Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әдебиет 3282 3 пікір 25 Шілде, 2023 сағат 12:16

Біз – қазақ ежелден... (жалғасы)

Басы: Біз – қазақ ежелден...

Өзіңді-өзің тану тәжірибесінен

4.

Үйсін – қазақ халқының қалыптасуына негіз болған ежелгі түркі тайпаларының бірі. Ұлы жүздің негізін құраған тайпалар Бәйдібектің балалары деп қарастырылады. Олар – Албан, Дулат, Суан, Шапырашты, Сарыүйсін, Ошақты, Ысты.  Шоқан Уәлихановтың жазбалары бойынша, Үйсін – аталған тайпалардың ғана емес, күллі Ұлы жүзге кірген тайпалардың түп атасы болып саналады[1]. Біз тарихын қарастырып отырған Шапырашты Үйсіннің бір баласы санатында болғандықтан, оның тарихы Үйсін тарихымен бір деп есептеуге толық негіз бар.  Осындай пайым жетегімен үйсіннің шығу тегін, таралуын, тарихтағы әр заманда алған орынын қарайық. Осы мақсатпен әуелі Н.А. Аристовте келтірілетін усуньдер (үйсіндер) тарихын қысқаша шола кетелік.

Археологиялық және геологиялық зерттеулер арқылы алынған деректер бүгінгі қазақ елінің аумағында алғашқы адамдар осыдан 2 миллион жыл шамасы бұрын өмірге келгенін, бұл жердің содан бері тіршілік толастамаған  қасиетті мекен екенін көрсетіп отыр. Қауымдық тұрмыс құрған қазақ жеріндегі алғашқы адамдар эволюциялық даму сатыларының сан түрлі қиындықтар мен ауыртпалықтарға толы болған баспалдақтарының барлығынан өткен. Сөйтіп, өркениет кезеңіне сүрінбей жеткен. Ал, бүгінгі Қазақ Даласын осыдан шамамен 2,5 – 4 мың жыл бұрын мекендеген сақ тайпалары туралы жазба тарих атасы Геродот б.з.б. V ғасырда жазып кеткен. Геродот бұл деректерді өзінен 240 жыл бұрын сақ тайпаларының ортасына екі рет келіп, оларды зерттеген ғұлама Аристей (б.з.б. VIII—VII ғғ.) жазған еңбектен алғанын айтқан.

Ал ғұн және басқа сақ тайпаларының басын қосқан алғашқы құдіретті мемлекет – Үйсін болған. Үйсін мемлекеті мен оның халқы б.з.б. V–IV ғғ. шамасында тарихта өз орнын алды. Бұл туралы академик Манаш Қозыбаев: «Осыдан екі жарым мың жылға жуық бұрын халқының үштен бірі атқа қонған Үйсін мемлекетінен бастап қазақ сахарасында талай тайпалық мемлекеттер үстемдік етті» деп жазды[2].

Қытай жылнамаларында Үйсін мемлекеті туралы арнайы жазылған еңбектерді бізге Н.В. Кюнер, Н.Я. Бичурин, Ю.А. Зуев, А.Н. Бернштам, Л.Н. Гумилев жөне басқа да ғалымдар жеткізген. Олар «Усунь», «Аөшін» деген сөздер – Үйсін, ал «Гуньмо» – Күнби (яғни «ұлы билеуші, патша» мағынасында) екенін тәржімелеген. Жапон ғалымы К. Сиратори «Куньмо» дегеннің дұрыс аудармасы «Ханби» екенін анықтаған. Академик Әлкей Марғұлан Үйсін мемлекетінің халқы Сыр алабы мен Алатау бөктерінен Сібір тайгасына дейінгі аралықты еркін жайлағанын әйгілеп кеткен. Осы тарихымыз туралы құнды мәліметтерді өз ғалымдарымыздан Марғұланға дейін Ш. Уәлиханов, М. Тынышбаев, С. Асфендияров және басқалар да жазған.

Үйсін мемлекетінің аумағы б.з. III–V ғасырларда осы күнгі Қазақ Даласынан  асып, Шығыс Даласын қамтыған. Көне Қытай картасында Ордостағы қазіргі Пинлян мен Гуюань үйездері ішкі Моңғолияның үйсіндер ту тіккен оңтүстік шекарасы ретінде көрсетілген. Үйсін мемлекетінің әйгілі ханбиі Елсаудың (б.з.б. 178 – 104 жж.) екінші ұлы Дулы бидің ұрпақтары III–IV ғасырларда бастап барған, құрамында ғұн тайпасының ержүрек жауынгерлері бар қалың әскер Батыс Даласынан асып, Батыс Европа елдерін бағындырғаны белгілі. Осы өлкеде құрылған жаңа мемлекеттердің халықтары өздерін Дулының ұрпағымыз дейді.

Христің Туылуына (Х.Т., яғни христиандық жыл санау басталғанға – біздің эрамызға) дейінгі 202-ші жылдан бастап, Қытайда Хань әулеті билікте болды. Бұл кезде Қытайды солтүстігі мен батыс жағынан хундар (ғұндар) жері қоршап жатқан-ды. Олар бұл шақта өте қуатты болатын[3]. Хундар империясы – өте ежелгі түркі мемлекеті санатында[4] еді. Ал Хунн (Ғұн)  империясы құрамындағы шағын елдің бірі үйсіндер болатын. Үйсіндер б.з.д. ІІ – VІ ғасырларда Жетісу, Іле аймақтарында және Ыстықкөл өңірінде орналасқан. Шекаралары батысында Шу, Талас өзендеріне, шығысында Тянь-Шаньның шығыс атырауларына, солтүстігінде Балқаш көліне, оңтүстігінде Ыстықкөлге созылды.

