Жұма, 22 Қараша 2024
Әдебиет 3781 4 пікір 2 Тамыз, 2023 сағат 13:04

Біз – қазақ ежелден... (жалғасы)

Басы: Біз – қазақ ежелден...

Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...

Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...

Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...

Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...

Өзіңді-өзің тану тәжірибесінен

20.

VIII ғасырда өмір сүрген Шапыраштының, Матай–Қазыбек бек шежіресі бойынша, – төрт баласы болған. Олардың есімдері – Ыстық, Қыстық, Абақ, Саяқ. Ал «қазіргі Шапырашты атын алып, бөрілі байрақ астына шоғылып ту көтеретіндер – бір ғана ұл Ыстық тұқымы»[1].

Бұл кезде Жетісу Батыс түркі қағанатына қарайтын. Қағанат ежелгі үйсін жерлерін – Қаратаудың шығыс баурайынан Жоңғарияға дейінгі аумақты алып жатты. Орталығы – қағанаттың астанасы және қағанның қысқы ордасы – Жетісудағы Шу аңғарына салынған Суяб қаласы еді. Экономикасы көшпенді мал шаруашылығы мен отырықшы-жер өңдеушілік кәсіпке негізделді. Қалаларда тұратын соғды және түркі халықтары саудамен де, қолөнермен де, егінші-дихандықпен де шұғылданды. Қала мен дала қағанаттың біртұтас шаруашылық-саяси организмінің бірін-бірі толықтырып тұратын және өзара байланысқа мұқтаж бөліктері болды. Ішкі-сыртқы сауда айырбасы  ақша айналымының пайда болуына әкелді. Бұл айналысқа шығыс қағанат түркілері де, өзге елдер де тартылды.

Батыс түркі қағанатының басшысы шығыс түркі қағанына тәуелді деп саналатын. Шығыстық қаған батыстағы әріптесінің  таққа отыруына өз келісімін беретін, бермей де қоюы мүмкін делінетін. Бірақ, іс жүзінде шығыс түркі қағанаты батыс қағанатына  талай рет бағыныштылық жағдайда болды.

Батыстүркілік қаған мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатына басшылық еткен. Рубасыларын тағайындау да қаған құзырындағы міндет болған. Ол тек жоғарғы әмірші ғана емес, сонымен қатар, қағанаттың барлық жерін меншіктеген қожайын да болған тәрізді.

Дәулетінің осал болмағанын сол заманғы жазбалардан аңдауға болады. Мәселен, қаған мен оның маңындағылардың байлығы хақында Батыс түрік қағанатының билеушісі Ябғу-қағанның ордасына келіп қайтқан будда монахы Сюань Цзаньның жазғандары (VII ғ.) едәуір қызықты мағлұмат береді. (Мұны зерттеуші Ю. Зуев «Суяб туралы қытай хабарлары» деген мақаласында келтірген).  Саяхатшы монах қағанды аң аулап жүргенінде кездестірген екен. Сонда ол аңшылардың киген  киімдерінің сән-салтанатына таң-тамаша қалады: «Қаған жасыл жібектен тігілген шапан киген. Оның қасына екі жүзден астам тарқан еріп жүр, олардың үстінде – зерлі матадан тігілген шапан, шаштарын бұрымдап өріп қойған. Қалған жауынгерлері аң терісімен астарланған киімдер мен жұмсақ бөріктер киген, қолдарына айбалта, садақ пен жалаулар ұстаған. Мінген аттары ғажап, шетінен  сәйгүлік. Түйе мен ат мініп келе жатқан адамдардың көптігі сонша, бәрін қамтуға көзің жетпейді». Ал қағанның киіз үйінің барша бөлшегінің алтынмен апталып,  безендірілуінің ғажаптығы соншалық, самсаған сары алтын қараған адамның көзін бұлдыратып жібереді[2].

Жетісу жеріндегі батыс-түрік мемлекетінде қағаннан кейінгі лауазымы биік екінші адамды «ұлық» деген. Одан төменгі ябғу, шад және елтебер деп аталатын жоғарғы лауазымдарды  қаған руының адамдары иеленген. Оларды қаған вассал тайпаларды басқаруға  қойған. Бұрықтар мен тарқандар сот функцияларын атқарды. Ал ру-тайпалардың рубасылары мен көрнекті өкілдеріне бек лауазымы берілді. Олар жергілікті жерлердегі ақсүйектер сословиесінің басты тірегі болған.

Солармен қатар, қағанатта тағы  үй-қаған деген лауазым болды. Оның  дәрежесі дерек көздерінде ябғудан төмен деп сипатталады. Сондай-ақ, бір шаңырақта тұратын бір атадан тараған көп адам да өздерінің үлкен отағасын үй-қаған, яғни түркі қауымының түсінігінде – үйдің, әулеттің қағаны деп аталған.

Қалың бұқараны, яғни қара халықты  мал өсіретін ерікті ұсақ қауым мүшелері құраған. Олар әлеуметтік тұрғыдан қарағанда ақсүйектерге және  оларға бағыныштылардан тұрған.

Бағынышты тайпалар мен қатардағы көшпенді көпшілікке  жүктелген басты міндеттіліктердің бірі – «қан салығы» деп аталған әскери борыш болғаны мәлім. Бұл борыштылық бойынша, вассал тайпалардың барлық еркек кіндікті жауынгерлері жоғарғы билікке ие тайпа (сюзерен-тайпа) армиясының құрамына кіреді. Соғыстың негізгі ауыртпалығы, демек, ең көп адам шығыны осы бағынышты тайпалардың мойнына түскен ді. Бұл тайпаларды кейде «арнайы шақырылған бөгделер (гостевые)» деп атаған,  сондықтан да оларды соғыс  операциялары кезінде «найзалар» ретінде пайдаланған, яғни авангардқа, ылғи алғы шепке шығарып отырған.  Бұл әдет қағанат ауқымында жаппай таралған екен.

Ал алым-салық төлеу, әрине, бағыныштылықтың  басты белгісі-тін. Оның үстіне, қағанатта «құл» деген топ қалыптасты. Оған соғыста бағындырылған тайпалар мен тұтқынға алынғандар кірді. Айта кету керек, ежелгі түркілер «құл» деген терминді бүгінгі ұғымда қолданған жоқ. Ол заманда сюзерен-тайпаға  мал терісі, аң терісі және басқа да мүліктер түрінде салық төлеп тұратын вассал-тайпаларды «құл-тайпалар», «құлдар» деп білген.

Түркілердің көрші тайпаларды шабудағы мақсаттарының бірі құл алу болған. Әрі, көбінесе, кішкентай  ер және қыз балаларды ұстап алуға тырысқан. Мысалы, түркілік Баһадүр-қағанның 620 жылғы бір жорықта  бірнеше мың қызбаланы тұтқындағаны белгілі. Қытайлық автор Ма Чан-шоудың «Түркілер және Түркі қағанаты» деген еңбегінде жорық кезінде қолға түсірілген ербалалар мен қызбалалардың, асыл тастар мен жібек маталардың қаған меншігіне өтетіні айтылған. Тағы бір қытай авторы түркі Білге-қағанның басмылдарды қалай жеңгенін  баяндай отырып,  басмылдардың балалары мен қыздарын тұтқынға түсіріп алып қайтқанын хабарлайды.

Дереккөздерден мұндай мәліметтерді жиі кезіктіруге болады. Тұтқын балаларды үлкен отбастары көп қауымда әдетте бала қылып асырап алған да, шаруашылыққа пайдаланған. Бұдан үйде, отбасында құлдық еңбек қолданылғаны байқалады.

Қағанатта, әрине, құлдықтың басқа түрлері де жетерлік-тін, айталық, қолөнершілер, қала салушылар, басқа да кәсіпшілер қатарында құлдар да жиі еңбек ететін.

Білге-қаған ескерткішінің мәтініндегі бектерге және халыққа арналған үндеуде: «... менің шын жүректен шыққан сөзімді сендер (бәрің) осы (ескерткішке) қарай тұрып, он жебе ұлдарына және олардың таттарына жеткізіңдер!»[3],  деген жолдар бар. Ежелгі түркі жазуларын терең зерттеген С. Кляшторныйдың пайымына жүгінсек, мұнда  таттар деп Жетісу аумағындағы батыс қағанат түркілеріне тәуелді отырықшы қоныстар мен қалалардың соғды тілдес тұрғындары айтылатын болуы керек. Олар түркі қағандарына бағынышты жағдайда, саудамен де, ауыл шаруашылығымен де шұғылданған болатын.

Осынау Жетісу жері кіретін батыс-түркілік мемлекеттің ішінде әлеуметтік-экономикалық және саяси қатынастар ала-құла болды. Тайпалар арасындағы, билеуші топтар ішіндегі  үстемдік ету және бағынышты болу түрлері де сан-алуан сипатта еді. осы жағдаяттар қағанаттағы өзара тартыстарды үдетті. Оның үстіне, қытай императорлық әулеті Жетісуда өз гегемониясын орнатуға тырысып, әлсін-әлсін әскери-саяси акциялар жүргізіп тұрды. Осының бәрі қосыла келе, елдегі қаған билігінің әлсіреуіне соқты. Тіпті бірте-бірте, қағанның билеуші, әмірші ретінде тек аты ғана қалды.

Деректерге қарағанда, осындай ахуалдағы елді «Он жебе» бірлестігінің құрамына кірген тайпалар қағанат атынан емес, өз беттерінше дербес қимылдауды жиілетті. Қағанат әміршісінің туын емес, жиі-жиі өз туын көтеріп, қилы іс-әрекет жасап жүрді.  Мәселен, VII ғасырдың соңында қағанат тағына отырған Ашина шығыста қытай әскеріне қарсылық көрсетуді бастап жүрген кезде, азғыр Нұзұқ-Еркін, түргеш Чықан және ұлық-оқ тайпасының басшысы Жетісудың өз ішінде қағанат бекіністерінің бірін қоршауға алу ісін ұйымдастырған. Бұдан кейін Хусэло қаған, аймақтың халқын тыныштандыру үшін, түркілерден армия құрған.  Алайда ол жорыққа әзірленіп жатқан кезде-ақ қашып кетуге мәжбүр болады. Өйткені сол шақта қағанатта қуатты жаңа күш пайда болған-ды. Бұл күш – лауазымы Баға-тархан (мөге-даған) деп аталатын Үшлік (Учжилэ) бастаған түргештер еді.

Түргештердің күш алуы күтпеген жағдай емес-тін. Саны көп түргештер VI ғасырдың өзінде-ақ қағанаттың сол қанатында, Шу-Іле өзенаралығындағы үлкен аумақты алып жатқан-ды. Хусэло ханды  жеңгенге дейін Үшлік өз жерінде әрқайсысына 7 мың адамнан кіретін 20 түтіктік құрған-ды. Олар Жетісудағы керуен жолдарының көп бөлігін бақылауында ұстайтын. Түргештердің ықпалы бірте-бірте күшейе берді. Олардың қоластына кірген тайпалар саны да көбейді. Ақыры, Үшлік Шу өзенінің солтүстік-батысындағы  өз ордасын Суябқа көшіріп, Үлкен орда деп атады. Ал оның Кіші ордасы Іле өзені аңғарында, сонда тұратын күнгіт тайпасымен аттас Күнгіт қаласында болды.  Махмұд Қашқаридың жазуына қарағанда, күнгіттер бұл жерді ХІ жүзжылдықта да мекендеген.

Өлкеде үстемдікке ие болу жолындағы күрес барысында Іле түргештері шығыс түркілерімен әскери одақ құрды. ІІІу түргештері (сары-түргештер) өздерінің бәсекелестері болып табылатын қара-түргештерден қатты жеңіліске ұшырап, гегемондыққа жеткен  қара-түргештер өз ордасын Таласқа көшірді. Бірлестіктегі шапыш (чэбиши) тайпасының өкілі Сұлұқты (Сұлу) қаған тағына көтерді.

Сол шақта Түргеш қағанаты әлеуметтік өзгерістерді бастан кешкен. «Жаңа Тань тарихы» («Синь Таншу») көрсеткендей, бұл кезде ақсүйектердің шығын-шығыстары күн сайын арта түсті. Ал жиналған қор болмады. Соған байланысты қаған кейінгі жылдары елеулі тапшылық сезінді де, шапқыншылықтарда тонап әкелінген  олжаны бөліске салмай, біртіндеп өзінде қалдырды. Сонда оның бағыныштылары да одан бөлініп кете бастады. Осындай ахуалда туған дау-жанжал, кикілжіңдер қара-түргештер мен сары-түргештердің басқарушы топтары арасындағы күреске ұласты.

Сұлық-қаған дүние салысымен (738 ж.) бұл күрес мүлдем қатты  шиеленісті. «Синь Таншу» Түргеш қағанатында сары рулар (сары-түргеш) деп аталатын Сөгенің (Сақалдың) ұрпақтары мен  қара рулар (қара-түргеш) деп аталатын Сұлу (Сұлұқ) ұлысы бірімен-бірі жауласқанын, біріне-бірі сенбегенін айтады. Жауласу мен сенбеушілік соңы қағанатты ордаларын Талас және Суябта ұмтаған қара-түргештер мен сары-түргештер иеліктеріне бөлінуге апарды.  Алайда VIII ғасырдың 40-жылдарынан бастап бұл бөлініс те іс жүзінде сақталмады.

Аталған «Жаңа Тань тарихы» шежіресінде, сондай-ақ, осы кикілжіңдердің орын алу себебі хақынан сыр беретіндей деректер келтірілген. Мәселен, түргеш шонжары шүмекен Бекан-Күлүг-шора (Фу-Янь-Цюэлю-чо) жазған бір хатта: «Біз ен жазирада, біріне-бірі тарпа бас салып, шабуыл жасап, кескілесіп жататын, толқып тұру қанына сіңген елде тудық», – деген жолдар бар. Көшпенді тайпалардың бытыраңқы болуының бір себебі, бәлкім, сонда да шығар, қалай болғанда да, олар қытай шабуылына 751 жылы тек сыртқы күштердің көмегімен ғана тойтарыс бере алды. Ал 756 жылы олардың қағанаты түркі тілді қарлұқ тайпасының тегеурініне шыдамай, құлады[4]. Бұл айтылғандардың бәрі Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудың негізгі мекендеушілері үйсін бірлестігі тайпаларының, соның ішінде шапыраштылардың да қатысуымен өткеніне күмән болмаса керек, тек, ол заманда жетекші рөл аталған жауынгер тайпаларға тиген...

Қазыбек бектің  естелік жазбаларынан Жетісу мен оңтүстік Қазақстан өңірінде бірі өшіп, енді бірі дамып жатқан ертедегі ортағасырлық мемлекеттер жайынан жоғарыда келтірілген ғылыми тарих деректерін  айқын ажыратып аңғару қиын. Бірақ онда қазақтың бір тайпасының ежелгі заманнан үзілмей жалғанып келе жатқан ұрпақтық шежіресі бар. Соған қарағанда,  өзге түркі тайпалары қатарында үйсін-шапыраштылардың да Жетісудағы әр кезеңде әртүрлі аталып бірін-бірі алмастырып жатқан мемлекеттік бірлестіктердің құрамында  жүргені анық.

Шежіреші өзінің біз көбірек көңіл бөліп қарастырып келе жатқан жазбаларында  Шапырашты-Ыстықтың қонысы Барсыған көлі болғанын айтады. Барсыған көлінің кейін Ыстық аталуын сол  Үйсін-Шапыраштының үлкен ұлы Ыстықтың ныспысымен байланыстырады. Әуелде Шапы-раштының үлкен баласы  қоныстанған өңір Ыстық жайлауы, Ыстық қыстауы деп аталып жүрсе керек. Бара-бара, Барсыған көлін де Ыстық көлі деп атай бастаған көрінеді. «Ыстық көл жағасында Ыстық ата аталатын бұрын арасан да болатын. Қазіргі шабыншылық заманда, енді онда қырғыздар кияулап, арыстаған заманда ондай есімнің қалған-қалмағанын білмедім», – дейді Қазыбек бек[5].

Қырғыздардың Ыстықкөл жағалауларында, жалпы Тян-Шяньда Х ғасырдан бастап мекендегені мәлім[6].  Cол себепті, шежіреші Қазыбек бек жазбаларын қағазға түсіріп отырған ХVIII ғасырда көп атаудың бұрынғы қалпын сақтамауы бек мүмкін екені түсінікті ғой. Ол Ыстық пен одан тараған балалар жайын әңгімелемес бұрын оның үш бауыры хақында сөз қозғағанды жөн деп табады. «Мұны мен айтпасам, басқа ешкім де айта алмайды және оқиғаның қалай болғанын, бұл оқиғаның Ыстық көлге қырғыздардың қалай қоныс тебуіне де қатысы бар екенін жұрт та, тауарихтың тамырын басушылар да біле алмақ емес. Өйткені бұл – өте нәзік, туысқандықпен астасып жатқан жай», – дейді шежіреші. Осы жерде Шәкәрімнің: «Біздің қазақтың нәсілі қырғыздан», – ескертпесін еске ала кету жөн тәрізді. Ол өзінің әйгілі шежіресінде қырғыздардың Енисей өзенінде тұрғанын, Үйсіннің сол тұқымнан екенін жазған[7].

Шынында да, Қазыбек бек заманындағы Шапыраштылар жалғыз Ыстық ұрпағы болса, басқасы – жоғарыда аталған үш ұл (Қыстық, Абақ, Саяқ) ұрпақтары қайда жүр екен деген сауалдың туындарына дау жоқ.   Әлде олар да қилы шапқыншылық заманының құрбаны болып кете барды ма екен? Бұл сауалға Қазыбек бек жоқ деп келте жауап қайыруға болатынын ескертеді. Сосын төмендегі жағдаяттарды баян қылады...

Шапыраштының Қыстық есімді екінші баласын «Үйсіннің тауарихқа мәлім биі Елсаудың Албан деген немересінің тұқымы, яки Шапыраштының қайын атасы Қас деген кісі асырап алыпты». Өйткені Шапыраштының тоқалы Күнім жастай дүние салған екен. Сонда қайын атасы: «Қызымның көзіндей көріп жүрейін, маған осы ұлынды қи», – деп сұраған көрінеді. Атасының көңілін қимағандықтан, Шапырашты оған баласы Қыстықты беріпті.

Сөйтіп, біраз уақыт өте келе, Қыстықтан тараған тұқым өзінің Қастың баласы емес, жиені екенін, Қыстықтың әкесі Қас емес, Шапырашты екенін білсе керек. Білген. Бірақ өздерін «Қас баласымыз», «Қастың әкесі Албан (Елсау немересі)» деп жүре береді. Ол да кезінде қазіргі Шапыраштының үлкен баласы,  Қыстықтың ағасы Ыстық тұқымы сияқты көп ел болған тәрізді.

Содан бір соғыс Қас елінің үстінен өтеді де, қыстықтарды тым күйзелтіп жібереді.  Олар сол соғыс салдарынан тым азайып қалған екен.

