Алмас Әбсадықов. Ташкент және тарихтағы «қазақ факторы»
Қазақстан - көрші елдермен тату-тәтті қарым-қатынас орнатқан бейбіт ел. Қазыналы кең байтақ жеріміз бар. Іргелес елдермен шекаралық дау-дамайымыз жоқ. Ата-бабадан мирас болып қалған осы ұлан байтақ жерді дұрыс игеріп алсақ игі деп қанағат тұтынамыз. «Қанағат қарын тойдырады, қанағатсыздық жалғыз атын сойдырады» деген мақалды қаперге ұстап, шүкір, тәуба дейміз.
Әйтсе де, өткен тарихты қозғағанда, бүгінгі Ресей құрамындағы Астрахань, Орынбор, Омбы, Алтай өлкелерінің кейбір тұстарын қазақтың жері еді деп айтып қоятынымыз бар. Алдымен патшалық Ресейдің отаршылдық саясатының салдарынан империя қоластына өтіп, одан кейінгі кеңестік үкімет тұсында Ресей федерациясының құрамына бекітілген сол қазақтың байырғы қоныстарының тарихына (сол өлкеде туған белгілі тұлғалар, айтулы оқиғалар) қатысты зерттеулер де жиі көрініп қалады. Бұл – заңды үрдіс. Өйткені аталмыш өлкелердегі қазақ факторын, оның ішінде өткен тарихтағы факторын бүгінгі таңда сол жерге ие болып отырған жұрт көңіл бөлуге құлықсыз. Әрине, мұндай бағыттағы қазақтар тарапынан туындаған ойлар мен пікірлер ол өлкелерді қайтаруды мақсат етпейді. Ол мүмкін де емес, қиял. Кірме сөзбен айтсақ, утопия. Тарихтың аты – тарих, оны кейінге айналдыра алмайсың. Бірақ қазақтың өткен тарихын тілге тиек еткенде, мұндай ойлардың «қылаң» беретіні сөзсіз.
Қазақстан - көрші елдермен тату-тәтті қарым-қатынас орнатқан бейбіт ел. Қазыналы кең байтақ жеріміз бар. Іргелес елдермен шекаралық дау-дамайымыз жоқ. Ата-бабадан мирас болып қалған осы ұлан байтақ жерді дұрыс игеріп алсақ игі деп қанағат тұтынамыз. «Қанағат қарын тойдырады, қанағатсыздық жалғыз атын сойдырады» деген мақалды қаперге ұстап, шүкір, тәуба дейміз.
Әйтсе де, өткен тарихты қозғағанда, бүгінгі Ресей құрамындағы Астрахань, Орынбор, Омбы, Алтай өлкелерінің кейбір тұстарын қазақтың жері еді деп айтып қоятынымыз бар. Алдымен патшалық Ресейдің отаршылдық саясатының салдарынан империя қоластына өтіп, одан кейінгі кеңестік үкімет тұсында Ресей федерациясының құрамына бекітілген сол қазақтың байырғы қоныстарының тарихына (сол өлкеде туған белгілі тұлғалар, айтулы оқиғалар) қатысты зерттеулер де жиі көрініп қалады. Бұл – заңды үрдіс. Өйткені аталмыш өлкелердегі қазақ факторын, оның ішінде өткен тарихтағы факторын бүгінгі таңда сол жерге ие болып отырған жұрт көңіл бөлуге құлықсыз. Әрине, мұндай бағыттағы қазақтар тарапынан туындаған ойлар мен пікірлер ол өлкелерді қайтаруды мақсат етпейді. Ол мүмкін де емес, қиял. Кірме сөзбен айтсақ, утопия. Тарихтың аты – тарих, оны кейінге айналдыра алмайсың. Бірақ қазақтың өткен тарихын тілге тиек еткенде, мұндай ойлардың «қылаң» беретіні сөзсіз.
Әлқисса, айтпағымыз мынадай әңгіме. Біз өткен тарихта қазақ жерінің батысы мен шығысы, солтүстігіндегі өлкелердің қазақ тарихына тығыз қатысы бар екенін жиі айтамыз. Ол тарихи санамызға да орныққан. Ал оңтүстігіміздегі өлкелерге келгенде, тілімізді «тарта сөйлеп», тыйылып қалатынымыз бар. Оның бір жағы, оңтүстікте «өз ағам» өзбек ағайынымыз болғандықтан, ағайын өкпелеп қаламасын деп ойлайтын секілдіміз. Ал солтүстіктегі көрші бұрынғы империяның мұрагері, сондықтан оған «сөз тигізу» есе қайтарудың бір көрінісі сияқты болып орныққандай...