Үйсін сөзі «ұйысу», «топтасу», «ынтымақтасу» деген мағынаны білдіреді. Арғы тегі Қытай жазбаларында «Кунь уй», «Кунь ронг» («Күн бұратаналары», «Күн жабайылары») деген атаумен кездеседі. Христиан жыл санауына дейінгі ІV ғасырда – «Усунь ронг» («Үйсін әулеті жабайылары»), ІІ ғасыр жазбаларында «усунь»  деген атаумен ұшырасады. Осы кезеңде  Шығыс Тянь-Шань аймағын мекендеп, артынан батысқа қарай қоныс аударды. Іле өзені бойындағы, Жетісу өлкесіндегі тайпаларды оңтүстік-батысқа ығыстырып, тәуелсіз үйсін мемлекетін құрды[5].

Осы кезеңді қарастыра келе, Н. Аристов мынандай мәліметтер береді. Қытайдың бірінші императоры және Хань әулетінің басында тұрған Гад-ди біздің дәуірімізге дейінгі 198-ші жылы жүргізген сәтсіз соғыс әрекеттерінен соң, ғұн (хунн) билеушісі шаньюй Мөдеге (Модэ)  жыл сайын алым төлеп тұруға міндеттенген. Өзара шайқасып, одан тәуелділік жағдайда тікелей қатысып тұрғандықтан,  Қытай, міне, осы ғұндарды білген. Бірақ одан батысқа қарай орналасқан жерлер жайында ештеңе білмеген, ал мұндай жәйт өзгелермен тікелей төте қатынасы жоқ болғандықтан орын алса керек.

Х.Т.  дейінгі 139-шы жылы қытай үкіметі өзіне одақтас табу ниетімен сол шақта ғұндармен жауласып тұрған юечжи халқына Чжань-Цянь басқарған елшілік жіберді. Алайда шекарадан өткеннен кейін көп ұзамай елшілікті хундар ұстап қалды. Чжань-Цяньге он жылдан соң ғана тұтқыннан қашып шығудың орайы келді. Ол ондаған күндер бойы сапар шегіп, Ферғанаға (Давань), одан Сырдария бойындағы Кангюй еліне, содан соң юечжиге жетеді. Ол кезде бұл халық Дахя еліне (Бактрианаға) ие болып отырған, бұрынғы жерінен шалғайда жүргендіктен, хундардан өш алуды да, Қытаймен байланыс жасауды да ойына алмайтын.    Сонда бір жылдай болған Чжань-Цянь кері қайтады, бірақ жолда оны тағы да хундар ұстап қалады да, тек бір жылдан соң ғана қашып шығып, ақыры, он үш жылдан кейін, Қытайға Х.Т.  дейінгі 126 жылы оралады[6].

Бұл шамада үйсін мемлекетінде ел басқарудың 9 дәрежелі жүйесі қалыптасқан-тын. Билікке мұрагерлік тәртіп орнатылған. Әлеуметтік қатынастар заңмен реттелді. Мемлекетте жақсы ұйымдасқан күшті әскер болды. Әскердің жалпы саны 189 мың адамға жеткен. Елдегі халық саны 630 мың адам болған, олар барлығы 120 мыңдай шаңырақты құраған. Патшасы «гуньмо» – «күнби» деп аталған. Ғұндармен қалыпты қарым-қатынаста болған. Сондықтан, Чжан-Цянь бастаған елшіліктің ғұндарға (хундарға) қарсы қытайлармен бірігіп соғысу жайындағы ұсынысын қабылдамады[7].

Қытай тарихшылары  Чжань-Цяньның сол саяхатын батыс өлкені ашудың басы болды деп біледі. Оны Қытай Колумбы деп атайды, өйткені ол батыс Азия, Индия және Жерорта теңізі жанындағы елдер жайында дұрыс та шын мәліметтерді бірінші болып әкелген еді.  Оның әңгімелері қытай сарайының батыс елдеріндегі таңсық заттарға құмарлығын оятты.

Қытай әскерлері хундардан (ғұндардан) 127 жылы Ордосты, 121 жылы Гань-суды тартып алды. 104–101 жылдары Ферғанаға екі мәрте жорық жасады. Алғашқысы сәтсіз болды, ал 102 жылғы екіншісінде 60 мың адамдық таңдаулы қытай әскері сол шақтағы Шығыс Түркістанды құраған ұсақ иеліктерді бағындырып алды.

Чжань-Цяньның баяндамасы бойынша – Ферғананың солтүстік-шығысында Усунь (Үйсін) көшпенділер иелігі бар-ды. Олар б.з.д. 200-ші жылдары юечжи халқымен көрші болып, батыс Моңғолияның бір бөлігін алып жататын[8]. Оларға Чжань-Цянь елшілігі келіп кеткеннен кейін, ғұндар қырын қарайды, қысым көрсетуін күшейтеді. Ғұндардан қаймыққан үйсіндер б.з.б. 108 ж. Хань патшалығына 1000 жылқы қалың мал беріп, Си-Гюань (Шижун) ханшаны алады да, қытайлармен ресми саяси-дипломатиялық байланыс орнатады. Сол тұста ғұндар да үйсіндермен құда болады. Күнбиге қыз береді. Соның нәтижесі болса керек, қытайлар ғұндарға қарсы б.з.б. 71 жылы 150 мыңдық қолмен жорыққа шыққанда, үйсіндер ғұндарға 50 мың жауынгері бар өз әскерімен жақтасады. Бірақ бұл шайқастар Ғұн империясының да, Үйсін мемлекетінің де әлсіреуіне әкеп соғады[9].

