Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әдебиет 3883 3 пікір 18 Қыркүйек, 2023 сағат 13:25

Осындай тіл әлсіз бе, ей, ақымақ?!

Бүгін Abai.kz оқырмандарына Қазақстанға көшіп келіп, анау жылы Қытайға мәжбүрлеп шақыртып алып, сонда қайтыс болған ақын Сейіт Қамбасовпен өткізген сұхбатты ұсынбақпыз. Сұхбат 2011 жылы алынған. Ол кісі Құлжаға барғаннан кейін үш жыл жатып қалып, қайтыс болған. Отбасы 2019 жылы түгел елге оралды.

«Атажұртым, тәуелсіз отаным – Қазақстан!»

«Қайда деме, қайда сенің тұрағың,
Қай жер тұрақ болса сонда тұрамын.
Бабам жортқан шығыстағы таулардың
Шатқалында ұзақ жатқан тұманмын.

Сол шатқалдан айдап шыққан бір ағын,
Мен әлі де шуатылған тұманмын.
Тұмандатып жүрмін міне тағы да,
Тұтқиыл кеп Тұманбайлар тұрағын.

Тұманнан да ніл жұтады шөл, жазық,
Менің нілім – менің жырым ең нәзік.
Жәркендерден қоңыр самал еседі,
Шаршаған ғой тұманды жыр көп жазып.

Қалдым талай мүшайрадан құр қалып,
Оқылмаған, тыңдалмаған жыр ғарып.
Ілияс, Мағжан, Мұқағали басына,
Жылағым кеп тұрғанын-ай бір барып.

Тұман-тұман шатқалда да асқарда,
Жердің белі қайыспайды ол барда.
Жадыраса тұман көңілім егер де,
Ақша бұлт болып қалықтар ем аспанда.

Ақ жаңбыр боп төгілер ем жас талға», – деп жырлаған лирик ақын Сейіт Қамбасов бақилық болыпты. Ақын өзі өлеңінде: «Сол шатқалдан айдап шыққан бір ағын, Мен әлі де шуатылған тұманмын» деп айтқандай бабалары жортқан тауларда ұзақ шөгіп жатқан тұманын бір күш айдап келіп Қазақ елінде біраз уақыт шөктіреді... Бірақ аяқ астынан ұйтқыған дауыл Алатауға шөгіп жатқан ақын тұманын шығысқа қайта қалқытып алып кетедеді. Өкінішке орай, ақынның тұманы тарихи отаныны мен өзінің туған жерінде шуатылып мәңгілікке шөгеді. Қазақ еліне қайта орала алмай қалған ақын ағамыз С.Қамбасов 2018 жылы жаз айында Іле қазақ автономиялы облысының орталығы Құлжа қаласында, 76 жасында қайтыс болады.

Ақын С.Қамбасов Іле қазақ автономиялы облысы әдебиетшілер бірлестігінің, Шынжаң Жазушылар одағы мен ҚР Жазушылар одағының мүшесі болатын. Ұзақ жыл Құлжада шығатын «Іле газеті» мекемесінде тілші, редактор, аудармашы және басшылық қызметтер істеп, зейнет демалысына шыққаннан кейін Қазақ еліне қоныс аударған. Мұнда ақынның «Суат», «Өріс» деген өлеңдер жинағы, «Тағдыр» деген өмірбаяндық романы мен «Күлдір күлдір кісінетіп...» атты мақалалар жинағы жарық көреді.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» сыйлығынның иегері, жазушы Жананат Ахмади ақын С.Қамбасовтың Алматыда жарық көрген «Өріс» деген өлеңдер жинағына алғы сөз жазған екен. Сол алғы сөздің бір жерінде қаламгер Ж.Ахмади: «Ақын Секең қасиетті Қазақстанның және өзінің тәуелсіз отанына оралып, рухани өрісінің кеңейе түскендігін ақиқатпен аптап, көркемдікпен күптеп, ақ сезіммен шынайы жырлайды. Оған осы жинақтағы тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған «Алатау» поэмасы мен «Тәуенлсіздік жыры», «Жолаушыға мадақ» қатарлы туындылары айдай анық» («Өріс», 6-бет) дей келіп, аталған үш өлеңге ғылыми сараптама жасапты.

