Жұма, 22 Қараша 2024
Біртуар 2578 19 пікір 28 Шілде, 2023 сағат 10:04

Бұл билік Мағауинды  біле ме екен?

Соңғы жылдар мұғдарында әдебиет пен өнер саласында біраз айтулы саңлақтарымыз еліміздегі ең жоғары мәртебе – "Қазақстаннның Еңбек Ері" атағымен марапатталды. Бұл дегеніміз – ұлт мәдениетіне көрсетілген ізгілікті ілтифат, үлкен құрмет, мерей тасытқан масатты құбылыс екені даусыз. Әркім еңбегіне қарай ардақталып жатса, одан артық қандай мәртебе болмақ. Әйтсе де, әр нәрсенің өз рет-жолы, жөн-жосығы болатынын ескерсек, жоғарадағы мерейлі атаққа лайықтының лайықтысы, ең бірінші кезекте аталуға тиісті аса көрнекті тұлғалардың кейбірі көзден таса, ықыластан шетқақпай қалып келе жатқаны көңіл қынжылтады. Бұл тарапта біз ұлы Мұхаңды, Мұхтар аға Мағауинді айтып отырмыз. Сөздің дәмі мен нәрін талғайтын зейінді оқырман Мағауиннің әдебиет тарихымыздағы Абай, Әуезовпен қатар тұрған иықтас заңғар екеніне шәк келтіре қоймас, Һәм бүгінгі таңда өлі мен тірінің арасында оның алдына түсер қалам иесі жоқ екенін ішегіне шынашақ айналмас небір қызылкөз қызғаншақтың өзі де амалсыз мойындап, іштен тынатына сеніміміз гәміл.

Мағауин – қазақ Сөзін жаңа заманда сапалық жаңа сатыға көтерген, сиқырлы, жүрдек қаламының ұшынан небір жауһар төгіп, шеберлік шыңына жеткен бірден-бір бірегей талант. Жөргегінен Абай жырының әуезімен әлдиленіп өскен хас саңлақ туған әдебиетімізбен бірге көктеп, бірге жапырақ жайып келеді. Ұлтымыздың рухани болмыс-бітімін, мерейлі биігін, өкінішті мұң-зарын, мың жығылып-мың тұрған тайғақ кешуін Мағауин шығармаларынсыз елестету мүмкін емес. Әдебиетіміз бен тарихымыздың бұрыны мен бүгініне үңілсек, ат басын бұрып, маңдай түзер Темірқазығымыздың бірі Мұхаңның жауһар дүниелері екені талассыз. Сан бояумен құлпырып, мың-сан үнмен сыңғырлаған Мағауин әлемі шексіз шалқар, һәм сұлу, һәм көркем, кірсіз жүрекпен тұңғиығына сүңгі де, керегіңді ала бер, байып, құнарланып шығасың. Ол – аңқаң кеуіп, өзегің талғанда, шөліңді басар тас тұманың суындай тұнығың; адассаң, көз ұшынан шалқып, өзіне шақырар жеті қараңғыдағы шырағың... иәки, бағзы заманның үнін естіп, баба тарихыңды танығың келсе – Мағауинді оқы; байырғы реалистік машықтан бастап, мистикалық, модерндік, магиялық... сипаттағы арғы-бергі сан-алуан жарасымды көркемдік тәсілдің сиқырына арбалып, тылсымына шым батып, шомғың келсе – Мағауинді оқы; ана тіліміздің таңдай үйірер уыз дәмін татып, мейір қандырғың келсе – Мағауинді оқы...

