Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3217 0 пікір 9 Маусым, 2013 сағат 19:26

Біздің мақсат – ұлттық күресімізді ұшпаққа шығарып, майталмандарымызды ұлықтау

Арман ШОРАЕВ, «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қорының төрағасы:
 
– «Қазақстан барысы» жобасы туралы ой қайдан пайда болды?
– Бұл идеяны ойымда пісіріп жүргеніме көп болған. Көп жылдардан бері қазақ күресі Олимпиадалық спорт түрлерінің тасасында қалып келді. Қазақ күресінен Азия, әлем чемпионаттары ұйымдастырыла бастағанымен, оның рухын көтеріп жіберетін бір құбылыс керек еді. Бір іссапарымызда Моңғолияға жол тартқанбыз. Тура ұлттық күрестен өтетін дүбірлі сайыстың үстінен түсіппіз. Сондағы таң қалғанымды көрсеңіз ғой! Моңғол елінің түкпір-түкпірінен келген  үш мыңға жуық балуан екі күн бойы белдесіп, ақтық айқасқа мықтылардың мықтысы ғана жолдама алды, финалдық кездесудің өзі 3-4 сағатқа созылды. Ал қаумалаған жанкүйер санында есеп жоқ! Осы жарыстың жеңімпазы елдің Ұлттық батырындай құрметтеледі екен. Шыны керек, мен моңғолдардың төл күресін осылай төрге шығарып, үлкен шоуға айналдыра алғанына қуандым.  Ал өз күресімізді дәл солай биікке көтере алмай жүргенімізге қынжылдым. 
Қараңызшы, Жапония әлемге сумосымен танымал. Кәрістер таэквондоны, жапондар дзюдоны Олимпиада бағдарламасына енгізіп қойды. Самбоны көтереміз деп орыстар әлі жанталасып жүр.

Арман ШОРАЕВ, «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қорының төрағасы:
 
– «Қазақстан барысы» жобасы туралы ой қайдан пайда болды?
– Бұл идеяны ойымда пісіріп жүргеніме көп болған. Көп жылдардан бері қазақ күресі Олимпиадалық спорт түрлерінің тасасында қалып келді. Қазақ күресінен Азия, әлем чемпионаттары ұйымдастырыла бастағанымен, оның рухын көтеріп жіберетін бір құбылыс керек еді. Бір іссапарымызда Моңғолияға жол тартқанбыз. Тура ұлттық күрестен өтетін дүбірлі сайыстың үстінен түсіппіз. Сондағы таң қалғанымды көрсеңіз ғой! Моңғол елінің түкпір-түкпірінен келген  үш мыңға жуық балуан екі күн бойы белдесіп, ақтық айқасқа мықтылардың мықтысы ғана жолдама алды, финалдық кездесудің өзі 3-4 сағатқа созылды. Ал қаумалаған жанкүйер санында есеп жоқ! Осы жарыстың жеңімпазы елдің Ұлттық батырындай құрметтеледі екен. Шыны керек, мен моңғолдардың төл күресін осылай төрге шығарып, үлкен шоуға айналдыра алғанына қуандым.  Ал өз күресімізді дәл солай биікке көтере алмай жүргенімізге қынжылдым. 
Қараңызшы, Жапония әлемге сумосымен танымал. Кәрістер таэквондоны, жапондар дзюдоны Олимпиада бағдарламасына енгізіп қойды. Самбоны көтереміз деп орыстар әлі жанталасып жүр. Біздің күрес осы жекпе-жек түрлерінен асып түспесе, кем соқпайды ғой. 
– Мұндай ауқымды жобаны дүниеге әкелу оңай шаруа емес. Ол үшін спортқа шын жанкүйерлік бір бөлек, сол спорт түріне қатысың да болуы керек шығар. Жас кезіңізде спорттың қай түрімен шұғылдандыңыз?
– Грек-рим күресімен айналысқанмын жас кезімде. Кезекті бір жаттығуда белімнен жарақат алып қалып, спортпен қоштасуға тура келді. 
– Жаңа жоба іске қосылғалы қазақ күресі қандай деңгейге көтерілді деп ойлайсыз?
