Ресей консулына жауап: Ресейдегі 1 миллион қазақта 1 қазақ мектебі жоқ!
Ресейдің Қазақстандағы Бас консулы Евгений Бобров деген адам жуырда ресейлік ТАСС агенттігіне сұхбат беріпті. «Қазақстанда орыс тілінің қолданыс аясы тарылып келе жатыр», - деп дабыл қағыпты.
(Сурет: Sputnik / Тимур Батыршин)
Оның сөзінше, соңғы жылдары Қазақстанда орыс сыныптарының һәм орыс мектептерінің саны едәуір қысқарған. Қазақ тілінде оқытатын бірінші сынып оқушыларына арналған бағдарламадан «орыс тілі» пәнінің алынып тасталуы қоғамда біраз алаңдаушылық тудырды деп отыр-мыс.
Бас консул Бобров бүйдейді: Қазақстанда орыс ұлтының үлесі 15 пайызға дейін азайған. Оған қоса ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қазақ тіліне негізделген оқу бағдарламасы да өз ықпалын тигізуде.
«Тіл саясаты, Ресей мен Қазақстанның білім беру және мәдени бастамаларды қолдау саласындағы ынтымақтастығы Қазақстандағы орыстілді мәдениеттің байлығын сақтауға және ұлт бірлігін нығайтуға көмектеседі», – дейді Бобров.
Ауыт Мұқибек, Қоғам қайраткері:
- Ресейдің Қазақстанды Бас консулына айтып қойыңыздаршы, мен орысша білмеймін, Еліміздегі орыс сыныптарының енді азайғаны-азайған. Ол табиғи процес!
Ресейдегі 1миллионнан астам қазақтың бір мектебі жоқ, бәрі орыс тілінде оқиды. Оған Қазақстан Республикасының Ресейдегі бір елшісі мыңқ еткен емес. Консул мырзаның Елдің ішкі ісінде шаруасы болмасын! Министр Ғани Бейсембаев өте дұрыс жұмыс істеп жатыр!
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Ресейдің Қазақстандағы бас елшісі Алексей Бородавкин де Қазақстанның ішкі ісіне араласып, Ресейлік «Независимая газетаға» берген сұхбатында Ресейдің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкин «Орыс тілін білмейтін қазақстандықтардың дені – басқа мемлекеттерден қоныс аударғандар, яғни қандастар. Бұл олардың заманауи қазақстандық қоғамға тез сіңісуіне кедергі келтіреді, бұл ел билігі үшін айтарлықтай проблемалар туғызады» деген болатын.
Abai.kz