М. Мағауин – алғашқы туындысымен-ақ әдебиет табалдырығын құбылыс болып аттаған теңдессіз тұлға. Таным көкжиегімізді кеңітіп, руханиятымыздың мәңгі көнермес інжу-маржанына айналған  "Қобыз сарыны" монографиясы мен "Алдаспан" антологиясын түбіт мұрты жаңа тебіндеген жас талап бозбала жазды дегенге тіпті ишанудың өзі қиын. Бұрын ғылыми ортаға беймәлім, құпиясы қырық қат жыраулар поэзиясын зерделеу арқылы таным-түсінігімізге тың өріс ашып, әдебиет тарихын тұтастай үш ғасыр арыға жылжытты. Бұл әдебиетіміздің бастауын Бұхар жыраумен шектеп, шолақ қайыратын сол тұстағы қатып-семіп қалған ғылыми қасаң догмаға жалғыз өзі қасқайып қарсы шапқан Жеке батырдай көзсіз ерлікпен пара-пар жанкештілік еді. Кейбір бақай есеп күншілдер идеологиялық қырағылық танытқансып күңіренсе де, Мүсірепов, Марғұлан сынды даналар әдебиет көгінде жарқырап туған жаңа жұлдызға таңырқай қарап, ақ батасымен алқады. Әр сөзі саф алтыннан бағалы ұлылардың осыншалық мадақ-мақтауына жас жігіт буыны босап, масаттанып дандайсыған жоқ. Зор үмітпен артылған аманат жүгі деп біліп, шалқар шабыты шалқып-тасып, шабысына шабыс қосты. Бір шығармасынан бір шығармасы бүйірі қызған пырақтай озғындап, жанған жұлдызы жарқырай түсті.

Көркемдік кеңістіктегі биіктік пен тереңдік, кеңдік өлшемдерін шырқауға шарықтатқан қанатты шығармаларында қазақтың арғы-бергі тұрмысындағы ділгір тақырыптартың күллісі мол ауқыммен қамтылды. Қазақтың қала прозасына алғаш қалам тартып, тыңнан түрен салғанның бірегейі де Мағауин. Оның студенттер мен қала интеллигенциясының рухани келбетін көркем айшықтаған "Қара қыз", "Көкмұнар" романдары жастарымыздың басына жастанып жатып оқитын шығармаларына айналды.

Тарих – жазушының айрықша стихиясы. Сонау "Қобыз сарынынан" бастау алған асқақ аңсар "Аласапыранға" жалғасып, одан "Шыңғыс хан" атты төрт томдық, "Алтын Орда" аталатын екі томдық ұлы эпопеяларға ұласты. "Аласапыран" дилогиясында "кердең басты идірген, тізеліні бүктірген" асыл рухты баба қазақтың "аузы түкті кәпірге" бодан болар тұстағы қилы тағдыры азалы жүрек қанымен айшықталса, "Шыңғыс хан" эпопеясы иісі түрки мілләты тарихының көркем энциклопедиясы деуге лайық. "Алтын Ордамен" тұйықталар осынау романдар циклі арқылы қазақтың түп тарихы түгелдей көркем хатқа түсірілді десек, асылық айтқандық болмас.

Қызыл империя кезіндегі ұлтымызды үсті-үстіне сорлатып, омыртқасын үзген қанқұйлы зобалаңдардың ешқайсы да Мағауинның жүрегін сыздатпай өткен жоқ, қаламынан тыс қалған жоқ. Азамат соғысы, Октябрь революциясы, кәмпеске, ұжымдастыру, ашаршылық, 37-нің зұлматы, Отан соғысы, тың игеру, атом полигоны, жалпы ұлттық деградация секілді тізбекті нәубеттің бәрі де "Сары қазақ", "Шақан шері", "Кесік бас, тұлып дене", "Мен", "Балақан", "Қыпшақ аруы", Бір атаның балалары", "Жармақ", "Жылан жылғы балалық"  т.б. роман-хикаяттарында шынайы көркемдікпен көрініс тапты.

