Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әдебиет 6969 0 пікір 5 Қыркүйек, 2023 сағат 12:27

«Менің Дағыстаным»

Биыл 8 қыркүйекте авар халқының ең белгілі ақыны Расул Ғамзатовтың дүниеге келгеніне 100 жыл толады.

«ЖАРЫҚ  ЖҰЛДЫЗДАР» 

Расул Ғамзатовтың 1963 жылғы жинағындағы өлеңдерін ақындар Ш.Мұхамеджанов, С.Жиенбаев, Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, С.Асанов секілді қазақ ақындары аударып, авар ақынын қазақша сөйлеткен еді. Бұл «Жарық жұлдыздар» деген атпен 1964 жылы Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан шыққан жинақ болатын. Толыққанды жинаққа біздің қаламгер ағаларымыз үлкен еңбек сіңіргендігіне өлеңдерді оқып түсінген оқырман куә бола алады.

Сонау алыс жұлдыздарды бетке алып,
Талай-талай ракеталар кетті ағып.
Сенсің, Адам, менің шырқау жұлдызым,
Саған жетсем болды маған тек барып.

Осы бір шумақтан ғана тұратын кітаптың беташар өлеңі әр замандағы адамды ойландырып, «ақын деген кім?» сауалын алға тартады. Ғамзатовтың осы жинақтағы тағы бір өлеңдер топтамасының аттарының өзі шежіреден сыр шертеді. Олар: «Жартастағы жазулар», «Құлпытастағы жазулар», «Есік пен қақпадағы жазулар», «Ошақтағы жазулар», «Бесіктегі жазулар», «Мүйіз бокалдағы жазулар», «Қанжардағы жазулар», «Пандура мен чагандағы жазулар».

*  *  *

«МЕНІҢ ДАҒЫСТАНЫМ»

Аты қанатты сөзге айналған «Менің Дағыстаным» атты екі бөлімнен тұратын повесть түріндегі туындының екі бөлек кітап екенін қазіргі жас оқырмандар біле бермейді. Өткен ғасырда одақтас республикаларға тараған осы туындыны «Молодая гвардия» баспасы екі кітапты біріктіріп, орыс тілінде «Книги первая и вторая. Перевод с аварского Вл.Солоухина» деген түсініктемесімен басып шығарады. «Менің Дағыстаным» деген бірінші кітап 1971 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көреді. Туған жер туралы осы толғанысқа толы шығарманы орыс тілінен қазақ тіліне аударған Кенжеболат Шалабаев екен.

Арада екі жыл өткен соң тағы да сол баспадан повестің жалғасы «Екінші кітап» деген арнайы аталыммен белгілі ақын Ғафу Қайырбековтың аудармасында жарияланады. Аудармалар автордың өзі сөйлеп тұрғандай әсерлі. Кітаптың қорытындысында Р. Ғамзатов былай дейді: «Дағыстан жайында тағы да повесть жазылар. Оның соңы да жоқ, болмақ та емес. Осынау мәңгі жасар алтын кітапта менің де жазған бір бетім жүрсе, менің бақытты болғаным. Мен өз жырымды айтам, қабыл ет соны, менің Дағыстаным!».

РАСУЛ ҒАМЗАТОВТЫҢ МАҚАЛАЛАРЫНАН

*  *  *

Поэзия жоқ жерде ақылгөйсу басталады, даналық жоқ жерде даурығуға жол беріледі.

*  *  *

Мен туған таулы аймақта отыз жастан асқан адамдар жайлы былай деп айтады: «Кімде-кім осы жас межесінде қыран болмаса, одан кейінгі кезде ешқашан ондай бола алмайды. Оның тағдыры – мәңгі шыр-пырлау».

*  *  *

Қабілеті мен дарыны жоқ, өз еңбегімен пайда әкелмейтін, шынайы достыққа ұмтылмайтын, ерлік жасауды армандамайтын адам жайлы біздің тау тұрғындары: «шашын ақ басқанға дейін өмір сүріпті, алайда бұл жарық дүниенің есігін ашпапты» деп айтады.

*  *  *

АВАР ХАЛЫҚ ЖЫРЛАРЫНАН

Енді авар халқының өзінің халықтық жырларынан үзінділер келтірейік. Алғаш рет жиырма шақты жыл бұрын «Таң-Шолпан» журналында толық нұсқасы жарық көрген болатын. Осы халық жырларын орыс тілінен аударған ақын Оразақын Асқар Расул Ғамзатовтың екі өлеңін тәржімалағанын еске сала кетейік.

Махаббат – өмір ғажабы,
Алдың-ау әбден мазаны.
Шаттығы тиіп өзгеге,
Қалған ба маған азабы?!

*  *  *

Дүкенге кім бар кірмейтін,
Гүлдерді кім бар көрмейтін.
Ата-анаң қандай, сені бір
Көруге де рұқсат бермейтін?!

*  *  *

Бетің бір піскен анардай,
Бақ жабық; тұрмын бара алмай.
Пейіштегі сен гүлімсің,
Өлсем де алыс қалардай.

*  *  *

Құс болсам ұшып кетер ем,
Аулыңа самғап жетер ем.
Балық болсам сен жүзген
Жағаны мекен етер ем.

*  *  *

Қыз қарап алыс ауылдан,
Түстім ғой әуре-сарсаңға.
Қорғанған болып жауыннан
Жақпаймын тіпті барсам да.

*  *  *

Білеміз бәрін неге кеш?
Жақынға көзді салмаймыз.
Артық болмаса, кем емес,
Көршілерде де бар ғой қыз.

 

*  *  *

Гүлге әркім көз тастайды,
Сүйтті деп ешкім қашпайды.
Әлдекім топырақ шашса да
Алтынды тот баспайды.

Материалды дайындап, мақала үзінділерін орыс тілінен аударған филология ғылымдарының кандидаты Асқар Ләйла

Abai.kz   

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052