Қамбар Атабаев: «Ұлттық идеология және ұлт тарихы»
Қамбар Атабаев, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әлем тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы, деректанушы
- Қамбар Махамбетұлы! Бүгінгі күні қазақ қоғамын көп толғандырып жүрген мәселелердің бірі – мемлекеттік деңгейдегі жүйелі ұлттық идеология мәселесі. Ол туралы «Ақиқат» жұрналының осы жылғы үшінші санында жарияланған «Ұлттық идеология және рушылдық» атты мақалаңызда өзіңіз де біршама айттыңыз. Сонымен қатар Сіз ондаған жылдар бойы ұлт тарихы, дәлірек айтқанда қазақ тарихы туралы айтып, мәселе көтеріп жүрсіз. Осы екі мәселе бір бірімен қаншалықты байланысты?
Қамбар Атабаев, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әлем тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы, деректанушы
- Қамбар Махамбетұлы! Бүгінгі күні қазақ қоғамын көп толғандырып жүрген мәселелердің бірі – мемлекеттік деңгейдегі жүйелі ұлттық идеология мәселесі. Ол туралы «Ақиқат» жұрналының осы жылғы үшінші санында жарияланған «Ұлттық идеология және рушылдық» атты мақалаңызда өзіңіз де біршама айттыңыз. Сонымен қатар Сіз ондаған жылдар бойы ұлт тарихы, дәлірек айтқанда қазақ тарихы туралы айтып, мәселе көтеріп жүрсіз. Осы екі мәселе бір бірімен қаншалықты байланысты?
- Өте орынды да, маңызды сұрақ. Ашығырақ айтқанда, бұл екі мәселенің қазақ қоғамы үшін де, ұлт тағдыры үшін де, жалпы тәуелсіздігіміз тағдыры үшін де маңызы аса үлкен. Олай дейтініміз, Қазақстан Республикасы деп аталатын мемлекетті құрушы бірден-бір ұлт ретінде қазақтардың ұлт болып ұйысып, өздерінің мүмкіндігінше ұлттық бітім-болмысына жақындауы және айқын ұлттық бет-бейнесін сақтап, ұлттық санасын қалыптастыруы тәуелсіздігімізді баянды етудің ең басты факторы. Оған тек ұлттық идеология арқылы ғана қол жеткізуге болады. Ғылыми негізделген жүйелі ұлттық идеологиясыз ұлттық тәрбие де, ұлттық дәстүр де, ұлттық болмыс та, ұлттық сана да, түптеп келгенде ұлттың өзі де жоқ. Ал, сол ұлттық иделогияның негізін де, өзегін де құрайтын ұлттың тарихы. Тарих – ұлттың жады. Жады айқын ұлттың болашағы да айқын. Жады көмескі ұлттың болашағы да көмескі. Табиғат ана силаған адамдардың ерекше қасиеті – оның өткенін, бүгінгісін және болашаққа деген жоспары мен үмітін бірлікте ұстап отыруға мүмкіндік беретін жадының болуы. Адам өмірі белгілі бір уақыт аралғында өтетіні ральды шындық болғанымен, оның жер бетіндегі болмысы аталған үш уақыт өлшемінің біреуімен ғана шектелмейді. Ол, сол өлшемдердің, яғни «өткен – бүгін – келешек» сияқты ұғымдардың бірлігімен айқындалады. Жадтың қарама-қарсы түсінігі – жадсыздық немесе ессіздік. Барлық уақытта да адамдарды, тіптен тұтас бір халықтарды есінен айыру, санасыздандыру әрекеті болған, болады да. Мұндай әрекеттен қазақтардың да тыс қалмағандары белгілі. Демек, ұлттық идеологияны ұлттың жады тарихпен байланыссыз қарастыру мүмкін емес.
- Ұлт тағдырында да, мемлекет тағдырында да шешуші рөл атқаратын бұл екі фактордың бүгінгі қазақ қоғамындағы орны қандай? Олар өздеріне тиісті функцияларын қаншалықты атқарып отыр?
- Алдымен ұлттық идеология туралы айтар болсамтәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап, мемлект саясатының басым бағыттарының бірі ретінде ұлттық идеологияның айқындалып, жүйелі түрде жүргізілмеуі біздің ең басты стратегиялық қателігіміз болды дер едім. Оны өмірдің өзі толығымен дәлелдеп отыр. Тұтас бір буын ғылыми негізделген жүйелі ұлттық тәлім-тәрбиесіз, яғни ұлттық идеологиясыз өсіп, өмірге араласа бастады. Олардың идеологиясы – ақша. Қандай жолмен болса да баю. Бүгінгі қазақ қоғамында орын алып отырған сан алуан келеңсіздіктер соның тікелей салдары.Оған еш қиындықсыз ондаған, жүздеген мысалдар келтіруге болады. Бірақ, бұл тек бастамасы ғана. Мұның салдары әлі алда. Егер ұлт өзін ұлт ретінде сақтап қалғысы келсе, онда бұл мәселеге мемлекеттік деңгейде ерекше көңіл бөлінуі керек. Өйткені, бұл ұлттық көлемдегі аса ауқымды да, аса күрделі мәселе. Сондықтан да ол көп болып, жан-жақты ойластырылуы және іске асырылуы қажет.