Елінің байрақты бостандығына шын шаттанып, жүрегімен қуанған бір адам болса, ол – Мағауин. Оң-солын танымаған сәби шағында-ақ әкесінің қуғынға ұшыраған азапты өмірін көріп, жадау қабақ, жарым көңіл шаңырақта өксікпен булығып өсті. Ол социалистік шадыман өмірді ешқашан асқақтата жырлаған емес. Жан тыныштығын тарихтан іздеді. Бостан замандағы бабаларымыздың асыл рухын, сән-салтанаты жарасқан пейіштей тұрмысын аңсарлы жүрекпен сағына жазды. Мұхаң үшін азаттықтан асқан қастерлі ұғым жоқ. Тоқсаныншы жылдардың басындағы аумалы-төкпелі күйзеліс кезінде бір топ қаламдас қарынның гөй-гөйін айтып күңірене бастағанда: "Енді аштан өлсем де арманым жоқ, ағайын, өздерің-ақ аңсай беріңдер сол "пейіштеріңді!" деп, Мұхаңның көзіне жас алғаны әлі көз алдымызда.

Қашанда халқының жоғын жоқтап, жыртығына жамау, кетігіне кірпіш боп қалануға ұмтылатын Мұхаң азаттық алған бетте-ақ, бар жұмысын ысырып қойып, "Қазақ тарихының әліппесін" жазды. Советтік кесірлі, аяр саясаттың ықпалымен аузы-мұрыны қисайып, теріс насихатталып келген төл тарихымыз туралы жалған, жабайы түсініктен арылып, ұрпақ санасын серпілтудегі мұндай еңбектің мән-маңызын айтып жеткізудің өзі мүмкін емес.

Бүгінде "Жаңа Қазақстан" жаңа қолға алып жатқан ұлттық идеологияның тұғырнамалық қағидаттарын Мұхаң сонау тоқсаныншы жылдардың басында-ақ өзінің әйгілі "Ұлттың күре тамыры", "Ұлтсыздану ұраны" тәрізді аналитикалық эссе кітаптарында тұжырымдап қойған болатын.

Тарихтың тосын сыйының арқасында, жауыз империяның шеңгелінен құтылдық деп қалпағымызды аспанға атқанмен, өкінішке орай, шекеміз шеруен ата қойған жоқ. Ел билігін сол баяғы қызыл көсемдер жымысқылықпен басып қалды. "Ауыз демократия" болмаса, шын мәнінде, ештеңе өзгермеді. Еркін ой, ұлттық аңсар жөргегінде тұншықтырылып, бір адамның шексіз үстемдігін өбектеген авторитарлық клептократия орнықты. Жердің асты-үстіндегі байлық жаппай тонауға түсті. Жылдар бойы қалыптасқан шаруашылық жүйесі бүтіндей күйреді. Халықтың көпшілігі қайыршылыққа ұшырап, ел ішін әлеуметтік-рухани хаос жайлады. Ұлт болашағына қатер төнген осындай сындарлы сәтте қазағым деп қашанда отқа түсетін қайсар жазушы қалай қол қусырып қарап отырсын. Ұшқыр, отты қаламын ақ найзадай үңілтіп, кеңірдектеп енген қоғам дертін аяусыз шенеді. Жойдасыз "прихватизация", ауылдың күйреуі, ана тілдің мүшкіл халі, шекараны шегендеу, жер сату, сырттағы қандастарымызды елге көшіру, Жаңа-өзендегі қанды сойқан т.б. толып жатқан қазақ болашағына қатысты мәселінің бәріне аттан сап ащы айқаймен үн қатты.

Мұндай азаматтық позиция, ұлтым деп өзегі үзілген өлермендік назарбаевтық билікке, әрине, ұнаған жоқ. Оларға күн көсемдерін Құдайдың тағына көтеріп, жер-көкке сыйғызбай мадақтайтын жарамсақтар керек еді. "Ақ патсам!" деп сайрайтын бұраңбел, табан жалағыш, қол сүйгіш жағымпаздар армиясы жасақталып, ел тарихында бұрын-соңды болмаған "Нұр-нәмә", "Хан-нәмәлардың" аламан бәйгесі басталды. Нұр дидарлыны Ай мен Күнге теңеп, Құдай мен пайғамбардан асырып, қалай мақтауға сөз таба алмай қиналғандардың талайын көрдік. Аламаннан ат оздырғандар биік астаудан жем жеп, марапатқа мелдектеді. Өнер мен әдебиетке бөлінетін мемлекеттік қыруар қаржының басым бөлігі ширек ғасыр бойы "Нұриада" қоқысына ит-рәсуә шашылды.

