Латынға көшу: Өзбектің қателігін қайталамайық...
Қазір сәл кідіріңкіреп қалаған қазақ ұлттық жазуын латын әліпбиіне көшіру бастамасынің түпкі мақсаты орыс тілінің ықпалынан аулақ болып, «орыс әлемінен» алшақтау болатын. Сонымен бұл мақсат солтүстіктегі үлкен көршіні тағы бір рет қатты ренжітпеу үшін жоғары жақтағылар тарапынан ресми түрде ашық айтылмай, тек саяси сарапшылар себебі мен салдарын сан-саққа жүгіртті және жүгіртіп келеді.
«Орыс әлемі» тұжырымдамасының таған тасы Ельцин дәуірінде пайда болып, оның идеялық жаңғыруы мен идеологиялық кең қанат жаюы Путиндік Ресейдің қазіргі сыртқы саясатынның ажырамас құрамдас бір бөлшегіне айналды. Бұл идея мен идеологияың басты мақсаты – орыс мәдениеті мен тілін әуелі ТМД елдерінде, артын ала дүние жүзінде насихаттау болып табылады.
Өкінішімізге орай, Ресей ұстанған сыртқы саясатта осы идея мен осы идеология бір кездердегі Ақ патшалық және кеңестік Ресейге тән империялық амбицияның саяси кеңістікке қайтып оралуын танытады. Путиндік Ресейдің барлық басқа елдерден үстемдігі туралы бұл доктринасы РФ одан тысқары жердегі орыс тілділер арасында зор қолдауға ие болып отырғаны да жасырын емес. Қазіргі Ресей бұрынғы КСРО құрамында болған бұрынғы отарларын қазір жеке дербес тәуелсіз мемлекетсаналса да, ескі әдетімен ашса алқанда, жұмса жұдырығында ұстағысы келеід.
Сондықтан бұл идеологияның Қазақстанның ақпараттық кеңістігіне топансудай ағындауына батыл тосқауыл қажет. Біз сөз бостандығына кепіл берілген ел болғандықтан бұны оңайлықпен ауыздықтай алмаймыз. Сондықтанмемлекетке қарсы келетін ой-пікірдегі орыс тілді ақпарат құралдарын деструктивтік бағыттағы ел ішінде ұлтаралық алауыздықты қоздырушылар қатарына жатқызып, Конституциямыздағы баптарды олардың үнін өшіре ауыздықтау үшін орынды пайдалана білуіміз керек. 100 % пайдалану керек. Өз басым осы мақаланы жазу барысындағы көздегені мақсатым: «орыс әлемі» идеясын, идеологиясын ТМД басқа елдерінде тағдыр жазуымен тарихи отанынан жырақта тұрып жатқан этникалық орыстар мен отаршылық тілдік зобалаңынан өз ана тілінде сөйлеуден қалған орыс тілді азаматтардың проблемаларына айналдырушыларға ендігі жерде көз жұма қарамауға көзі ашық жандарды шақыру.
Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі – еліміз егемендік алғаннан кейінгі қоғам өмірінің барлық салаларын қамтитын күрделі, тарихи маңызды ұлттық жаңғыру үдерістерінің ең бастыларының бірі. Аталған үдеріс қазіргі Қазақстан тұрғындарының мәдениетінтегі, қоғамдық санасы мен әлеуметтік өміріндегі толғауы тоқсан жұрттың бәрі бірдей құптай кетпейтін саяси-рухани қадам екені даусыз.
Латын әліпбиіне көшу қазіргі ғылым мен техниканың түп негізі, нық іргетасы екені даусыз. Әліпби жаңғыртуда біз экономика, саясат, дін және мәдениет факторларын естен шығармауға тиіспіз. Атап айтар болсақ, сонау орта ғасырларда діни факторлар басым болса, кешегі ХХ ғасырда саяси фактор шешуші болып талып, енді міне ХХІ ғасырда Ресей отарынан құтылған елдердің өз ұлттық әліпбиін таңдауда экономика мен технология шешуші рөл атқара бастады.
Кириллицадан латынға көшу Қазақстан Республикасының нағыз ұлттық мемлекет құруының алғышарты. Тек ұлттық әліпбиге ие ел ғана өзгелердің ішкі және сыртқы ықпалынан өзінің ақпараттық, мәдени, рухани-білім беру кеңістігінде толыққанды құтыла алады. Ұлттық жазуға ие болу ешбір елдің сыртқы ықпалына тәуелді болмай, ұлттық-мемлекеттік мүддені қалыптастырудың бір нышаны.
