Қазақстан билігі: «Тәліптер террорист емес...», - дейді...
Кеше елордада ҚР Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Ауғанстанның 210 адамнан тұратын бизнес-делегациясын қарсы алды. Делегацияны Ауғанстанның өнеркәсіп және сауда министрі Нуриддин Азизи бастап келді.
Қонақтар қатарында Ауғанстанның Орталық банкінің басшылары, ірі жеке меншік банктердің, «Да Ауғанстан Брешна Шеркат» (DABS) энергетикалық компаниясының, «Ауған телеком» (AfTel) телекомуникациялық компаниясының, ауыл шаруашылығы өнімдері мен мал шаруашылығы палатасының, сауда-инвестициялық палатасының, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, фармацевтика, өнеркәсіп, көлік-логистика, инженерлік, тоқыма және басқа компаниялардың өкілдері бар.
2 тамызда Қазақстан және Ауғанстан компанияларының презентациялары, B2B келіссөздері өтеді. 3 тамызда бизнес-форум жұмысын бастайды, ал 4 тамызда елорда тұрғындары мен қонақтарына ауған тауарларының көрмесі (EXPO, Конгресс-орталық) ашылады. Көрмеде Ауғанстаннан түрлі азық-түлік, мыс ыдыстар, мәрмәр, кілемдер, зергерлік бұйымдар және басқа да көптеген тауарлар ұсынылады.
Айта кетсек, бұған дейін Ауғанстанның әкімшілігі өздерінің дипломаттарын ҚР-да аккредиттеуді сұраған. Бұл туралы ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров айтқан болатын.
«Біз оларды тіркеу жөнінде шешім қабылдадық. Айта кетейін, 2021 жылдың тамызында бұрынғы режим құлаған соң елде «билік вакуумы» пайда болды. Ауғанстан Ислам Республикасының шетелдегі елшіліктері бұл мемлекеттің атынан өкілдік етуін тоқтатты.
Ең алдымен, Президенттің Ауғанстанды қазіргі қиындықтармен жалғыз қалдырмайтынымыз туралы мәлімдемесін еске салғым келеді. Ол біздің ынтымақтастығымыздың гуманитарлық мәніне назар аударды. Ондағы ұнның 90 пайызы – қазақстандық», - деді Смадияров.
Ал таяуда СІМ орынбасары Қанат Тұмыш Талибанның тіпті, террористік ұйым емес екенін алға тартқан.
«Егер бұл мәселені халықаралық құқық тұрғысынан қарастыратын болсақ, Талибан террористік ұйым емес. Егер санкция режимінің ережесін негізге алсақ, БҰҰ Қауіпсіздік орталығының санкциялар тізімінде осы қозғалыспен аффилиирленген 135 мүше мен тұлға барын айта аламын, бұл ретте ұйымның өзі бұл тізімге енбеген», - деді ол.
Оның айтуынша, тәліптер террорист емес, сәйкесінше халықаралық құқыққа сүйенсек, олар «санкцияланған адамдар».
Тәліптер 2021 жылы Ауғанстан билігін басып алды. Талибан қозғалысы әлемнің көптеген елінде, соның ішінде Қазақстанда тыйым салынған радикалды ұйым.
Abai.kz