Мұхаң сынды табанды азаматтық позициядағы шын талант иелері қақпай көріп, өгей атанды. Ұлт игілі үшін атқарған ұланғайыр еңбектері елеусіз қалды, қағажу көрді, рухани қысымға ұшырады. Азаттық алғалы бергі 30 жыл ішінде М. Мағауин өзінің азат Отаны тарапынан бірде-бір марапат, сый-құрмет көрген жоқ; 30 жыл ішінде небір халтурщиктердің  тонналап макулатурасын шығарып жатқан Мәдениет министрлігі ықылас танытып, Мағауиннің бір кітабын да басып шығарған емес. (12 томдық һәм 25 томдық шығармалар жинағын әдебиеттің қадыр-қасиетін білетін, жазушы талантына шексіз құрметпен табынатын меценат азаматтар өз қаржысына шығарып берді). Мұның аты не? "Көрмес – түйені де көрмес" демеске амалымыз қайсы. Жә, бұл кесірлі НӘН-байдың заманындағы тұлғаны таптауға арналған рухани кеселді қысастықтың көрінісі делік. Ал, бірақ, бүгінгі жаңа кезеңде не өзгерді? Жаңа, Әділетті Қазақстан Мұхаңдай алыбына жүрегі елжіреп, құшағын жайды ма? Әзірге ондай ықыласты көре қойған жоқпыз. Сол баяғы сыз қабақ, көк сіреу мұз көңілдің көбесі сөгілмеген сияқты. Есесіне, НӘН-сіз таңы атып, тауығы шақырмайтын жол-жорғалар қалпағын айналдырып киіп, жаңаша сайрап, бұрынғыша үпіл-мәлік боп жүр.

Еңбегі өз дәрежесінде бағаланбай жүрген жалғыз Мұхаң ғана емес, әр салада да ондай  саңлақтар баршылық. Соның бірі – қазақтың қайсар қызы Бибігүл Иманғазина. Бұл апамызды заманымыздың феномені десек те болады. Өмірімен де, еңбегімен де өнеге боп келе жатқан оқшау тұлға, ұрпаққа үлгі болар өнегелі өмір иесі, бейбіт күннің Мәншүгі мен Әлиясы деуге әбден татырлық жан. Оның қаламгерлік жолындағы рухани ерлігін "Құрыш қалай шынықты" романын жазған әйгілі орыс жазушысы Н. Островскиймен салыстырсақ артық болмас. Қаршадай кезінде қатыгез қанішердің қолынан мүгедек боп арбаға таңылып қалса да, ажалмен алысып жүріп өзін өршіл рухты тұлға жасады. Тақсыретті тағдырынан "Тауқымет" атты роман-трилогия, қоғамда етек алып бара жатқан кеселді моральдік-этикалық мәселелерді тереңнен толғайтын "Назым", "Үйіме барғым келмейді" сынды моно-романдар жазды. Ол –ізгілік мұраттарын ақ қағаздың бетіне қаламмен жазып қана қоймай, айналасына мейірім шапағатын дарытып, қайырымдылықты өз қолымен жасап келе жатқан айтулы қайраткер де.