Естеріңізде болса, 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында Н. Назарбаев қазақ тілін басқа әліпбиге көшіру мәселесін қырғыздан бұрын Орталық Азияғадағы өзбек пен тұркіменнен көп кейін алғаш рет өзге ұлт өкілдері алдында сөз етті. Одан кейін: «Әрине, біз асықпауымыз керек, біз барлық жақсы және жағымсыз жақтарын зерттеуіміз керек» деп сөзін түйіндеді.
Бұрынғы президент осы бағыттағы саяси қадамын атта алты жылға тоқтатты. Біреулер бұны еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің тамырын басып көрген көрегендікке балады. Тек Н.Назарбаев 2012 жылы халыққа жыл сайынғы жолдауында ол бұл мәселеге қатысты нақты уақытты қадап айтты: «Біз әліпбиімізді латын тіліне көшіруді 2025 жылдан бастап қолға алуымыз керек. Бұл бұдан былай барлық салада латын әліпбиіне көшуді бастауымыз керек деген сөз. Яғни, 2025 жылға қарай іс-қағаздарын, мерзімді басылымдарды, оқулықтарды және басқасын латын әліпбиінде шығара бастаймыз». Ақырында, 2017 жылы латын әліпбиіне қатысты Президент Жарлығы қабылданды.
Тілі алақұлаланған қазақ түгіл латынға бізден бұрын көшіп, тілінің тізгінін босаңсытпаған өзбектерде де, орыс тілінде оқитындар саны артқанын немен түсіндіруге болады. Қазақ та, өзбек те өз ана тілдерінде ақпараттық-ғылыми кеңістік қалыптастыра алған жоқ. Осы бос кеңістікті орыс тілі басты.
2014 жылы республикамызда барлығы 1918 мың қазақ оқушысы болса, қазақ сыныптарында 1716 мың оқушы болды. Жеті жылдан кейін, яғни 2021 жылы бұл көрсеткіштер тиісінше 2 636 мың және 2 219 мың болды (деректер өткен жылы жарияланған «Қазақстан Республикасының білім беру жүйесінің статистикасы» ұлттық жинағынан алынған).
2021 жылы 417 мың қазақ шәкіртінің 125,6 мыңы орыс мектептерінде, 290,6 мыңы аралас мектептерде оқып жатыр, бұл жарты миллион орыс тілді ұрпақ өсіп келеді деген сөз.
Ала тақиялы көршімізге зер салар болсақ, Өзбекстан Республикасы Мемлекеттік статистика комитетінің мәліметі бойынша, 2021/22 оқу жылының басында 642,5 мың бала «ұлы және құдіретті» білім алған. Бұл 2010/11 жылдармен салыстырғанда шамамен үш есе көп, ол кезде олардың саны 220 мыңдай болды. Орыс ұлтының осы елдегі үлесі 2,8-ден 2,1 пайызға төмендесе де орыс тілінде оқитын студенттердің үлесі бұрынғы 4,3 пайыздан 10,3 пайызға дейін өскені өзбектерді де алаңдата бастады.
Осы орайда Лондонда тұратын тәуелсіз өзбек зерттеушісі Әлішер Илхамов: «Олай болса жастар, айталық, көркем әдебиетті қалай терең меңгереді? Өзбек және дүние жүзі әдебиетінің тарихын бастапқы дереккөздерді оқымай, тек оқулықтардан ғана ұға ма? Бірақ біздің көз алдымызда оқырмандар арасында тек балалар ертегілері, оқулықтар, жергілікті баспасөздегі мақалалар, дүкен маңдайшалары мен әлеуметтік желілердегі жазбалар бар тұтас ұрпақ өсіп жатыр емес пе?» деген орынды сауал қояды.
Біреулер бұны еңбек мигранттарының бала-шағасының орыс сыныптарына баруымен байланыстырады. Енді біреулер өзбек мектептеріндегі оқулық сапасының сын көтермеуімен байланыстырады.
Ал өмір сүру деңгейі басқа аймақтарға қарағанда әлдеқайда жоғары және әлеуетті еңбек мигранттары салыстырмалы түрде аз орыс халқының үлесі шамамен 14 пайызды құрайтын Ташкентте 481,7 мың оқушының 215,8 мыңы немесе 45,3 пайызы орыс тілінде оқитыны туралы не деуге болады.
Қазақстан да жаңа әліпбиге көшкен кезде Өзбекстан сияқты қиындықтарға тап болатыны сөзсіз. Ең бастысы, латын әліпбиіндегі әдебиеттің өткір тапшылығы. Осы жағдайды ескере отырып, көптеген қазақстандықтар үшін орыс тілінде, кириллицада білім алу тиімдірек болуы мүмкін.
Керімсал Жұбатқанов
Abai.kz