«...Шаньюй Мөденің тұсында, 177 жылы, хундар батысқа үлкен жорық жасағанда, юечжиді жеңді, ... бәрін бағындырып,  Лэулань, Усунь, Хусэ және өңірдегі өзге 26 иелікті бекітті»[10].  Алайда,  ел ішінде қытай ханшасы мен ғұн қызынан туған ұлдар арасында таққа таласқан қиян-кескі күрес бой көрсетті[11].

Христиандар жылсанағына жарты ғасырдай қалғанда хундарды ішкі алауыздықтар іріте бастады. 57-ші жылы оларда өзара жауласқан бес шаньюй болды. 53-ші жылы басқаларын Чжичжи-шанюй жеңді. 49-шы жылы ол Усуньдерге елші жіберіп, одақ құру жөнінде ұсыныс айтты. Чжичжидің Қытаймен жаулық қатынаста екенін білетін үйсіндердің кіші гуньмиі (күнбиі) Уцзюту, қытай сарайына жағыну мақсатында, елшіні өлтірді де, ғұндарға қарсы 8 мың адамдық атты әскер жіберді.

Алайда Чжичжи бұл әскерді тас-талқанын шығарып жеңді. Одан солтүстігіндегі Уге, Гянь-гунь және динлиндерді біртіндеп бағындырды. Ара-арасында Усуньге әскер жіберіп, ұдайы жеңіске жетіп отырды.

44-ші жыл шамасында усуньдермен соғыс жағдайында тұрған және олардан жеңіліп жүрген Кангюй қожайыны Чжичжиді өзіне көмекке шақырды. Одақтастар усуньдерге қарсы бірнеше рет шайқасты. Усунь әміршісі бодандарымен шығысқа қарай кетті. 36-шы жылы Чжичжиді Шығыс Түркістандағы қытай билеушілері жеңді.

Х.Т. кейін 3-ші жылы батыс өлкенің Аға Ханьдер әулеті уақытындағы тарихын құрастырушы Усунь жайындағы мақаласын: «Усунь иелігі екі бөлікке – үлкен және кіші гуньми қожалығына бөлінген кезден бастап, қытай сарайы көп алаңдаушылыққа ұшырады, бір-де-бір жыл тыныш өтпеді»[12].

Бұл кезең жайында «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясында мынандай дерек берілген: «...Хань патшалығы ... б.з.б. 52 ж. өз жиендерін Ұлы күнби деп жариялап, оған 60 мың түтінді бөліп берді. Ал ғұндар өз жиендерін Кіші күнби деп жариялап, оған 40 мың түтінді басқартты». Осы талас-тартыстың салдарынан  Үйсін мемлекеті мейлінше әлсірей түскен де, Орталық Азиядағы саяси ықпалын жоғалта бастаған[13].

Жаңа заманның 1-ші жылында Қытаймен ғұндар келісімшарт жасады. Онда өздеріне бағыну үшін қашып келген үйсіндерді қабылдамауға міндеттенгендік жайында бап бар еді. Қытай мен үйсіндер арасында ғасырдан астам жалғасып келе жатқан қарым-қатынас осылай, христиан эрасының басынан тоқтайды. Х.Т.-ның 9-шы жылы Хань әулетін тақтан айырып, Ван Ман император болды. Келесі жылы Шығыс Түркістандағы әскери қоныс хундарға берілді, Қытайдың үйсіндермен және батыспен байланысы үзілді. 25–265-ші жылдары билеген Хэу-Хань әулеті алғашқы кездері тек ішкі істермен шұғылданды да, тек 73-ші жылы батыс өлкедегі билігін қалпына келтіруді қолға алды.

V ғасырда усуньдер (үйсіндер) Жуалы тауда – батыс өлкеде, яғни Шығыс Түркістанда орныққан: «...усунь иеленушісі V ғасырда Нарында, Таластың жоғарғы ағыстарында және Шатқалда көшіп-қонып жүрді». Көптеген дереккөздерді және зерттеушілердің пікірлерін қарастырып, Н. Аристов усуньдердің (үйсіндердің) территориясы мен шекараларына байланысты: «...Дегиньнің ойы бойынша, үйсіндердің жері «Іле өзенінің маңында, Ертістен Сайрам қаласына дейін»  созылып жатты, «Рихтхофен бойынша – үйсіндер Балқашты, Іле мен Ыстықкөлді алып жатқан», – дей келе, «үйсіндер аумағына Іле өзені мен оның салаларының бассейндері, Жұлдыздар, Нарын бассейні, Шатқал, Ыстықкөл мен Шу және Талас өзендерінің бассейндері, бір сөзбен, үйсіндер жері күллі батыс Тянь-Шаньды Іле бассейнін қоса алып жатты», – деп қорытты[14].