Мен тағдыры талай рет талқыға түскен, өмірі күрделі ақынмен 2011 жылы қараша айында Алматыда кездесіп сухбаттасқан едім.

- Сейіт аға, сізді Қытай қазақтары сары табан сақа журналист, айтулы ақын, белгілі аудармашы ретінде танып құрметтейді екен. Осындай құрметке қалай қол жеткізгеніңіз туралы қысқаша айта кетсеңіз?

- Мен Қытайдың ең жоғары оқу орындарының бірінен саналатын Шыңжаң университетінің филология факультетін 1964 жылы бітіргем. Бірақ, осы оқу орнын бітіру қарсаңында-ақ маған «кері төңкерісші элемет», «жергілікті ұлтшыл» деген секілді қалжырларды мойныма байлап жіберді. Содан табаны күректей он жыл саяси қуғын-сүргін құрып, еңбекпен өзгерту майдандарында (концлагерлерінде) болып, 1970 жылдың орта шенінде ғана ақталып, атақ-абройым қалпына келе бастағасын, қоғамдық жұмыстарға араласуға мүмкіндік таптым. Алғашында орта мектепте тіл-әдебиет оқытушысы, артынша аудандық радио тілшісі қатарлы міндеттерді өтеп жұрдім. 1983 жылы Іле қазақ автономиялы облысының «Іле газеті» мекемесіне ауысып келіп, осында ұзақ жыл тілші, редактор және аудармашы қатарлы кәсіптік міндеттер өтумен бірге қазақ редакция бөлімінің жауаптыларының бірі болдым. Демек, менің негізгі мамандығым филология болғанымен қызметтегі кәсібім – журналист және аудармашы болды. Ал, өнерім – ақын-жазушылық деуге болады. Баспасөз саласында Қытайдың журналистерге беретін ең жоғарғы дәрежесі (атағы) –  «тете аға редактор» (дотсент дәрежелі) деген атағын алсам, аударма саласында қытай тілінен қыруар хабар-мақала тәржымалаудан тыс, бес телефильм және қытайдың осы заманғы әдебиет тарихының 4 томдық оқулығының аудармасына қатыстым. Сондықтан ол жақтағы елдің мені танымал аудармашы ретінде білетіні де рас.

- Енді ақындық, жазушылық өнеріндегі басқан жолыңыз бен шыққан биігіңіз туралы тоқтала кетсеңіз?

- «Қоғамдық болымыс, қоғамдық сананы билейді» деген қағидаға сүйенсек, Қытай елінің әр дәуірдегі қоғамдық, саяси болымысы менің де қоғамдық санамды билеп-төстеген, Қытайдаы қазақ зиялыларының бірімін. Дейтұрғанмен, мен азды-көпті алған білімдерімнің, азаматтық ар-ұжданымның, туған халқымды жан-тәніммен сүйетін қаншылдығымның, әрқандай қоғамдық, әлеуметтік өзгерістерге өзімше ой жүгіртіп, зерттеу жүргізе алатын ішкі мүмкіндіктерімнің арқасында, белгілі бір саяси топтың көзқарас, дәріптемелерінің, белгілі бір «изм», «ағымдардың» жетегіне еріп шылауына түсіп кетпедім. Оларға сырттай бағынсам да, іштей табынбадым. Бұл арада мен өзімді елден ерек жаралған данышпан, білгір санап отырған жоқпын. Тек өзімнің адамдық бітімім мен мінез-құлқым, талғамым солай. Анығын айтқанда «қыңыр мінезбен» өскен жанмын демекшімін. Осындай рухани болымысымның итермелеуінде қоғамның қақты-соқтысын көп көріп, тағдыр тауқыметін де көп тарттым. Сондықтан мен азды-көпті жазған поэзиялық, прозалық шығармаларыма өзімнің күрделі басылған өмір жолым мен қуаныш-қайғысы қою араласқан күрделі жан дүниемді қапысыз сіңіріп келе жатқан сияқтымын. Қытайда «Қос қайың», «Қоңыр қасқа хикаясы» атты екі жыр жинағым жарық көрді. Қазақстанда өткен жылы «Суат» деген өлең топтамам жарық көріп оқырмандармен енді-енді жұздесіп жатыр.

- Сіз негізінен ақынсыз ғой?

