Сенбі, 23 Қараша 2024
3041 0 пікір 29 Шілде, 2023 сағат 13:49

Қасым-Жомарт Тоқаев туралы шетелдік сарапшылардың пікірлері қандай?

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдан бастап президенттік өкілеттілігін атқарып келеді. Аталған уақыттан бері Қазақстанда маңызды саяси, әлеуметтік, экономикалық реформаларды жүзеге асырып, мемлекет пен халықаралық саясатта болып жатқан істерге қатысты маңызды шешімдер қабылдады. 2023 жылдың жаз мезгілінде мемлекет басшысы бірнеше маңызды істерді атқарды, Ұлттық құрылтай мен ШЫҰ саммитінде баяндамалар жасады, көршілес Ресейде өткен жанжалға және Қазақстанға шетелдік компаниялардың келуі мен елімізден заңсыз жолмен шығарылған активтерді қайтаруға қатысты істерге пікірін білдірген болатын. Президенттің атқарған ісі әрдайым шетелдік сарапшылардың назарында. Олар ТМД мемлекеттері басшыларының рейтінгін қоғамдық пікір арқылы анықтап та отырады. Бұл мақалада Қасым-Жомарт Тоқаевтың әрбір іс-әрекетіне, қабылдаған шешіміне баға беріп отыратын сарапшылардың пікіріне шолу жасайтын боламын. 

Президенттің ШЫҰ саммитінде жасаған баяндамасы туралы 

ШЫҰ саммитінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасаған баяндамасына РФ Үкіметі жанындағы Қаржы университеті Әлеуметтік ғылымдар және бұқаралық коммуникациялар факультеті деканының халықаралық ынтымақтастық жөніндегі орынбасары Дарья Осина пікірін білдірді:

«Егер ШЫҰ-на мүше елдердің ірі жобалары бүгінде қалай дамып жатқанын қарастыратын болсақ, Президент Тоқаевтың ШЫҰ бастапқыда аймақтық қауіпсіздік жүйесін құруды мақсат еткенін атап өтіп, пікірінің дұрыс екендігін көріп отырмыз. Ал бүгінде ШЫҰ елдерінің аумағы арқылы «Солтүстік-Оңтүстік» және «Шығыс-Батыс» бағыттарында негізгі логистикалық дәліздер өтеді. Сондай-ақ, бүгінде жаңа қаржылық-экономикалық модельді қалыптастыруға қай елдер жетекшілік еткенін көрейік. Бұл ШЫҰ елдері – Қытай, Ресей, Иран, Үндістан».

Тоқаевтың саммиттегі баяндамасына Аймақтық мәселелер институтының бас директоры Дмитрий Журавлев те пікірін білдірген болатын.

«Қасым-Жомарт Тоқаев Азияның барлық мәселелерін тізіп шықты және ШЫҰ -ны осы мәселелерді шешуге шақырды. Ол төрағалық етуші елдің президенті ретінде алдағы уақытта ұйымды қайда бағыттайтынын айтты. Яғни, Қазақстан ұйымның әлеуетін нығайту үшін ШЫҰ-на нақты не істеуді ұсынып отыр. Оның жоспары – ұйымға мүше елдердің жаһандық, сонымен қатар макроөңірлік, ұлттық міндеттерін шешу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету,  экономикалық даму, экология мен мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты арттыру. Бұл өте қисынды. 

Тоқаев «Айдаһардың үш басы» – трансұлттық ұйымдасқан қылмыс, есірткі тасымалы және киберқылмыспен тек жекелеген елдер ғана күресе алмайтынын түсінеді. Сондықтан ШЫҰ бойынша барлық арналарды бұғаттау керектігін айтты. Жалпы, барлығын ортақ стратегияға ие бола отырып, бірге жасау керек.