Бартольдтің айтуынша да усуньдер хундардан жеңілген халық қатарында. Хунн (ғұн) патшасы өзімен шайқаста қаза тапқан усунь (үйсін) патшасының ұлын өз тәрбиесіне алады да, кейін, бала-жігіт жорықтарда ерлігімен көзге түскен соң, оған өзінің әкесінің халқын – усуньдерді қайтарады. Сосын усуньдер өздерінің бұрынғы қоңсылары, кезінде хундар тас-талқан еткен юечжиліктерді қуғындауға қатысады.

Юечжилер өздерінің батысқа қарай жылжуы кезінде Жетісудан сэ халқын ығыстырып шығарған еді, енді оларды усуньдер ығыстырды. Осында усунь патшасы гуньмо Лецзяоми, қуаты артқаны сондай, хундарға мүлдем бағынбауға айналады.

Усунь елінен оңтүстікке қарай Шығыс Түркістанның отырықшы иеліктері, оңтүстік-батысында – Ферғана, батысында – көшпенді кангюй (қаңлы деп аталатын түркі халқы болуы ықтимал) халқының иеліктері жатты. Усуньдер (үйсіндер) Ферғанадан солтүстік-шығысқа қарай, ал қаңлылар –  солтүстік-батысқа қарай өмір сүріп жатқандықтан, иеліктері араларындағы шекара шамамен Жетісу және Сырдария облыстары арасындағы шекараға сәйкес келді.  Үйсіндердің көші-қоны негізінен, қытай жазбаларына қарағанда, Жетісудың жазық бөлігін алып жатты. Тауларын қылқан жапырақты ағаш тоғайы жапқан, табиғаты жаңбырлы, суық. Халық санын айтқанда – 120 мың отбасы немес 630 мың жан бар делінген. Усуньдер 188800 адамнан тұратын әскер шығара алатын болған. Астанасы, дұрысында, усуньдердің басты ордасы Чигу – Ыстықкөлдің оңтүстік-шығыс жағасында болған тәрізді.

ІV ғасырдың басында «ежелгі усунь жерлерін» сянбилер бағындырды. ІV ғасырдың аяғынан VІ ғасырдың ортасына дейін Орта Азияда жужандар билік етті. Солардың жиілеткен шапқыншылықтары усуньдерді Жетісудың жазық бөлігінен біржолата Тянь-Шань тауларына қоныс аударуға мәжбүр етті. V ғасырда усунь билеушісі Солтүстік Қытайға елшілік жіберді, ұзамай қытай елшілігі усуньдерге келді. Содан жыл сайын усуньдер Қытайға тарту-таралғы артынған елшіліктер жіберіп тұрды. Сол шақтан кейін усуньдер дербес халық ретінде тарихта кездеспейді[15].

Оқырман аңғарған болар, біз ғылыми әдебиетте усунь деп таңбаланған осы ежелгі халықтың атауын әлсін-әлсін жақша ішінде үйсін деп белгілеп отырдық. Өйткені оның кейін, қилы тарихи аласапыраннан соң қуаты әлсіреп, қазақтың Ұлы жүзі құрамына үйсін деген атаумен кіргенін білеміз. Дұрысында, сол алыс заманда да ол өзін солай – үйсін деп атаса керек. Усунь – шет жұрттардың көне жазбаларында солардың өздерінің тілдік ерекшеліктері ыңғайына бағындырылып, өстіп айтып-жазуымен сақталған атау.

Алайда, ірі зерттеуші Н. Аристов өзінің «Усуньдер мен қырғыздар немесе қара-қырғыздар» атты іргелі зерттеу еңбегінде: «...усуньдер  қазіргі батыс Тянь-Шаньды мекендейтін қара-киргиздердің (қырғыздардың – Б.Қ.) түпкі ата-бабалары. Олар алғашқыда Енисейде тұрған қырғыз халқының бір бөлігін құраған»[16], – деген тұжырым жасайды. Сондай-ақ, «Үлкен Орданың киргиз-қазақтары (қазақтар – Б.Қ.) мен қаракиргиздардың (қырғыздар – Б.Қ.) ...этностық құрамын анықтау тәжірибесі» атты бағалы еңбегінде де: «...қара-киргиз (қырғыз – Б.Қ.) халқы орта Моңғолияға кеткен және сондағы шыққан тегі қырғыздан ерекше түркі руларының бір бөлігімен қосыла келе, Х.Т. алдындағы ІІ ғасырда батыс Тянь-Шаньда  және оған солтүстік жағынан жалғасқан далаға қоныстанған усунь одағын жасаған Енисей қырғыздарының бір бөлігінен құраған»[17], – деген қорытындыға келген.

Ғалым бұл ойын дәлелдеу үшін едәуір еңбектенгенімен, онысы біздің көңілімізге қонбайды. Бұл, әшейін,  тым жобаға келмейтін болжал, қисынсыз жорамал ғана. Әйгілі ғалым В. Бартольд та оны «гипотезалық» пікірге балайды, сонымен бірге ол ежелгі усунь мен бертінгі қазақы үйсін атауын сәйкестендіруді де даулы мәселе деп білген. Дегенмен, «Усуньдер» атты мақаласында усуньдердің аты V–VІ ғасырлардан кейін жеке халық ретінде тарихи дереккөздерде ұшыраспайтынын айта отырып,  «...бұл есім (үйсіндер) тек Үлкен киргиз-казак (қазақ – Б.Қ.) ордасының аталымында ғана сақталып қалған»[18] екенін жазып кеткен.