- Мен негізінен ақынмын. Ал соңғы жылдары, прозадағы тәлейымді сынап көру үшін «Тағдыр талқысында» деген өмірбаяндық роман және « Махаббат жаңғырығы» атты повесть жаздым. Өткен жылы «Ер шекіспей бекіспеді» деген повесть жазған едім, бір қаламдас інімнің көкейге қонымды пікірі бойынша, оны ықшамдап әңгімеге айналдырып, жақында бір журналға беріп қойдым.

- Байқаймын, сіз ақындықты қойып, жазушылықпен айналып кетуіңіз әбден  мүмкін екен ғой?

- Олай бола қоюы екі талай. Өйткені, менің прозалық шығармалар жазуға жасымнан машығым аз болғандықтан, ол жағын мандыта алар емеспін. Десе де, өмір болса ойда жүрген прозалық тақырыптар баршылық...

- Сіздің оқырмандарыңыз «айтарын айтпай қоймайтын ашық ойлы,  өміршең, сыршыл ақын» деп бағалайды екен. Ал өзіңіздің поэзия туралы ұстаным, талғамыңыз қандай?

- Мен негізінен қазақтың қара өлеңінің асыл қасиеттерін бойыма, ойыма сіңіріп, осы дәстүр формасынан көз жазбай өлеңдетіп келе жатқан ақынмын. Және бұл дәстүр формасын бүгінгі таңдағы қазақ оқырмандарының ой өрісіне, рухани қажетіне, эстетикалық талғамына ең үйлесімді «дәстүр формасы» деп ойлаймын. Өйткені, қазір Қазақстандағы қазақтардың болсын, алыс-жақын шетелдерде жасап жатқан қазақтар болсын тілі де, ділі де, рухани мәдениеті де қойыртпақтанып тұрмай ма?! Мен осы қойыртпақ дүниелердің ішінен поэзия үшін дәстүрлі әдебиетіміздің құндылығынан артық құндылық көріп тұрғаным жоқ. Әрине, заман талабына сай жаңаша мазмұн мен форма енгізуге неге болмасын?! Кешегі, Жұмекен Нәжімеденов, Омарғазы Айтанұлдармен бүгінгі арамызда жүрген Олжас Сүлейменов, Серік Қапшықбай және бір бөлім орта буын мен жас ақындардың жаңашылық табыстарын қол соғып құптауға татиды. Бірақ «жаңашыл боламыз» деп ел түсінбейтіндей, халықтың көкейіне қонбайтындай дәрежеде астарлап, жұмбақтап, тілсімдендіріп жіберуге болмас. Ал, менің поэзиядағы ұстанымым, Абайдың:

«Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,

Тептегіс жұмыр келсін айналасысы», – деген секілді өлең жолындай болса, көркемдік ой түйіндеудегі философиялық негіздерім, халықымыздың ғасырлар бойы ой елегінен өткізген далалық дана тағылымдары мен мақал-мәтелдері. Ал, мен жаңа шылықты жақтағанда, ой-сезім жаңалығын, яғни жаңаша ойлау, жаңаша сезінуді жақтаймын. Бірақ өлеңде ой мен сезім, көңіл күй мен түйсік қабыспай жатса, онда ол өлеңді қансыз, нәрсіз, жансыз жалаңдыққа апарып соқтырады. Өйткені ой, көңіл, қиял – өлеңнің жүрегі, жаны, ал сезім-түйсік – өлеңнің қаны, бояуы болмақ.

- Осы арада жатқа білетін бір өлеңіңізді оқи кетіңіз?

- Бір жылдың алдында жазылған «Ең қиын» деген өлеңім бар еді. Соны оқып берейін:

Тірлік үшін түрлі тәсіл қолданған,
Әрбір адам әр бағытқа жол алған.
Бұл дүниеде жақсы, жаман адам бар,
Бірақ өзін жаман дейтін жоқ адам.

Бұл дүниеде мінсіз адам болмаған,
Мен ақымақ, сен ақылды, ол надан...
Құралса да адам тобы осылай,
Бірақ өзін жаман дейтін жоқ адам.

Біреу сөйлер білгірсініп, көсемсіп,
Біреу сөйлер ділмәрсініп, шешенсіп.
Бәрі шеттен парасатты, ақылды,
Айналды сен былайсың десең сырт.