Мен ШЫҰ-ға мүше елдердің туристік және мәдени әлеуеті іске асырылмай жатқанымен толық келісемін. Ал Алматы туристер баратын тамаша орын болатынына сенімдімін. Жалпы, Президент нақты стратегиялық міндеттерді шешу үшін барлық елдердің әлеуетін біріктіруге шақырды, менің ойымша, бұл өте дұрыс. Төраға ретінде Қазақстан көп үлес қосады деп ойлаймын. Тоқаевтың мықты саясаткер және өз мақсаттарына жету жолын жақсы біледі. Бұл бәрімізге аян»,- деді сарапшы.

Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат»  атты екінші отырысында жасаған баяндамасына шет елдік сарапшылардың пікірлері

Елбасының Ұлттық құрылтайды құру бастамасын барлық қазақстандықтар қолдаған болатын, сондай-ақ бұл бастамаға әлемдік сарапшылар да оң пікірін берді.

Өз кезегінде тарихшы, ресейлік «Восток-Патриотика» қорының тең төрағасы Александр Макушин «Тоқаевтың сауатты мәдени саясаты - қазақ мемлекетінің тұрақтылығын сақтаудың негізі» деп санайды. Сондай-ақ ол:

«Қазақстан Президенті барлығы дұрыс екенін айтты. Үлкен еуразиялық кеңістік әрқашан мәдениеттер симбиозының арқасында әртүрлі халықтардың өзара байып, дамып келе жатқан өрісі болды. Мемлекеттік құрылымның күрделілігі мен жан-жақтылығын түсіне отырып, Қазақстанда 130-ға жуық ұлт пен 46 діни конфессия тұратынын еске сала кетейін, ел басшылығы көпұлтты мәдениетті дамытуға баса назар аударады, өйткені, менің ойымша, бұл мүмкіндік береді. Қазақ мемлекеті болашақта бұдан да өркениеттік табыстарға қол жеткізеді».

Ұлттық құрылтайдағы баяндама шын мәнісінде қазақстандықтарды жалпы ұлттық идеалогия бағытында дамуға бағыттады. Бұл туралы сарапшылар Президенттің ұлттық бірегейлікті қалыптастыру жолында жасап жатқан маңызды стратегиялық қадамдарының тиімділігін атап өтті.

Ресейлік деректі кинорежиссер және жазушы Леонид Млечин:

«Көптеген саясаткерлер мемлекеттік аппаратты халық мүддесіне қызмет ететіндей етіп жаңартамыз деп отыр. Бірақ олардың өте азы оны іс жүзінде қолданады. Дәл сол кезде республикада өрт болып, адамдар қаза тапқан қайғылы оқиға кезінде Қазақстан президенті Вьетнамға ресми сапармен баруы керек еді. Бірақ Тоқаев сапарын бірден тоқтатып, өрт аймағына барып, өрттен жапа шеккендердің отбасылармен кездесіп, оларға қолдауын көрсетіп, сөйлесті. Өз басым президенттің бұл әрекеті маған қатты әсер етті. Оның тағы бір таңғаларлық қадамын еске алсақ – Тоқаев президенттің туыстарына басшылық қызметтерді атқаруға заңды түрде тыйым салды. Оның үстіне бұл заң бойынша оның кейбір алыс туыстары шынымен де қызметтерінен айырылғанын білемін. Бұл бірінші.

Екіншіден, бүгінде көршілес, бауырлас республикада ұлттың өзін-өзі тану, оның тарихын зерделеу, түсінудің маңызды процесі жүріп жатыр. Мұны біз, ресейліктер, жіті қадағалауымыз керек деп ойлаймын. Расында да, қазір Қазақстанда өте қызықты метаморфозалар жүріп жатыр. Мысалы, қазіргі әлемде өзінің өткенін және өзін қайта ойлау процесі. Ал бізге қазақ тілін жақсы білетін, ол жақта не болып жатқанын оқитын, талдайтын адамдар керек...