Шынында, ІІІ – V ғасырларда үйсіндер мен қытайлардың қарым қатынастары елшіліктер алмасумен ғана шектелген. Ал V ғасырда жужандар мен аварлардың Орта Азия елдеріне шапқыншылық жасауы үйсін мемлекетін ыдыратуға апарып соқты. Үйсіндер содан кейін дербес мемлекеттік құрылым ретінде көрінген жоқ. Түбегейлі ыдырап, VІ ғасырдың орта шенінде жаңадан құрылған Түрік қағандығына бағынды[19]. Біз Шапырашты руының арғы тарихы жайын әңгіме еткенде, оның осы Үйсін бірлестігіне кіретіндігін есте ұстай тұрып, сол шақтағы дереккөздерде  өз атымен ұшыраспағанмен, алыс замандағы жоғарыда айтылған үйсін мемлекеті мен одан кейінгі түркі құрылымдарымен тағдыры бір болған деп білеміз.

Шығыс, Қазақ және Батыс Далаларын түтастырған осы Ұлы Далада дулы Естемес хан билік тізгінін алып, 556–576 жылдары Ұлы Түрк қағанаты қайта қанат жайды. Естемес хан қайтыс болған соң қағанаттың қазіргі Қазақ Даласы аумағындағы бөлігі, Л.Н. Гумилев бойынша, оның үлкен ұлы Қараша ханның қарамағына өткен. Ал Қазақ тарихындағы өмір жолы аңыздарға оранған, есімі ғасырдан ғасырға тарих толқындарын қақ жарып өтіп келе жатқан мызғымас тұлғалардың бірі – Қарашаұлы Бәйдібек би. Тарихымызда XIII ғасырдың бастапқы кезеңіне дейін «би» атауы осы бұрынғы Елбасы – «ұлы билеуші, патша, хан» дәрежесін алып келген де, қазақ даласына Шыңғыс хан билігі жүре бастағаннан бері қарай «халқының қамқоры, қара қылды қақ жаратын әділетті төреші» деген кейінгі мағынаға ауыса бастайды[20]. Біз енді бұл әйгілі тұлғаға алдағы тарауларда арнайы әңгіме желісін арнайтын боламыз.

5.

Халқымыздың шығу тегін, таралуын баяндайтын тарих ғылымының бір тармағы қазақ шежіресі екені анық. Шежіре деген сөздің өзінің түп-төркіні арабтың бұтақ, тармақ деген мағынаны білдіретін шаджарат деген сөзінен шыққан. Мәдениетті елдердің бәрінде рулар мен тайпалардың өсіп-өрбуін тізбелеп, ұрпақтан ұрпаққа жеткізген қалыптасқан ресми шежіре бар. Ресей, Германия, Англия, Франция және көптеген шығыс елдері өз халықтарының шежірелерін көп томдық жинақ ретінде шығарып қойған. Өзбек, башқұрт, түрікмен, қырғыз және Сібір халықтарында да шежірелер бар. Ал қазақ шежіресі өскен елдердің шежіресі сияқты ең толық жинақтардың бірінен саналады.  Қазақ  шежіресінің қайнар көзі – алыс замандарда қалыптасып, ұрпақтан ұрпаққа мұра ретінде беріліп отырған жинақтар. Шежіре атадан балаға ауызша, жазбаша түрде белгілі-бір тарихи шығарма іспеттендіріліп жеткізілген[21].

Қазіргі таңда тарихшылар пайдаланып жүрген шежірені Т. Омарбеков  Қазақ хандығының алғашқы кезе­ңінде, дәлірек айтқанда, ХVІ ға­сырда қосымша өзгерістер енгізіліп нақтыланған және жаң­ғыртылған нұсқа деген  ой­да. Жазба түрге көп заман бұрын түсірілген шежірелердің бірқатары  қазақ ойшылдарына жақсы таныс, олардың қатарында Рашид-ад-Диннің түрік-моңғол шежіресі, Жамал Қаршидің Оғыз-қыпшақ, Қарахан шежіресі, Ұлықбектің «Сұлтандар шежіресі», Молла Мырза Рахым Ташкендидің «Сұлтандар шежіресі», Әбілғазының «Түрік шежіресі», «Шежіре жазбасы», Бейбарс пен ибн Халдунның «Қыпшақ шежіресі», «Оғыз-қарахан шежіресі» және т.б. шежірелік жазбалар бар. Солармен бірге қазақ ойшылдары топтаған шежірелер аса қымбат, олар: Мұхаммед Хайдар Дулатидің, Қыдырғали Қосынұлы Жалайыридің шежірелері, «Көшен-Қарауыл шежіресі», «Жәңгірхан шежіресі», Шоқан Уәлиханов жазып алған «Ұлы жүз шежіресі», Абдулла Ниязовтың «Үш жүздің шежіресі», Ахмет Жантөриннің шежіресі, Григорий Потанин жазып алған Мұса Шорманұлының шежіресі, Өтеу Бөжейұлының «Қазақ жұртының шежіресі», Қорғанбек Бірімжанұлының бастауымен жинақталған «Орта жүз және Кіші жүздің шежіресі» мәлім. Шежірелерді топтап жиыстырып отыру орта ғасырлардағы атақты адамдар арасында дәстүрге айналған болатын. Ескі шежірелер Есім, Тәуке, Сәмеке, Әбілмәмбет хандардың ұрпақтарында сақталып келгенін Шоқан Уәлиханов айтқан болатын. Сондай шежірелер Әбілқайыр хан мен оның балалары Нұралы, Айшуақ хандарда, ұрпақтары Жәңгір хан,  Дәулеткерейде, Абылай ханда, оның балалары Уәлиханда, Сұйық төреде болған[22].