Мүгедек аналардың қасірет-мұңын жан-жүрегімен түсінетін бір кісі мендай-ақ болар деп ойлайтын жазушы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиын-қыстау сәтте мемлекет тарапынан ешқандай жәрдем болмай, қараусыз қалған 217 мың мүгедек аналардың басын қосып, 1992 ж. республикалық "БИБІ-АНА" қоғамын құрды. Басындағы жалғыз үйін кепілге қойып, банктен алған ақшасы мен кітаптарынан түскен 20 миллион теңге қаламақысын жылаған жоқ-жітік мүгедектердің мұқтажына жұмсады. Отыз жылдың ішінде мыңдаған мүгедек аналардың тұрмыс жағдайын жақсартуға жәрдемдесті. Қоғамның тікелей араласуымен көптеген мүгедек ана баспаналы болды. "БИБІ-АНА" қайрымдылық қорының көмегі арқасында мүгедек аналардың тәрбиесіндегі 700-ден астам жасөспірім жоғары оқу орынын бітіріп, бүгінде еліміздің түрлі шаруашылық саласында табысты қызмет атқарып жүр. Қазіргі таңда "БИБІ-АНА" Қоры 30 жылда Қазақстанның бір де бір өңірінде болмаған, мүгедек балаларды оңалту орталығын Ақтөбе облысы Шалқар ауданында салу жобасы бойынша жұмыс істуде. Осындай жанкешті, ізгілікті еңбегі үшін де ол кісіні республика жұртшылығы баяғыда-ақ "қазақтың Тереза анасы","Бибі-Ана"  деп атап кеткені баршамызға мәлім.

"Қазақтың Тереза анасы", "Бибі-Анасы" озған 2022 жылы сексен жасқа толды. Біздің таразысы таза билігіміз, өкінішке орай, былқ еткен жоқ. Бейбіт күннің нағыз Қаһарманы атануға тиіс апамыздың ерен еңбегі ескерусіз қалды. Әділетті Қазақстанның әділдігі осы болғаны ма?

Сондай-ақ, біздің бағымызға Құдайым бере салған (Құдайберген Дінмұхаммед) Димашымыз бар емес пе. "Әлемнің алтын дауысы" атанған талантты оғланымыз, өнеріміздің бүгінгі бойтұмары, Қазақстанды төрткүл дүиеге паш еткен брендіміз. Музаның құдіретіне табынатын әлемдегі миллиондаған фанаттары оны төбесіне тұтады, концертін тамашалау үшін құрлықтан құрлық асып, ізінен сабылып жүреді. Осындай асып туған асылымызға біз ел боп не ілтифат таныттық? Әрине, айналайын халқымыз Димаш десе, ішкен асын жерге қояды, төбесі көкке жетіп мерейленеді. Ал билік ше? Назарбаев саясатының сайыпқырандары әлемге аты дүркіреп шыққан сәтте-ақ Димашты бірден "Нұр-Отан" партиясына қабылдап, теңдесі жоқ "құрмет" көрсетті. Сөйтіп, тұмсығымен жер сүзіп батпақтаған партияларының беделін көтермек болды.

Қазақ топырағында Димашқа дейін ешкім әлемнің әйгілі сахналары мен он мыңдап адам жиналатын стадиондарда жеке концерт беріп көрген емес. Оның осы әлемді тамсандырған концерттік бағдарламалары еліміздегі марапаттардың тақиясына тар келе ме? Неге Мемлекеттік сыйлық алмайды? Неге "Халық артисі" атағы берілмейді? Ондай құрметке ие болу үшін міндетті түрде көзінің нұры, жүзінің әрі тайған кәрі болу керек пе? Өнерде сақал болмайды, өнерде тек талант қана бар. Соның қадырына жетпеу – үлкен қиянат.

Бұл мысалдар, түптеп келгенде, біздің мемлекетіміздегі идеологиялық жұмысқа жауапты мекемедегі үлкенді-кішілі шенділерге сын. Мағауиндей алыпты танымайтындай кеуделері тас бітеу саңылаусыз ба? Бибі-Анадай жанкешті бейнет иесінің еңбегін көрмейтіндей көздері соқыр ма? Димаштың әлем тамсанған дауысын естімейтіндей құлақтары керең бе? Біз түсінбейтін парадокс. Әлде олардың таным өлшемі басқа ма? Жоғарыға жол тапқыш, қолы ұзын, насихат-дабырасы мықтылар  төске өрлеп, шын таланттылар неге шет-қақпай қала береді? Көптің көкейінде жүрген осы бір түйінді сауалды аузын ашса, әділет деп сайрайтын Ақордадағы кейбір шенділерге ой салар деген ізгі ниетпен құлақ-қағыс қылғанды жөн санадық.

 

Тұрысбек Сәукетай

Abai.kz

19 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5291