Мысалға Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласын, Қарақалпақстан өлкесін алайық. Қазіргі Өзбекстан астанасының өткен тарихында «қазақ факторы» ерекше болған. ХХ ғасырдың 20-30 жылдарына дейін қазақтар Ташкентті өзінің қаласындай санады. Түркістан автономиясын құрған Мұстафа Шоқай Ташкент гимназиясында білім алып, автономия құрған аласапыран заман тұсында сол қалада саяси қызмет атқарады. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов осы қалада ашылған Орта Азия университетінде оқиды. Қазақ астанасы Орынбор уыстан шығып бара жатқан тұста Алаш зиялылары Ташкентте бас қосып, оны орталық етуге ұмтылды. Ташкентке қарай тартылған мұндай танымның тарихы терең тамыры бар еді.
Тарихтан белгілі, Жошы ұлысынан шыққан Қазақ хандығы Шағатай ұлысындағы Моғолстанның жерінде шаңырақ көтеріп, екі көшпелі орда саяси одаққа айналады. Ташкент Әмір Темір әулетінің ықпалында болған Моғолстан хандарының ордасы болған. Моғолстанның үлкен ханы Ташкентте билік құратын еді. Айталық, Жүніс хан, оның баласы Сұлтан Махмуд хандар Моғолстанға Ташкентте отырып билік жүргізді. Сұлтан Махмудтың інісі Сұлтан Ахмет «кіші хан» лауазымында болады. Ол көшпелі моғол тайпаларын билеп, «Алаша хан» атанады.
ХҮІ ғасырда көшпелі Моғолстан тарих сахнасынан жойылған соң, оған алғашқыда саяси одақ, кейін ол орда күйрей бастағанда қарсылас болған Қазақ хандары күйреген орданың жеріне мұрагер болуға ұмтылып, Ташкент және оның маңындағы кішігірім қалалар үшін шайбанилермен ұзақ жылдар күрес жүргізеді. ХҮІІ ғасырдың басында Ташкентті Тұрсын хан, Түркістанды Есім хан биледі. Ташкентті билеген Тұрсын үлкен хан деп саналды. Бұл қазақ хандарынан саяси пана іздеп келген Хиуа ханы Әбілғазының еңбегінде айтылады. Ол былай деп жазады: «...Түркістанда Есім хан қасында үш ай тұрдым. Ол уақытта қазақтың ханы Тұрсын хан еді, ол Ташкентте тұратын еді, Түркістанға келді. Есім хан оны көре барды, мені есік алдына қойып, өзі барып Тұрсын ханға көрініс қылып, қайтып келіп, менің қолымнан жетектеп алып барды. Тұрсын ханға: «Бұл – Йадгар хан ұлы Әбілғазы, еш уақыт бізге бұл жамағаттан кісі келіп қонақ болған жоқ еді, бізден барғандар көп болар, бұл Сіздің қызметіңізде болғаны жақсы», - деді. Тұрсын хан: «Жақсы, сенің айтқаның болсын» деп, өзімен бірге Ташкентке алып кетті» [Әбілғазы. Түрік шежіресі.-Алматы: Ана тілі, 2006, 182 б.]. Кейін Тұрсыннан билікті Есім хан тартып алды. Ол Ташкентте өзіне саяси одақ болып, жәрдем берген қырғыз биі Көкімге арнап күмбез соқтырады.
ХҮІІ ғасырдың соңғы ширегінен бастап билік сахнасына көтерілген Әз-Тәуке тұсында Сырдария өзенінің орта ағысындағы үлкенді-кішілі Ташкент, Сайрам сынды қалаларға қазақтардың билігі толық орнайды. Қазақтың атақты ханы, биыл туғанына 300 жыл толып отырған Абылай ханның Абылайдың ата-бабалары да Ташкентті билеген. Бұл деректі біз айбарлы ханның хатшысы болған, сондықтан оның өмірбаяны мен шежіресін жақсы білетін бірден-бір кісі М.Мәмедовтің 1768 жылы орыс үкіметі өкілдеріне берген хабарламасынан оқи аламыз. «Абылай сұлтанның, - дейді ол, - атасы мен әкесі Ташкент қаласының хандары болған. Қаланы жоңғар қалмақтары жаулап алғанда, он жасар Абылай Түркістан қаласындағы Әбілмәмбетке барады» [История казахской литературы. В 3-х томах. Т.ІІ. А., 1979, с. 41]. Абылайдың аталары Әз-Тәуке ханға немере ағайын болып келетін.