– Қазақ күресі таяуда Дүниежүзілік универсиада ойындарының қатарына кірді. Биыл Қазанда өтетін Универсиадада  қазақ күресінен 4 салмақ дәрежесі бойынша жүлде таратылады. Мен үшін бұл үлкен жеңіс, әрине. Енді Азия және Олимпиада ойындарының тізіміне ену үшін қадам жасауға тиіспіз. Әлгінде айтқанымдай, қазақ күресінің бойына қан жүре бастады. Мұның бәрін Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының құзырындағы шаруа ғана деп қарауға болмайды. Ұлттық спортты ұлықтау үшін бір ғана федерацияның жұмысы жеткіліксіз. Егер қазақ күресін Олимпиада ойындарынан көргіміз келсе, тұтастай бір құрылым жұмыс істеуге тиіс деген ойдамын. 
Былтыр «Қазақстан Барысы» жобасының іріктеу турниріне рес-публика бойынша 700 мыңнан аса спортшы қатысты. Бұл – халықтың 5 пайызы! Елімізде мұнша адам күрестің басқа түрімен айналыспауы мүмкін. Қанымызда сіңген спорт болғаннан кейін бе, қазақ күресіне қызығушылардың қатары да қалыңдай түсті. Бұл – бір. Екіншіден, қазақ күресінің үйірмесіне жазылған қарадомалақтар саны да күрт өсті. Турнирдің өткен жылғы финалдық сыны аяқталған соң, жасөспірім балуандарға арнап «Жас барыс» бәсекесін өткіздік. Еліміздің әр аймағынан сайдың тасындай іріктеліп шыққан 100-ден аса балғын балуан белдесті. Аталған жас буын өкілдерінің ішінде болашақ чемпиондар да жүруі мүмкін ғой. Меніңше, соңғы екі жыл ішінде халықтың қазақ күресіне деген ынта-ықыласы ауды. Тек қана той-думандарда ғана еске түсетін қазақ күресі халықтық сипатқа ие бола бастады. 
– 2011 жылғы алғашқы жарыстың өзіне тек қазақ күресінің шеберлері ғана емес, самбо, дзюдо, грек-рим күресінен де небір «сен тұр, мен атайын» деген мықтылар қатысты. Олимпиаданың күміс жүлдегері Георгий Цурцумияның өзі неге тұрады? Ал былтыр Лондон Олимпиадасына қатысушы Ержан Шынкеев те аптығын баспай жатып, кілемге асықты. Бұл нағыз спорттық құмарлықтан туған ынтығыс па, әлде бәйгеге тігілген қомақты жүлденің әсері деп ойлайсыз ба?
– Мұны балуандардың еншісіне қалдырғанымыз жөн болар. Кімнің ақша үшін, кімнің абырой үшін күресіп жүргенін анықтау біздің міндетке жатпас. Біздің мақсат – ұлттық күресімізді ұшпаққа шығарып,  майталмандарымызды ұлықтау. Шынайы шеберлерді ұлт батыры деңгейіне дейін көтеріп, олардың материалдық жағынан таршылық көрмеуін қадағалау керек. Біз ірі көлемдегі сыйақыларды сол үшін тағайындадық. Әрине, балуандарға, меніңше, ақшадан бұрын, намыс, абырой қымбат. Мұны екі жыл қатарынан өткен турнир барысында байқадым. Бір сөзбен айтар болсақ, «Қазақстан барысының» атағы да, ақшасы да жақсы! Тек кім нені таңдайды, мәселе сонда...
– Осыған дейін екі жарыс өткізіп үлгердіңіздер. Осы екі доданың бір-бірінен айырмашылығы болды ма?
– Айтарлықтай айырмашылық байқаған жоқпын. Иә, алғашқы маусымда біраз кемшіліктер орын алды. Көш жүре түзеледі ғой, жыл сайын кем-кетігімізді жөндеп, алға басып келе жатқан жайымыз бар. «Қазақстан барысы» да Жапониядағы Император кеші секілді үлкен спорттық-мәдени шоуға айналып келеді. Біз осы бағыттан айнымаймыз. Мойындаймын, ауыл-аймақтардағы іріктеу кезеңін өткізу кезінде біраз олқылықтар болды. Алайда биылғы, үшінші маусымнан бастап бұл жағдай ретке келеді деп ойлаймын. Себебі «Нұр Отан» партиясымен әріптес болдық. Еліміздің әр түпкіріндегі қазақ күресінің шеберлерін анықтауға аталған партия өкілдері де көмектесеміз деп отыр. 
– Биыл үшінші маусым. Бұл кезең спорт жанкүйерлеріне қандай жаңалық әкелмек?