Кейін, арада 900–1000 жыл өткен соң, Қастың тұқымы есептелетін жұрт Бәйдібектің немересі Албанға келіп қосылған дейді шежіре. Осы екі Албанның арасында 900–1000 жыл өткеніне қарамастан, «Албан немересіміз» деп кете берген. «Бір қызығы, – дейді Қазыбек бек, – бүгінгі Қыстықтардан осы жайды сұрай қалсаң, өздерінің Албанға жиен екенін айтады, оның үстіне бүгінгі Албанға он шақты атадан қосыла салады. Ал, шынында, асырап алған Қас деген кісіден бері де егер не Шапырашты, не Дулат, не Албанмен (бүгінгі) есептесек, арасында 26–27 ата бар екен. Қыстықтың Ақ, Қара деген екі баласы болған, қазіргі Қыстық – осы екі ұл ұрпағы. ...Сонымен, Шапыраштының бір баласы Қыстық бүгінде Албан болып жүр. Мұны тауарих үшін жазбасқа болмайды».

Шежіреші Шапыраштының Абақ есімді үшінші ұлының аты   Ақсақалдан (Сақалдың Ақ деген ұлынан) тараған Сарыүйсін, Шапырашты, Ысты, Ошақты, Албан, Суан, Дулат сынды бірнеше рудың таңбасына (Қазыбек бек, неге екенін, «тамға» деп жазады) айналғанын айтады.  Одан, Шапыраштының төртінші ұлы Саяқ жөніндегі әңгімесінде: «Абақ пен Саяқ біздің шешеміз Гүнәйімнен егіз туған, – деген сөздермен қызықты дерек айтады. – Біреуді біреу біліп болмайтын шабыншылықта, Үйсін тауында болған ұрыстың бірінде тоғыз жасар екі ұл да жоқ болып кеткен. Соғыс торғауыттармен, ойраттармен болған»[8].

Қызық дерек дейтініміз – Шапыраштының VIII ғасырда өмір сүргенін еске алсақ, ғылыми тарихтан  ол заманда Жетісуды қарлұқтар мемлекетінің билеп тұрғанын біле аламыз. Және онда Жетісуға сол шақта моңғол тайпалары соғыс аша келді деген мәлімет кезікпейді[9]. Бәлкім, шежіреші басқа соғысты айтып отырған болар.

Шежірешінің айтып отырғаны шынында да басқа соғыс және еліміздің ресми іргелі ғылыми тарихында тіркеле қоймаған жойқын соғыс болуға керек. Қазыбек бек оны шежіреге тән ауқыммен: «Қазақ – Арыстан тараған бес ұлдың төртеуінің ұрпағы, Бек баласынан басқасы тегіс қатысқан қырғын болған», – деп бейнелейді. Шамамен сол қырғынның болған уақытын да меңзейді: «Шапыраштының кіші шешесі Қарашаштың ол кезде әлі бар шағы екен». Демек, аталмыш соғыс VIII ғасырдың соңында, әлде ІХ ғасырдың бас шағында Жетісу аумағы да кірген ортағасырлық мемлекеттер тұсында[10] орын алған болар.

Уақыт жағынан қарағанда, аумағына Жетісу өлкесін қамти отырып бірін-бірі алмастырған  Түркі қағанаты, Батыс түркі қағанаты, Түргеш қағанатынан кейін, билікке қарлұқтар келді. Олар әуелде Батыс Алтай мен Тарбағатай арасын мекендеген болатын. Қарлұқ бірлестігінің тайпалары VIII ғасырдың екінші жартысында түргештерді бағындырып, Жетісуға жеткен де, осында қоныстанған-ды. Сөйтіп, осы Жетісу өңірінде, қарлұқ бірлестігіне кірген тайпалар саяси тұрғыда бірігіп қалыптасты. Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат-ат-түрік» атты еңбегіне қарағанда[11], қарлұқтардың бірлестігіне түркі тілдес көшпенді және жартылай көшпенді түрлі тайпалар (тухси, шігіл, азкиши, халаж, шарух, аргу, барсхан)  енген. Сыр бойына көшпей қалған оғыздардың кей топтары да Жетісу аумағында қалып, солардың ықпалында болды. Ұйғырлардың бір бөлігі мен түркіленген, түркілердің әдеттері мен ғұрыптарын  игерген соғдылар да қарлұқ бірлестігін құрады.

VIII–X ғасырларда қарлұқтар Қазақстан аумағында Жоңғар Алатауынан Сырдарияның ортаңғы ағысына дейінгі аумақта орналасты. Балқаш пен Ыстықкөл арасын, Ыстықкөлдің айналасын, Тянь-Шань бөктерін, Іле, Шу, Талас өзендері аңғарларын, Тараздың шығыс жағын да (Құлан, Меркі қалаларын) мекендеді. Олардың шігіл тайпасы  Ыстықкөл төңірегін, Ыстықкөл ойысын мекендеді. Бартольд Гардизидің: «Ыстықкөлдің айналасына түгел жікілдер орныққан», – деген мағлұматын келтіреді[12].  Жікіл де қарлұқ бірлестігінің бір тайпасы.

Ибн Хаукаль өзінің «Китаб әл-масалик  ва-л-мамалик» деген еңбегінде қарлұқтардың жерімен батыстан шығысқа қарай жүріп өту үшін 30 күн бойы жол үстінде болғанын,  ал Әбу Дулаф 25 күн жүргенін жазған[13].

Байқалып тұрғандай, құрлұқтар конфедерациясы алып жатқан аумақ жеткілікті дәрежеде үлкен болған. Үйсін-Шапырашты тайпалары қарлұқтардың Жетісуда орнатқан саяси құрылымында елеулі орын алмаған болуы мүмкін, бірақ, Қазыбек бектің жазбаларына қарағанда, сол шақтағы ірі оқиғалар оларды да айналып өтпеген.

«Түп-тұқияннан өзіме шейін» жазбасының авторы әңгімелейтін географиялық аумақтың кеңдігі де ойландырады. Шежіреге қарағанда, әлгі «жойқын соғыста»  Шапыраштының кіші шешесі Қарашаш «баққан балаларынан айырылып қалып» қолға түседі. Содан «кемпір екі күннен кейін Ертіс бәнәгітінің арғы бетінен қашып келген». Бұл жерде «Ертіс бәнәгітінің арғы бетінен» деген тіркестегі дегенді  «бәнәгіт» – «өзен» ұғымын беретін тәрізді. Бәлкім, дұрыс мағынасы басқа да шығар. Қалай болғанда да, «...жасы келген әйел ешкімге керексіз де болған болар»,  жау арасынан аман-есен сытылып кетеді. Содан «...әйтеуір, Ошақтының, Жауатардың балалары аман қалған»[14].

Жазбада басқалай аңдатар дерек жоқ болғандықтан, онда айтылған «жойқын соғыстың» қай соғыс екенін шамалау қиындау. Жалпы, қарлұқтардың билеушілерге алғаш қарсы шығып, әскери жорықтар ұйымдастыруы VIII ғасырда, Моңғолияда құрылған Екінші Шығыс түркі қағанатына тәуелділігі кезінде басталды.  742 жылы Моңғолия далаларындағы саяси үстемдік қарлұқ, ұйғыр, басмыл тайпаларының қолына өтті. 714 жылы  қарлұқтар мен ұйғырлар күштерін біпіктіріп, басмылдарды талқандады. 745 жылы түркі тілді тайпалардың жаңа мемлекеттік құрылымы ретінде Ұйғыр қағанаты шаңырақ көтерді. Қарлұқ билеушілері (ябғу, жабғу) дербестікке ұмтылды, нәтижесінде олар Ұйғыр қағанатынан бөлініп кетті[15].

Өзінің «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» атты еңбегінде Шәкәрім Құдайбердіұлы біз тілге тиек еткен мезгілге де тоқтала кеткен. Ол әуелі Селенгеде ұйғырлардың теле табы, түркілердің Меркіт, Уранхай, Топа деген елдері,  Уранхайдың күнбатысы Гуман деген таудың сол жақ тұсында қырғыз болғанын айтады. «Осы айтылған халықтың сонда жүргені Ғайса пайғамбардан бұрынғы (яғни б.з.д. – Б.Қ.) 201 жылдан 49 жылға шейін қырғыздың оң тұс-күнбатысында Қара Ертіске қарлық (қарлұқ – Б.Қ.) деген түріктер (түркілер – Б.Қ.) көшіп жүрді», – дей келе, одан әрі «Алтайдан шыққан түріктің ең соңғы шыққаны осы Шарыштың басқы бір тарауы Қарлық өзенінен» екенін айтып, қарлұқтардың бастапқы мекені қайда болғанынан мағлұмат береді.

Түркі қағанаты, Шығыс және Батыс түркі қағанаттары мен олардың шекаралары, халықтары жөнінде өз заманындағы мүмкін болған дереккөздердің, ғылыми еңбектердің көбімен танысқан Шәкәрім  былай дейді: «Түрік патшалығы әбден ұлғайып, екі бөлініп, күншығыс, күнбатыс атанғанда, жоғарғы Чуйскийден жоғарғы ел күншығыс түрік болып, онан төменгі теле нәсілі һәм мағолдың күнбатысындағы телелер күнбатыс түрік болып, олар бес аумақ дулу болып атанды. Бұлғария князьдығы осы дулу нәсілінен болады. Бұл теле, яки дулу деп атанған халықты Нәжиб Ғасымбек тилу деп жазады»[16].

Бұл жерде патшалықтың екіге бөлінуі өте ұлғайып кеткендігінен ғана еместігін еске сала кету жөн. Бұған әлеуметтік қайшылықтардың шиеленісуі, көп жылдарға созылған мал індеті, жұт, ашаршылық нәубеттері және оның жекелеген аумақтарының табиғи түрде автономиялану үдерісін бастауы әсер етті. Сонымен бірге Суй дәуіріндегі (581–618) Қытайдың шапқыншылықтары да біртұтас қағанаттың бөлініп кетуіне ықпалын тигізді. (Шәкәрім шежіресінен келтірілген жоғарыдағы үзіктегі «Чуйский» деген атау сол  Суй дәуіріндегі – Суйский – Қытай деген ұғымды береді).  Ақыры, 603 жылы  біртұтас  түркі империясы дербес екі мемлекетке – Шығыс түркі қағанаты мен Батыс түркі қағанатына бөлінді[17].

Шәкәрім қысқаша былай шолады: «750 жыл маңында түрік өз ішінен бұзылғанда, ұйғыр менен қалған теле һәм қарлұқ бірігіп, түрікті жеңіп, ұйғыр биледі. Қытайлар ұйғыр хандығын Ху-ху деді. Жүз жылға жақындағанда олар да ішінен бөлініп, ұйғырды Енисейдегі қырғыздар шауып, ұйғырдың көбірегі қашып, Нянь-Шань тауының етегі һәм Тянь-Шань, яғни арғы үлкен Алатаудың күншығыс тұмсығына барды. Өзі аз ғана қырғыздар біржола билеп тұра алмай, Енисейге қайтты. Сол кезде қидан, яғни қытай күшейіп, татабиді алып, һәм сол тұстағы қытайдан да ел алып, Лауу деген хандық жасады. Лаууның мағынасы қытайша – «алыс», «шет» деген. Олардың хандығы 907-ден 1125 жылға шейін болды. Бұлардың алғашқы ханы Амбаған 924 жылы ұйғырдың хан қаласы Орхунға келді. Мұнымен жерлес түрік нәсілінен татарлар еді. Оның темірқазығында ұйғыр Баяген һәм мұңғұлдар бар еді. Мұның ішінде қара қытайға ең жақын көрші де һәм мықтысы да татар еді. Қара қытайлар қанша әскер жіберсе де, татарды қаратып ала алмады»[18].

Байқалып тұрғандай, мұнда шежіреші Енисейдегі қырғыз қағанатының Моңғолиядағы Ұйғыр қағанатын 840 жылы талқандағанын еске салады. Біз бұл бұл жолдардан  Батыс түркі қағанатының құлап, Түргеш қағанатының құрылуы (VIII ғасырдың басы), Моңғолияда Ұйғыр қағанатының орнауы (VIII ғ.-дың ортасы – ІХ ғ.-дың ортасы), қырғыздардың ұйғыр мемлекетін талқандауы (ІХ ғ.-дың 40-ж.)[19] сынды қазіргі ғылыми тарихқа жақсы мәлім мазасыз кезеңдердің Шәкәрім шежіресіндегі бейнелену түрін көреміз. Осындай аласапыран дәуірлерді Қазыбек бек мүлдем жалпылама айтып, негізінен назарын ұрпақ шежіресіне аударған тәрізді.

Қарлұқтардың VIII ғасырдың орта шамасында Жетісуда құрған қағанаты Х ғасырдың 40-шы жылдарына дейін өмір сүрді. Әрине, олардың жүргізген соғыс қимылдарына жергілікті ру-тайпалардың да тартылғаны сөзсіз. Сондай соғыстардың бірінде болар, Қазыбек бек жазбасы бойынша, Шапыраштының кіші шешесі Қарашаш екі немересін қарап жүргенде оның келіні, Шапыраштының бәйбішесі Гүнәйім, шежірешінің сөзімен айтқанда, «біздің (Ыстықтың) шешеміз Гүнәйім соғыстың алдыңғы шебіңде екен. Ол кісі шашын төбесіне түйіп, шалбар киіп, майданның артын ала Шапыраштыны сырттан көздеп жүреді екен. Егіз туған екі бірдей тоғыз жасқа келіп, ат жалын тартып мінген екі ұлы бірдей жоғалып кеткен соң, шешеміз соғысқа араласқанды қойыпты»[20].

Ата-бабасын таратып әңгімелеуді басты мақсаты еткендіктен шығар, Қазыбек бек, жоғарыда айтып өткеніміздей, VIII – ІХ ғасырлар шегінде орын алғандай секілденетін аталмыш соғыс жайына одан әрі тереңдемей, негізінен аталарына қатысты аңыздарды тізе береді.

Шапыраштының егіз ұлының бірі Абақ сол кеткеннен жиырма жасқа толғанда бір-ақ табылыпты. Керей ішіндегі өз баласы болмаған Қарамойын Бақыр деген кісіге бала болып жүрген екен. Кейін елін тапқанда да, асырап алған әкесін кимай, сол елде қала беріпті. Бірақ өзінің аты Абақ екенін, түбінің Үйсін екенін ол жасырмаған көрінеді. «Абақтың түбі сарыүйсін, – дейді Шәкәрім, – оның тұқымы он екі ру абақ керей атанып кетті. Сол сарыүйсін Абақтың он екі баласы – жантекей, жәдік, жастабан, шұбарайғыр, шеруші, ителі, итемген, молқы, меркіт, сарбас, қарабас, көнсадақ»[21].

Бұл  ІХ ғасырдың басы болуға керек. «Осы заманда (ХVIII ғасырда – Б.Қ.) Абақ тұқымы іргелі ел болып, 12 ата Абақ–Керей аталады», – дейді Үйсін-Шапырашты шежіресін таратушы Қазыбек бек. Оған дейінгі бір оқиғаны нақты уақытын көрсетіп атай кетеді: «Хижра жыл санауының жеті жүзінші жылдарында жасаған Меркіттердің Обас ұруынан шыкқан Дайыр батырды Дойырүйсін атандыруы да сондықтан. Дайыр батыр заманында ел билеген, бүкіл Абақ Керейді көшіріп-қондыратын мықты адам болды. Тауарихтың сол бір шатасып жатқан шағындағы Шыңғысқа қызы Құлаңды берген Меркіт-Охыз батыры Керімнің де Ерүйсін атануы осыдан болатын»[22].

Шыңғысханның атақты «төрт күлігінен» кейін туған Құлқан есімді бесінші ұлының шешесі Құлан-хатун Меркіт тайпасы көсемінің қызы болғанын  көне дерек көздерін мұқият зерттеген тарихшы Тұрсын Сұлтанов та жазады[23].

Қазыбек бек шежіреші Абақ тұқымының  бүгінде Шапырашты атанбай-ақ Керей ағайындарының,  Меркіттің ішіне сіңіп кеткенін айтады. Ал Шәкәрім өз шежіресінде «Орта жүздегі керейлер – керейіттің бір ғана ашамайлысының екі баласы Сибаң Қараби дегеннің нәсілі һәм Қарабидің қызын алған сарыүйсін Абақтың нәсілі» екенін нығарлай кетеді[24]. Бұл жәйт руға бөлінудің уақыт өте келе мүлдем шартты сипат алып кеткенін дәлелдесе керек.

«Түп-тұқиянның» авторы жоғалған егіздің екінші сыңары Саяқтың та табылғанынан хабардар етеді. «Саяқ тұқымының мықтылығы – өскен жерінен ата қонысына аударылуы. Саяқ ағасы Ыстықты аузынан тастамайды екен. Қайда жүрсе де айтьш жүреді екен. Әкесінің Шапырашты екенін де, Арыс – Үйсін – Абыл тұқымы екенін де айқын білгенге ұқсайды. Ол Алтай сыртындағы қырғыздарға сіңеді»[25].

Ғылымда Саян–Алтай, Ертіс алқабы, Шығыс Тянь-Шань   өңірін VI –X ғасырларда түркі қағанаттары, көшпенді тайпалар бірлестіктері дәуірінде мекендеген түркі тілдес тайпалардың  біразы негізінде қырғыз этносы қалыптасты деп есептеледі[26]. Демек олардың өз тайпаластары арасынан кетіп, Алтай жақтағы өмір салты ұқсас көшпенділер арасына сіңіп кетуі мүлдем түсінікті құбылыс. Әйтсе де, аңыз бойынша – Саяқ жүрген жерінде «Алатауды, Үйсін тауын мақтай береді екен». Бірде сағыныш тұнған үнмен: «Қысы қыс, жазы жаз, көктемі көсілген, күзі есілген Жеті Алатауға жететін жер бар ма?!» – дегенін естіп, қырғыздар танданып қалғанда: «Қыздары көркем көрікті, Орманы қорыс көдікті, Арасынан көдіктің Елік пен марал өтіпті», – депті де, көзінің жасын бір сығып, тұра жөнеліпті... Сол Саяқ тұқымы бір қауым ел болып, қазіргі Саян тауын мекендеген екен. Әрі Саяқ сол елді билеген көрінеді. «Тау да ол кезде Саяқ аталған. Тауды Саян атап кеткен де мұрнынан сөйлейтін қара қытайлар болған», – делінеді Қазыбек бек шежіресінде.

Сонымен, Саяқ тұқымы өздеріне өздері келгенде, атасынан қалған өсиетті еске алып, Алатауға көшпек болады. Қазыбек бек жазбасын «өрнектеп отырған хижраның 1154-жылынан 796 жыл бұрын» сол Саяқ тұқымы тегіс Жетісу жаққа көшіп, Шу, Талас бойына орналасқан екен. Саяқтардың артынан іле-шала Бағыштар да қоныс аудара көшіп келген көрінеді. Ол кезде Бағыштар Шоң, Сары деген екі рудан тұрса керек.

Қырғыздар, шежіре деректері бойынша, 40 тайпа, сондықтан да оларды «қырық рулы ел» деп те атаған. Қазыбек бек атаған есімдерді олардың ішіндегі Саяқ, Шекир Саяқ, Сарыбағыш, Бағыш, Қара Бағыш, Шоңбағыш этнонимдері  еске салады[27].

«Әрине, себеп бір ғана Саяқ тұқымының туысқан іздеп көшуі емес болар, – дейді Қазыбек бек, – сол бір жылдары қырғыздардың да қытайдан мазасы кеткен. Әсіресе қидан (қытай) әулеті Саяқты шауып, зор қырғыз мәмләкатын тоздырып жіберген»[28].