Абылай хан кемеліне келіп, күш-қуаты артқан уақытта ата-бабасының қонысын өзіне қаратады. Бұл дерек оның 1771 жылы орыс патшайымы ІІ-Екатеринаға жазған хатында көрініс тапқан. Онда Абылай былай дейді: «Менің ата-бабама туыс болған Әбілқайыр хан мен Әбілмәмбет хан қайтыс болды. Олар дүниеден өткен соң, хан болу жолы маған тиді. Олар қайтыс болғаннан кейін, қазақтың барлық жүзі, яғни Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз хандары мен сұлтандары бір ауыздан Ташкенттің кішігірім және үлкен қалаларымен (асын сызған - біз) бірге отырып, 1771 жылы Түркістан қаласында, мұсылманның әулие Қожа Ахметтің басында, әдеттегіміздей дұға оқи отырып, мен үш жүз Алаштың ханы етіп сайлағаны хақ» [Казахско-русские отношения XVI-XVIII вв. (Сборник документов и материалов).–Алма-Ата: АН Каз ССР, 1961, с.87].
ХҮІІІ ғасырдағы қазақтың атақты биі Төле Ташкентте Жолбарыс ханмен бірге билік құрып, дүниеден өткен соң сонда жерленген. Тіпті, Абылай ханның өзі де 1780 жылдың күзінде Ташкент маңында (бәлкім, қыстап шығу үшін жылы өлке Ташкентке қарай бет алған болар-авт.) қайтыс болады. Сондықтан да қазақ үшін бұл қаланың орны әрдайым бөлек болатын.
Қарақалпақстанға келетін болсақ, ХХ өткен ғасырдың 30 жылдарына дейін бұл өлке Қазақ автономиясының құрамында болып келді. Қарақалпақтар - тілі мен әдет-ғұрпы, ру-тайпалық құрмы жағынан қазақтарға аса жақын халық. Қазақ пен қарақалпақ тізе қоса отырып сыртқы жауларға қарсы күрескен, тіпті, олар қазақтың атақты ханы Әз-Тәукенің «Жеті жарғысын» қабылдауға да үн қосқан. Айталық, Әз-Тәуке тұсында қарқалпақтардың Сасық биі «Жеті жарғыны» қабылдауға қатысады. [Гродеков Н. И. Киргизы и каракиргизы Сыр-Дарьинской области. Т.1. Юридический быт.–Ташкент: Типо-лит. С.И. Лахтина, 1889, с.89]
Абылай ханның Уәли атты баласының (Шоқан Уәлихановтың атасы) анасы – қарақалпақ бегінің қызы. ХҮІІІ ғасырдағы қазақ хандары қарақалпақтарға да қатар билік жүргізеді. Қазақ арасында қарақалпақтардың «Қырық қыз» аңыз-эпосы, «қарақалпақ» атты ру, жер-су аттары бар. Қысқасы, қазақ пен қарақалпақ – бауырлас, ағайын ел.
Өткен тарихта «қазақ факторы» ерекше орын алған аталмыш көріністердің бүгінгі тарихы Өзбекстанның тағдырымен сабақтас, соның ажырамас бөлігі. Бірақ ол кезінде бізге де ортақ тарих болған. «Ортақтан оңаша шыққан» қазіргі шындығымыз - өткенге салауат айта отырып, бұл өлкелердің өткен-кеткен маңызын халқымыздың тарихи санасында қалдыру. Бір-бірімізді жақсы біліп, тарихымызды терең түсінген сайын, ағайындығымыз артып, көршілік қарым-қатынасымыз кеңейе түсуіне мүмкіншілік ашыла бермек. Тарихқа «Үндемеген үйдей пәледен құтылады» деген мақал жүрмейді.
Abai.kz