Болып жүрміз сен қиын да, мен қиын,
(Данышпан деп атаған ғой ел биін).
Менше өзін түсінгендер данышпан,
Бірақ өзін түсінуі ең қиын.

- Оқырманын өзіне тартып әкететін философиялық иірімі күшті өлең екен. Қазіргі ақын әріптестеріңіздің поэзия тілі қай деңгейде деп ойлайсыз?

- Мен оқып жүрген арғы бет, бергі беттегі көптеген ақындардың өлеңінде тіл жұтаңдығы басты кінарат. Содан барып ана тілімізді, әсіресе, әдеби тілімізді қайтадан тұғырына қондыруды аса армандап кетемін. Сол үшін де мен «Ана тіл ардың дастаны» деген дастанымның соңын:

Осындай тіл әлсіз бе ей, ақымақ,
Көтермеймін тілімді мен ақылап.
Қажеттілік туылмай дамымас тіл,
Осы боп тұр қазіргі ең ақиқат.

Ханнан тартып сөйлесе қарашаға,
Бірге сайрап кетпей ме бала-шаға.
Қазақ елі қазақша дүрілдесе,
Болар еді недеген тамаша, ә! – деп, түсіріппін. Мұны өз өлеңімді өзім мақтайын деп айтып отырғаным жоқ. Мақтайтындай онша көркем шумақтар да емес. Тек қазіргі ана тіліміздің жағдайы жөніндегі жанайқайым болғасын, мысалға келтіріп отырғаным ғой. Ал, менің поэзиялық туындыларым туралы Қытайдағы бірқанша ақын-жазушылар мен сыншылар мерзімді баспасөздерге сын мақалалар жазып, өздерінің көзқарастарын айтып, жақсы бағаларын берді. Ал, ішінара өлеңдеріме ауыр сындар айтушылар да болды. Ал, Қазақтанда шыққан «Суат» атты таңдамалы жыр жинағыма ақын Дәулетпек Байтұрсынұлының аталмыш баспаның атынан жазған аңдатпасынан, ол менің ақындық өнеріме дәл диягоноз қоғандай ой-сезімде болдым. Өйтетін де жөні бар. Менің осы жинағымның қол жазбасы оның қоржынында белгілі себептермен үш жылдай тұрып қалды. Осы барыста Дәулетпек менің қол жазбамды бірнеше мәрте зерттеп-зерделеп оқып шыққаны мәлім болып тұр. Ал осы жинақтың алдына «Күлдір-күлдір кісінетіп...» деген мақала жазған ақын-жазушы Серік Қапшықбайұлы ағамыздың қолында да қол жазбам бірталай уақыт болды. Сондықтан ол кісі де менің өмір-өнер жолдарым туралы едәуір бас қатырып, толғамды мақала жазғаны, әділ бағалар бергені көрініп тұр. Осы орайда осы екі ақынға тағы бір рет алғысымды айта кетуді жөн санап отырмын.

- Сіз жаңа «ішнара өлеңдеріме ауыр сындар айтушылар да болды» дедіңіз. Сіз олардың сынын оқығанда қандай көңіл күйде болдыңыз?

- Сын дұрыс ниетпен, әділ айтылса оны қабылдамауға хақың жоқ. Ол сыншының: «Сейіт ақынның тілшілік жұмысты көп істеп, ауыл жаңалықтарын көп жазатынына байланысты болса керек, оның кейбір өлеңдері ұйқасқа түсірілген жағымды жаңалықтарға ұқсап қалған...» деген мазмұндағы сын мақаласын алғаш оқығанымда, оған наразы болып, біраз уақыт тулап жүрген жайым бар тұғын. Кейін сол тұста жазған кейбір өлеңдеріме үңіліп көрсем, оның дұрыс сынағанына көзім жетіп, өз мінімді түзеп, оған іштей алғыс айтып жүрдім. Халықымызда «сын түзелмей, мін түзелмейді» деген керемет мақал бар ғой. Біздің әдебиетімізге әділ сын ауадай қажет-ақ. Арғы бет, бергі бетте болсын, мерзімді басылымдарда жарияланған сын мақалалардың бір талайын оқығанмын. Кейбір сын мақалалар сыншы мен сындалушының арасына сызат түсіріп қойғаны да жасырын емес. Меніңше мұның екі жақты себебі бар. Бірі, сыншы сын мақаласын қандай ниетпен, қалай жазғанына байланысты болса; енді бірі, сындалушы ол сын мақаланы қалай қабылдап жүргеніне байланысты. Әрине, дүниежүзінде мінсіз зат, мінсіз адам болмайтыны сияқты, ақын-жазушыларда, сыншыларда өздерінің жазған шығармаларында «ешқандай мін жоқ» деп айта алмаса керек. Сондықтан сыншы да, сындалушы да кең пейілді, байсалды, әділ позитсия ұстанғаны жөн. Тек сыншы мен сындалушы ғана емес, барлық әдебиетшілер «әдебиет – арлдың ісі» деген мәйекті тұжырымды берік ұстануы тиіс. Сонда ғана біздің әдебиетіміз дұрыс жолмен алға қарай үздіксіз дамитын болады. Бұлар менің сын жөнінде толық паймдалмаған келтелеу ойларым ғана...