– Биыл айтарлықтай өзгеріс жоқ. Тек ақтық бәсеке әдеттегіден ертерек өтеді. Финалдық айқас екі жыл қатарынан тамыз-қыркүйек айында өткен болатын. Биыл Астана қаласының 15 жылдығына орайластырып, финалды 30 маусымда өткіземіз деп шештік. Балуандар жылдағыдай республикалық турнирге ауыл, аудан, қала және облыс көлемінде екшеліп келеді. Былтырғы жеңімпаз Бейбіт Ыстыбаев финалға бірден қатысатын болса, тұңғыш «барыс» Ұлан Рысқұлға ондай мүмкіндік берілмейді, ел қатарлы іріктеулерден өтеді. Бұл жобаға енді Астана қаласының әкімшілігі де атсалысады. Көрермендер де сыйлықсыз қалмайды. Сондай-ақ салт-дәстүрлерімізге қатысты біраз идеялар бар. Оны уақтысында көрерсіздер.
– Ақша, сыйлық туралы әңгіме қозғалды. Ендеше демеушілер туралы да айта кетсеңіз. Қаржылық қор сол бұрынғы деңгейде қала ма?
– Қаржылық қор сол қалпында қалады. Бас жүлде алған балуанға – 150, екінші орын иесіне – 30, ал қола жүлдегерге 10 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақымыз бар. Бас демеушіміз – «Самұрық Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры. Жылдағыдай жүлдегер балуандарды баптаған жаттықтырушылар да құр қол қалмайды.
– Жалпы жарыстың алғашқы жылы төрешілердің сауаттылығына күмән келтірушілер болды. Қазылардың қиыс қылықтары балуандардың болашағына балта шабуы әбден мүмкін. Сонымен қатар күрес ережесі мен киіміне де мін тағушылар бар. Осы туралы пікіріңіз қандай?
– «Қазақстан барысына» біз кім көрінгенді алып келіп, төреші қылған жоқпыз. Қазақ күресі федерациясы бекіткен білікті қазылар жұмыс істеді. Сондықтан төрешілер тарапына айтарлықтай мін таға алмаймын. Мысалы, алдыңғы жылғы төрешілер алқасын атақты балуанымыз Дәулет Тұрлыханов басқарды. Былтыр Рзақұл Нұртаев, Марат Жақыт бастаған тура билердің  көмегіне сүйендік. Аталған мамандарды өз ісінің шеберлері деп білемін. 
Ал қазақ күресіндегі спорттық киімдер мен алаң көлемі туралы пікірлердің айтылуы заңды. Бұрынғы заманда ата-бабаларымыз кілем таңдады дейсіз бе: тіпті, көк шөптің, шағыл құмның  үстінде де күресе берген. Біз де турнирді ұйымдастыру барысында күрес ережелеріне айтарлықтай жаңалық енгізіп, кілем өзгертуді құп көрмедік. Қазір күрес кілемдерінің пошымы бірдей. Қазақ балуандары киіп шығатын спорттық киім туралы әңгіме де осыған ұқсас. Тарихқа көз жүгіртсек, бабаларымыздың көп жағдайда денесін жалаңаштап шығатыны айтылады. Жеңіл күртеше, шапан, жейде киіп шыққан де кездері бар. Бұл туралы ғалым ағамыз Елемес Әлімхановтың еңбектерінен көруге болады. Қазіргі қазақ күресіне арналған күртешенің авторы да осы кісі. Қазақ күресіндегі әдіс-айлалар негізінен білектен ұстауға бағытталған. Балуандарға ыңғайсыз болмас үшін қысқа жең жейде кигеннің айыбы жоқ деп ойлаймын.
– Қазір сіз жарысқа қатысып, белдесіп жүрген балуандардың күш-қуатын біліп, танып қалдыңыз. Осы «барыстардың» қайсысына бүйрегіңіз ерекше бұрады? Жоба кімнің бағын ашты деп ойлайсыз?
– Ешкімді де бөле жарғым келмейді. Бәрі де «барыс» атануға лайықты, екі иығына екі кісі мінердей қазақтың нар тұлғалы жігіттері! Көз алдымызға қазақтың ержүрек батырларын елестететін балуандардың бәрі де әлеуетті. Тек, спорт болған соң, жеңімпаздың да біреу болатыны заңды.  Ал жобаның бағын ашқан балуандар деп жеңіс тұғырына көтерілген жігіттерді айтуға болар. Бүгінде әрбір жанкүйер Ұлан, Бейбіт, Шалқар, Айбек есімдерін қазақтың ұлттық күресімен байланыстырады. Яғни қазақ күресі, «Қазақстан барысы» дегенде көз алдымызға осы балуандар елестейді.