Бұл жерде, аңғарғанымыздай, Қазыбек бек сынды ХVIII ғасыр авторы Саяқты шапқан «қидан (қытай) әулеті» деп, қидан  мен қытайды бір «әулет», тайпа, халық ретінде атайды. ХХ ғасыр авторы Шәкәрім де солай дейді[29].

Соған орай, қазіргі ғылыми тарихқа мәлім жәйттерге шолу жасай кетелік. Көшпенді қидандар Х ғасырда Орталық Азияның көптеген аймақтарында үстемдік еткен қытайларды талқандаған. Ортағасырлық шығыс дереккөздерінде қидандарды цидань, кыта, ката, хыта деп атаған. Олар қытай аумағын да басып алып, емін-еркін өктемдігін жүргізген. Олардың этностық тегі мен тілі жөнінде түрлі көзқарас бар. Зерттеушілердің бірқатары қиданды тұңғұс-моңғол тектес халыққа жатқызады, енді бірі қидан құрамына тұңғұс және басқа да көшпенді тайпалардың шашырандылары кірген деп жорамалдайды. Олар моңғол тайпаларының бір бөлігі деген пікір де бар. Қарақытайлар қидандардың бір бөлігі деп есептелетін және бұлардың арасында түркі тектес тайпалардың көпшілігі болған деген мағлұматтарды араб-парсы дереккөздері айтады.  Қазыбек бек әңгімелеген дәуірде қиданның Ляо мемлекеті (907–1125) өмір сүріп тұрған. Бұл мемлекет Солтүстік Қытайды, Таңғұттарды, шаған-татарларды бағындырған, Алтай, Тарбағатайға дейін келген. 1010 жылы қидандардың қарақытай деп аталатын бөлігі Жетісуға басып кірген[30].

Шәкәрім бұл Ляо мемлекетін «Лауу деген хандық» деп атайды. Лауу деген атаудың мағынасы қытай тілінде «алыс», «шет» деген мағынасы білдірсе керек[31].

ХІ ғасырдың 30-шы жылдарының бас кезінде Ляо-Лауу империясын билеп тұрған қидандардың тегеуірінімен, түркі тектес тайпалардың үлкен тобы батысқа қарай қоныс аудара бастады. Бұл үлкен көш Алтайдан Шығыс Европаға дейінгі далалық кеістіктегі, соның ішінде Қазақстан жазираларындағы тайпалардың ішіндегі этностық  үдерістерге ықпалын тигізді[32].

Қазыбек бектің аталмыш шежіресіне осы кезең де арқау болған тәрізді. Ол ағайындар арасында Алтай-Саян төңірегіне талас болып, олардың біразы түп көтеріле көшкен дейді. Сөйтіп, қырғыздың ең алғаш Жетісуға ауғанына Саяқ тұқымы себепші болыпты. Ақыры алыстан ағайыным деп келген қырғыздарға Үйсіндер (Шапырашты, Дулат) Барсығанды – Ыстық көлді босатып беріп, бірыңғай тұруына жағдай жасаған. Саяқгар Ыстық көл маңынан Некенүйсін деген қала салды. Ал, шынында, ол қаланың аты Саяқүйсін еді. Әйелдер Саяқтың атын айта алмай, Саяқты Некен деп, ақыры қала Некенүйсін атанып кетті. Бүгіндері Саяқ тұқымы әлі де сол Ыстық көл жағалауында күн кешеді. Саяқ – қырғызды құрайтын үлкен ұрулардың бірі, қазір олар қырғыздың ширек бөлегіндей. Қырғыздар «сенің түбің шикі, сен қазақсың» деп бұрын оларды көбірек түртпектеп, қоңаштайды екен»[33].

Н.Я. Бичурин, Н.А. Аристов, Ш.Ш. Уәлиханов, И.М. Жирмунский, В.В. Бартольд, Н.В. Кюнер, В.В. Радлов, т.б. ғалымдардың зерттеу еңбектеріне сүйеніп жазылған қазіргі ғылыми тарих бойынша – қырғыздар ІХ–ХІІІ ғасырларды Оңтүстік Сібірде – Ертістен Хинган жотасына дейінгі алқапты қамтыған аумақта мемлекет құрып тұрған.  ІХ ғасырдың 40-шы жылдарынан бастап Х ғасырдың алғашқы ширегі бойында қырғыз қағандығы гүлдену дәуірін бастан кешті. Содан кейін қидандардың шапқыншылығы салдарынан «Саян жотасының теріскей бетіндегі ежелгі өз қонысына қайта ығыстырылды». Әйтсе де ХІІІ ғасырдың бас кезіне дейін тәуелсіз болып, 1207–1270 жылдарда Шыңғыс хан империясына кірді. Империяға қарсы көтерілген Енисей бойындағы қырғыз топтарын 1290 жылы Құбылай әскері талқандаған соң, «қырғыздардың бір бөлігі Алатауға қоныс аударды, қалған бөлігі сол аймақта қалып қойды»[34].

Бұл жерде де қырғыздардың Жетісуға қоныс аудару мерзіміне байланысты шежіре мен ғылыми зерттеулер мәліметтерінің арасы үйлеспей жатқанын  атай кету ләзім: Қазыбек бек бойынша бұл оқиға Х–ХІ ғасырлар тоғысында, ал жоғарыда келтірілген ресми тарих мағлұматына қарағанда – ХІІІ ғасырда орын алған.

«Сонымен, Шапыраштының бір ғана баласы – ЬІстық тұқымы ғана – Шапырашты деген атқа ие», – дейді Қазыбек бек шежіреші. Ол мұны «елдің тыныш болмауының салдарынан жұрттың тозғанын көрсететін айқын айғақ» деп біледі. Әрі, шынына келгенде, айтылған жәйтті «қазақтың бір ғана тайпасының басынан кешкені» екенін ескертелі, өйткені: «қалмақтың, шүршіттің, соқақтың салған шұрқанынан казақтың қай ұруы бүтін қалды дейсің». Елді бастағандардың ел сенімін ақтай бермегенін айтады: «Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қанаты бүтін сұңқар жоқ», «Хаңдар киер мұрақгы, қарашы киер құрақты» деп жүріп, сол хан деп ардақ тұтқан тұлымдыларымыздың өзінің ғана басын күйттегеніне көзіміз жете бермепті ғой». Қазыбек бектің бұл пайымы қазақ хандығы кезіне қатысты жазылған тәрізді, себебі ол одан әрі «Тұлпар тулақ болады, орта түссе оясы» дегендей, екі жүз жылға созылған соғыстан көнімізді әрең сүйреп шықтық. Оның есесіне көркөз, айтаққа шапқан төбеттің енді ырылдауға шамасы жоқ дүние кешті деуге болады» деген сөздермен қазақ-жоңғар соғысына анық емеуірін жасайды.

Түрлі ру-тайпалар тағдыры уақыт тезімен әр қилы шешілгені мәлім, осы орайда Қазыбек бектің өз аталастарына байланысты келтірген деректері мен жасаған байламына назар аудара кеткен де жөн тәрізді. Ол «ұрат-ұрат ұрулардың біржола бөтен болып, басқа жұрт атанып кетуі» бір бұл ғана еместігін,  «бір атадан өрбіген Бақтияр балаларының бес жүз мыңы Иранға сіңіп кеткені анау, Қаңлылардың Бижнек теңізінен өтіп Осман түріктері атанып жүргені тағы мынау» дей келе,  «348-жылы (хижра ж. с.) біздің Дулаттар Жайық өтіп, одан оларды жау шауып, бастап барған Біллә, Бұқсу, Хасан бастаған Дулаттың, Сиқымының, Ысты – Тіліктің бірсыпыра Акқойлы, Қарақойлысы Алшын Атырауының арғы жағасыңдағы түркі тұқымдас елге сіңгенін», содан осы күнге дейін қайтпай қалғанын хабарлайды.

Оның мағлұматына қарағанда, «шабыншылық заманда тіпті Дулаттың Шымырларынан тарайтын Айысый ұруы Жапон кетті деген сөз де ел арасында бүгіндері», яғни 1770-ші жылдары да жүрген сықылды. Бұдан әрі ол қызықты цифрлық деректер де келтіреді. «Қызылбасқа – соқақтарға» жарты миллиондай (сол шақта) Бақтияр балалары сіңгенін, ал «қазақтағы Үйсін аталатын Бақтияр ұрпағы бес жүз жыл бұрын 680 мың адам екенін» жазады. Сонда Төбей биден тараған, бүгінгі есімімен Сарүйсін, Шапырашты, Ысты, Ошақгы, Албан, Суан, Дулат, Қаңлы, Шанышқылы, Сіргелі, Шақшам аталатындар бір миллион бір жүз мың адам болған. «Ал Жанның, Бектің, Болдың, Балдың ұрпағы, яғни бүгін Орта жүз, Кіші жүз аталып жүрген, Ұлы жүзбен шамалас Кіші жүз, Ұлы жүзден көбірек Орта жүзді қосқанда, бес миллиондай адамның бес жүз жылдан кейін азайып қалуы» себебін шежіреші «жері үшін, өзінің басының бодан болмауы, біреуге кіріптар болмауы» үшін бастан өткерген қанды соғыстың салдары деп біледі[35].

Қызықты деректер. Тек оларды зерттеу еңбектерге,  қазіргі тарих ғылымына мәлім жәйттерге сүйене отырып дәйектеу қиын. Бәлкім, мұның анық-қанығына жететін ғылыми жұмыстар болашақта жүргізілер...

Шапырашты руына қатысты бірден-бір толық шежіре қалдырған Қазыбек бек жазбаларында  арғы-бергі елеулі аталарының бірқатарына сыпаттама береді. Соның ішінде Шапыраштының үлкен ұлы Ыстықты  «өте көркем адам болған» деп суреттейді. «Әкесі Шапыраштының бір көзі бір көзіне атысып туғанымен, баласы жаяу жатып, атты түсіп қарағандай жігіттің сұлтаны болды деседі». Жұрт Ыстықты өз атасы Жалмамбетке, яғни Алүйсінге тартқан деп отырады екен. Серілік құрған, нөкермен жүретін кісі болыпты. Жоғарыда айтылғандай, Шапыраштыұлы Ыстық түрлі жағдайда үш бірдей бауырынан айырылады. Сондықтан да, іні ету мақсатымен, сол заманда Үргенішті мекендеген Қыпшақ елінен бір бала ұрлап алмақ болады.

Қыпшақтың ханы Құрақ деген кісі екен. Хан тұқымынан бала ұрлағысы келген Ыстық қолға түсіп қалыпты. Сол  кездерде Шапырашты қырықтан асып қалған болса керек. Жалғыз ұлы тағы пәлеге ұшырап тұтқынға түсіп қалғандықтан, «қол жиып, қалған, қалман тартып, шың, нуғара соғып қыпшаққа аттанған екен».

Сонда Шапырашты баласын – Ыстықты азат ету үшін жасақ құрып, өзіне қарсы үлкен қолмен келе жатқанын Құрақ хан естиді. Естіген бойда, әрі өзі қалың Үйсіннің ішіне сұғына отырғандықтан да,  тұтқынды босатып қоя береді. Сонда Құрақтың Әлмани деген қызы бостандық алған тұтқын Ыстыққа  қосыла қашады. Сөйтіп, Шапырашты мен Құрақ хан құда болған. Сонда Шапыраштының атасы Бәйдібек бай «қыпшақ ханына тастарын гауһардан орнатқан алтын діңмент сәлемдеме жөнелтіпті. Сөйтіп, ағайын арасы жауласпай бейқұтшылық андалық орнаған».

XVIII ғасыр шежірешісінің «ағайын арасы жауласпай бейқұтшылық андалық орнаған» деген сөйлемінің мағынасы өте түсінікті болғанмен, сондағы «бейқұтшылық» деген сөзге орай бір аңғарым айта кеткен мақұл секілді. Жалпы, бұл сөз Қазыбек бек мәтінінде әрәдік кездесіп қалады, әрі тек тыныштық, бейбітшілік, құтты уақыт, орта, заман мағынасында қолданылады. Бүгінде бұл сөз өте сирек қолданылатындықтан, «бей» жұрнағы әдетте сөзге қарама-қарсы мағына беретіндігін ескергенде (бейадал – адал емес, арам; бейәдеп – әдепсіз, беймаза – мазасыз, т.с.с., тиісінше: бейқұт – құтсыз),  «бейқұтшылық» сөзін «құтсыздық» түрінде ұғып қалуға әбден болатындай. Арада екі ғасырдан астам уақыт өтсе де, Қазыбек бек заманы мен біздің дәуіріміздегі қазақ сөзінде осындай аз ғана айырмашылық қалып, іс жүзінде қаймағы бұзылмай тұрғаны қайран қалдырады...

Шежіреге әрмен қарай көз салайық. Шапырашты баласы Ыстық қыпшақ қызы Әлманидан үш бала сүйген көрінеді. Оның үлкені – (ескі түркі тілінде қасқыр деген ұғым беретін) Күрт екен.  Күрттен кейін Дөйіл, Бейіл деген егіз ұл туған. «Күрт ата ныспысы қасқыр болғанмен, қасқырдай мықты кісі болмапты. Бірақ шалқыған дәулеті болған. Ол бір заманда малдан гөрі сөзді қадірлеген қазақ оған қазақтың көп байының бірі деп қараған». Дей тұрғанмен, Ілеге құятын Күрті өзені сол Күрт байдың құрметіне, оның сол аймақты мекендегенінің белгісі ретінде қойылған сыңайлы. Күрті – Күрттің жері дегенді білдіреді.

Күрттен Абадан туған. Қазыбек бек оның есімінің де әкесінікі тәрізді қасқыр төңірегінен табылатынын атап өтеді: «Абадан атына сай (абадан қасқыр әуегінің көсемі ғой) ер екен». Атақты саяткер, аңшы болған көрінеді. Жолбарыс аулап жүріп, ажалын жолбарыстан тауыпты.

Абаданнан Арлан, Доғал есімді екі ұл болса керек. «Екеуі де ешкімге есесін жібермеген еңіреген ерлер деседі». Арланның Алма, Алша деген балалары болыпты. Осы екі ұлдың үлкені Алма бағбандығымен атағы шыққан кісі екен. «Қазіргі (ХVІII ғасырдағы – Б.Қ.) Кіші Алматы, бұрынғы Үш қаласы төңірегінде ғұмыр кешкен». Шежірешінің сөзіне қарағанда, жетісулықтар «егер біздің елімізде жатақ болған болса, сол Алма атамыздан басталған» деп күліседі екен. Алма Үш Алматыдағы Қарағайлы өзенінің «екі ашасында қияу салып ұзақ ғұмыр сүріпті».

Қазыбек бек бұл атасының мекендеген аумағын  Арасан өзені мен Аюлы өзенінің құйған жері деп нақтылай атайды. Үш Алматыдан келген жол екі өзеннің құйылысына келгенде, сайдың шығыс бетіндегі Аюлы өзенін жағалап, Аюлыға – Жасылкөлге тартады дейді. Одан әрі жол Жасылкөлдің шығыс жағымен жүріп, Көкайрық өтеді. «Осы Қырғызға – Барсыған көліне, күнгейіне қарай асатын асу Үйсін асқан аталады». Бұрын, яғни Қазыбек бек кітабын жазып отырған ХVІII ғасырға дейін, ата-бабалары осы асу арқылы байырғы ЬІстық ата қонысына барып жүрген. Қазір де, яғни ХVІII ғасырда дейін, осы асу арқылы қырғыз-қазақ жазда қатынасады. Арасан да сол кезден, атам заманнан бар деседі. «Өйткені бізден бұрын өткен атамыз Елсаудың ғаскері жарасын осы арасанда емдейді екен. Шыңғыс та осыңда айлап жатқан дейді».

Біздің жылсанағымыздан бұрынғы ІІ ғасырда өмір сүрген Елсау – Үйсін мемлекетінің әйгілі ханбиі Елсау мен біздің заманымыздың ХІІ–ХІІІ ғасырлары тоғысында ғұмыр кешкен атақты Шыңғыс қаһан есімдеріне байланыстырылған осынау ата-баба мекенінің қасиетті жерлерін Қазыбек бек тәтпіштеп баян етеді.

Сол өңірде үш бұлақ бар екен. Бірі – Күкірт бұлақ. Күкірт бұлақтың исі төңірегін алып, үлкен арнаға құйылғанша мүңкіп ағып жататын көрінеді. Одан төмендеу өзеннің шығыс жағындағы, суының тәттілігі сондай, қанша ішсең тоймайтын, аяғы жылап қана ағып жатқан бұлақты қазақтар, неге екенін шежіреші ашып айта алмайды, Көзек деседі. Бәлкім, мұнысы – көзге ем дегені ме екен деп жорамалдайды ол.  Үшіншісін бұлақ емес, бастау дегенді қолайлы көреді. Оның суы ыссылау, қолды күйдіретіндей шым-шым дейді. Жараға, сарып, сарбуын ауруларына осы бастаудың бірден-бір ем екенін ескертеді. Бұл бастаудың аяғы өзенге кейде қосылып, кейде қосылмайтын сықылды. Абыл – Азық елінің ырысына айналған. Дертке – шипа, ішсе – сусын болған. Қазыбек бек осы бастаудың «қойнауында бір кезек елу бес үй отырғанын» көріпті. Олары – емделушілер әкеліп тіккен үйлер екен.

«Одан жоғары Көкжайлау, Көркеткей деген ел арыстайтын жай бар. Онда жазда күнде көкпар, күнде тамаша». Шежіреші сондай керемет Алма атасының заманында да орын алып тұрғанын мегзейді. Ол кісі сол бір дәуірде осы бұлақтардың жағасына, тау етегіне түрғызылған Үш қаласына да бармайды екен. Үш қаласы кейін үлкейіп Үш Алматы қаласы атанған. «Бірақ мұнда ел билеу орталығы болмағандықтан, Үш те, Талғар да зор шаһарлар қатарына қосыла алмаған. Үш Алматы деген ат әлі де айтылып келеді. Бірақ қалмақ ғаскерлері келген соң, мұндағы қала жұрнағы мүлдем қалмады», – дейді ол[36].

Осы жерде Алманың шамамен өмір сүрген уақытын анықтап байқайық. Бәйдібек немересі Жалмамбет ұлы Шапырашты  жобамен 667-ші жылы туған. VII – VIII ғасырлар шегінде өмір сүрді.  Алма – Шапыраштыдан кейінгі бесінші буын (Шапырашты – Ыстық – Күрт – Абадан – Арлан – Алма). Егер әр буынды шартты түрде 25 жастан есептесек[37], жоғарыда келтірілген бес ұрпақ  125 жылды қамтиды. Сонда, Ыстық Шапыраштының үлкен ұлы болғандықтан, шамамен (667+25=692) 692-ші жылы дүниеге келген болса, оның шөпшегі Алма шамамен (692+125=817) 817-ші жылы туған болып шығады. Демек, Шапырашты Алма жоғарыда аталған аумақта ІХ ғасырда ғұмыр кешкен. Ал бұл кезең қазіргі Қазақстан аумағында ертедегі ортағасырлық мемлекеттер – Батыс түркі, Түргеш, Қарлұқ, Кимек қағанаттарының бірін бірі алмастырып дәуірлеген уақыттарына сәйкес келеді[38]. Соның ішінде Үйсін-Шапыраштылар мекендеген Жетісуда қарлұқтардың этностық-әлеуметтік бірлестігі билікте болды.

