығара датқаның асы).

Ертеде Торғай даласын Сыр бойына қарай Жыңғылды өткелі арқылы кесіп өтетін жолды «Жаппас сүрлеуі» деп те атаған. Ахмет Байтұрсынұлының әкесі Байтұрсын Шошақұлы Жыңғылды өткелінде Торғай уезінің басшысы полковник Яковлевтің басын жарған оқиғаға Сырдағы қыстауына көшіп бара жатқан Перовск уезінің ауыл старшинасы (биі) Байсейіт Асаубаев және Уаманбай Белгібаев, сондай-ақ Бестөбе болысының қазақтары Шона Оразов пен Оралбай Сансызбаевтар кездейсоқ кезігіп қалады және олардан кейін куәгер ретінде жауап алынады.

Жаппас демекші, Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі» повесіндегі басты кейіпкер Шұға Сыр бойын қыстайтын Жаппас Есімбек байдың қызы болатын. Ғашықтық дертінен қайтыс болған Шұғаның бейіті (егер ол кейіпкер шын мәнінде өмірде болған болса) қай жерде болуы мүмкін десек, бұрынғы Дәмбар болысының территориясында картаға тіркелеген «Қыз моласы» атты екі географиялық нүкте бар екендігін атап өткеніміз жөн деп ойлаймыз. Бірі Орта Дәмбар тауының тұсындағы Тобыл өзенінің оң жақ жағалауында (2 суретте ай және жебе белгісімен көрсетілген), ал екіншісі Аят өзенінің сол жақ жалауында орналасқан (5 суретте ай және жебе белгісімен көрсетілген).

5 сурет. Аят өзенінің сол жағалауындағы «Қыз моласы».

Б.Майлиннің Дәмбар болысының №8 аулында, яғни Аят өзенінің бойында дүниеге келгені белгілі. Олай болса, «Шұғаның белгісі» деп отырған бейіт осы болуы мүмкін деген ой да қылаң беруі қисынды (картаның 1918 жылы жарияланғанын, ал «Шұғаның белгісі» повесі алғаш рет 1914 жылы жазылғанын ескерсек, мезгілдік арақашықтық өте жақын).

Аят өзені бойындағы «Қыз моласының» маңында, шығармада айтылатындай, бірнеше көл орналасқан және оның жанынан шығыстан батысқа қарай созылған қара жол өтеді. Шығармада жолаушылар «құбылаға», яғни батысқа қарай жолаушылап бара жатады, демек картада белгіленген қара жолдың бағыты соған сәйкес келеді. Бұған қоса «Шұғаның белгісі» орналасқан жерді сипаттайтын мәтінге назар аударайық: «Мынау алдымыздағы үлкен көл «Қамысақты» ғой: осының сол жағын ала жүріп ана шаңырқай көрінген Обаның белесінен тура ассақ алдымыздан бір кішкене сүрлеу келеді. Сол сүрлеумен барып Шұғаның белгісінен қара жолды қиып аламыз, - деді. ...Бүгінгі шыққан ауылыңызды «Ерекең» ауылы дейді. Содан ары қарай өзеннің бойы жалпағынан ел. Бір атаның баласы жүз елу-екі жүз үйлер бар. Қыс қыстаулары басқа болғанмен, жаз көбіне бірігіп отырады. Мынау алдымызда көрінген «Қамысақты» дейтін көліміз. Осының маңайы жыбырлаған шұқырынды томар. Августан бастап осының басы елмен толады. Әр томарға төрт-бес үйден қонып бөлек-бөлек отырғандары. ...Бала күнімізде анау көрінген төбенің басында талай асық ойнап едік... ол да бір дәурен... ия... бұл ауылдың күзге қарай қонатын жері, жазғытұрғы авгусқа дейін отыратын жайлауымыз, бұл күнде Шұғаның белгісі атанды, бұрын «Тарғыл өгіз сойған» деуші едік. Үлкен көл, маңайы толған шорқынды су...ол уақытта жердің берекесі қандай?!».

Картадағы «Қыз моласының» маңында Қаратомар, Қарақоға және Тоттабай атты көлдер орналасқан. Жазушының «шұқырынды томар» деп отырғаны картадағы Қаратомар көлі, «Қамысақты көлі» деп отырғаны Қарақоға көлі, «Ерекең аулы» деп отырғаны Ирсары (Ерсары) қыстауы, «Тарғыл өгіз сойған үлкен көл» деп отырғаны Тоттабай көлі болар, бәлкім, кім білсін? (5 суретте көлдер - дөңгелек, қара жол – ирек, қыстау - жұлдызшамен белгіленген). Десек те, көркем шығарманың жалпы табиғатына орай жазушы қиялы «Қыз моласынан» әдеби туынды шығару мүмкін екенін ескерсек, картадағы тарихи белгіні бір қаперге алып қойған да жөн болар деп санаймыз. Себебі Б.Майлиннің шығармасы қандай бағаға болса да лайық, сондықтан оған қатысты қызығушылық тоқтап қалмасы анық. Айтпақшы, зерттеушілер болашақ жазушыға білім берген Арғынбаев Әбдірахман деген кісі еді деседі. Оның «Шұғаның белгісіндегі» Әбдірахманға қатысы бар ма, жоқ па – ол да белгісіз.

Картада көл атауыларына қатысты қызықты көріністер бар. Біздің назарымызға ерекше түскен атаулар - «Егіз көл», «Айна көл», «Адай көл» (1 суреттегі көк түсті дөңгелектерге назар салыңыз). Егіз көл -  Қостанай өңірінде жиі кездесетін «Қос көл», «Қоржын көл» деп аталатын атаулардың синонимі. Айна көл – ақ, жалтыр (жылтыр) деген мағынадан туындаған. Осы орайда, Ақкөл, Жалтыр деп аталатын көлдер қазақ даласында жиі кездесетінін атап өтуіміз керек. Бұлардың бәрі бір мағынадан өрбитін атаулар. Ал Адай көл - қазақ ру-тайпаларының жайлау-қыстау болып көшіп жүретін тұрмыс-тіршілігінен хабар беретін гидроним. ХҮІІІ-ХІХ ғасырдың деректерінде батыс өңірдегі Кіші жүз тайпалары жаз жайлауға  Ор өзендерінің жоғары ағасына дейін көшіп келетіндігі айтылады. Жалпы, Қостанай уезінің батыс бөлігін Кіші жүздің Жағалбайлы, Жаппас, Шөмекей, Тама, Рамадан, Телеу рулары жайлаған.

Түйіндей келгенде, жер-су атаулары халқымыздың бізге қалдырған тарихы, мұрасы. Оны сол тарихи қалпында сақтау – өркениетті елдің мәдени құндылықтары қатарынан орын алатын өнеге.

Алмасбек Әбсадық,

ғылым докторы, Қостанай қаласы

Abai.kz

18 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1991