Статистика: Қазақстанға Ресейліктер ағылуда...
Қазақстанға келушілер саны кетушілер санынан асып кетті. Соңғы рет осындай көрсеткіш 2014 жылы болған.
2023 жылдың қаңтар-наурыз айларында Қазақстанға келгендердің саны (7700 адам) кетушілерден бірден 5000 адамға көп болды, деп жазады Ranking. kz.
2014 жылы осындай жағдай қалыптасып, келгендер саны кеткендер санынан 789 адамға артық болған. Содан бері елден кеткендердің саны келгендердің санынан асып түсіп отырды. Мысалы, 2020 жылы – 3000 адамға, 2021 жылы – 3400 адамға, 2022 жылы – 1200 адамға көп болған.
Осы жылдың бірінші тоқсанында ең көп кеткендердің саны Қостанай (488 адам), Қарағанды (263) және Солтүстік Қазақстан (253) облыстарына тиесілі.
Егер 2022 жылдың алғашқы үш айында Қазақстанға 810 ресейлік келсе, биылғы жылдың осы кезеңінде 3900 ресейлік келген. Сондай-ақ, мигранттар Өзбекстаннан (1900) және Түркіменстаннан (362) көп келеді.
Ресейге бір жыл бұрын 4100 адам кетсе, биыл тек 1700 адам ғана кетті. Өз кезегінде қазақстандықтар Германияға (501), Польшаға (128), АҚШ-қа (64) көп қоныс аударады.
Айта кетсек, бұған дейін ресейлік спортшылардың Қазақстан азаматтығын көптеп алып жатқанын жазған едік.
«Қазақстанға 10 спортшы көшіп келіп, азаматтығын ауыстырған. Ал 204 спортшы спорттық азаматтығын өзгерткен немесе өзгертуге ниетті. Бұл көрсеткіш спорт азаматтығын өзгерту туралы хабарламаларды, жарысқа қатысушылар туралы ашық деректерді, сондай-ақ спорт федерацияларының тізімдерін сараптай отырып жасалды»,- делінген хабарламада.
Соғыс басталған сәттен бастап Ресейдің 200-ден астам спортшысы өзге ел азаматтығын алған.
2022–2023 жылдары 141 ресейлік шахматшы азаматтығын ауыстырған. Оның ішінде танымал Кирилл Алексеенко, Евгений Романов, Александр Мотылев, Алексей Сарана, Александра Костенюк пен Алина Кашлинская да бар.
Мәнерлеп сырғанаушылар арасында Глеб Смолкин, Диана Дэвис, Софья Шифрина, ат спортынан Екатерина Дубровина, Елизавета Минина мен Алина Свердлова басқа елдің азаматтығын алған. Ресей теннисі де біраз талантты спортшыларынан айырылды. Басқа елдің азаматтығын таңдағандар арасында Елена Рыбакина, Варвара Грачева, Натела Дзаламидзе бар.
Жалпы ресейлік спортшылар ең көп кеткен ел Израиль саналады. 25 ресейлік спортшы енді Израиль туының астында өнер көрсетуде. Екінші орынды Сербия иемденуде. Сербияға 19 спортшы кеткен. Артынша Германии – 13, Франция - 12 спортшы, Польша – 11, Қазақстан – 10 ресейлік спортшыдан қабылдаған. Ұлыбритания мен АҚШ, Канада және Испания азаматтығын алған ресейлік спортшылар да жетерлік. Жақында ресейлік танымал теннисші Мира Андрееваның өзге ел азаматтығын алатыны хабарланды. Ол Францияға кетпек.
Қазақстан құрамасына ауысуға өтініш білдіргендер қатарында конькимен жүгіруден әлем чемпионатының алты дүркін қола жүлдегері Елизавета Голубева мен Ресей чемпионы Кристина Силаева да бар.
Фото: ғаламтордан
Abai.kz