Шапыраштыдан тараған «Алма атамыз – тәуіпшілікпен, бағбандықпен айналысқан адам, – дейді Қазыбек бек. – Ескі көздердің айтуынша, ол жанына келген адамның бетіне қарап, адамның құлағын ұстап көріп, науқасын сарнап айта жөнеледі екен». Әсіресе оның бағбандығы мүлдем ересен болған көрінеді. ...Алма ата ағашты қатты қадірлепті, сол орайда Майқы биді аузынан тастамайды екен. «Майқы атамыз: жеті жасар бала асырамайды, жеті жылғы ағаш асырайды деген», – деп, ұрпағына ақыл айтып отырады екен.

Оның жалғыз ұлы Адырбек әке дәулетінің арқасында салдық құрып, үйленбей ұзақ жүріпті. Ақыры Алтын, Бұлан, Нұран деген апалы-сіңлілі үш қызды алыпты. Олардан Арын, Шойын, Шор деген үш ұл көріпті.

Қазыбек бекке тікелей апаратын желі тізбегіндегі Арын асқан күйші болған көрінеді.  Көптеген әуезді аспап жинаған, өзі де оларды жақсы тартқан. Артында  – қалман, қалған, шом, шың, нүғара, қыз сыбызғы, жігіт сыбызғы, сырнай, керней, қобыз, шаңқобыз, желқобыз, жетіған, арған, шертер, шермер сынды 55 түрлі аспап қалған екен. Балалардың есімдері  де ерекше: Қалман, Қалған, Шом деген әуез аспаптарымен аталған.

Осы үш жігіттің үлкені Қалман – Қазыбек бектің атасы. Ол  үнемі тау айналып, тау қыстап, даланы көрмей өтіпті. Оның негізгі тұрағы Лабас тауының үстіндегі Үлкенсаз жайлауында екен. Үлкенсаз үстінде Қалман биігі деген тау бар. Үсті теп-тегіс, Онқоныс аталады. Суды сайдан көнекпен тартып ішеді. «Міне, осы биік тау арыстаған атамыздың мәңгі қонысы да, моласы да болған, сонда Қалман аты қалған», – дейді шежіреші Қазыбек бек.

Біздің жоғарыда келтірген есебіміз бойынша Алманың ІХ ғасырдың алғашқы ширегінде өмірге келгені мәлім.  Ендеше, оның шөбересі  Қалман (Алма – Адырбек – Арын – Қалман) шамамен Х ғасырдың басында туған, оның жоғарыда әңгімеленген және алда айтылатын өмірі жайындағы деректер сол Х ғасыр ішінде орын алған.

Қалманның екі інісі Қалған мен Шом, керісінше, тауға шықпай өткен көрінеді. Егіншілікпен айналысыпты, жайлау да, қыстауы да дала болса керек.  Тұрған жерлері де, шежірешінің айтуынша, әлі күнгі екеуінің қосақталған атымен Шомқалған аталады.

Қалман не қыста, не жазда малды бақпай, тек айдап тастайды екен. Таудың күнгей бет етегін қыстап, терістігін жайлап жүріпті. Мал өзі жайылып келеді. Сонда Қалманнан біреу: «Қысы-жазы таудан түспейсіз, не көресіз?» – деп сұрапты. Оған Қалман: «Қысы-жазы бірдей бүкіл Жетісуды, Алатау аясын, оны кірттеген, арыстаған Дулат, Шапыраштыны жыл он екі ай бойы үстінен көздеп отырамын. Осы жетпей ме?» – деп жауап берген екен.

Шапырашты ұрпағы осы Қалманнан бері былай тарайды: Қалман баласы Қоңыр, Қоңырдың ұлы Ақтон, оның үлы Ұш, Ұштан Хан, Таң есімді екі бала туған. Ханнан өрбіген бұтақ Қазыбек бекке барады.  Атын Хан қойғанымен, бұл атасы ондай мәртебеге жете алмапты. Бірақ  оның он үш ұлы болыпты. Соның біреуінің – Қазыбек бектің атасы Кералдың ғана аты есте сақталып қалыпты. Бұл атасы, әр ұрпақ жасын жоғарыдағыдай шартты түрде 25 жастан есептегенде, ХІ ғасырдың ортасында дүниеге келген болу керек.

Қазыбектің Кералдан кейінгі аталары да (Керал – Барақ – Шаш –Ырық – Том – Фарс) айрықша ештеңесімен ерекшеленбеген момын адамдар болыпты.

«Мысалы, Ұш деген бабамыз ғұмырының бәрін қарағай өсіруге арнапты. Тек Том, Фарс бабаларымыз ұсталық құрған, зергер адамдар екен. Қалғанының ішінде ауыз толтырып айтар, мынандай есте қалар іс істепті дейтін ешкім жоқ. Бәрі-ақ шаруа баққан, егін салған, бағбандық жасаған», – дейді шежіреші. Ол Лабас бауырында Қарақыстақ деген мекен барын айтады. Оның таудан аққан Қарақыстақ өзені жазда өткел бермейді екен. Ат құйрығын бұратын осы қатты ағысты, мол сулы өзенді алғаш тоғандап, арық қазып, суды егінге бұрған сол аталы-балалы жоғарыда аталған бабалар ұрпағы көрінеді. Қарақыстақтан бұрып алған үлкен тоған сол Қазыбек бек заманында да Бұрған аталады екен. Оны сол шақга Шапыраштының үрім-бұтағы Екей, Еміл ұрпағы пайдаланып тұрса керек.

Қарақыстақ төңірегін мекендеген Шапырашты ұрпағы, Қазыбек бектің айтуынша, атамзаманнан егіншілікпен күн көреді. Ондағы Қосай деген ата ұрпағын үнемі егін салып жүргендіктен, Қара Қосай атандырған. «Міне, мен білетін бүл елдің салған тоғаны мен шапқан тоғанына, Қарақыстақтың ел қыстайтын шиырына, міне, мың екі жүз жыл болды», – дейді Қазыбек бек. Қысқасы, оның ойынша, бұл мыңжылдық тоған – қазақ елінің ертеден-ақ егіншілікпен айналысқанының айғағы. Бұрынғы қазаққа, тіпті қазірде де қайда тұрдың, қайда жүрдің дейтін емес деп пайымдайды ол. Қазақ малының жайымен, өзінің шаруасының ыңғайына қарай көшіп жүре берген. Мысалы, Бек балалары көшіп Біжнек теңізіне де, тіпті мәңгі мұз теңізінің жағасына дейін бара берген. Мұндай өріс, жайылым қуалау бар қазаққа тән болған. Бол ұрпағы Қып пен Шақтар да үш ай түн, үш ай күн болатын жағалауға дейін де барған. Ал Балдың екінші ұрпағы Қоң мен Раттар бір шақта ойпаттағы, Алтайдың арғы жағыңдағы Күзгес Алатауына дейін барып жүрген...

Сол аталарына ұқсаған Қазыбек бектің өз атасы Фарстың балалары Бөрілі мен Бөстері ата қонысы Барсыған – Ыстық көлді қоныстаныпты. Алтайдан қырғыздың үшінші легі келгенше, екі-үш ұрпағы сонда өмір сүрген. Бөрілі балаларының үлкені Тұранбай Жетісуға қайтқан да, онымен бірге туған Бөстері тұқымы екі-үш бұтақ болғанша жетпіс-сексен жыл Ыстық көл жағалауында Ыстықатада күн көрген.

Тұранбай балалары Ұран, Құрым Ыстық көлде туған да, Жетісуда өскен. Ұран үнемі Алтай жағын, Ертіс өзендерінің бойын қоныстанған. Тұранбайдың екі ұлы әрқайсысы атына сай бопты. Құрымы момын, қой аузынан шөп алмайтын, алдындағы көжесіне ие бола алмай қалатын ынжықтау кісі болған. Ал Ұран атына сай ұрандап жүреді екен: «Бақтиярлап» жауға шабатын ер, «алдиярлап» дауға түсетін даукес, тілді адам болған, билікке араласқан көрінеді.

Ұранның оң аяғы жасында отқа күйіп, тізесінің тамыры тартылып қалған да, тақылжыры жазылмайтын болған дейді шежіреші. Мұны жұрт басында билікке араласа бастағанын келеке етіп, қалжындап, Майқы деп жүріп, сөйлесе тілінен, істесе ісінен пысықтығы көрініп тұрғандықтан, ақыры Майқы атандырып жіберген көрінеді. Сөйтіп, өзінің әкесі қойған жап-жақсы Ұран аты ұмытылып кетіпті. «Бұл – заманында Шыңғыстың уәзірінің бірі болған кісі, – дейді Қазыбек бек. – Майқының (Ұранның) Шыңғысқа хансың демей, қатал сөйлеуі ханға қатты ұнаған. Ол көңіліндегісін, тіліндегісін, діліндегісін тілімен жеткізе алатын, өте ділмар кісі екен. Шыңғыс үнемі жақтап, бар болса, содан пікір, түйін күтіп отырған»[39].

Шыңғысты ақ киізге салып хан көтеруге   «Ұлы жүз қазағынан үйсін Майқи би барған екен».  Майқы би, Шәкәрім шежіресі бойынша, «Түгел сөздің түбі – бір, түп атасы – Майқы би» деп мақал болған кісі». Шыңғыс хан Майқы биге таңбасын – сүргі, яғни малатемір, құсын – бүркіт, ағашын – қарағаш, ұранын – салауат деп белгілеп беріпті[40].

Сонымен, VIII ғасырда өмір сүрген Шапыраштыдан ХVIII ғасырда ата-бабасының шежіресін жазған Қазыбек бекке тікелей апаратын бұтақтың  21-ші буыны (Ыстық – Күрт – Абадан – Арлан – Алма – Адырбек – Арын – Қалман – Қоңыр – Ақтон – Ұш – Хан – Керал – Барақ – Шаш –Ырық – Том – Фарс – Бөрілі – Тұранбай – Ұран-Майқы) болып табылатын, жеке басының қасиеттері үшін ертедегі даңқты бабасына лайықтап Майқы аталған Ұран есімді жігіт, шежірешінің жазуынша,  ХІІІ ғасырда даңқымен жер-жаһанды тітіреткен атақты Шыңғыс қаһанның уәзірінің бірі болыпты...

21.

Жоғарыда біз қазіргі ғалымдардың бірінің ежелгі және орта ғасырлардағы қазақ халқының қалыптасу тарихынан белгілі бір жүйелілік іздестірген мақаласына тоқталып, осы дәуірлердегі қазақтың этностық тарихын жалпылама бес кезеңге бөлгенін көрсеткен болатынбыз. Соған кейбір ретте бірер ескертпе жасай кеткен жөн сияқты. Айталық, ғалым-тарихшының Алаш қауымдастығының қаыптасу кезеңі ретінде жеке бір топқа бөлген ХІІІ ғасырдың орталарынан ХV ғасырдың соңына дейінгі уақыттан Жошы Ұлысы дәуірін неге ерекше қарастырып көрмеске? Біздіңше, кейінірек әйгілі Алтын Орда аталған алып мемлекетті уақыт жағынан да, кеңістік жағынан да, әсіресе қазақ тарихынан дербестендіріп қалдыруға болмайды. Өйткені ХІІІ – ХV ғасырлардағы Жошы Ұлысы тарихын  көптеген халықтардың, солардың ішінде қазақтардың тағдырына әсер-ықпалы мол болған сол заманға дейінгі және  оған сабақтаса жалғасқан кейінгі ірі оқиғалардан бөліп қарау қиын.

Бұл оқиғалардың бастауында өзара жауласқан көшпенді тайпаларды біріктіру нәтижесінде жаңа да алып мемлекеттің құрылуы, оның жоғарғы әміршісі болып,  қаһан тағына 1206 жылы Шыңғыс ханның отыруы тұрған-ды. Азия мен Европа сынды екі континенттің төсінде ХІІІ ғасырда қанат жайған тағдырлы оқиғалардың бәрі осы билеушінің есімі мен қызметіне байланысты өрбіді.

Шыңғыс хан бар болғаны 15–20 жылдың ішінде мемлекетінің аумағына Саян-Алтай тауларын, Оңтүстік Сібірдің бірер бөлігін  мекендеген түрлі тайпаларды, ұйғыр бірлестіктерін  қосып алды, Солтүстік Қытайды, Орта Азияның, Солтүстік Кавказдың, Қырымның мемлекеттері мен халықтарын, таңғұттар патшалығын бағындырды. Сөйтіп ол алып территорияға жайылған, халқы жағынан көп этносты мемлекет құрды. Осылай іс жүзінде жаңа империя – Шыңғыс хан империясы дүниеге келді[41].

Шыңғыс хан дүниеге келгенде бір жұмырығы жұмулы – уысында қан болған екен, соны естіген ақсақалдар  бұл бала болашақта үлкен хан болып, көп қан төгеді екен деген болжал қылыпты.  «Ақырында сонысы дұрыс келді», – дейді шежіреші.  Шыңғыс ханның «бір шеті Қытай, бір шеті араб, барша Азиядағы жұртты түгел, Европаның да бергі шетін» жаулап   «алған жерін, қылған ісін түгел айту» – үлкен кітаптың шаруасы[42]...

Орасан зор империясын Шыңғыс хан өзінің төрт ұлына бөліп берді: кіші ұлы Төлей Шыңғыс ханның негізгі жұртын – Моңғолияның өзін және моңғолдың 129 мың адамдық тұрақты армиясының үлкен бөлігін – 101 мың жауынгерін алды. Моңғолияның батысындағы жаулап алынған жерлер үлкен ұлдарына әрқайсысына тұрақты армиясынан төрт мың жауынгері бар әскермен бірге бөлініп берілді.

Үлкен ұлы Жошы Ертістен батысқа қарайғы ұшы-қиырсыз аймаққа ие болды. Екінші ұлы Шағатайдың иелігі Оңтүстік Алтайдан Амударияға дейінгі жер-суды – Шығыс Түркістанды, Жетісу мен Мауараннахрдың денін қамтыды. Үшінші ұлы Үгедейге Батыс Моңғолия мен ұлысының орталығы орналасқан Жоғарғы Ертіс пен Тарбағатай аймағы тиді. Ол өзін ұлы хан деп жариялаған 1228–29 жылдан 1241 жылға дейін Орхонда, Қарақорымда тұрды.

Қазіргі Қазақстан аумағы Шыңғыс хан империясының үш ұлысының құрамында бөлініп жатты.  Ең үлкен далалық бөлігі Жошы ұлысына, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс бөлігі Шағатай ұлысына, Жетісудың Солтүстік-Шығыс бөлігі Үгедей ұлысына қарады[43].

1227 жылы Шыңғысхан дүниеден көшкеннен кейін, оның жаугершілік, басып алушылық істерін балалары мен немерелері жалғастырды. Шығыста журжендер мемлекеті, Оңтүстік-Сунь әулетінің империясы, Корея түбегінің мемлекеттері, оңтүстік-батыста – Ауғанстанның, Иранның, бұрынғы Араб халифатының қалалары мен аймақтары, солтүстік-батыста Еділ Булгариясы, солтүстік-шығыс Русь князьдіктері, оңтүстік-шығыс Европаның кейбір аймақтары жаулап алынды.

Осы жерде мына жәйтті де айта кету керек, жекелеген аумақтар – қиыр батыс пен солтүстік-батыстағы  князьдіктер мен облыстар Шыңғыс тұқымдары мемлекетінің құрамына толығымен енгізілген жоқ. Олар протектораттар жағдайында болды. Қазіргі тілмен айтқанда, олар тұрақты түрде алымдар беріп, салықтар төлеп тұратын отарлар дәрежесінде ұсталды.

Осылай, бас-аяғы 40–50 жыл ішінде аумағы жөнінен ұлан-ғайыр – Тынық мұхиттан Атлантика мұхитына дейін созылып жатқан, халқы бойынша – мейлінше сан түрлі, алабажақ болып келген Чингизидтер (Шыңғыс тұқымдастар) державасы – Ұлы моңғол империясы құрылды[44].

Үйсіндер, соның ішінде Шапыраштылар мекендеген Жетісу өлкесі Шағатай мемлекеті құрамына кірді[45]. Шәкәрім Шағатай ұлысында «арғинут, яғни арғын, керейіт, яғни керей (бұл жерде керейіт атын сақтап қалған тайпаның да барын ұмытпаған жөн – Б.Қ.),  доғлат, яғни Ұлы жүздегі дулат, көрлеуіт, яғни қарлұқ, қаңлы, қырғыз» болғанын айтады[46].

Шапыраштылардың ауызекі тарихының бірден-бір толымды нұсқасы, дау жоқ,  Қазыбек бек жазбалары болып табылады. Ол атасы Матай жазбасын негізге алып түзген шежіре бойынша – өткен тарауда атағанымыздай, Шапыраштының 21-ші ұрпағы Ұран Шыңғыс ханның Майқы есімді уәзіріне айналғанын көрдік. Ендеше, осы шежіреде айтылатын әйгілі қаһан жайындағы деректерді мазмұндай кеткен жөн...

Қазыбек бектің айтуынша, хижра бойынша 478-жылы Найманның ханы Тамтық өліп, оның екі баласы Бүйрек пен Байбұқа бір жесірге таласқан да, соның салдарынан хандық ыдыраған. Осыны пайдаланған Темір (Шыңғыс хан) оларға тарпа бас салады. «Есукей баласы Темірдің тауарих бетіне шыққан шағы осы-дүр», – дейді шежіреші.

Сөйтіп, әкесі Есукей өлгеннен кейін он үш жылдан соң, Темір Байбұқаны Қаңқай тауыңда өлтіріп, елін бағындырған.

Байбұқаның баласы Қошақ ағасы Бүйрекке қашып барып, қол жинай бастайды.

Осы жерде Қазыбек бек Шыңғыстың кім екенін айтпай тұрып, Шыңғыс (Темір) найманға неге шабуыл жасады деген сауалдың басын аша кеткенді жөн көреді: «Ол шақта Арқас пен Соқақ арасындағы қалың жұртты (біздің елді қоса) қара қытайдың горханы билейтін-ді. Темір қара қытайдың тепкісінен құтылу үшін, бар елдің басын қоспақ болды. Қытай қаршысы ол кезде Шу бойында еді. Міне, Темірдің негізгі көздегені осы болатын»[47].

Ал ғылыми тарих ХІІ ғасырдың аяғы мен ХІІІ ғасырдың басында Орталық Азия мен қазақ далаларында көшпенді тайпалар одағы билеушілерінің арасында өзге тайпаларға да өз үстемдігін орнату мақсатымен жүргізілулі күрестің күшейгенін, соғысу, шайқасулардың үдей түскенінен хабардар етеді. Бұл шақта керейіттер ханы наймандармен, монғол тілдес татар және меркіт тайпаларымен соғысқан болатын. Сол соғыстарға Ван ханның вассалы ретінде Темучин белсене қатысты. Сөйтіп, сондағы шайқастардың барысында Темучин (Қазыбек бек бойынша – Темір) Орталық Азия тайпаларын біріктіріп, ең күшті де құдіретті жаулап алушыға айналған еді[48]. Одан соң, Азияның ішкі шалғай аудандарының ұлан-байтақ жерін иеленген моңғол тайпалары Темучиннің (Шыңғыс ханның) басшылығымен XIII ғасырдың екінші он жылдығында қазақ елі аумағын шапқыншылыққа ұшыратты.