Кезінде Абылай ханның шежіресі оның ұрпақтары арқылы капитан Андреевке, Н. Гродековке тиді. Толық түрі Шоқанда болды. Әбілқайыр ханның шежіресі толығымен Мәмет Тевкелевтің, П.Н. Рычковтың қолына түсті. Сондай шежірелерді А.И. Левшин, Г.С. Саблуков, Н. Аристов, А. Ягмин, Б.С. Броневский, Ф.Г. Старкин, А.С. Андре, К.Б. Красовский, Л. Мейер, В.В. Григорьев, Н.Н. Веселовский және т.б. жинады. Қол астындағы бұратаналар өміріндегі мұндай тарихи шежірелерге патша үкіметі саяси мән беріп, жергілікті жерлерден арнайы жинатып отырған. ХІХ ғасырда әсіресе М. Ладыженский, Ш. Уәлиханов, Г.Н. Потанин, Ә. Диваев, Н.И. Гродеков, И. Шангин сынды ғалымдар шежірелерді көп жинады[23].

Шежірені топтауда дерегі мол еңбектер («Қазақ шежіресі») Шәкәрім Құдайбердіұлы, Халиди Құрбанғали, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы қаламдарынан шықты. Нұржан Наушабайұлының «Қазақ пен түрікмен шежіресі», Сыр бойында Мұстафа Шоқайдың атасы Торғай би жинаған «Үш жүздің шежіресі» (Н.И. Гродеков жазбаларында), Диқанбай батырдың «Ұлы жүздің шежіресі» (Н.А. Аристов жазбаларында) де құнды жәдігерліктер болып табылады. Қазақ шежірелерінде тайпа, ру, аталардың таралуымен қатар, оларға байланысты тарихи оқиғалар, ел-жұрттың қоныс аударулары, өзара қарым-қатынастары, әр ортадан үздік шыққан шешендер, батырлар жайындағы ауыздан ауызға тарап келе жатқан әңгімелер мен аңыздар қоса жазылады. Бірақ, қазақ шежіресі осы уақытқа дейін толық жинақталып, бір ізге түскен жоқ[24]. Дегенмен тәуелсіздік жылдары жекелеген ру-тайпалардың шежірелері жер-жерде жинақталып, шығарылып келеді[25]. Шежіремен жұмыс істеудің қиындығы – онда бірнеше дәуірдің тарихы бір-бірімен астаса араласып жататынында[26]. Дегенмен, шежіре мәліметтері өзіндік дәс­түр­лі ерекшеліктері бар төл тарихы­мыз­дың ұмы­тыл­ған немесе бұрмаланған кейбір тұста­рын қалпына келтіруге көп кө­мегін тигізеді.

6.

Шапырашты қайдан шықты? Бұл сауал ой мен сана тәуелсіздігіне қол жеткен жаңа замандағы бүгінгі шежірешілердің де қатты ойланған мәселесі болды. Шапырашты руын да, өзге ру-тайпалар секілді, қазақтан бөліп алуға болмайды.  Осы рудың бүгінгі шежірешілері қанағаттана атап өткендей,  «ұрпағымды өсіремін, үрім-бұтағымды жеткіземін» деп ат құлағында ойнап, шыр айнала елін қорғаған асыл текті аталарды ұмыту – түп ата-аналарын ұмытқанға тең. Ал түп аталарды «ұмытқанымыз – ежелден бірден-бірге, сатылап жалғасып келе жатқан сананың сара, алтын діңгегін жойып жіберу болып шығады. Ал, шежіре – бізді сонау түпкі тарихымызбен үздіксіз жалғастырып, бүгінгі ұрпақты тоқтаусыз баулып тұрған қуатты дария, алтын көпір»[27].

Қазақ шежірешілері халықтардың, өз аталарының өткендегі тұрмыс-тіршілігін ауызша таратып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған. Қазақ халқы қырықтан астам ру-тайпалық бірлестіктен құралған десек, олардың ішінде 200-ден астам ру бар. Солардың әрқайсысының өз шежірешісі болған. Олар жүздің, тайпалар мен рулардың, ата-бабалардың тарихын терең талдай білген[28].

Арабтар шежірені ата санаумен тікелей байланыстырса, түркілер көнені сақтау – тарихты айтумен, тарихпен бір деп түсіндіреді. Қазақ халқының өмірінде де  шежіре елеулі орын алады. Ол көшпенділік өмір  салты кезінде туған, өз кезінде ата-бабасын, үрім-бұтағын түгендеу жолымен елдің тұтастығын сақтауға қызмет еткен қажеттілік болатын. «Демек, шежіре біздің аталарымыз үшін тарих қызметін атқарған»[29]. Сондықтан да шежіреден халқымыздың этностық құрылымын, өзіндік тарихымыздың жөн-жобасын, белестерін анықтауға болады.