- Аңсаған атажұртыңызға келіп қоныс тепкеніңізге де біраз жыл болды. Сіздің соңғы жылдары жазып жүрген поэзиялық туындыларыңыздан жан кейістігін ашық жайып салатын, мұңлы сарын басымдау екені байқалады. Мұны қалай түсінуге болады?

- Бұл сұрағың жан жарақатымды тырнағандай ауыр сұрақ болды. Менің Қытайда жазған өлеңдерім болсын, атажұртта жазып жүрген азды-көпті өлеңдерімде болсын, жалпы мұңлы сарын басымдау екені жасырын емес. Ақын ретінде, қоғам қайраткері ретінде, мені жержүзіне тарыдай шашылған туған халқымның тарихы қатты толғандыра береді. Сонау арғы замандарда, әсіресе, «ақтабан-шұбырынды» болып, екіге ел айрылған қаралы көш заманында дүниеге келген ата-бабаларымыздың күңіренген ән-күйлері әлі де құлағымның түбінен жаңғырып тұрғандай сезімде жүремін. Бір халық немесе бір ұлт тұрғысынан айтқанда, оның қоғамдық түзімдері ұқсамаған мемлекеттерде өмір сүруі сол ұлт, сол халықтың ауыр қасырет-қайғысы деп ойлаймын. Осындай ой-сезімдер менің жан дүйемді жаралай беретіндіктен, ол менің өлеңдеріме табиғи түрде сіңбей қайтсын?! Өзің сұрап қалған соң, осыған орай «Мен әйтеуір...» деген өлеңімді оқып берейін:

Мен өзі жалтақтаған қандай тұлға,
Қорынам көңілдегі әнді айтуға.
Шабытым шақырсам да шалқымайды.
Жүрсем де ару қала – Алматыда.

Қазақша қалам менің дүрілдемей,
Тұрғасын көңілімнің күйі келмей.
Қорынам қазақшамды сөйлеуге де.
Басқа бір тілдерге онша тілім келмей.

Қалайша қарттарынан қашқан өрлік,
Жалынсыз қара домалақ жастар неғып?
Алшаңдап жүргені аз қазақтардың,
Қызығын бұл қаланың басқа көріп.

Елміз бе көніп алған мазаққа біз?
Төмен бе намысымыз, аз ақшамыз?
Құлжаға қайтып кеткім келгенімен,
Тұрған жоқ онда да оңып қазақшамыз.

Айтпайын десең бәрін көз көруде,
Әйтеуір өзің сорлы өз жеріңде.
Дегендей: «Көп қорқытып, терең батырар»,
Бір қиын тағы тұрмыз кезде міне.

Түгелдей болмаса да әлем жарық,
Жатыр ғой теңдік алып, әр ел дамып.
Қазақты алақанға ойнатып жүр,
Орыс пен қытай неткен пәле халық.

Тілім мен қасиетті ділім менің,
Деп мақтанып, бөссек те күніне мың.
Қызғанышым қозады, намысым да,
Көріп кейде өзбек пен түрік елін.

Сосын кейде сағынтып тауым, далам,
Кеткім келіп тұрады ауылдарға.
Өйткені онда қазақтың десі басым,
Өмір сүрген қазақтар қауымдана.