Азияны мекендеген ру-тайпалар ХІІ ғасырдың аяғы мен ХІІІ ғасырдың басында әлеуметтік-экономикалық дамудың түрлі сатысында болатын. Олар «орман» тайпалары және далалық көшпенділер деп бөлінген еді. «Ормандық» тайпалар негізінен аң-құс аулаумен күн көретін. Ал дала тайпалары көшпенді өмір салтын ұстанып, мал шаруашылығымен айналыстын-ды.  Көшпенділер сан жағынан басым болғандықтан, сол шақтағы ру-тайпалар қауымдастықтарының саяси өміріндегі жетекшілік сипат танытқан негізгі  күш рөлін атқарды. Мұны «Біртұтас моңғол мемлекетінің құрылуы және Шыңғыс хан» деген еңбегінде зерттеуші Ш. Сандаг атап өтеді. Ол XII—XIII ғасырлардың межесінде монғол қоғамында феодалдық қатынастардың қалыптасу үдерісі жүріп жатқанын, көшпенділердің осы қоғамында таптық сипаттың көзге ұрғанын, қоғамның  екі топқа – билеуші нояндар мен езілген араттарға бөлінгенін көрсетеді. Мұндай пікірді «Ежелгі моңғолдар» деген еңбегінде зерттеуші Н. Мункуев те айтады[49].

Жоғарыда айтқанымыздай, XIII ғасырдың басында Темучин көшпенді тайпалар арасындағы шайқастарда ержүрек жауынгер даңқына ие болды. Ұдайы тайталас, күрес жағдайында өз айналасына сенімді нөкерлерін топтастырып, жауынгер жасақ құрды да, көрші тайпаларға сәтті шабуылдар жасап, бағындырды. Ақыры, өзінің негізгі қарсыластарының тас-талқанын шығарып, айналасындағы күллі көшпенді тайпаларды түгелге жуық өз қол астына біріктіруді аяқтады. Ол керейіттер мен наймандар ұлыстарының билеушілерін күйзелте жеңген сәтте Орталық Азия далаларын мекендеушілердің баршасы мойындаған бірден-бір құдіретті қолбасшыға айналды. Сөйтіп, татар-монғол тайпаларын саяси жағынан біріктіріп, монғол мемлекеттігінің туын көтерді.

Осы жерде «көшпенді» терминінің ғылыми әдебиетте кейінгі жылдары «көшпелі» түрінде айтылатынына қарамастан, неге біздің оны қабыл алмай, ескіше жазып келе жатқанымызды түсіндіре кеткен жөн сияқты. Біздің ойымызша, «көшпендіні» «көшпелімен алмастыру» – тілді қолдан кедейлендіруге апаратын жол, өйткені, бұл екі сөз, шындап келгенде, екі мағына береді  («көшпенді» – кочевник, көшпенді тайпалар – кочевые племена, ал «көшпелі» сөзі – «передвижной» деген ұғымда түсініледі, сонда «көшпелі тайпалар» – «передвижные племена» болып шығар еді). Демек, «көшпенді» деген анықтамалық сөзді тілдік қордан мүлдем сызып тастау – ағаттық. Мұндай жолмен тілді байытпаймыз, керісінше, мағынасы екі түрлі екі сөзді жалғыз сөзбен алмастырудың салдары тілімізді кедейлендіре түсуге апарады...

Ұзамай Шыңғыс хан есімімен жер-дүниені сілкінтетін осынау моңғол мемлекетінің негізін салушы Темучин (Тэмуджин, Тэмужин) 1155–1162 жылдар шамасында Онон өзені (ұзындығы 1000 шақырымнан асатын бұл өзеннің 300 шақырымдайы Моңғолия жерімен, қалған 700-дей шақырымы Ресей Федерациясының Забайкалье өлкесі аумағымен ағады)[50] бойындағы Дэлгуун Болдог (Делюн-Болдок алқабы Селенга мен Онон өзенаралығынан Бурятия аумағына дейін созылады)[51] алқабын (мекендеген Есугей (Есукей, Есугай, Есугэ) баһадүрдің шаңырағында дүниеге келген еді. (1227 жылғы тамыздың ортасы ауа қазіргі Қытай Халық Республикасының Ганьсу өлкесіндегі Ся елді мекенінде өмірден көшкен). Ол әуелі 1189 жылы моңғол ханы сайланды. Сол жылдан бастап 1206 жылға дейін қажырлылықпен жүргізген күрестері нәтижесінде Шығыс Моңғолиядан Алтай тауына, оңтүстігінде Ұлы Қытай қорғанына  дейінгі аумақта өзара қырқысқан көшпенді түркі-моңғол тайпаларын бағындырып, бір орталыққа біріктірді. Егер бұрын Моңғолияны мекендеген тайпалардың көпшілігі араларындағы ең қуатты тайпалардың бірінің атауы бойынша – татар деген атпен белгілі болса, енді жаңа тұрпатты мемлекеттік бірліктің құрылып, нығаюына байланысты, баршасы да өздерін  монғол деп атай бастады.  Осылайша, монғол аталымы жинақтаушы этностық-саяси мәнге ие болды[52].

Темучиннің жаңа да ерен мемлекет құрудағы еңбегін көп ұзатпай,  1206 жылдың көктемінде, Онон өзенінің сағасында өткен көшпенді  ақсүйектердің Ұлы Құрылтайы саяси тұрғыда рәсімдеді. Темучинді жақтаушылардың жиналысында тоғыз қыл құйрық байланған қасиетті ақ ту салтанатпен желбірете көтерілді. Осындай жағдайда Темучин монғолдардың әміршісі, ұлы хан, қаһан болып салтанатты түрде жария етілді. Сонымен бірге кұрылтай Темучинге Шыңғыс хан атағын бекітіп берді. Шыңғыс хан деген ат артынша-ақ оның өмірінен өз есімін ығыстырып шығарды.

Қазақы шежіре бойынша ол 2003 (дұрысы – 2006 – Б.Қ.) жылы «Шыңғыс тауында хан көтеріліп, хақан, яғни хандардың ханы атанып, үлкен хан» болған[53]. Байқалып тұрғандай, қазақтар өздерінің дәстүрлі ауызекі шежіресінде Шыңғыс хан таққа отырған орынды Алтайдың арғы жағындағы аймақтан емес, өз арасынан атаған. Бұл, біріншіден, қазақы санада оның қазақ тыныс-тіршілігіне етене кірігіп кеткендігінен терең ұялап қалуының нәтижесі. Екіншіден, дегенмен, аталмыш жерде,  әлемді тітіреткен әмірші Шыңғысханды  қазақ жеріне аяқ басқанында, ұлы хан ретінде, әлдебір жағдайға орай ұлықтау шарасы өтуіне байланысты болса керек. Сондықтан да «біздің қазақтың ескі сөзінше», оны қазақтың әр тарабынан жиылған игі жақсылары құрметтеген.

«Шыңғыс тауының Шыңғыс  атанғаны – баяғыда Шыңғыс хан тамам мағол-татарды алып, үлкен хан болғанда, осы Шыңғыс тауында қол астындағы елдердің тапбасы бектері келіп, мына Қарауыл өзенінің күншығыс жағындағы Хан биігінің басына ақ кигізге салып, хан көтеріп, Шыңғысты алып шыққан», – дейді Шәкәрім Құдайбердіұлы. Ол Шыңғыстың өз аты Темужин екенін, оны үлкен хан болғандықтан Шыңғыс деп атағанын әңгімелейді. Шыңғыстың мағынасы – «бек мықты, зор» дегенді білдіреді. Таудың Шыңғыс атануын да, жанындағы төбенің Хан биігі атануы да, етектегі ел қыстап отырған өзеннің Хан өзені атанғаны да, Шәкәрімнің ел ішіндегі сақталған әңгімелерге сүйеніп айтуынша, сол жаһанды дір қаққызған Шыңғысхан есіміне байланысты болған. Әбілғазы жазбаларына қарағанда, бұл тау бұрын Найман күре деп аталған екен[54].

Шыңғысхан өзі империясының тағына ресми отырған сонау 1206 жылғы тарихи Ұлы құрылтайда: «Мен... барша тіл тоғысқан мемлекетті шынайы ақиқат жолына бағыттадым және халықтарды өзімнің біртұтас билігіме қараттым», – деп мәлімдеген-ді[55].

Сол мәлімдемесін жасаған сәтте ол, бәлкім, өзінен қашқан наймандар мен меркіттерді өкшелей қуып келе жатқанында да, оларды Ертіс өзенінің жағасында 1208 жылы екінші мәрте тас-талқан  етіп жеңгенінде де, одан соң шапқыншылықпен мақсатты түрде Батыс пен Шығысқа шыға бастағанында да, өзінің жеңісті жорықтарының нәтижесінде қандай биіктерді бағындыратынын, қандай атақ пен даңққа бөленетінін елестете алмаған да болар.

«Әлемді бағындыруды ойына алған Темучин» деген еңбегінде Шыңғыс ханның шерулерін жан-жақты қарастыруға тырысқан Е.И. Кычанов меркіттер мен наймандардың үлкен тобы  Шыңғысханға қарсы бірлесіп әрекет етуге көшкенін айтады. Алайда 1209 жылы ұйғыр билеушісі  (идиқұты) оларды, өз иелігін кесіп өтпекке әрекеттенген шақтарында,  тас-талқанын шығарып жеңді. Сондықтан да содан әрі олар әр жолмен кетуге мәжбүр болды[56]. Найман  ру-тайпаларының аман қалған бөлігін Күшлік хан Жетісудағы қарақытайлар иелігіне әкетті. Ал меркіттер Орталық Қазақстан жазираларындағы қыпшақтарға қарай қашты. Кейінірек меркіттермен Торғай далаларында Жошы шайқасып, оларға күйрете соққы бергені сондай, бастары бірікпейтіндей етіп  ыдыратып жіберді.

Жетісуда қалыптасқан күрделі жағдайды Күшлік-хан наймандардың едәуір бөлігімен шегініп келген бетте пайдаланып қалуға тырысқан болатын. Ол Жетісу мен Шығыс Түркістанның жоғарғы билеушісінің (гурханының) сеніміне кіріп алды. Гурхан сол тұста (XII ғасырдың соңы – XIII ғасырдың басы шегінде) өзіне бағынуды қойып бара жатқан жергілікті вассалдарын – Шығыс Түркістандағы Тұрфан княздігінің ұйғыр идиқұты мен  Жетісу қарлұқтары мен қаңлылардың мұсылман билеушілерін – найман жауынгерлерінің арқасында басып-жаншып, жуасытып, әбден мойындатып алудан дәмеленген еді. Алайда оның сеніміне кіріп алған Күшлік хан 1210 жылы мемлекеттегі билікті басып алды. Гурханды тақтан тайдырды, бірақ өлтірген жоқ, өкіметтің барлық сырткы атрибуттарын да өзгеріссіз қалдырды. Ол қарақытайларға вассалдығын мойындамай, іс жүзінде тәуелсіз болып келе жатқан қарлүқтарды, қаңлыларды, ұйғырларды өзіне бағындыруды көздеп, оларға қарсы ойранды шапқыншылықтарын бастады.

Наймандарды Жетісуға бастап келген Күшлік-ханның қарақытай өкіметін тартып алуымен тынбай, өздеріне қатер төндіргеніне наразы болған  жергілікті шонжарлар, ақыры, осындай ахуалдан шығу жолын іздестірді.  Олар (қарлұқтардың билеушісі Арслан-хан, Іле өзені аңғарындағы Алмалықтың билеушісі Озар (Бұзар), ұйғыр идиқұты Баршық-арт-тегін) Күшлік-хан мен наймандардың дұшпаны болып табылатын моңғолдардан көмек сұрады[57]...

Шыңғысханның бастауымен соғыс олжасына кенелудің мүмкіндіктері мол екенін көрген тайпалар жаулап алушылық жолға түскен көшпенділік мемлекетке ықыластана ұйысты. Мемлекеттің негізіне әскери-ұйымдық үрдіс алынған-ды. Бүкіл аумақ пен халық оң қанат (барунғар), сол қанат (жоңғар) және орталық (гол) деп аталып, үш әскери-әкімшілік аймаққа бөлінді. Осы аймақтар әрқайсысы он мың адамнан тұратын түмендерге бөлінді. Әрбір түмен (он мың адам) – «мыңдықтардан»,  «мыңдық» – «жүздіктерден», ал «жүздік» – «ондықтардан» құралатын. Осындай ретпен елді де, әскерді де басқару жүзеге асырылды.

Бүкіл моңғол елі 95 «мыңдыққа» бөлінген болатын. Солардың бәрі Шыңғысханның туыстары мен үзеңгілестеріне иелік етулері үшін үлестіріліп берілді. Мұндай әкімшілік-аумақтық бөлініс елді жаугершілік мүддеге лайықтап басқару ісіне өте қолайлылық туғызатын.

Қаһанның тікелей өзіне 10 мың адамнан тұратын күзеттік хан гвардиясы (кәшик) қызмет ететін. Бұл гвардия көшпенді  ақсүйектерден жасақталды. Шыңғысханның әскербасыларының көпшілігі осы кәшиктен өсіп шықты.

Осындай ретпен құрылған әскери-әкімшілік жүйе Шыңғысханның көрші өлкелерге жасаған жаулап алушылық жорықтарында маңызды рөл атқарған еді[58].

1207–1208 жылдары Шыңғысханның үлкен ұлы Жошы Енисей қырғыздары мен Сібірдің оңтүстігіндегі басқа да «орман халықтарын» бағындырды. 1207–1209 жылдары Шыңғысхан таңғұт мемлекетін ойрандады. Оған таңғұттардың батыстағы көршілері (қазіргі Шығыс Түркістан аумағындағы ұйғырлар) да бағынды. Рашид ад-дин, Джувейни, Бартольд еңбектерінде келтірілген деректерге қарағанда, ұйғыр билеушісі   Баршық идиқұт, жоғарыда айтқанымыздай, Күшлік-хан бастаған наймандардан қорғану үшін олардың жауы моңғолдарға иек арта бастаған-ды, сол себепті ол өзін 1211 жылы Шыңғысханның вассалы болуға мойынсұнды. Сол жылы қолбасшы Құбылай басқарған моңғол жасақтары Жетісуға да кірді. Соған орай қарлұқ билеушісі Арслан-хан Қойлықтағы қарақытай наместнигін өлтіруге әмір етті де, өзін Шыңғысханның боданымын деп жариялады. Алмалықта отырған Бузар да Шыңғысханға тәуелділігін мойындады. Олардың Шыңғысханға қалай бағынғаны қытай, моңғол, араб, парсы жазбаша дереккөздерінде егжей-тегжейлі баяндалған, бұл «Қазақстан тарихында» атап өтіледі[59].

Сол 1211 жылы Шыңғысханның қолы Солтүстік Қытайға – Цзинь империясымен соғысқа аттанған еді. Содан, моңғолдар Цзинь мемлекетінің астанасы Чжунду (Бейжиң) қаласын 1215 жылы басып алып науқанды ойдағыдай аяқтағаннан кейін, 1216 жылы қайтадан батысқа қарай қозғалды. Қазақстан мен Орта Азия аумағын алу арқылы өзіне  Шығыс Европа мен Алдыңғы Азияға жол ашатынын ойлаған Шыңғысхан оған зор мән берді.

Батыс жорығына ұзақ әрі тыңғылықты әзірлену барысында моңғолдар өздеріне қызмет етіп жүрген мұсылман көпестері мен қашып келушілерден әуелде қарақытайлар мемлекетінің, содан соң хорезмшахтың ішкі жағдайы мен соғыс күштері туралы мәліметтер алып, сараптады. Сөйтіп, солардың негізінде әбден ойластырылған іс-қимыл жоспарын жасаған болатын.

1218 жылы монғолдардың батысқа қарай жорығы тегеуірінді түрде жаңғырды. Шыңғысхан әскерінің қолбасшысы Жебе-ноян найман ханы Күшліктің иелігіндегі аймақ шегіне кірген бетте арнайы бұйрық шығарды. Жаршылар шұғыл түрде хабарлаған жаңа әмір бойынша – біріншіден, бейбіт тұрғындардың дүние-мүлкіне жауынгерлердің тиюіне тыйым салынды, екіншіден,   мұсылмандардың діни құқығын қалпына келтіру қамтамасыз етілді. Бұған дейін жетісулық жергілікті мұсылман бұқара қарақытай гурханы тұсында жасалмаған діни қудалаушылыққа тап болып, христиан және буддашыл наймандардың қысым көрсетуі мен олардың жетекшісі Күшліктің әкімшілік жолмен тыйым салуы  салдарынан намаздарын мешіттерде оқи алмай, қатты зардап шегіп жүрген еді. Сондықтан жетісулықтар моңғолдарды қуана қарсы алды[60].

Наймандардың билеушісі ел-жұртты діни қуғын-сүргінге ұшыратқандықтан, өзге дінге төзімді қарайтын Шыңғысхан құдды азаттық әкелушідей қабылданды.  Оның барша дін біткенге тең қарайтыны, ешқайсысына артықшылық беруді қолдамайтыны Шәкәрім жазған «Шыңғыс хан шежіресінде» де атап өтіледі. Ол: «Жер жүзінің бәрі құдайдың үйі болса керек», яғни барша жұрт үшін «бір ғана жерді құдайдың үйі демек дұрыс емес», – деп санаған[61]. Өзі тәңіршіл, бірақ бодандарының басқа иланым ұстануына кедергі  жасамайтын Шыңғысхан және оның моңғолдары Күшлік хан мен  христиандық жолдағы наймандардың мұсылмандарға озбырлық көрсетіп, олардың бас қосып құлшылық жасау рәсімдеріне тыйым салғанын, діни қудалаушылыққа салынғанын оның мемлекетін басып алу ісіне шебер пайдаланды.

Мұсылмандардың жария түрде құдайға құлшылық ету құқы қалпына келтірілсін деген бұйрық оң нәтижесін берді. Күшліктің иелігіндегі қалалар моңғолдарға ешбір ұрыссыз-ақ берілді. Ал қашып кеткен Күшлік-ханды моңғолдар (Джувейни, Бартольд бойынша – Бадахшанда, Рашид ад-дин  бойынша – Шығыс Түркістандағы Сарыкөлде) қуып жетіп, өлтірді[62].

Шыңғысхан монғолдарының Шығыс Түркістан мен Жетісуды басып алуы олардың алдынан Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияға барар жолды ашты. Орта Азияда Шыңғысханның жеңімпаздығы жайында жеткен хабар түрлі пікір туғызды. Хорезмшах Мұхаммед Монғолияға аз уақытта екі бірдей елшілік аттандырды. 1218 жылдың көктемінде Шыңғысхан да оған елшілік жіберді.  Содан кейін Орта Азияға қарай сауда керуені жолға шықты. 500 түйе, 450 адамы бар үлкен  керуен 1218 жылдың жазында Отырарға жетті. Отырардын билеушісі қыпшақ Ғайыр-хан көпестерге тыңшылық жасады деген күдік келтірді де,  оларды өлтіруге бұйырды.

Шыңғысханның Ғайыр-ханды ұстап беру жөніндегі талабын хорезмшах Мұхаммед орындамады. Орындай да алмас еді, өйткені, Нисавидің айтуынша, әскердің көп бөлігі және жоғары дәрежелі әскербасылар Ғайыр-ханның қыпшақ туыстары болатын: мемлекеттегі толық билік жүргізу іс жүзінде солардың қолында еді[63].