Дүние жүзінің барлық елдерінде өткен тарихынан – өз шежіресінен ұдайы нәр алып отыру дәстүрі бар. Материалдық, мәдени және рухани мұралары биікке көтеріліп, қуатты дамыған Германия, Англия, Жапония, Қытай, Үндістан, Араб елдері т.б. өздерінің ежелгі тарихынан дерек беретін  шежірелік жазбаларын күні бүгінге дейін ұмытпай зерттеп отырады.  Талай ғасыр көшпенділік салтпен өмір сүрген түркі тайпаларының, соның ішінде қазақтардың да өз тарихын ұмытпауына ауызша және жазбаша шежіресін ұрпақтан ұрпаққа беріп отыруы себеп болған. Шыңғыс хан жылнамашылары қалдырған «Моңғолдың құпия шежіресі», «Алтын шежіре», Рашид-ад-диннің «Шежіре жинағы», Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Рашид тарихы», Әбілғазы баҺадүр ханның «Түрік шежіресі», Жалайыр Қадырғали би Қосымұлының «Шежірелер жинағы», Шәкәрім Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі», «Бұл қазақ қай кезде «Үш жүз» аталған» еңбегі, Мұхамеджан Тынышбайұлының «Қырғыз-қазақ халқының тарихына қатысты материалдары», өзге де шежірелер мәселенің маңыздылығын дәлелдей түседі.

Өздерінің қоғамдық-тарихи, этностық ерекшеліктеріне байланысты, көшпенді халықтардың тарихи шежірелерінде, әрине, өзіндік ерекше сипаттары болады. Көне түркі шежірешісі Махмұд Қашқари түркі халықтарын, негізінен, жиырма тайпадан тұрады деп жазған. Әрбір тайпаның бірталай ұсақ рулары бар екенін айтып, олардың жайлап жатқан шегін: «Рұм өлкесінен Машынға дейінгі орналасқан түркі елдерінің ұзындығы сегіз мың персех»  деп көрсеткен. Әр персехтің 6,24 шақырымға тең келетінін ескерсек, түркі елінің екі шеті шамамен елу мың шақырымдай болған тәрізді. М. Қашқари «олардың мекен жайларын анықтап беру үшін жер жүзінің бедерлі картасында нақты көрсеттім» дейді, ол өз ғасырындағы күллі түркі тайпаларын тарата баяндап, көрнекі түрде беріп кеткен[30].

Ал Мұхаммед Хайдар Дулати Моғолстан мен Қашқарияны мекендеген шағатай тұқымынан тараған хандардың саяси тарихымен қатар дулат тайпасы және оның Шығыс Түркістанда билік құруы, сондай-ақ моғолдар туралы жазады. Мұнда Керей мен Жәнібек сұлтандардың Моғолстанға қоныс аударғаны жайында және сол қос сұлтанмен бөлек отау шығып жатқан жұртқа қазақ атауын өзге жұрт бергендігі айтылады[31]. Махмуд Абдоллах бен Уәлидің «Зубдат ал-асрар» деген еңбегі де қазақ елінің тарихын толықтыра түсетін дереккөз болып табылады. Онда қазақтардың орта ғасырлардағы көрші елдермен  саяси қарым-қатынасының көптеген оқиғалары айтылған.

Академик Әлкей Марғұлан: «...қазақ халқының ескі қария сөздері – шежірені білгіш адамдар тарихи, дәстүр-салттық көп мағлұматтар қалдырып кеткен» дей келіп:   «Ғұндар, үйсіндер, қаңлылар – өте ескі дәуірден Қазақстан сахарасын отан етіп, онда көп жойқын қалалардың үйіндісін қалдырған елдер... Олардың мәдениет орталығы еткен жері – Жетісу, Іле, Шу, Талас өзендерінің бойы. Бұл жерде олар ұлы мемлекет жасап, Талас қаласын өздеріне астана етіп көтерді. Екінші үлкен қала Іле өзені бойында көркейген үйсіндердің астанасы – Чигу (Шие – Қызыл), үшінші үлы қала әрі бәрінен де ескірегі Шу өзені жағасында көркейіп түрған – Шу...» деп жазды[32].  Дегенмен, қазақтың өзіне тән төл тарихты оның шежіре сынды көл-көсір мұрасынан мол табуға болады. Ал қазақ ішінде негізінен ауыздан ауызға беріліп жүрген тарихи оқиғалар жайындағы әңгімелер қағазға ХІХ ғасырдың аяғынан бастап түсіріле бастаған-ды.

Шәкерім жоғарыда аталған шежіре кітабында ел ішінен естіген-білгенінен басқа, көне замандағы түрік, араб, парсы, қытай жазбалары мен орысша дереккөздерін оқығанын жаза отырып, халықтың өткен тарихын баяндайды. Ш. Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» 1911 жылы Орынбор қаласында басылып шыққанда, ол жайында Әлихан Бөкейхан: «Мұнан бұрын қазақ шежіресі қазақ тілінде кітап болып басылған жоқ. Шәкерімнің бұл кітабы – қазақ шежіресінің тұңғышы (тұңғыш кітап боп басылған деген ұғымда – Б.Қ.). Қазақ шежіресін білмек болған аға-іні іздегенді осы кітаптан табасың. Енді мұнан былай қазақ шежіресін жазбақ болған кісі, Шәкерім кітабын білмей қадам баспа», – деп жазған еді.