Жабырқасам көп қарап Алатауға,
Барып қайтам оған да ара-тұра.
Қайтсам ба екен Нарынқол жаққа барып,
Тартсам ба әлде өзімнің Наратыма.

Жазғыш болдық бәріміз даурығып жыр,
Бізге қатты ұрысшы, ауылым, бір.
Қаладағы қазақтың үлкен дерті –
Қан жетіспей қазақи ауырып жүр.

Осы ауруды болмайды жеңіп алмай,
Осы аурудың табамыз емін қалай?
Анда-санда мүсінін көріп қайтам,
Әлі ренжіп тұрғандай еліне Абай.

Ой-сезімде емес қой әркім бірдей,
Ағат сөйлеп жүрмін бе бәлкім білмей.?
Келгесін бе, білмеймін, Қытай асып,
Мен әйтеуір жабығам, шалқып жүрмей.

- Сіз артыңызда қалған қара орман халқыңызға алаңдап жүрсіз бе, әлде көшіп келіп қоныстанып жатқан «оралмандардың» тағдырына алаңдайсыз ба?

- Екі жағы да бар. Қытайдағы ел-жұртымыздың қопарыла көшіп келуі қазірше мүмкін емес сияқты. Бұл жөнінде «арман болғанымен дәрмен жоқ» деп өзімді жуата тұруға тура келіп тұр. Бірақ, уақыт ұзара берсе, ол жақтағы ұрпақтарымыздың тілі де, ділі де ұлттық рухы да барған сайын өшкіндей беретіні байқалып тұрғаны ақиқат. Бұл ақиқат екеуіміз сияқты ұлт жанды азаматтарды қалайша рухани азапқа салмасын?! Ал кейбір кедергілерге, қиыншылықтарға қарамай «елім, жерім» деп көшіп келіп жатқан қандастарымызды қалай орналастыру керек? Олардың жай-күйі қалай? Деген тақырыптағы әңгіме, мен бұтарлап айтпасамда жиі-жиі қозғалып жүр ғой.

Сол әртүрлі ойдың жетегінде жүргенде жазылған «Ойланып жүрем ылғыи» деген өлеңім бар еді.

Ойланып жүрем ылғи да,
Бір күнім ойсыз батпайды.
Ой туатын бұл ми да,
Ұқтамай тыным таппайды.

Ұйықтасам да түсімде,
Ой-лента тағы да оралып,
Өмірдің сыртын-ішінде,
Жатады миға мол алып.

Ойларым оңқай асықтай,
Түсе де бермес бірақ та.
Бірақ та жанды жасытпай,
Арманымды айдар жыраққа.

Мендегі ой – елден кем түспеу,
Адам боп өмір сүргесін.
Боп қалды денем еңкіштеу,
Иіліп басым жүргесін.

Ойыңды ортақ қолдаса,
Айрылма ойдан бір елі.
Салиқалы ой болмаса,
Сәнің қайтіп кіреді?

Менің сәнім – өлеңім,
Шаттығым, қайғым, осымен...
Ойланып жатып өлермін,
Өлсем де бәлкім осы мен...

- Қазір Қытайдан келетін көш тоқырауға ұшырап отыр. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

- Өзіміз сияқты азаматтар айтып жүргендей, мұның мынандай бірнеше басты себебі бар деп ойлаймын:

Біріншіден, көш жолы рауан емес, кедергі көп. Бастысы – құжат жинау, қағаз бастылық әурешілігі. Мұны екі жақ Үкіметтері шұғыл ойласып, ыңғайлы, қолайлы, жолдарды қарастыру тиіс.

Екіншіден, алдыңғы көшіп келген оралмандардың материалдық жағдайы мәз емес. Бастысы – баспана мен жер телімінің үйлесімді қамтамасыз етілмеуі. Одан қалса олардың бірталайының бала-шағаларының оқусыз жұмыссыз қалып жүруі. Бұл турасында, басқа емес, өз басымнан мысал айтуға болады. Мен екі баламды көптеген әуре-сарсаңға түсіп жүріп, Алматыдағы екі жоғары оқу орнына түсіргенмін. Содан оларға Абайдың:

«Сен де кірпіш дүниеге,

Кетігін тап та бар қалан...» деген сияқты тағылым өлеңдер мен халықтық педагогикасымен тәрбиеледім. Оқу бітіргесін тәуелсіз Қазақстанға бір кісілік үлестеріңді қосатын боласыңдар, жақсы оқыңдар, деп оларды оқуға, отанын сүюге құлшындырып отырған едім. Қазір бірі – заңгер, бірі – темір жол саласының мамандығын алып оқуларын нәтижелі тамамдағанымен бөліс болмағандықтан, негізінен жұмыссыз жүр. Тек әйеліміз екеуіміздің Қытайдан алатын азын-аулақ зейнетақымызбен қалт-құлт күн кешіріп келе жатырмыз. Бұлай болмайды ғой?! Әрине, мен Атажұртқа оралғаныма, балаларымның осы елдің азаматы болғанына әсте өкінбеймін. Өйткені бұл біздің жүрек қалауымыз. Бірақ «оралман» ағайындардың осылай, осындай жағдайларын көріп жаның қалай ауырмай, жүрегің қалай сыздамайды.

Осыған байланысты үшінші себеп, «атажұрт» деп аңсап келген қандастарымыздың «оралман» деген атты ғана иелеп, өгей баланың күйін кешкендей, шетке қағыла беретіні де зерделей қараған адамға жасырын құбылыс емес. Бұл алыс-жақын шетелдерден өз еркімен оралған оралмандар үшін үлкен рухани азап. Олар шетелдерден жанын баға алмай, жұмыс таба алмай, күнін көре алмай келген жоқ қой. Олар жайлы қоныс, жақсы жұмысын қиып, «Атажұртым, тәуелсіз отаным – Қазақстан!» деп келгені Тәңірге де аян. Ендеше, шеттен келген қандастарымыздың осындай оттан ыстық отаншыл, патриоттық ой-сезімі қадірленсе, бағаланса, тіпті де нұр үстіне нұр болареді-ау, әттең?!

Төртінші бір себеп, Қазақстанда табандап тұрып, тұрмыс-тіршілік жолын таба алмаған аздаған жігерсіздеу азаматтардың қайта көшіп кетіп, ол жақтағы ел-жұрттың оттай көңіліне суық су сепкендей болып жүруі де қазіргі кездегі көші-қонның тоқырап қалуына да белгілі кері ықпал жасап жүрген сияқты. Көші-қон мәселесіндегі жоғарыдағы көзқарастарымды түйінденкіреп айтсам: алыс-жақын шетелдердегі қандастарымызды тәуелсіз Қазақстанға тарту жөніндегі мемлекет басшысының, жоғары биліктің дұрыс, аңғарымды саясат, шешімдеріне кір келтіруге болмайды. Мәселе, осы дұрыс саясаттың төменгі атқарушы биліктің облыс, аудан және ауыл-аймақтарда ала-құла атқарылуында тұр деп есептеймін.

- Сейіт аға, лрикалық өлеңдеріңіздің біреуін оқыңыз шы?

- 2010 жылы жазған «Айға қарап» деген өлеңімді оқиын:

Ақ сәулесі төгілген ақ шуағы,
Түнгі әлемнің өзіңсің шам-шырағы.
Саған қарап көңілім көп толқиды,
Саған қарап қиялым шарқ ұрады.

Болған менің арулар – айдай кісім,
Сен махаббат жырының қаймағысың.
Өзің қарап тұрғансың сол бір кеште,
Сен алғашқы махаббат айғағысың.

Тәкаппарсып сен онда биік тұрдың,
Қалғанымды білгің кеп сүйіп кімді.
Бұлт бүркендің ұялып ақ жүзіңе,
Мен бауырыма басқанда сүйіктімді.

Танисың ба қазір сен, танымайсың?
Мен қартайдым, сен әлі ару айсың.
Ұялсаң да, сен әлі қызғансаң да,
Күнде жаңа жастарды қабылдайсың.

Көріп жүрсің, айым-ау, дана, көркем,
Махаббаттсыз күні адам қараң екен.
Ал өзіңнің ылғи да жүзің мұңлы,
Жұбайсыздық дерті өтіп бара ма екен!

Өтесің бе өкпелеп өмірге өстіп,
Жүрсің, айым, айтшы кімді тосып?
Неге Тәңірім қоймады екен деші,
Сұлу айға қызулы Күнді қосып.

- Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбатты жүргізген Әлімжан Әшімұлы

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3267
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5627