Үшіншіден, қазір әлемдегі жағдайдың қиындығы сонша, ешкім болашақ туралы - ең жақсысы, қазіргі туралы айтпайды. Ал Тоқаев шынымен де болашақтың бейнесін көріп, елді қалай көретінін және оны қайда алып бара жатқанын, бұл болашақ қазақстандықтардың жарқын әрі гүлденуі үшін не істеу керектігін айтады. Өз басым, республика басшысының барлық реформалары қажетті нәтиже береді деп сенемін. Неліктен? Өйткені, мен оны бұрыннан білемін, оның бірдеңе уәде беріп, бірдеңеге баға беруге мәжбүрлемегені және бұл шындыққа сәйкес келмейтіні есімде жоқ. Тоқаев сөздің де, істің де адамы. Мен елдің қайда бара жатқанын көремін. Сондықтан мен президенттің табысқа жететініне еш күмәнім жоқ» деп айтқан болатын.

Млечиннің Тоқаев туралы айтқан пікірінде Қазақстанда болып жатқан саяси процесстер мен мәселелерді Президенттің қалай шешіп жатқандығы туралы саналы ойлар айтылған. Өз пікірінде сарапшы көзімен көріп, естіп отырған жаңалықтарынан Тоқаевтың ісінен адами құндылықтардың кемелдігін көріп, оның рухани байлығының жоғары екенін айтады.

Пушкин атындағы Мемлекеттік орыс тілі институтының Тіл саясаты және халықаралық білім беру орталығының жетекшісі Светлана Юрьевна Камышеваның пікірі:

«Қазақстан басшысы өте маңызды нәрселерді айтты - біз тек экономикалық бірлікті ғана емес, тілдік және мәдени бірлікті де сақтауымыз керек. Жалпы, Тіл саясаты орталығының басшысы ретінде кез келген тіл саясаты екі тұғырға негізделген: бірегейлікті сақтау және мәдениетаралық байланыстарға қатысу деп есептеймін. Мұны барша дана саясаткерлер ескеруі керек, солардың бірі – Қазақстан Президенті. Яғни, Ресей мен Қазақстан арасындағы осы мәдениетаралық байланысты сақтау өте маңызды. Және бұл сөзсіз, біздің елдеріміз арасында біртұтас лингвомәдени сала бар. Мемлекет басшысы жаңа ғана айтқан Оралдағы Пушкин, Семейдегі Достоевский, Шолохов (Оралдан 30 шақырым) мұражайлары соның жарқын мысалдары. Олар мұқият сақталған, келушілерге әрдайым есіктері ашық, Қазақстанда бұл көрнекті жер деген түсінік бар, біз, ресейліктер, әрине, бұндай көрініске ризамыз. Сондай-ақ орыс тілінің ТМД кеңістігінде этносаралық және мемлекеттік тіл мәртебесін айқын сақтап қалуы өте маңызды, ол ең маңызды қажеттіліктердің бірі – адамдардың қарым-қатынасын жүзеге асыруға мүмкіндік береді, бұл үшін жағдай жасайды және бұл дұрыс жол» деп елімізде болып жатқан процестерді бағалап, Президенттің атқарған жұмыстарын бағалаған болатын.

Ұлттық құрылтайда елімізде болып жатқан өзекті мәселелердің шешу жолдары мен мемлекеттің болашақ дамуының бағдары талқыланады. Тоқаев өзінің Президент ретіндегі өкілеттілігін атқаруды бастаған сәттен, этномәдени достық қарым-қатынасы мен мәдениетін жақсарту мен сақтауға көңіл бөліп келе жатқандығы айқын.

Қазақстан шекарасынан заңсыз шығарылған активтерді қайтаруға қатысты пікірлер

Қазақстан Республикасының тарихында екі Президент болды. Қазақстанның бұрынғы және қазіргі билеуші ​​элитасы арасындағы күрестің өрлеуі мен құлдырауы шет елдік сарапшылардың пікірталасын тудыратын тақырыптардың бірі. Төменде  халықаралық қатынастар жөніндегі даниялық сарапшы Пол Андреасонның EUReporter сайтында жарияланған мақаласында осы тақырып туралы айтылады. 

Автордың айтуынша, 2022 жылдың 3 ақпанында британдық депутат Маргарет Ходжес экс-президент Назарбаевпен байланысы бар адамдар оффшорлық схемалар арқылы Ұлыбританияға миллиардтаған доллар аударғанын ресми түрде мәлімдеген.