Хорезмге қарсы соғысу үшін, жалпы Орта Азияны бағындыру үшін Шыңғысхан одақтастарымен – Жетісу қарлұқтарымен және Шығыс Түркістан ұйғырларымен бірігіп 150 мың жауынгері бар армия жасақтады.

1219 жылдың кыркүйегінде Шыңғысхан жорыққа Ертіс жағалауынан шықты. Әскерін бұрынғы жиһангерлер жүрген жолмен, Жетісу арқылы Сырдарияға бастады. Отырарға таянғанда – қаланы  қоршап алуға ұлдары Шағатай мен Үгедей басқарған қосындарды  қалдырды. Сырдарияның төменгі ағысындағы  Жент және Жанкент қалаларына үлкен ұлы Жошыны жіберді. Сырдың жоғарғы ағысындағы қалаларды бағындыруға үшінші жасақты аттандырды. Ал өзі негізгі күштерімен Бұхараға беттеді.

Отырарды 1219 жылдың қара күзінде қоршауға алған жаулаушыларға жарты жылдай қарсылық көрсетілді. Қамал  қорғаушылар түгел қырылғаннан кейін ғана, 1220 жылғы ақпанда алынды. Дария бойындағы басқа қалалардың тұрғындары да ерлікпен қорғанды. Қыпшақтардың мемлекеттік бірлестігінің орталығы Сығанақты Жошы жасағымен жеті күн, жеті түн қоршап тұрып, ақыры, шабуылдап басып алды да, тұрғындарды түгел қырып салды. Одан соң моңғол қолы Ашнасқа келді. Қатты  қарсылық көрсеткен қала тұрғындарының көпшілігін тас-талқан  етті.  Бұл оқиғалар 1220 жылғы қыс пен көктемде орын алды.

Жошы 1220 жылы Арал өңіріндегі Жентте тұрды, ал 1221 жылы Солтүстік Хорезм аумағындағы Амударияға барып, ауыр шайқаспен Үргеніш қаласын алды.  Сосын Арал теңізінің солтүстік-шығысындағы қазақ жазирасына жорыққа аттанды. Қалың қолмен барып, кыпшақтарды жеңді.

Жебе-ноян мен Сүбедей-ноян 1220 жылы Солтүстік Ираннан шығып, Кавказға басып кірді.  Аландарды, орыс жылнамаларында половецтер деп аталатын қыпшақтарды жеңді. Қалқа өзенінде орыстарды тас-талқан етті. Одан орыс жерінің оңтүстік аймағына ойран салды. Сосын шығысқа оралды. Ақыры, қазақ жері арқылы Шыңғысханның Ертістегі ордасына 1224 жылы қайтып келді.

Сөйтіп, монғолдардың бес жылға созылған жиһангерлігі нәтижесінде аталған зор аймақ, оның ішінде ұлан-байтақ қазақ жерлері Шыңғысхан империясының құрамына кірді. Осынау құдіретті империя Орталық Азияның түркі тайпалары негізінде құрылған еді, мұны сан түрлі тілде сақталған жазбаша дереккөздер куәландырады[64].

Бұған, сондай-ақ, Шыңғыс ханды қазақ ретінде қарастыратын шежірелер, әсіресе біз тілге көбірек тиек етіп отырған Қазыбек бек жазбалары да куәлік етеді. Жоғарыда айтқанымыздай, осынау Матай–Қазыбек шежіресінде Шапырашты Ұран есімді адамның жеке басының қасиеттері арқасында ежелгі замандағы атасының есімімен Майқы атанып, Шыңғыс ханның уәзірлерінің бірі болғаны аталады[65].

Жетісу жеріндегі  мемлекеттік құрылымдардың Шыңғыс хан жасақтарын, ғылыми тарихта айтылатындай, қуана қарсылағанын еске алғанда, сол шақтағы кейбір жәйттердің аңыз түрінде шежіреге қазақ өмірінің көрінісі іспетті еніп кетуіне таңырқауға болмас та. Шыңғыс өмірі әлемдік тарихи әдебиетте жеткілікті түрде зерттелгені белгілі. Сондықтан да Қазыбек бек шежіресіндегі деректер ғылымды елең еткізерліктей нақты ақиқатты білдіре қоюы неғайбыл, әйтсе де, қарастырып отырған тақырыбымыз ыңғайында оны шола кету абзал.

Шежіреші Темучинді қазақы тілмен Темір деп атай отырып: «Темір де Жалайыр (Мерке) тайпасынан шыққан, – дейді. – Оның аталары Жалайырдан — Орақты, оның ішінде Андастан тарайтын. Жанның баласы Меркенің (Жалайырдың шын аты) Шыңғыс хан-Темір — жиырма бесінші ұрпағы». Бұл, әрине, таза қазақыландырылған, ғылыми деректерге жуыспайтын мағлұмат.  Темучин моңғолдың қият-борджигин (Шәкәрімше – Боржығын Қият[66]) тайпасынан шыққан Есугей-баһадүр мен қоңырат тайпасының олқұнұт  руынан шыққан Оэлун-фуджиннің (хатунның) шаңырағында дүниеге келген[67].

Есугей баһадүрдің Оэлунге үйленуі жайында Қазыбек бек былай дейді: «Шыңғыстың (Темірдің) шешесі Өлең (Оэлун – Б.Қ.) үйінде Есукейден жүкті болып, әкесі қоңырат Асау хан оны қуып жіберген. Екіқабат Өлең қаңғып жүріп Есукейді тапқан. Есукей аса батыр адам болған». Ал бүгінде ғылым мойындаған мәлімет бойынша, Есугей-баһадүр бірде меркіт ханзадасының қалыңдығына көзі түсіп, ғашық болады да, меркіттер керуенін шабады. Күйме ішіндегі айдай сұлу Оэлунды олжалап әкетіп, әйелі етеді[68].

Қазыбек бек одан соң Шыңғысханның аталарын былай таратады: «Меркенің (Жалайырдың) баласы – Манақ, одан – Орақты, одан – Андас, одан – Ор, одан – Онтүр, одан – Бәкір, одан – Ұзық, одан – Тор, одан – Көк, одан – Бөгде, одан – Қара, одан – Бұрық, одан – Кер, одан – Құнмыр, одан – Бұрыл, одан – Шамшы, одан – Тілеуберді, одан – Кашау, одан – Досан, одан – Тұрымтай (атақты шешен болған), одан – Тұмағұл, одан – Дін, одан – Баян, одан – Есукей». Шыңғысхан шежіресіне Шәкәрім де көңіл бөлген. Ол бұл ретте Әбілғазы деректеріне сүйенеді. «Шыңғыс ханнан бұрынғы аталар көңілге аса сенімді болмаса да, біздің мұсылман шежіресінде осы Әбілғазы сөзінен анықтысы болмаса керек, себебі Әбілғазы хан он жеті шежіре кітабын салыстырып, әбден анықты дегенін алып жазған», – дейді ол[69].

Шәкәрімше – Адам-ата мен Хауа-ана «балалары бұзықтық қылып, діннен шыққан соң, Алла тағала қаһар қылып, топан су жіберген» де,  жер бетіндегі адамдар мен жан-жануардың бәрі қырылып кеткен. Сол ақырзаманда «Нұх пайғамбар үш баласыменен, оның қатындары  Алла тағаланың әміріменен кемеге кіріп, аман қалыпты. Осы күнгі барша адам балалары сол Нұхтың үш баласы – Сам, Хам, Яфастың нәсілі». Яфастың сегіз баласы болған, үлкені – Түрік (Түрк, Түркі – Б.Қ.). Түркіден – Елже хан,  одан – Бакой хан, одан – Киік хан, оның баласы – Аланшы хан. «Мұның уақтына шейін халық мұсылман еді, сол кезде бұзылып, суретке табынды. Аланшының екі баласы – Татар, Мағол. Аланшы қол астындағы елін екі баласына бөліп берген соң, Татар қол астындағы ел Татар атанып, Мағол қол астындағы ел Мағол (Моңғол – Б.Қ.) атанды...»[70]

Татар мен Мағол әуелде тату болған, Татар ханның жетінші ұрпағы Сүйініш ханның тұсында олар «жауласып шабысты». Мағол ханның әлденеше ғасырдан кейінгі ұрпағы Түмен ханның тоғыз баласы болған екен. Ішінде Қажұл және Қабұл есімді екі ұл егіз болыпты. Солардың бірі «Қабул – Шыңғыс ханның арғы атасы, Қажул – Әмір Темірдің арғы атасы». Қабулдың үлкен ұлы – Бартан хан,  оның үлкен ұлы Есукей батыр (Есугей баһадүр)[71]...

«Есукейдің әйелі Өлең Қоңырат ішінде Көктің ұлы дейтін атаның қызы еді, – дейді Қазыбек бек. – Темірдің (Шыңғыстың) әкесі Есукей ерте өліп, оның шешесі Өлең Қоңыраттың белгілі биі Меңлекеге тиген-ді. Өлеңнің Меңлекеден туған он ұлы Темірді бөлектеп шыдатпаған. Сонан соң ол олардан безіп, қайта Жалайыр ішіне қашып кетті. Міне Шыңғыстың, жалпы төрелердің тарақ тамғалы (таңбалы – Б.Қ.) болуы да осыдан еді»[72].

Бұл жерде ауызекі шежіреде айтылғандардың ғылыми зерттеулерге сүйенген еңбектерде растала бермейтініне еріксіз назар аудара кетуге тура келеді.

Есугей баһадүр Оэлуннен Темучиннен кейін үш ұл (Хасар, Хачи-ун, Темуге-Отчигин) және бір қыз (Темулин) көрген, екінші әйелі Сочихилден Бектер және Белғұтай деген екі ұлы болған. Темучин 9–10 жасқа келгенде, оның әкесі Есугейді Алтайдан арғы дала төсінде қатар көшіп-қонып жүрген татар тайпасы ішіндегі  дұшпандары улап өлтіреді. Сонда оның туыстары мен бағыныштыларының көпшілігі көпе-көрнеу опасыздық жасап, күні кеше құзырына бас шұлғып тұрған баһадүрдің отбасына, ол опат болғаннан кейін,  қарамай кетеді. Айналасынан сондай сатқындық көрген Темучин анасы Оэлунмен және  бауырларымен бірге өздерімен өздері, аң-құс, балық аулап күн көруге мәжбүр болады[73].

Қазыбек бектің шежіресіне мұндай жағдай ілікпеген, онда жоғарыда айтылған ахуалдан кейін де Темучин өмірі қазақы түрде былай өрбітіле береді: «Ол кезде маңғол, қазақ деген жоқ, ұру-ұрумен ғана аталса керек-ті. Сонымен, он жастан жаңа асқан Темір қоңырат тәрбиесімен өсті де, өзі де алғашқы әйелі Бөртені – Жошының, Шағатайдың, Үгедейдің, Төленің шешесін – қоңыраттан алды. Шыңғыс, бүгінгі тауарих сараптаушы ғалымдар айтқандай, бір ыңғай мұңғол деу ешбір шындыққа келмейді. Оның бар бітім-болмысы қазақы еді де, қазақты жаппай қырды деген хайбар». – ХІІІ ғасырда түркі тайпалары қазақ атымен әлі де ұйыса қоймағандықтан, мұны да ауызша айтылатын шежіренің кемістігіне балаймыз. ХІ ғасырдың ортасына таман Алтайдың арғы бетіндегі қазіргі Ресей Федерациясы мен Моңғолияға кіретін далалық аумақта моңғол және түркі (қият, қатаған, татар, меркіт, керейіт, найман, қоңырат, олхунут, қырғыз, т.б.) тайпалары аралас-құралас көшіп қонып жүретін. Олар түгіл, сол шақта қазақ жазирасында тұрған тайпалар да қазақ атын ала қоймаған.

Дегенмен, Қазыбек бектің жазбасындағы кейбір деректері елең еткізеді, мәселен, шежіреші: «Оның жаман дәріп алуы Бұйрық ханның қолындағы жеті тулы, дәлірек айтсақ, жеті мың қолды басқарған найман қолбасы Күшікті өлтіруі еді», – дейді. Бұл жердегі Күшік – ғылыми тарихта айтылатын, жоғарыда келтірілген Күшлік-хан болуға керек. Жетісу мен Орталық Қазақстанның толық билеушісі болып алған Күшлік басқарған наймандарды 1218 жылы моңғолдар талқандап, қашып кеткен Күшлікті қуып жетіп өлтірді[74].

«Күшік – қазіргі он екі ата Жалайырдың бір атасының басы, – деп нақтылай түседі шежіреші. – Оның тұқымы бүгінде Жалайыр Күшік аталады. Қазақтың Темірді (Шыңғысты) бір жек көргені – осы өз туысқаны Жалайыр тұқымына қол салғандығы». Алайда, Күшлік – елін Шыңғыс шабатын найман ханы Таянның ұлы[75]. Ғылыми тарихта дереккөз ретінде қаралған Джувейни, Рашид ад-дин, Бартольд еңбектері бойынша, жоғарыда айтқанымыздай, Жетісуға қырғидай тиген христиан-наймандардың басшысы Күшлікті моңғолдар қашып бара жатқан жерінен қуып жетіп, Бадахшанда, әлде Шығыс Түркістандағы Сарыкөлде басын алған[76]. Аталмыш шежіре, бірақ, сол оқиғаға байланысты: «Шыңғысты – Темірді – хан көтерген Жалайыр, Арғын, Найман – бәрі қарғап-сілеген», – дейді. Қызығы, «ақыры Темір өз қатесін мойындап, қазақтың айтулы үш ұруы – Арғын, Найман, Жалайыр жақсылары алдында құлдық ұрған», – деп, қатыгез әміршінің таққа отыру тарихы мен мінез-құлқына қазақы сипат бере түседі...

«Сол билер үйсін Ұран-Майқы би, Бөрібек шешен қазақтың одан басқа да Қалдар, Орқаш, Түмен, Темірқұт, Тулақ билері оны (яғни, Шыңғысханды – Б.Қ.) тіреп тұрды», – деген жазба жолдары да тарихи ақиқаттан гөрі ауызша ата шежіресі мақсатына тән әсірелеуге бұрылыңқырап кететін тәрізді. Дегенмен, шежірешінің: «Ұран-Майқы – Бәйдібек байдың жиырма үшінші ұрпағы», – деген жолдан Бәйдібек пен Майқы би өмір сүрген аралықта бес-алты ғасыр өткенін шамалаймыз. «Ал Бөрібек – Бәйдібекпен бірге туған Жәнібек ұрпағы. Бүгінде олар бүкіл елі отыз-қырық қана түтін» деген жолдар сол алыс замандарда жекелеген ру-тайпалардың бірі көбейіп, бірі азайып, тіпті өшіп жатқанын түсінуге жәрдемдеседі.

Өз жазбаларында Қазыбек бектің: «Темірді алғаш ақ киізге орап хан көтерген де Найман тау (кейін Шыңғыс атанды), Дегелең төңірегіңдегі Арғын, Найман, Жалайырлар болатын. Ол 605-жыл еді», – дегенінің Шәкәріммен үндес[77] шыққанын аңғара отырып, дегенмен, ауызекі шежіре бойынша айтылып отырған уақыттың нақты мезгілден – Темірді (Темучинді) Шыңғыс атандырған Ұлы құрылтай өткен 1206 жылдан мүлдем алшақтығын да айта кетуге тиіспіз: шежіреде «Темірді алғаш ақ киізге орап хан көтерген» уақыт делінетін хижраның 605-ші жылы  христиан жылсанағының 1190-шы жылына сәйкес келеді. Бұл шамамен – Темучиннің алғаш рет моңғол ұлысының ханы болып сайланған (1182 ж.[78] әлде 1189 ж.[79]) уақыты...

Қазыбек бектің айтуынша, Шыңғысханның «үнемі қара қытайлармен жаны қас болды. Ал найманды, керейді шабуы да осыған байланысты болатын». Моңғолдың құпия шежіресі мен өзге де тарихи жазбаларын, ортағасырлық шығыс авторларын мұқият зерттеу нәтижесінде ортақ пікір қорытылған, бұл күнде көпке мәлім мағлұмат бойынша, Шыңғысханның арғы аталарының бірі Амбағай ханды қытайлар азаптап өлтірген-тін. Өлер алдында ол ұрпақтарына өзін қытайларға ұстап берген татарлардан өш алуды аманат еткен еді. Шыңғыс қаһан жауынан ата кегін қайтару үшін тынымсыз күрес жүргізді, сондай мұқалмас ерік-жігерінің арқасында, өзінің 1223 жылы қытай ғұламасы Цю Чи Жиге сыр етіп айтқанындай, ірі жеңістерге жетті[80].

Шыңғыс қаһанның жеке басының жүрекжұтқан батылдығы, батырлығы, ерлігі және ұшқыр ойы мен кең пайым жасай білетін алғырлығы оны жас кезінен ерекше тұлға ретінде танытқан-ды. Шыңғысхан сонымен бірге өр мінезді еді, өте табанды, айрықша мақсаткерлігімен тамсандыратын ғаламат қайраткер еді. Алға қойған мақсатын орындасымен, ол артынша одан да биік межеге ұмтылатын.  Сол қасиеттерінің арқасында Шыңғысхан дербес тайпалардың басын қосып, біріккен Моңғолияның ұлы ханы – қаһан болғаннан соң, өзінің әскери қолбасшылық, әскери-ұйымдастырушылық дарынын сыртқы дұшпандарын жеңуге, басқа елдерді бағындырып алуға  жұмсады.

Ол әрбір жүргізген соғысын сәтті аяқтап, айбынын асқақтата түсті. 1211 жылдан Еке монгол улус (Ұлы Моңғол ұлысы,  Ұлы Моңғол мемлекеті) атанған империясы 1224 жылға қарай Солтүстік Қытайдан бастап күллі қазіргі Орта Азия мен Қазақстанды алып жатты. Шыңғысхан қайтыс болғаннан кейін де ұлы қаһанның жаугершілік жолын ұрпақтары сәтімен жалғастырып, 1260 жылға қарай барша әлемдік империялар ішіндегі ең ірі, жері ұлан-байтақ және қуаты бәрінен күшті, шығысында – Сары теңізден, батысында – Дунай мен Евфратқа дейін  созылған, Қиыр Шығыс пен Шығыс Европа, Алдыңғы Азия аумақтарын мекендейтін сан халықты, елдер мен мемлекеттерді біріктірген алып империя құрды[81].