– Осы жоба бойынша сізге көмектесіп, қазақ күресінің дамуына ерекше үлес қосып жүрген мамандар туралы не айтасыз? Жалпы бұл жоба «Қазақ күресі» қауымдастығы және күрес федерациясымен қоян-қолтық бірлесе жұмыс істей ме, болмаса жеке-дара шаба ма?
– «Жалғыз ағаш орман емес». Қазақ күресінің мәртебесін арттыру, әлемге таныту тек ат төбеліндей топқа міндеттелген жүк емес. Қазақ күресін жапондардың сумосы секілді әлем мойындасын десек, бізге бір жағадан бас, бір қолдан жең шығарып, бірлесе қызмет атқару керек. Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы біздің сенімді әріптесіміз. Сондықтан біздің бірлескен қызметіміз одан әрі жалғасын табады деп ойлаймын.
– Биыл бас қаламыздың бренді болады деген бірнеше спорт мекемесінің басын біріктірген «Астана» президенттік кәсіби спорт клубы құрылды. Солардың қатарында сіздер де барсыздар. Оның «Қазақстан барысына» тигізер пайдасы қандай болады деп ойлайсыз?
– Қазір өз еліңді әлемге танытудың ең жарқын жолы – спорт. Бүгінде Қазақстан дегенде, аузына алдымен «Астана» велокомандасы түсетін шетелдіктердің талайын көрдім. Демек «Астана» бренді өзін қалыптастырып үлгерді. Ал Президенттік кәсіби спорт клубының қатарына ену арқылы біз қазақ күресін әлемге таныта түсуге мүмкіндік аламыз. Себебі бұл жобаның ауқымы кең. Алда біз қазақ  күресін ұлттық бренд деңгейіне көтеру үшін жұмыс істей береміз.
– Сіз мұнымен қоса КТК арнасының жетекшісіз. Яғни екі кеменің құйрығынан ұстап келесіз. Қиын тиіп жүрген жоқ па?
– Қазақ күресінен осындай ауқымды жобаны жүзеге асыру үшін «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қоры құрылды. Яғни бұл жобаны өткізу барысында ұлттық спортқа жаны ашитын азаматтардың басы бірікті. Бүкілхалықтық сипат алатын мұндай турнирді өткізу үшін тәуекелге бел буу керек болды. Осындай сәтте төл спортымыздың болашағына бей-жай қарамайтын, қазақ спортының қыр-сырын терең ұғынған білікті мамандар қол ұшын созды. Әрине, алғашында «бұл жоба халықтың көңілінен шығады ма, болашағы қандай болады?» деген  қобалжу болды ішімде. Бірақ «тәуекел түбі – жел қайық» емес пе?! Әне-міне дегенше екі маусым да өтіп кетті. Елдің пейілі де жаман емес. Атқа мінуге жарайтын азаматтың тілегі де елдің ықыласына, халықтың мейіріне бөлену ғой. Ел үшін, жұрт үшін атқарылған еңбектің қиындығы болмайды.
– «Халық сөзі» газетінің өткен Ұлу жылында жарияланған халық таңдауында «Жылдың ең үздік менеджері» аталымына ие болдыңыз? Қандай әсердесіз?
– Осы сұхбатымызды пайдалана отырып, аталған сауалнаманы жүргізген «Халық сөзі» газетіне, маған дауыс берген азаматтарға зор алғысымды білдіргім келеді. Әр адам үшін халықтың құрметінен асқан баға жоқ! Тіпті, жер жүзіне даңқы жайылып, атағы аспандап кеткен адам да халықтан үлкен емес. Осы ретте азғантай ғана еңбегімді бағалаған сіздерге рахмет айтқым келеді. Мен үшін ең қымбаты – халықтың ықыласы! Бұқаралық ақпарат саласында еңбек етіп келе жатқаныма да бірталай жыл болған екен. Осы уақыт ішінде менің атқарған жұмысым ел көңілінен шығып келе жатса, халықтың қалаулысы болу деген сол ғой деп ойлаймын. 
Халық үшін қызмет етіп жүрген сіздерге де шығармашылық табыс тілеймін!
Abai.kz
0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5402