«Қазақстанға жаңа президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың билікке келуімен «Ескі Қазақстанның» элитасы олардың статус-квосына нақты қауіп төндіретін күрделі мәселеге тап болды», - деп жазады Андреасон. «Қазақстан халқы әділдікті аңсайды және Тоқаев оған жетуге бел байлағанын ашық айтты. Осы тұрғыда президенттің сыбайлас жемқорлыққа жол берген тұлғаларды қудалауды бастауы бұрын әкетілген активтерді Қазақстанға қайтару және репатриациялау әлеуетін сақтап қана қоймайды, сонымен қатар Ұлыбританияның Астанамен әділеттілікті іздеуде ынтымақтасуға дайын екенін көрсетеді».

Автор 2019 жылы билікке келгеннен кейін Тоқаевтың Назарбаев режимін дәйекті түрде ыдыратуға кіріскенін, атап айтқанда, бұрынғы президенттің жақын достары мен туыстарына тиесілі компаниялар өткізетін тендерлердің күшін жойғанын атап өтті. Тоқаев ұстанымының мықтылығын оның 2022 жылдың қаңтарында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы, бұрынғы премьер-министр Кәрім Мәсімов бастаған төңкеріс әрекетін ауыздықтауға қол жеткізгені дәлелдейді. Нәтижесінде Мәсімов мемлекетке қарсы қылмыс жасады деген айыппен 18 жылға сотталып, елде тәртіп орнады.

Пол Андреасон: «Қазақстанға бақылау орната алмаған Мәсімовтің командасы үшін оның жетекшісін қамауға алу ауыр сәтсіздік болды» деп жазады. – Назарбаев әкімшілігінің қорғауынсыз «Ескі Қазақстан» фракциясы қазір тек халықаралық лоббистік және елдегі левереджді қайтаруды армандаған қазақстандық миллиардер-олигархтар қаржыландыратын БАҚ-тағы үгіт-насихат науқандарына ғана сүйенеді. Басқа нәрселермен қатар, олардың мақсаты Батыста Тоқаевты Кәрім Мәсімовті қамаудан босатуға мәжбүрлеу үшін күштеп қысым жасау болып табылады» деп пікірін білдірген.

Автор одан әрі Мәсімовтің сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне қатысты бірқатар белгілі фактілерге тоқталып, Назарбаевтар әулетінің мүлкін шетелдік юрисдикцияларға өткізуде Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы жетекші рөл атқарғанын айтады.

«Мәсімов Қазақстандағы жемқорлық пен автократиялық биліктің салтанат құруын бейнеледі», - деп жазады Андреасон. – Тоқаев, керісінше, авторитарлық мемлекетті жоюға бағытталған реформалар жүргізуде. Бұған непотизмге тыйым салу, президенттік мерзімдерді шектеу және елдегі демократияның өсуіне негіз қалау сияқты шаралар кіреді».

Қазіргі геосаяси жағдай, соның ішінде көршілес Ресей мен Украина арасындағы қарым-қатынастың шиеленісуіне қатысты Қазақстанның басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірі барлық сарапшылар үшін қызықты болып отыр. Дегенмен, мемлекет басшысы бұл мәселеге келген кезде «бейтараптық» сақтайтындығын әрдайым айтып жүреді. Соған қатысты EU Reporter басылымының авторы Ресейдің де, Батыстың да нақты қысымына қарамастан, Тоқаев Ресей-украиналық қақтығыс кезінде Қазақстанның бейтараптығын шебер сақтайды деп жазады.

«Сонымен қатар, ескі Қазақстанмен байланысты мүдделі топтар Қазақстандағы реформалар процесін тоқтату және жоғалған жерлерді қайтару үмітімен басшылықты тұрақсыздандыру үшін кез келген, тіпті ең даулы дәлелдерді жұмылдыруда», - деп түйіндейді Андреасон. «Назарбаев» олигархтарының бір фракциясы Ресеймен іскерлік байланыстарды тереңдетуді көздесе, енді бірі Қазақстан үкіметін сол «Назарбаев» олигархтарының қызметін мысалға алып, Батыстың санкцияларынан жалтарып отыр деп айыптайды» деп пікірін білдірген.