Шыңғысхан бөлек-бөлек көшпенді тайпаларды бір ұлысқа біріктіруді әуелде керейітке сүйеніп, «мағолды аз-аздап жинап, татар һәм меркитпен жауласып», шынында, ең алдымен найманды алудан бастады[82]. «Оның атағы керейіттер ханының наймандармен, меркіттермен және татарлармен соғыстарында арта түсті, бұл соғыстарда болашақ Шыңғысхан керейіт ханының вассалы ретінде әрекет ете келе, ерекше жігермен қатысуын танытқаны сондай, оған тіпті құрметті мәртебе де берілді»[83]. Айрықша ерліктерімен көзге түскен жас батыр Темучинге «шекарадағы өкілетті дала комиссары» мағынасындағы «Чжа охури» атағы берілген болатын[84]. Содан бастап оның қуаты арта бастады да, керейіт ханына бағыныштылық ахуалы доғарылды. Ол 1203 жылы керейіттерді шапты, келесі жылы қырық бес мыңдық қолмен наймандар мен меркіттерге қарсы жорық жасады. Ертіс жағасында оларға 1208 жылы екінші рет соққы беріп, тас-талқан етті. Найман мен меркіттің оған бағынғысы келмеген бөлігі Ертістен өтіп, қазіргі қазақ даласына қашты...[85]

Қазыбек бек «Найман ханы Тамтық» деп, ыңғайы, Таян ханды атаған секілді. Найман ханы «қара қытайға қарсы соғысқа, Жетісуды босатуға қатысқысы келмеді», – дейді шежіреші. Нақты ахуалға сәйкес келмейтін пайымын ол одан әрі: «Қолдан билікті Темірге беруді өзіне ар санады, намыстанды. Пендешілік тұрғыдан келгенде, Тамтықгікі де дұрыс деу шамаға келеді, өйткені өзі би, өзі қожа болып отырып, енді жұрт солай ұйғарған екен деп, іргелі ел Найманды неге Жалайырдың жетіміне ұстата салмақ», – деп сабақтайды. Шежірешінің ойынша, бұл дұрыс емес: неліктен «қазақ қауымы – Арғын, Алшын, Үйсін болып Темірді төбесіне көтереді» де, іргелі ел Найманның ханы «Тамтықты неге шеттетеді?» осындай қате көзқарастың салдарынан, «міне, Шыңғыс жұрт ұйғарымына қарсы болған Тамтықтың ақыры түбіне жетті». – Бұл жолдар да жоғарыда көрсетілген кемшіліктің жалғасындай. Ауызша әңгімелеушінің нақты тарихи жағдайды тым қарадүрсін, бұрмалаңқы, тіпті қате әдіптеуі салдарынан осылай тұжырымдалған сықылды.  Аталған бұрмалаулар жазба жүргізген шежірешінің ел аузындағы сөзді, ыңғайы, сыни пайымға салмай, сол қалпы қағазға түсіргенінен туған болар.

Тап сондай, аңыз іспетті сөздер керейіттерге қатысты да айтылған. «Ал Керейді шапқаны да осы себеп еді, – дейді шежіреші, – оның үстіне Керейдің Абақ-Керейінен тарайтын Меркітте бұрыннан кетіп жүрген өші де бар еді. Бұрынғы бір соғысында Бөртені Меркіттер қолға түсіріп, оны құрсақтандырып қайтарған. Сондықган Меркітті де шапты». Оның баяндауынша, Меркіттер осы кезде атасының Үйсін екені есіне түсіп, қабырғалы ел, қалың Үйсіннің игі жақсыларына хат жазған көрінеді. Оның:  «Мен Меркіт – Шапырашты баласымын, Үйсін – Керей екеуінің таласымын. Сарсақалдан қорғағын, қоныс бергін, Қалаймын таудың үстін Қарқараны, Лабас, Арқас екеуі арасының», – деген бір ауыз өлеңі аталмыш шежіреші өмір сүрген дәуірге дейін ел аузында жүрген көрінеді. Автор: «Шынында да, Меркіттер сол шақта Мұзарт пен Торайғыр екеуінің арасынан Қарқара жайлауынан қоныс алған. Меркіттер Жетісуға келген соң, ислам дініне кіріп, әлхамға тілін келтіріп, кәлимаға келген», – деп жазады.

Бұдан бұрын да айтқанымыздай, 2006 жылы Темучин Онон өзені жағасында өткен Ұлы Құрылтайда Шыңғыс есімді қаһан болып сайланғаннан кейін, 2008 жылы, Ертіс жағалауында наймандар мен меркіттерді екінші рет талқандады. Одан, бірігіп қимыл жасамақ болғандарында, оларды ұйғыр билеушісі (идиқұты) тас-талқан етті. Содан соң, тарих ғылымы тұжырымдағандай, наймандарды Күшлік хан Жетісуға әкетті. Ал меркіттер Арқаға қашты. Орталық Қазақстан далаларындағы қыпшақтар арасына кетті...[86]

Шежірешінің: «Темір Найман тауда бүкіл қазақ Ақ, Жан, Бал, Бол – төртеуінің тұқымы тегіс хан көтерген соң, өзінің ордасын, қаршысын түгендеді. Бас уәзірге елге атақ-даңқы дәріптелген Тұранбай баласы Ұранды алды. Еркін уәзірлікке Арғын Қуандық Тоқы биді қойды. Жалайыр Қорым баласы Мұқалі әмір болды», – дегені, өкінішке қарай, көне дереккөздерге ілікпеген мәліметтер тәрізді. Жарты миллиондық әскерді бастағандардың көбі «біздің түркілер – қазақтар» еді дейді ол. Рас, Шыңғыс қолында моңғолдар да болғанын мойындайды, тек оларды бары-жоғы төрт жарым мың ғана адам деп біледі. «Одан басқа отыз екі мың татарлар бар-ды. Татарлар да түрікше сөйлейтін жұрт болатын. Шыңғыстың жарты миллион соғыс қолы тегіс түрікше сөйлейтін, 450 мыңдайы Арыстың бес баласының үрім-бұтағы болатын».

Ал ғылыми тарих бойынша, 1219 жылы Орта Азия мен Қазақстан аумағын алу үшін Ертістен басталған оның жорығына қатысқан әскердің жалпы саны, жетісулық қарлұқ Арслан-хан мен шығыстүркістандық ұйғыр идиқұты Баршұқ жасақтарын қосқанда, 120–150 мыңдай адамнан тұратын[87].

Мойындау ләзім, жоғарыда келтірілген пайымдарымен қатар, шежірешінің: «Егер тауарихтың жүзіне тура қарар болсақ, Шыңғыс қазақ жеріндегі билікке таласқандарға ғана қатты келді. Ол Арғынның, Үйсіннің, Қыпшақгың қылшығын қисайтқан жоқ. Қайта олардың жауынгерлігіне құлдық асып отырды», – дегені, сондай-ақ: «Шыңғыс әліпті таяқ деп білмейтін, сауаты жоқ адам болатын. Оның барлық шешімі, өкілі Ұран-Майқы мен Тоқы бидің құптауынсыз жүзеге аспады», – деп тұжырылған сөздері де біржақтылау, әлемді тітіреткен ұлы әмірші дәрежесін ретсіздеу әрі қисынсыз төмендетуге тырысу және қазақы арғы аталардың кейбіреулерін тым артығырақ дәріптеу болып шыққан[88].

Көзі қарақты оқырман аңғарған болар, Қазыбек бек шежіресінде Шыңғысханның шыққан тегі жалайыр болып көрсетілген. Бұл жазбада, сондай-ақ, аңызға айналдырылған өзге де қазақы баяндаулар жеткілікті. Ауызекі шежіре сонысымен  ерекшеленетін болса керек. Жоғарыда  келтірілген және төменде де ретіне қарай әңгімеленетін жазба тарих пен ауызша шежіре айырмашылығын оқырманның өзі аңғаруы үшін, мына үзікке көз салайық:  «Шыңғыс хан Абақ Кереймен жауласып жүргенде, Бөрте бәйбіше Абақтың тұқымы Меркіттердің қолына түсіп, Жошыға Меркіттің Берен деген жігітінен жүкті болып қайтыпты. Сондықтан Шыңғыс өмір бақи Жошыны ұнатпай, көңілінде күптілік тұрып алыпты. Жошы Жетісуды, Қазақстанның түстігін қанша жалынып сұраса да, бермей қойыпты. Ондағысы Шыңғыс Меркіттің түбінің Ақсақалдан (Сақалдың Ағынан) екенін білгендіктен, бұ жаққа жолатпапты. Жошы түбін тауып, ол өсекке жол ашады, ал өсек шың-құз болып тұрған ханның беделіне нұқсан келтіреді-міс. Бәрібір Жошы мұндай төменнен туғанына қысыла қоймапты. Ғұмырының бәрін бір қазақ қалай өткізсе, солай өткізген. Тіпті баласы Батыйға да мұны жасырмай айтып отырады екен деген сөз қалған. Шыңғыс жылылық танытпағанда, Жошы әкесіне былай депті деген бір ауыз өлең бізге жеткен. Оны маған жеткізуші еліміздің үш серкесінің бірі Бөгенбай қарт. «– Сенің түбің – Жалайыр, Менің тегім – Абақ-ты, Екеуі де бір туған Берсей жылы қабақты?» Шыңғыс сап-сары сақалын сыйпап күліп жіберіп, жауап бермей, орнынан тұрып кетіпті»[89].

Жошы хан – Шыңғыс қаһанның құрған империясының төрт негізгі тіреуі болған, қаһанның «төрт күлігі» атанған төрт ұлының үлкені, сол кезгі саяси сана тұрғысынан – «алтын ұрықтың» («алтын рудың», «асыл тұқымның») басында тұрған шыңғыстұқымды шынайы төрт атаның (Жошы, Шағатай, Үгедей, Төлей) бірі.

1219–1224 жылдары Орта Азия мен Қазақстан аумағындағы елдерді бағындыруды аяқтағаннан кейін, Шыңғысхан «төрт күліктің» әрқайсысына бір-бір ұлыс бөліп берді. Ұлыстардың қаһан ордасынан қашықтығы «күліктердің» жасына сәйкес белгіленді.

«Төрт күліктің» ең кішісі – төртінші ұлы Тулуй (Төлей) өзінің «Отчигин», яғни «Үйдегі ошақтың, оттың иесі, Қара шаңырақты ұстайтын ұл» деген құрметті мәртебесіне сай, Шыңғысханның түпкілікті жұрты – Орталық Моңғолияны иеленуге тағайындалды. Төлейден үлкені – үшінші ұлы Үгедейге Батыс Моңғолияны Тарбағатайға дейін, екінші ұлы Шағатайға Шығыс Түркістан, Жетісудың көп бөлігі және Мавераннахр берілді.

Ал бірінші «күлік» – үлкен ұлы Жошы Ертістен Еділдің төменгі ағысына дейінгі жазираны, Жетісудың бір бөлігі мен Солтүстік Хорезм шегіне шейінгі алқапты билеуге тағайындалды.

Жошының тегіне күдік келтіретін өсекке байланысты, Бөрте-хатунды жақтап сөйлеген империядағы ықпалды адамдардың бірі Коко-Цос: «Біздің қасиетті ханшаның жаны таза – құдды көкте көз ұялта жарқыраған күн дерсің, ойы кең-шалқар – құдды көл дерсің», – дей отырып, қаһанның «күліктерінің» – ұлдарының өз анасына күдік келтіруі жақсы еместігін айтқан-ды. Сонда Шыңғысхан да «күліктерінің» үлкені Жошы екенін балаларының естеріне салып, ондай әңгіменің  бұдан әрі қайталануына қатаң тыйым салған болатын[90].

Тағы бір ескеретін жәйт – жоғарыда келтірілген шежіре үзігінде Жошы ханның баласы Батый деп аталады, алайда, ол орыстардың қойған аты[91], қазақтар оны өз атымен – Бату хан, немесе лақап атымен – Сайын хан десе керек еді...

Қазыбек бектің жазбаларында: «Ал ендеше Шыңғыс қазақ қалаларын неге қиратты деген сауал келеді», – деген сұрақ қойылып, «Шыңғыстың жермен жексен еткен қалалары көбіне қара қытайлар билеп отырған Үш, Ақтөбе, Тараз, Отырар, Бақын сияқты қалалар болатын», – деген анықтама келтіріледі. Оның айтуынша, аталған қалалардың иелері «Шыңғыстың күшіне, оны көп қолдап отырғанына сенгісі келмеді».  Сол себепті «олар елшілік рәуаятына жатпайтын оғаш іс істеді».  Атап айтқанда, Шыңғыс ханның «жүз алпыс түйемен жіберген керуенін түгел тонап» алды. Керуен «басы Тоғышарды, Тоқы бидің үлкен ұлы Еренді алпыс бес адам дүбірімен түгел қырып тастады». Сол алпыс бестің бірі болар, «Асанды екі көзін ойып, екі құлағын кесіп шұнтитып, құйқасын үш жерден тіліп, өзін қара есекке теріс мінгізіп, екі қолын артына, екі аяғын есектің бауырынан байлап бір түнде Шыңғыс шатырына жеткізіп тастады».

Осы жерде ауызекі әңгімеге тән әсірелеушілік орын алып отырғанына тағы бір назар аудара кеткен жөн тәрізді. Шыңғыс қаһан Ертістен басталған жорығына қатысушы әскерін Отырарға тақалғанда төртке бөлген-ді. Бірнеше түменін Шағатай мен Үгедейдің қарамағына, Отырарды алу үшін қалдырды. Жошы бастаған қосындарды Сырдариямен төмен қарай, Жент пен Янгикентті  шабуылдауға жұмсады. Сырдың жоғарғы ағысы бойындағы қалаларды бағындыруға тағы бір жасағын жіберді. Шыңғысханның өзі «төрт күлігінің» кішісі Төлеймен бірге әскерінің негізгі күштерін бастап, Бұхараға аттанды. 1220 жылы жағытұрым оған күллі Мавераннахр (Әму мен Сырдың арасы) бағынды. 1220–1221 жылдары Хорасанның қалаларын, Хорезмді жаулап алып, Орта Азияны жаулап алу жолындағы соғыс қимылдарын аяқтады[92].

Ал оның 1219 жылы жорыққа шығуына сылтау болған арандатушылық – Отырар билеушісінің сауда керуенін тонап, көпестерді қырып тастауы – 1218 жылы орын алған-ды. Қазыбек бек жазбасындағы жәйт көпке мәлім тарихи әдебиетке ілікпеген оқиға болу керек, әйтсе де, шежіреде аталған қалалардың қай-қайсысынан да Шыңғысханның керуенбасын «есекке теріс мінгізіп, екі қолын артына, екі аяғын есектің бауырынан байлап бір түнде Шыңғыс шатырына жеткізіп тастады» деу, жоғарыда баяндалған  соғыс қимылдары географиясы тұрғысынан қарағанда, орындалуы екіталай әрекет екені күмәнсіз. Алайда ауызекі әңгіменің уақыт өте келе, әңгімелеушілер тарапынан өзгеріске ұшырай беретіні – табиғи нәрсе.

Шежірешінің жазуынша, «Қоңырат Тоғышар – Шыңғыстың күйеу баласы», соны өлтіру салдарынан «590–95 жылдар арасында бірталай ел босқа қан төкті».   Бұл жерде де көзге ұрып тұрған сәйкессіздікті көрсетуге мәжбүрміз: мұсылман жылсанағымен келтірілген «590–95 жылдар» Юлий, Григорий күнтізбелерімен 1179–1184  жылдарды білдіреді, бұл – Темучиннің Алтайдың арғы жағында, Байкал көлі маңында көшпенді тайпаларды біріктіру үшін күресіп жүрген шағы...

Шежірешінің баян етуінше, саудагерлерді қырған да, кейін Қор Асан атанған біреуін қорлап, Шыңғысханға түнделетіп жеткізіп тастаған да қоңыраттар екен. Сондықтан, мұндай жаулық жасаған «қоңыраттарды қыруға Шыңғыстың қызы Моқын сұлу қатты қаһарланып, соғысты өзі басқарды. Бүкіл бір балықгы – Мүсәпірді жермен жексен етті»[93].

Шыңғысханның тек Бөртеден әйгілі «төрт күлігінен» басқа бес қызы болды[94]. Бірақ олардың әлдебіреуі соғыс қимылдарына қандайда бір мәртебемен қатысқаны туралы дерек бізге ұшыраспады, шамасы, «Шыңғыстың қызы Моқын сұлу» жайы өз зерттеушісін  тосып тұрған болар...

Шыңғыстың мұндай қатыгездігі әлденеше мәрте қайталанды дейді Қазыбек бек. Осыдан кейін «бұрын Шыңғыс десе жан алып, жан беретін қоңыраттар» ішінде реніш көбейген көрінеді. «Қоңыраттар бұрын сенімді болғандықтан, төрт жарым мың маңғолдың ішіне де көп жіберілген-ді». Жошы мен Шағатай мінездерінен мұндай қатыгездік пиғыл байқалды деген бұл елде естілмеген екен. Кейінірек қоңыраттар қайта бас көтеріп, әсіресе Ақсақ Темір заманында ел билеуге молырақ қатысыпты. Мәселен, «кейін Қырымға, хижраның 739-жылы Хайдар мырза шабуыл жасап, оны басып алды. Хайдар мырзамен Еділ бойына кеткен сол қоңыраттың бәрі Қырымға сіңіп кетті».

«Ұран (Майқы) заманын оның тұрғыласы Шыңғысты Жамал баба Қаршы баласы қалпынша тауарихқа түсіргендіктен, мен оған аса көп тоқталмадым, – деп сабақтайды шежіресін Қазыбек бек. – Мен өзімнен бұрын жасаған адамдардың айтқанына әлдеқандай бір ауытқушылық жасағым келмейді. Ұран бабамыздан кейін маған дейін мәмләкәт әспетінде, яғни хан төңірегінде қызмет қылған адам жоқ. Ішінен бабаларымыздың батыр шыққаны бар болар, көбі-ақ шаруа баққан адам еді. Оны менің бала кезімде Матай атам: «Бізден қазақты билеген бір адам шықпай-ақ қойды, биліктің һәммесін атам Ұран әкеткен бе?» – деп отыратын. Бірақ атам менің де хан жанында оңқал болғанымды көре алмай кетті, әкем де көрмеді. Атам судыратып оқып, жылдам қағаз түзетін ұрпағын да армандады»[95].

ХVIII ғасыр авторының ата-баба шежіресін тарқату барысында өзіне дейін ауызша жеткен аңыз-әңгімелерді қағазға түсіруі, соның ішінде, ХІІІ ғасырда өмір сүрген аталарының өмір сүрген ортасы мен Шыңғысхан мемлекеті жайында ел ішінде айтылатын жәйттерді келтіруі қызықты екені даусыз. Олар ғылыми тарих мағлұматтарымен дәлме-дәл үйлесе бермейтіндігіне қарамастан, танымды ертегілер сипатты, дербес өмір сүре беруге толық құқылы болар.

Аталмыш шежіренің ХIII ғасырдағы тарихи тұлға, мемлекет қайраткері, әскери қолбасшы Шыңғысханды түбі түркі текті сынды қарастыруы тегін емес. Шыңғысхан империясының едәуір дәрежеде түркілік ру-тайпалардан кұрылғанын ХХ–ХХІ ғасырлардағы ғылыми зерттеулер  дәлелдеген.   Түркі қағанаты дәуірінде қалыптасқан, одан бергі мемлекеттік құрылымдарда да бұзылмай сақталған дәстүр монғол мемлекеттілігінің ұйысуына елеулі ықпалын тигізгені мойындалған шындық. Осы орайда, түркілік әдет-ғұрыптың Шыңғысхан империясында кең қолданыста болғандығына дәлел ретінде, В.В.Бартольд еңбектерінен бірер мысал келтірейік.

Ғалым арнайы барып танысқан Ақыртас көне ескерткішінен оңтүстік-батысқа қарай 15 шақырымдай қашықтықта, тауға тақау  Үкітас қазақ қыстауындағы үйлердің бірінің құрылысына балбал тас қолданылыпты. Тастың бет жағы сыртқа қаратып қаланған екен. Бартольд оны «Орыс Түркістанындағы балбал тас табылған ең батыс шет» деп есептейді. Мұндай тастар осыған дейін Сырдария облысының шығыс бөлігі  мен Жетісуда өте жиі кездесетін.