Ғасырлар бойы негізінен ауызекі айтылумен сақталып келе жатқан жәдігерлікті ХІХ ғасырдың аяғында зерттеу кезінде, қазақ шежірешілері тек тікелей жазбашаға айналдыру  жұмыстарын ғана жасап қоя салған жоқ, олар ел аузында сақталған не хатқа түскен мұраларды өңдеп бір ізге түсіруде бірнеше бағытты ұстанған. Мәселен, Шәкерім Құдайбердіұлы жоғарыда аталған еңбегін жазуда батыстық зерттеушілерге бағдар ұстады. Ал Құрбанғали Халиди өзінің «Тауарих Хамсасында» қазақ елінің тарихы, әдет-ғұрпы, «қазақ» этнонимінің шығу тарихы, рулар туралы тың деректерді әңгімелегенінде шығыстық дәстүрді ұстанды.  Мәшһүр Жүсіп Көпеев болса шежірелерді қазақ ауыз әдебиетіне сүйеніп жазды. Академик Сәбит Мұқанов ол жайында: «Көпеев шежіресінің өзге шежірелерден өзгешелігі – ол әрбір аталарды баяндағанда, сол аталардың тұсында болған оқиғалар туралы ел аузында қалған ертегі-аңыздарды қоса айтады», – деп атап көрсеткен болатын[33].

[1] Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 9-том. – Алматы, 2007. – 91-б.

[2] Егемен Қазақстан.  – 30 сәуір, 1999 ж.

[3] Н.А. Аристов. Усуни и кыргызы или кара-кыргызы. Очерки истории и быта населения западного Тянь-Шаня и исследования по его исторической географии. Бишкек, 2001. – 9-б.

[4] Бартольд В.В. Сочинения. Том V. – Москва, 1968. – 267-б.

[5] Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 9-том. – Алматы, 2007. – 93-б.

[6] Н.А. Аристов. Усуни и кыргызы или кара-кыргызы. Очерки истории и быта населения западного Тянь-Шання и исследования по его исторической географии. Бишкек, 2001. – 9–10-бб.

[7] Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 9-том. – Алматы, 2007. – 93-б.

[8] Н.А. Аристов. Усуни и кыргызы или кара-кыргызы. Очерки истории и быта населения западного Тянь-Шаня и исследования по его исторической географии. Бишкек, 2001. – 10–11-бб.

[9] Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 9-том. – Алматы, 2007. –93-б.

[10] Н.А. Аристов. Усуни и кыргызы... – 11-б.

[11] Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 9-том. – Алматы, 2007. –93-б.

[12]Н.А. Аристов. Усуни и кыргызы... –17–20-бб.

[13] Үйсін мемлекеті// Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 9-том. – Алматы, 2007. – 93-б.

[14] Н.А. Аристов. Усуни и кыргызы или кара-кыргызы. Очерки истории и быта населения западного Тянь-Шаня и исследования по его исторической географии. – Бишкек, 2001. –17-, 21–23-, 123–124-бб.

[15] Бартольд В.В. Сочинения. Т.ІІ, часть І. – Москва, 1963. – 25–27-, 30-бб.

[16] Аристов Н.А. Усуни и кыргызы или кара-кыргызы. Очерки истории и быта населения западного Тянь-Шаня и исследования по его исторической географии. – Бишкек, 2001. – 136-б.

[17] Аристов Н.А. Опыт выяснения этнического состава киргиз-казаков большой орды и каракиргизов, на основании родословных сказаний и сведений о существующих родовых делениях и о родовых тамгах, а также исторических данных и начинающихся антропологических исследований. – Санкт-Петербург, 1895. – 74–75-бб.

[18] Бартольд В.В. Сочинения. Т.ІІ, часть І. – Москва, 1963. – 30-б.

[19] Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 9-том. – Алматы, 2007. – 93-б.

[20] Қайдари Ә., Төлепбаев Б., Нұрпейісов К., Карл Байпақов ж.б. Бәйдібек баба// Бәйдібек баба – Алып Бәйтерек.Ұрпақтар шежіресі. Құрастырған А.Байғазыұлы. – Алматы, 2006. – 11-б.

[21] Шежіре//Қазақ Совет энциклопедиясы. 12-том. – Алматы, 1978. – 231-б.

[22] Қазақ Совет энциклопедиясы. 12-том. – Алматы, 1978. – 231–232-бб.

[23] Қазақ Совет энциклопедиясы. 12-том. – Алматы, 1978. – 232-б.

[24] Шежіре// Қазақ Совет энциклопедиясы. 12-том. – Алматы, 1978. – 232-б.

[25] Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 9-т. –Алматы, 2007. – 489-б.

[26] Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 5-т. – Алматы, 2003. – 444-б.

[27] Бәйдібек баба – Алып Бәйтерек.Ұрпақтар шежіресі. Құрастырған А. Байғазыұлы. – Алматы, 2006. – 5-б.

[28] Қазақ Совет энциклопедиясы. 12-том. – Алматы, 1978. – 232-б.

[29] Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 5-том. – Алматы, 2003. – 443-б.

[30]Бәйдібек баба – Алып Бәйтерек.Ұрпақтар шежіресі. Құрастырған А.Байғазыұлы. – Алматы, 2006. – 5–6-бб.

[31] Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 5-том. – Алматы, 2003. – 443-б.

[32] Бәйдібек баба – Алып Бәйтерек.Ұрпақтар шежіресі. – Алматы, 2006. – 6-б.

[33] Қазақ шежіресі// Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 5-том. – Алматы, 2003. – 443–444-бб.

Бейбіт Қойшыбаев

(«Рух-Сарай», 5-том, «ҚазАқпарат» баспасы, 2012 ж.)

Жалғасы бар...

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052