Қазақстаннан заңсыз шығарылған активтерді отанға қайтару қиын және ұзаққа созылатын үрдіс екені анық. Дегенімен, қазіргі кезде бұл іс белсенді түрде жүргізіліп, мемлекет басшысының назарында тұрған өзекті мәселелердің бірі.

Тоқаевтың мемлекетке шет елдік компанияларды тарту әрекетіне қатысты пікірлер

Ресейлік саясаттанушы және саяси технолог, публицист, «Саяси сарапшылар тобының» жетекшісі Константин Калачев өзінің телеграм-каналында келесі жазбасын жариялады:

«Бір жыл бұрын Қазақстан президенті Тоқаев үкіметке Ресейден кеткен шетелдік компанияларды көшіру үшін елде жағдай жасауды тапсырған болатын.

Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев болып жатқан жағдайды «инвестициялық капитал үшін жаһандық күрес» деп атап, Қазақстан үшін «жақсы мүмкіндіктерді» көрді.

  • Қазақстан экономикасы бірінші жарты жылдықта 5%-ға өсті
  • Негізгі капиталға инвестицияның өсу қарқыны 13% құрады. Қаңтар-мамыр айларында сыртқы сауда айналымы 8%-ға өсіп, 55,8 млрд долларды құрады.
  • Мемлекеттік бюджетті толтыру жоспары 102,3%-ға орындалды.

Тоқаевтың жоспары – Қазақстанның дамуы. Бәрі ойдағыдай» деп пікірін білдірген.

Мемлекеттегі экономикалық даму айқын көрініп келеді, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы тұрақталуда. Тоқаев мемлекеттің экономикалық дамуы кезінде шет елдік компаниялардың, инвестициялардың маңызын атап қана қоймай, әрдайым мемлекет азаматтарының кәсіппен айналысуы мен ұлттық брендті дамытуына қолдау жасайды.

Тоқаев Посткеңестік мемлекеттер лидерлерінің рейтингінде 4-орында тұр

2023 жылдың 4 наурызнан 28 мамырға дейін «ФОКУС» Еуро-Азия әлеуметтанушыларының еркін альянсы (ЕАӘЕА ФОКУС), социолог-волонтерлердің халықаралық желілік қауымдастығы Армения, Грузия, Әзірбайжан, Молдова, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Беларусь, Қазақстанда жедел телефон арқылы сауалнама жүргізген болатын. Сауалнамға респонденттерді таңдау кездейсоқ әдіс арқылы жүргізілді. Қазақстаннан сауалнамаға барлығы 1823 респондент қатысты.

Респонденттерге екі сұрақ қойылды: «Сіз бұл басшыға сенесіз бе?» (сенім рейтингі) және «Егер бұл адам ертең қазіргі қызметіне тағы да тағайындалуға үміткер болса, сіз не деп дауыс берер едіңіз?» (сайлау рейтингі).

Респонденттердің 74,8 пайызы Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенсе, 14,5 пайызы сенбейді, 10,7 пайызы жауап беруге қиналған.

Екінші сұрақ бойынша респонденттер Қасым-Жомарт Тоқаевқа 71,6 пайызы дауыс берсе, 16 пайызы қарсы болып, 12,4 пайызы жауап беруге қиналған.