Молаларға осындай тас фигуралар орнату әдеті Қытайда б.з.б. ІІІ ғасырда болған деген хабарды Бартольдқа Құлжа консулы В. М. Успенский жеткізеді. Ғалымның ойынша, «оны қытайлықтардан көшпенділер өз ғұрпына сіңіріп алса керек». Ал Орхан экспедициясы кезінде табылған олжаларды зерттеу нәтижесінде  қолына семсер мен тостаған ұстаған фигуралардың балбал деп аталатыны, оны түркілер б.з. VII және VIII ғасырларында орнатқаны белгілі болды. Балбал өлгендердің өздерін емес, жерлеу рәсіміне ерекше үлесімен қатысқан тұлғаларды бейнелеуге тиіс болатын.

Бейіттер басына балбал тас қою әдеті VI–VIII ғасырлар түркілерінде ғана емес, олардан кейін де бірнеше жүзжылдық бойы сақталған. Мұндай фигураларды IX және X ғасырларда Жетісу мен Сырдария облысының шығыс бөлігіне иелік еткен қарлұқтар да тұрғызып жүріпті. Х ғасыр саяхатшысы Әбу Дулеф олардың отқа жанбайтын ағаштан салынған храмы болғанына, оның қабырғаларында өткен патшаларының суреттері бейнеленгеніне куәлік етеді.

Осы көне түркілік әдет Шыңғысхан дәуірінде де сақталған болып шықты. Тіпті, бұл дәстүр әлемді дірілдетуші ұлы әмірші дүние салғаннан кейін де бұзылмаған екен: «Балбалдар Шыңғысхан, оның ұлы Төлей мен Төлейдің Құбылай мен Хулагудан өзге балалары жерленген зиратта да тұрған; Рашид ад-диннің куәлік етуіне қарағанда, осы орында «олардың (хандардың) бейнелерін жасап алып, жұпар иіс шығаратын заттарды тұрақты түрде жағып тұрған»[96].

Түркілердің алғашқы мемлекеттілігінде туып, бертінде, наймандар мен керейіттердің ұлыстарында дамытылған әскери-әкімшілік жүйе Шыңғысхан империясынын негізіне айналды. Империя халқы соғыс мүддесіне қарай шұғыл түрде қажетті әскери жасақтар (түмен,  мыңдық, жүздік, ондық) шығарып бере алатындай дәрежеге сәйкестендіріліп, жоғарыда айтқанымыздай, 95 әкімшілік бірлікке ұйыстырылды. Сондай құрылым, Шыңғысханның бұлжымастай етіп орнатқан темірдей қатаң тәртібі мен бірыңғай басқару әдісі арқасында, империядағы бүкіл көшпенді бодан бойында әскери өмірді тұрмыс салтына айналдырған жинақылық пен шапшаң әзір болушылық қабілеттерді қамтамасыз етті.

Шыңғысханның атты қосындары әрқашаңда жоғары жауынгерлік сапасымен және орасан зор шапшаңдығымен ерекшеленетін, сондықтан да оның әскері тау суындай екпінді әрі тасқынды, қаһарлы да жойқын күшке айналды.

Жаһанды тітіреткен айбарлы Шыңғысханның соғыстарда әрдайым жеңіске жету себептерінің бірі – оның монғол тайпаларын ғана емес, түркі тайпаларын (Орталық Азия мен қазақ жазирасындағы көшпенді халықтардың жауынгерлік күштерін) түркілердің қағанаттары тарих сахнасынан кеткеннен кейін көп уақыт өткенде тұңғыш рет елеулі түрде, жаңа сатыда, жаңаша біріктіруінде  болатын.

Монғолдардың өз байырғы жұрты саналатын Монғолияның өзіне тиесілі шегінен тысқары жерлерді жаулап алуы, Сібірдің, Казақстанның, Шығыс Түркістанның түркі халықтарын өздеріне қосып алуы – күллі Орталық Азия көшпенділерінің бірлігін білдіретін символ іспетті «киіз туырлықты пана етіп тұратын халықтарды» біріктіру ұранымен жүзеге асырылды.  Шыңғысханның көшпенді халықтарды біртұтас империяға топтастыру қажеттігін уағыздауы, түркілерді монғол бодандарына айналдыру мақсатымен қилы мәмілегерлік амалдар жасауы, Трепавловтың айтуынша, Жетісу және Ферғана князьдіктерін басқарушы карлұқтармен, ұйғыр Тұрпан князьдігінің, оңғыт ұлысының билеушілерімен  әулеттік құдандалы болуға ұласып жатқан «одақтық қарым-қатынастар» жасауға алып келді[97].

Монғол жиһангерлері шапқыншылық жасау, жаулап алу жорықтары барысында басқа елдерді бағындыруды көздейтін құралдардың ауқымды амал-әдістерін қолданды. Олар әскери және мәмілегерлік тәсілдерді де, жансыздар  жұмсауды, тыңшылықты түрлі жолмен ұйымдастыруды, психологиялық соғыс құралдары ретінде қарсыластары ішіне үрей таратуды, оларды әлдебір шалыс қадамға қасақана арандатушылықты, араларынан кепіл алу әдістерін, тағысын-тағы қулық-сұмдықтар қатарын  түгелдей дерлік пайдаланды, – бұларға  қилы жылнамалардан неше-алуан дәлелдер көруге болады.

Шыңғысхан әскерінің шапқыншылығы барысында бір бөлігі Моңғолиядан қуып жіберілген, бүгінгі Қазақстанның сол кезгі аумағында тұрған наймандар мен керейіттер, сондай-ақ басқа аймақтарды – Орта Азиядағы хорезмшахтар мемлекетін, Иранды, Ауғанстанды, солтүстік Кавказ бен оңтүстік орыс далаларын мекендеген қыпшақтар мен қаңлылар өте ауыр соққыға ұшырады. Олар моңғол жаулап алушыларына қарсы Хорезммен, Русьпен, Солтүстік Кавказ тұрғындарымен одақтаса отырып, табан тіресе қарсылық көрсетті. Жетісуда тұратын қарлұқтар, сондай-ақ қыпшақтардың, қаңлылардың, наймандардың, керейіттердің Шыңғысханға қарсыласпай, бірден бағынған бөліктері де монғолдардың басқа елдерді жаулап алу соғыстарына қатысулары салдарынан елеулі шығын шекті.

Тарих ғылымы моңғол шапқыншылығының Қазақстанға да, жаулап алынған өзге елдерге де асқан зор апат әкелгенін айтады. Жергілікті халықтардың қарсылық әрекеттерін басу үшін Шыңғысхан жаппай террор жасады. Ол зорлық-зомбылықты әдеттегі іс-әрекет дағдысына айналдырды, сөйтіп, тұлпарының тұяғы тиген тұтас аудандарды ойрандап отырды.

Оңтүстік Қазақстан аумағына кіретін Сырдария бойындағы қалалар мен қоныстар сондай сойқандардың алғашқы құрбанына айналды. Отырар, Сығанақ, Ашнас қалаларының тұрғындарын моңғолдар түгелдей жойып жіберген еді. Олар елдерді шабу барысында адамдарды жаппай қырып-жойып, өндіргіш күштерді қаусатты, материалдық және мәдени құндылықтарды қиратып жоқ қылды. Шихаб ад-дин ан-Нисави жазғандай, «адамдар артта қалған ғасырларда – келмеске кеткен мемлекеттер замандарында – естілмеген апаттарға куә болды». Ортағасырлық деректер көздеріне және көптеген іргелі зерттеулерге сүйене келе, ғылыми тарих Шыңғысхан моңғолдарының шапқыншылығын орта ғасырлардағы асқан зор алапат трагедия ретінде бағалайды[98].

[1] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме шейін. 2-басылым. – Алматы, 2008. – 813-б.

[2] Зуев Ю.А. Китайские известия о Суябе//«Известия АН КазССР, серия истор., археол. и этногр.»,  выпуск 3. – Алма-Ата,  1960. – 88-б..

[3] Кляшторный С.Г. Древнетюркские рунические памятники как источник по истории Средней Азии. – Москва, 1964. – 122-б.

[4] История Казахской ССР.  1-т. – Алма-Ата, 1977. – 328–334-бб.; История Казахстана. 1-т. – Алматы, 2010.  – 300–304-бб.

[5] Шапырашты//Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме шейін. 2-басылым. – Алматы, 2008. – 813-б.

[6] Қазақ Ствет энциклопедиясы. 7-т. – Алматы, 1975. – 111-б.

[7] Шәкәрім Құдайбердіұлы. Шығармалары.  Екі томдық. ІІ том. – Алматы,2007. – 136-б.

[8] Шапырашты//Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме шейін. 2-басылым. – Алматы, 2008. – 814-б.

[9] Ертедегі ортағасырлық мемлекеттер//Қазақстан тарихы. 1-т. – Алматы, 2010. – 296–346-бб.

[10]  История Казахстана. Т.1. – Алматы, 2010. – 296–314-бб.

[11] Махмуд Кашгарский. Диван лугат ат-турк. Т. І. – 330-б.

[12] Бартольд В.В. Сочинения, VIII т. – 51-б.

[13] История Казахской ССР. Т.1. – 342-б.

[14] Шапырашты//Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме шейін. 2-басылым. – Алматы, 2008. – 814-б.

[15] История Казахской ССР. Т.1. – 343–344-бб.

[16] Шәкәрім. Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі//Шәкәрім Құдайбердіұлы. Шығармалары. Екі томдық. ІІ том. – Алматы, 2007. – 137-б.

[17] Қазақ ССР тарихы. 1-том. – 339-б.

[18] Шәкәрім Құдайбердіұлы. Шығармалары. Екі томдық. ІІ том. – Алматы, 2007. – 137-б.

[19] Қазақ ССР тарихы. 1-т. – 462-б.

[20] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме шейін. 2-басылым. – Алматы, 2008. – 814-б.

[21] Керей//Шәкәрім Құдайбердіұлы. Шығармалары. Екі томдық. ІІ том. – Алматы, 2007. – 161-б.

[22] Шапырашты//Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме шейін. 2-басылым. – Алматы, 2008. – 815-б.

[23] Султанов Т. Поднятые на белой кошме. Ханы казахских степей. – Астана, 2006. – 22-б.

[24] Керей//Шәкәрім Құдайбердіұлы. Шығармалары. Екі томдық. ІІ том. – Алматы, 2007. – 161-б.

[25] Шапырашты//Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме шейін. 2-басылым. – Алматы, 2008. – 815–816-бб.

[26] Қырғыз//Қазақ Совет энциклопедиясы. 7-т. – 107-б.

[27] Қазақ Совет энциклопедиясы. 7-т. – Алматы, 1975. – 107-б.

[28] Шапырашты//Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме шейін. 2-басылым. –Алматы, 2008. – 815-б.

[29] Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі//Шәкәрім. ІІ-т. – Алматы, 2007. – 137-б.

[30] Қазақ ССР тарихы. 2-том. Алматы, 1983. – 34–35-бб.

[31] Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі//Шәкәрім. ІІ-т. – Алматы, 2007. – 137-б.

[32] Қазақ ССР тарихы. 2-том. Алматы, 1983. – 36-б.

[33] Шапырашты//Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме шейін. 2-басылым. – Алматы, 2008. -815–816-бб.

[34] Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 6-т. – Алматы, 2004. – 196–199-бб.

[35] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме шейін. 2-басылым. – Алматы, 2008. – 816–817-бб.

[36] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме шейін. 2-басылым. – Алматы, 2008. – 817–819-бб.

[37] Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 5-т. – Алматы, 2003. – 444-б.

[38] Қазақстан тарихы. 1-том. – Алматы, 2010. – 216–397-бб.

[39] Шапырашты//Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме шейін. 2-басылым. – Алматы, 2008. – 818–822-бб.

[40] Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі//Шәкәрім. ІІ-т. – Алматы, 2007. – 154-б.

[41] Сокровища Золотой Орды. – Санкт-Петербург, 2000. – 26-б.

[42] Құдайбердіұлы Ш. Шығармалары. Екі томдық. ІІ-т. – Алматы, 2007. – 178-б.

[43] Қазақстан тарихы. 2-т. – Алматы, 2010. – 77-б.

[44] Усманов М.А. Золотая Орда: истоки и наследие//Сокровища Золотой Орды. – Санкт-Петербург, 2000. –26–27-бб.

[45] Қазақстан тарихы. 2-т. – Алматы, 2010. – 80-б.

[46] Құдайбердіұлы Ш. Шығармалары. Екі томдық. ІІ-т. – Алматы, 2007. – 139-б.

[47] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме шейін. 2-басылым. –Алматы, 2008. – 822–823-бб.

[48] Қазақстан тарихы. 1-т. – Алматы, 2010. – 440-б.

[49] Татаро-монголы в Азии и Европе. – Москва, 1977. – 26, 385-бб.

[50] http://ru.wikipedia.org/wiki/Онон

[51] http://ru.wikipedia.org/wiki/Делюн-Болдок

[52] Қазақстан. Ұлттық энциклопедия.  9-т. – Алматы, 2007. – 608-б.; Қазақ ССР тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық. 2-т.  – Алматы, 1983. – 118–119-бб.

[53] Шыңғыс хан шежіресі//Құдайбердіұлы Ш. Шығармалары. Екі томдық. ІІ-т. – Алматы, 2007. – 178-б.

[54] Құдайбердіұлы Ш. Шығармалары. Екі томдық. ІІ-т. – Алматы, 2007. – 154-б.

[55] История Казахстана. С древнейших времен до наших дней. В пяти томах. Т.1. – Алматы, 2010. – 440-б.

[56] Кычанов Е.И. Жизнь Темучина, вздумавшего покорить мир.  Москва, 1972.; Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық. 1-т. – Алматы, 2010. – 440-б.

[57] Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық. 1-т. – Алматы, 2010. – 440–441-бб.

[58] История Казахской ССР. С древнейших времен до наших дней. В пяти томах. Т.2. – Алматы, 1979. – 115-б.; Сокровенное сказание. Монголдьская хроника 1240 г. Т.1. – Москва–Ленинград,  1941. – 158-б.; Мункуев Н.Ц. Заметки о древних монголах//Татаро-монголы в Азии и Европе. – Москва, 1977. – 386-б.

[59] Бартольд В.В. Очерк истории Семиречья. Сочинения. Т.ІІ. ч.І. – Москва, 1963. – 54-б.; Рашид ад-дин. Сборник летописей. Т.І, кн,2. – Москва-Ленинград, 1952. – 163-б.;  История Казахской ССР. С древнейших времен до наших дней. В пяти томах. Т.2. – Алматы, 1979. – 116-б.; Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық. 1-т. – Алматы, 2010. – 441-б.

[60] Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық. 1-т. – Алматы, 2010. – 441-б.

[61] Құдайбердіұлы Ш. Шығармалары. Екі томдық. ІІ-т. – Алматы, 2007. – 178-б.

[62] История Казахской ССР. Т.т.2. – Алма-Ата, 1979. – 116-б.

[63] Петрушевский И.П. Поход монгольских войск в Среднюю Азию в 1219–1224 гг.  и его последствия//Татаро-монголы в Азии и Европе. – Москва, 1977. 115–116-бб.; Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық. 1-т. – Алматы, 2010. – 443-б.

[64] Завоевание монголами территории Казахстана//История Казахской ССР. Т.2. – Алматы, 1979. – 114-119-бб.; Шыңғысхан шапқыншылығы//Қазақстан тарихы. 1-т. – Алматы, 2010. – 440–445-бб.

[65] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме шейін. 2-басылым. – Алматы, 2008. -822-б.

[66] Құдайбердіұлы Ш. Шығармалары. Екі томдық. ІІ-т. – Алматы, 2007. – 178-б.

[67] Султанов Т. Поднятые на белой кошме. Ханы казахских степей. – Астана, 2006. – 11-б.

[68] Аңыз адам. 2010, № 2. – 5-б.

[69] Хан шежіресі//Құдайбердіұлы Ш. Шығармалары. Екі томдық. ІІ-т. – Алматы, 2007. – 173-б.

[70] Шежіре басы//Құдайбердіұлы Ш. Шығармалары. Екі томдық. ІІ-т. – Алматы, 2007. – 124–125-бб.

[71] Хан шежіресі//Құдайбердіұлы Ш. Шығармалары. Екі томдық. ІІ-т. – Алматы, 2007. – 173–178-бб.

[72] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме шейін. 2-басылым. – Алматы, 2008. – 823-б.

[73] Султанов Т. Поднятые на белой кошме. Ханы казахских степей. – Астана, 2006.  – 11-б.

[74] История Казахской ССР. Т. 2. – Алма-Ата, 1979.  –  49-б

[75] Қалыбай Ж. Бала Тэмужиннен – Шыңғыс қағанға дейін//Аңыз адам, 2010, № 2. – 16-б.

[76] Қазақ ССР тарихы. 2-том. – Алматы, 1983. – 120-б.

[77] Құдайбердіұлы Ш. Шығармалары. Екі томдық. ІІ-т. – Алматы, 2007. – 154-б.

[78] Қалыбай Ж. Бала Тэмужиннен – Шыңғыс қағанға дейін//Аңыз адам. № 2, 2010. – 14-б.

[79] Султанов Т. Поднятые на белой кошме. Ханы казахских степей. – Астан, 2006. – 11, 53-б.; Қалыбай Ж. Бала Тэмужиннен – Шыңғыс қағанға дейін//Аңыз адам. № 2, 2010. – 16-б.

[80]  Аңыз адам. № 2, 2010. – 10-б.

[81] Султанов Т. Поднятые на белой кошме. Ханы казахских степей. – Астана, 2006. – 12–13-бб.

[82] Шәкәрім. ІІ-т. – Алматы, 2007. – 138-б.

[83] Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан. Летопись трех иысячелетий. – Алма-Ата, 1992. – 172-б.

[84] Аңыз адам. 2010, № 2. – 11-б.

[85] Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан. Летопись трех иысячелетий. – Алма-Ата, 1992. – 172-б.

[86] Қазақстан тарихы. 1-том. – Алматы, 2010. – 440-б.

[87] Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан. Летопись трех иысячелетий. – Алма-Ата, 1992. – 176-б.

[88] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме шейін. 2-басылым. – Алматы, 2008. – 823–824-бб.

[89] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме шейін. 2-басылым. – Алматы, 2008. – 815-б.

[90] Султанов Т. Поднятые на белой кошме. Ханы казахских степей. – Астан, 2006. – 21–30-бб.

[91] Қазақтың қайдан шыққаны//Шәкәрім. ІІ-т. – Алматы, 2007. – 142-б.

[92] Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан. Летопись трех иысячелетий. – Алма-Ата, 1992. – 176, 179-бб.

[93] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме шейін. 2-басылым. –Алматы, 2008. – 824–825-бб.

[94] Султанов Т. Поднятые на белой кошме. Ханы казахских степей. – Астана, 2006. – 20-б.

[95] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме шейін. 2-басылым. – Алматы, 2008. – 825-б.

[96] http://www.bartold.ru/node/941

[97] Трепавлов В.В. Государственный строй Монгольской империи ХІІІ в. – Москва, 1993; История Казахстана. Т.1. – Алматы, 2010. – 442-б.

[98] Нашествие Чингисхана//История Казахстана. С древнейших времен до наших дней. В пяти томах. Т.1. – Алматы, 2010. – 440–445-бб.

Бейбіт Қойшыбаев

(«Рух-Сарай», 5-том, «ҚазАқпарат» баспасы, 2012 ж.)

Жалғасы бар...

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5292