Сенбі, 23 Қараша 2024
Ретро-жұлдыз 2231 2 пікір 15 Шілде, 2023 сағат 15:01

Нағыз итальяндық

Биыл 80 жасқа толған Тото Кутуньоның атақты әніндегі «L’italiano vero» деген сөз – оның өзін нақты сипаттайды.

Әр заманның өз сұрқылтайы ғана емес, өз кумирі, бүкіл жасты табындырар пірі болады. Мәселен, Джастин Тимберлейк, Бейонсе немесе Рианнаға есі кететін бүгінгі жас буын үшін Тото Кутуньо ешкім болмауы да мүмкін. Алайда арамызда оның аты-жөні естілгеннен арқаланып сала беретіндер де бар. Олар  – жастық шағы өткен ғасырдың сонау 70-80-жылдарында қалып, өздері ердің жасы елудің о жақ, бұ жағында сол күндерді сағынып жүргендер. Бұлардың музыкалық талғамы «АББА», «Бони М» және осы Кутуньо бастаған даңқты итальян дискосының белді өкілдері арқылы қалыптасты десек, артық болмас.

Ол уақытта әр жылдың ақпан айының алғашқы жексенбісінде әнсүйер қауым теледидардан түннің бір уағында басталатын итальян әнінің Сан-Ремодағы фестивалін тамашалауға отыратын. Неге екені белгісіз, сол жылдары Мәскеудегі Мемтелерадио басшылығы басқа емес, тап осы итальян музыкасына жақсы көңіл бөлетін. Бүгінде ашық-шашық қалған барлық есік-тесігімізден кіріп, төрімізге орнығып алған афроамерикалық есірікке ол кезде эфирден мүлде орын берілмейтіні бесенеден белгілі. Бәлкім, итальян сазының екі иығын жұлып жейтін экспрессивті ырғақтан гөрі нәзік лирикалық сұлулыққа жақындығы табан астында тапқырлығы ұстай қалатын кеңес идеологтарына да жағып, «жас ұрпақты жын-жыпырдың даңғазасымен емес, осындай асқақ өнердің рухында тәрбиелеу керек» деп шешкен болар?

Қалай болғанда да, қазақ жастарының итальян эстрадасына қызығушылығы сол заманнан бастау алатыны анық. Джанни Моранди, Умберто Тоцци, «Рикки э повери» тобы, Рикардо Фольи, Пупо, Аль Бано мен Ромина Пауэр – бұлардың бәрін біз сол өзіміз жыл бойы күтіп жүретін Сан-Ремо фестивалі арқылы таныдық.

Тото Кутуньоны да біз алғаш осы ән бәйгесінде көрдік. Оның гитарамен орындаған:

– La sciata mi cantare,

Cola quitarra i mano,

Solo l’italiano – l’italiano vero!

– деп шырқаған әні дүйім жұртшылықты дүр сілкіндірді (қазақшалағанда «Берейін сізге ән салып, гитарамды қолға алып, мен итальяндықпын өйткені – нағыз итальяндықпын!» боп шығады).

Бұл – 1983 жыл болатын. Бұрын да талай бәйгеге қатысқан шығар, бірақ Кеңес Одағы, оның ішінде қазақ көрермені үшін Кутуньо осы жылы, осы фестивальде және тап осы әнімен танылды. Оның бұдан кейінгі «Sole» («Күн»), «Donna mia» («Ханымым менің»), «Serenata» («Серенада»), «Innamorato» («Ғашықпын») секілді және тағы да басқа хиттары бізге ғана емес, дүние жүзіне таралды. Бұл оның айдай әлемге әнші ретінде әйгіленуі еді. Әйтпесе композитор ретінде Тото Кутуньо есімі бұған дейін де бүкіл Еуропаға белгілі болған екен. Оның әндерін итальян эстрадасының жұлдыздары Доменико Модуньо, Адриано Челентано, Кристиана, француз әншілері Джо Дассен, Далида, Мирей Матье, Мишель Сарду шырқап жүрді. Радиостансалардан әлі де орындалып тұрады.