Посткеңестік мемлекеттердің көшбасшыларына сенім рейтингісі келесідей болды:

  1. И.Әлиев – 82,8% сенеді, 4,4% сенбейді, 12,8% жауап беруге қиналады;
  2. Э.Рахмон – 81,6% сенеді, 4,2% сенбейді, 14,2% жауап беруге қиналады;
  3. С.Жапаров – 75,8% сенеді, 13,4% сенбейді, 10,8% жауап беруге қиналады;
  4. Қ-Ж. Тоқаев – 74,8% сенеді, 14,5% сенбейді, 10,7% жауап беруге қиналады;
  5. А.Лукашенко – 68,5% сенеді, 22,3% сенбейді, 9,2% жауап беруге қиналады;
  6. Ш.Мирзиёев – 62,2% сенеді, 23,7% сенбейді, 14,1% жауап беруге қиналады;
  7. М.Санду – 37,6% сенеді, 51,4% сенбейді, 11% жауап беруге қиналады;
  8. С.Зурабишвили – 33,7% сенеді, 42,3% сенбейді, 24% жауап беруге қиналады;
  9. Н.Пашинян – 23% сенеді, 48,6% сенбейді, 28,4% жауап беруге қиналады.

Тоқаевқа халқының сенім деңгейі өте жоғары. Егер ол қазіргі қызметіне тағайындалуға үміткер болатын болса, халықтың қолдайтыны айқын көрініп тұр.

Мақаланың соңында, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейдегі Пригожиннің ісіне қатысты айтқан пікірін әлем сарапшыларының қалай бағалағанын көрсеттік. Тоқаев әлемдегі бейбітшілік пен ортақ дамуды қалайтын саясаткер, оның пікірі әлемдік саясатта болып жатқан мәселелердің өзектілігін көрсетеді.

Тоқаевтың "Пригожин әрекетіне" байланысты пікірі. Сарапшылар не дейді? 

Ресейде Пригожин бүлік шығарған күні Путиннің Тоқаевқа телефон соқты.  Берлиндегі Карнеги Ресей және Еуразиялық зерттеулер орталығының қызметкері Темур Умаров осы жайтқа қатысты пікірін білдірді.

«Менің ойымша, телефон арқылы сөйлесу екі тарап үшін де маңызды болды. Тоқаевқа Ресейдің ішінде не болып жатқанын білу керек болды. Қандай да бір тұрақтылық бар екенін және жағдайдың апатты сценарийге айналмайтынын түсіну маңызды болды. Путин үшін оны тыңдауға дайын адамның бар екенін түсіну және қажет болса, кейбір шараларды қабылдауды ақылдасу керек болды. 

Бірақ менің ойымша, мәселе қолдау туралы емес. Көпшілігі Пригожин бүлігін Қазақстандағы 2022 жылғы жағдаймен салыстырады. Сол кезде Путин Қазақстанға ҰҚШҰ бітімгерлерін жіберді, енді Тоқаев та соны істеуі керек болды. 

Бірақ бұл бірнеше себептерге байланысты талқыланбаған сияқты. Біріншіден, 2022 жылдың қаңтарында Тоқаев әу бастан-ақ болып жатқан оқиғаларды «сыртқы қауіп» ретінде, оның үкіметті құлатуға бағытталған «террорлық акт» екенін айтты. Бұл мәселеде заңды түрде жағдай ҰҚШҰ-ның араласуға құқығы бар, ал Ресей негізгі елдердің бірі ретінде белгілі әрекеттерге барды.

Енді бұл Ресейдің одақтастары деп атайтын елдердің ешқайсысы араласпайтын ішкі саясат екені бірден белгілі болды».

Президент Тоқаев БАҚ қызметкерлерінің кәсіби мерекесі кезінде болған тілшілермен кездесуі кезінде де, сол уақыттарда Ресейде болған әрекеттерге қатысты пікірін білдірді.

«Әу бастан Ресей Федерациясының Президентімен телефон арқылы сөйлескен кезде мен оның конституциялық құрылыс пен заңдылықты сақтауға және нығайтуға бағытталған іс-әрекеттерін толық қолдайтынымды мәлімдедім. Ресей мемлекетінің әлеуетін және оның ұлттық көшбасшысының тұлғасын ескере отырып, бұған ешқандай күмән болған жоқ. Біз тіпті Ресей Президентінің биыл күздегі Қазақстанға сапары туралы да талқыладық», - деп бөлісті Мемлекет басшысы.

