Жұма, 22 Қараша 2024
Деп жатыр 3530 8 пікір 25 Шілде, 2023 сағат 12:53

Тілеухан: Құранмен ант етемін, маған жала жауып отыр!

Бекболат Тілеухан атышулы «Кәусар тревел» компаниясына қатысы жоғын айтып, Құран ұстап ант етті.

«Аллахтың атымен ант етемін, мен ешқандай «Кәусар тревел» деген компанияны білмеймін, білген де жоқпын. Одан соқыр тиын алған жоқпын. Осыған дейін жер бетінде Медет Мұратбай деген адамның бар екенін білсем Құдай мені тапсын. Ешқашан ондай нәрсе болған емес. Олар беті бүлк етпей жала жауып отыр. Ол байғұсқа да жала жапқызып отырған шығар», - деді Тілеухан.

Сондай-ақ ол осыған дейін өзіне қатысты айтылған күдіктің бәрін жоққа шығарды.

«Мен анамды өлтірген жоқпын, тігінен көмген жоқпын. Жеті камаз қару түгілі бір винтовка сатып көрген жоқпын. Ғарифолла Құрманғалиевтен ән ұрлаған жоқпын. Оның «Елім менің» әніне тамшыдай үлесі болса, Құдай мені тапсын. Ғарифолла Құрманғалиевтің ол әнге ешқандай қатысы жоқ. Сирияға бір кісіні жіберген жоқпын, Құдай көріп отыр. Саудиядан бір тиын ақша алған жоқпын», - деді ол.

Айта кетсек, бұған дейін «қажылыққа апарамын» деп жүздеген адамды сан соқтырған «Кәусар тревел» компаниясының басшысы Медет Мұратбай деген адам ұсталған болатын.

Мекке мен Мәдинаға баруға жиналғандар сапарының ойраны шыққан соң, компанияға арыз түсірді. Олардың әрқайсысы «Кәусар тревелге» 1000 АҚШ долларынан кем бермеген. Қажылыққа аттанушылардың бір бөлігі Қазақстаннан шыға алмай қалса, бір бөлігі Сауд Арабиясында жетіп, далада қалған.

Компания басшысы Медет Мұратбай 1996 жылы Шымкент қаласында туған. Банк алдындағы берешегі – 2 млн 161 мың теңге. 2021 жылдан бастап барлық есепшоты бұғатталған.

Оның компаниясын отандық шоу-бизнес өкілдері әлеуметтік желіде белсенді түрде жарнамалап, 300-дей адамды қажылыққа тегін апарып-алып келгенін айтты. Олардың қатарында әнші Мирас Жүгінісов пен Нұржан Керменбаев, актриса Салтанат Бақаева, жұлдызды жұп Абай Асылхан мен Жанель Мақажан болған.

Алматыдағы мейрамханалардың бірінде салтанатты ашылу рәсімін өткізген компанияның мерекелік кешіне Аян Өтепберген, Аша Матай, Мерей Абилова, Гүлзира Айдарбекова секілді танымал адамдар қатысқан.

Заңсыз компанияның басшысы Медет Мұратбайұлы: «Біздің шалыс басқан кездеріміз болды. Мойныма ауыр жүкті алған да шығармын, мүмкін. Бірақ оның бәрі еліміз үшін, жамағатымыз үшін жасалған дүние болды. Мейлінше көп адамды апарсақ, көп адамға қызмет жасасақ деген ой болды. Мүмкін, басқа тревэлдер бізді бәсекелес көрді ме? Көп әңгіме болды, әлі күнге дейін болып жатыр. Ол жердегі басты нәрсе бизнес емес, демалыс емес, құлышылық еді», - деп хабарлаған Instagram парақшасында.

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1435
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3200
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5146