Баспасөз өкілдерінің «Ең үздік әніңіз қайсы деп ойлайсыз?» деген сұрағына әнші-сазгер:

Маған әрбір жазған жаңа әнім керемет боп көрінеді, – деп жауап беріпті. – Өйткені әннің дүниеге келген кезіндегі оны шығарған адамның сезімі – жас босанған ананың сезіміндей шығар, сірә. Мұндай сәтте осы әніңнен асқан ұлы шығарма жоқтай боп тұрады. Бірақ уақыт өте келе жүрегіңде тағы бір әуен туындайды да, алдыңғы әннің орнын баса бастайды. Мен өте көп ән жазған адаммын. Шынымды айтсам, солардың ешқайсысын да алалағым келмейді. Бәрін де жақсы көрем.

Бізді толғандырып жүрген «америка музыкасының экспансиясы» Италия жұртшылығын да алаңдатады екен.

Ағылшын тілінен, ағылшын тілді музыканың баса-көктеуінен біз де зиян шегіп отырмыз, – дейді синьор Кутуньо. – Жекеменшік телеарналар таңертеңнен кешке дейін америкалық музыканы береді де жатады. Оны көріп өскен жастар үшін содан асқан өнер жоқ боп көрінетін шығар. Осының кесірінен олар ұлттық эстрадаға қызықпайтын боп барады. Сахнаға енді шығып жүрген жас өнерпаздар америкалық стильге еліктеп, әнді солар құсап айтуға тырысып, тыраштанып жүр. Біздің соңымыздан еріп, жолымызды жалғастыратын ешкім қалмай барады. Жастардың бәрі итальянша емес, ағылшынша айтуға құмар. Әлемге танылу үшін сөйту керек-міс. Ағылшынша айтып, әлемге танылған қандай итальян әншіні білесіздер қазір? Ал бізді кезінде әлем итальянша айтсақ та таныды ғой...

Өткен ғасырдың 70-80-жылдары – итальян эстрадасының дүрілдеген заманы болатын. Сондай дүмпу енді қашан болуы мүмкін?

Кез келген нәрсе қалыптасу, өсу-өркендеу, сосын қайта құлдырау кезеңдерін қамтитын циклдан тұрады, – дейді бұған байланысты әнші-сазгер. – Жаңаның өзі әбден ұмытылған ескінің қайта жаңғыруы емес пе? Қазір мәдениеттің қай саласында болсын – ол музыка, сәулет, әдебиет немесе бейнелеу өнері бола ма, бәрібір – жаңалық ашу қиын. Саз әлеміндегі соңғы төңкерісшілер «Битлз» болды-ау деп те ойлаймын. Өйткені, одан бері елу жыл өткенімен, тыңнан түрен салған ешкім жоқ. Жаңалықтар енді тек технология мен медицина саласында ғана болатын шығар... Дегенмен, біз дамудың циклды жолымен келе жатырмыз. Яғни, алдағы уақытта итальян музыкасының бұрынғы табыстары қайта оралып, еңсеміздің тіктелуі ғажап емес...

Сәкен Сыбанбай

Тото КУТУНЬО (Италия). Әншi-композитор.

1943 жылдың 7 шілдесінде Тоскана облысындағы Фосдоново қалашығында дүниеге келген. Толық аты – Сальваторе. Әкесі – Сицилия аралының тумасы, теңізші болған, бірақ қолы боста үрлемелі аспаптарда ойнауды тәуір көрген. Тотоны әуен әлеміне әуестендірген де сол кісі. Т.Кутуньоның ешқандай музыкалық білімі жоқ, ол – тума талант. 16 жасынан ән жазған. Алайда композитор ретінде 30 жасына таяу, 1974 жылдан ғана аты шыға бастады.

«Милан» футбол клубының 1960 жылдан бергі айнымас жанкүйері.

Әйелі Карламен 52 жылдан бері отасып келеді. Ұлы – Нико Кутуньо 33 жаста.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5483