Жоғарыда Тоқаевтың Ресей мен Ураина, Ресейдің ішінде болып жатқан қақтығыстарға қатысты «бейтараптықты» ұстайтынын атап өттік. Осы кезде де, Президент өзінің ұстанымын және Қазақстанның «бейтараптық» ұстанымы туралы қайта атап өткен болатын:

«Бүгін осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мен Қазақстанның Ресеймен ұзақ мерзімді және тұрақты стратегиялық әріптестік форматындағы көпжақты ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға қатысты ұстанымымды растаймын. Мұндай ұстаным халқымыздың мүддесіне толық сәйкес келетініне сенімдімін» деп айтқан болатын.

Кешенді Еуропалық және халықаралық зерттеулер орталығының сарапшысы Дарья Чижова Қазақстандағы БАҚ-тың дамуына, олардың орасан зор ішкі және геосаяси рөліне назар аударды.

«Бүгінгі таңда біз ресейлік-қазақстандық қарым-қатынастың бұзылуына әсер ететін қаншама әрекет жасалып жатқанын көріп отырмыз. Бұл үшін жеке бот-фермалар, шетелдік БАҚ, ақылы блогерлер жұмыс істейді, олардың міндеті екі елдің жүйелі, қарқынды дамуы емес, керісінше дәл осы қатынастарды тұрақсыздандыру. Бұл үшін қомақты сомалар бөлініп отыр, ол жасырын емес. Бұлардың алдында Ресейді Орталық Азия елдерінен ыдырату міндеті тұр. Осы жолда Қазақстанның ақпараттық кеңістігі де шет қалмайды. БАҚ тұрақсыздандыру құралы емес, даму мен тұрақтандырудың институционалдық көзі ретінде әрекет етуі керек. Сондықтан Қазақстанда БАҚ-қа мұндай көңіл бөлінуі өте маңызды», - деп түйіндеді сөзін Дарья Чижова.

Ресейлік сарапшылар Тоқаевтың аталған іске қатысты пікірі мен әрекеттерін жоғары бағалауда, сондай-ақ мемлекет басшысының жоғары кәсібилігі мен заманауи көзқарасын атап өткен.

Ресейлік сарапшы, Аймақтық мәселелер институтының директоры Дмитрий Журавлев: «Президент Тоқаевтың БАҚ қызметкерлерімен кездесуінде Қазақстанның Ресеймен одан әрі ынтымақтасуға қатысты ұстанымын растауы өте маңызды. Өйткені кез келген өткір жағдайда елдер арасындағы өзара іс-қимылдың шынайы деңгейі үнемі тексеріліп отырады, – дейді – Бұл ретте келісімдерді ұстану Қазақстанның Ресеймен ынтымақтастығын жалғастыруға, тіпті қиын жағдайда да қолдау көрсетуге дайын екенін білдіреді. Бұл өте маңызды жағдай. Президент Тоқаев тек журналистер ғана емес, бүкіл әлем Қазақстанның ұстанымын естуі үшін бұл тақырыпты айтуды қажет деп санады деп ойлаймын» деп пікірімен бөліскен.

Жоғарыда Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылы республикада, Ресейде болып жатқан істерге қатысты пікірі мен баяндамаларына шетелдік сарапшылардың пікірлері жазылды. Сондай-ақ әлеуметтік сауалнама негізінде Қазақстан халқының Президентін қалай бағалайтыны айтылған. Қорытындылай келе, Президент Тоқаевтың әлемдік саясатта, халықаралық қарым-қатынаста, мемлекет саясатын жүргізуде абыройлы екенін жоғарыда көрсетілген пікірлерге сай аңғардық. Тоқаевқа қатысты сарапшылардың пікірі  өте жақсы. Қазақстан халқының азаматы ретінде де, Президент Тоқаев Қазақстан Республикасының дамуы үшін ерең еңбек етіп келеді. Ол әділетті Қазақстанның азаматтарын тәрбиелеп келе жатқан көшбасшы деуге толық негіз бар.

Айнұр Бақытжанова

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5351