Ал,егер тарих туралы айтар болсам, мен тарихшы ретінде, сол ұлттық идеологияның негізін қалап, өзегін құрайтын ұлт тарихының, атап айтқанда жүйелі қазақ тарихының жазылмағандығы туралы және оны уақыт талабына сай қалай жазу керектігі туралы 20 жылдан бері айтып та, жазып та келемін. Дәлірек айтсам, осы тақырыпқа арналған алғашқы мақалам «Тарихы жоқ халық жоқ» деген атпен 1993 жылдың 17 ақпанында «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды. Одан бері жүздеген мақалалар жазып, кітаптар шығардым. Бірақ, одан ешнәрсе өзгеріп жатқан жоқ. Баяғы жартас, сол бір тас. Дегенмен, ұлттың жады тарихсыз ұлттың жарқын болашағының болмайтындығы заңдылық. Қандай да болмасын ұлт мүддесіне қатысты мәселені ұлт тарихымен байланыссыз шешу мүмкін емес. Оның айқын дәлелі қазақ тілінің мәселесі.
Мысалы, тәуелсіздік жылдары тіл туралы, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде өзіне тиісті заңды орнын ала алмай отырғандығы туралы аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Неге қабылданған заңға, миллиондап бөлінген қаржыға, төгілген терге қарамастан күні бүгінге дейін қазақ тілі қазақ жерінде екінші қатардағы тіл ретінде қалып отыр? Мұның ең басты себебі - ұлттың өзінің тума төл тарихынан айырылуы. Ұлт санасының қайнар көзі – ұлттың төл тума тарихы. Ал, тіл болса, сол ұлт жадының, ұлт санасының сыртқы көрінісі. Яғни, ұлттың тарихи жады, ұлттың ұлттық санасы қандай болса, оның іс-әрекеті де, сөйлеген сөзі де, яғни тілі де сондай болмақ. Алдымен патша өкіметі, кейіннен кеңес өкіметі қазақты бәрінен бұрын дәл сол тарихи жадынан, яғни ұлттық санасынан айыруға барын салды. Нәтижесінде ұлттың тарихи жады зақымданып, көмескі тартты. Тәуелсіздік жылдары ондаған, жүздеген тарих ғылымдарының кандидаттары мен докторлары пайда болды. Бірақ, ғылыми жазба тарих ұлттың біртұтас шынайы тарихи жадын қайта қалыптастыруды қамтамасыз ете алмады. Ұлттың тарихи жады да, санасы да сол зақымданған, көмескеленген күйінде қалып қойды. Бірін бірі түсінуден қалған бірнеше әлеуметтік топтарға бөлінген ұлттың бүгінгі жағдайы, оның шұбарланған, қойыртпақтанған тілі соның айқын дәлелі.
Тіл қоғамының айнасы. Онда қандай да болмасын қоғамының бар бет-бейнесі мен бітім-болмысы айқын көрініс табады. Демек, тіл ұлт тарихының, қоғам тарихының ең басты да, ең маңызды дерек көзі. Егер, ұлттың бүгінгі рухани қасіреттерінің қайнар көзі ұлттың тарихи жадының зақымдануы екендігі анық болса, онда алдымен ұлттың тарихи жадын емдеу, қалпына келтіру керек екендігі де анық. Оның бірден бір жолы ғылыми негізделген объективті де шынайы қазақ тарихының жазылуы.
- Олай болса, сол ғылыми негізделген объективті де, шынайы қазақ тарихы күні бүгінге дейін неге жазылмаған?
- Оның ең басты себебі, біріншіден, Қазақстан Республикасы деп аталатын мемлекетті құрушы ұлт – қазақтың танымды да жүйелі тарихын жазуға қазіргі биліктің бейіл танытпауы, екіншіден, ресми тарих ғылымының да, тарихшы ғалымдардың оған дайын болмай шығуы. Біздегі негізі кеңестік кезеңде қаланған тарих ғылымының да, кәсіпқой қазақ тарихшыларының да өздерінің тікелей міндеті болып табылатын объективті қазақ тарихын жазу ісінде толық қаблетсіздік танытуы. Мысалы, 2008 жылы біздегі ресми тарих ғылымының жағдайы туралы марқұм Ақселеу Сейдімбек: «Қазақстанда тарих ғылымы тоқырауға ұшыраған, түркологиялық зерде қалыптаспаған немесе ғалым-зерттеушілердің санасын немкеттілік жайлап алған» десе (Сейдімбек А. «Ұлы қағанат» туралы. // Егемен Қазақстан, 2008 жыл 13 желтоқсан), 2009 жылы белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ тарихының жанашыры Өмірбек Байгелді ағамыз: «Бұл күнде тарих ғылымынан қорғалып жатқан кандидаттық, докторлық диссертациялар қисапсыз...Бірақ, тарих ғылымы одан өскен жоқ. Ұлттық тарихымыз жүйеленбей жатыр... ұлттық шын тарихымызды жүйелеп қайта жазатын уақыт жетті» деп, біздегі бүгінгі тарих ғылымында қалыптасқан жағдайды дәл көрсете білген (Байгелді Ө. Дегдар. // Егемен Қазақстан, 2009 жыл 14 сәуір)
Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Бірақ, осылардың өзі де Қазақстан тарих ғылымын реформаландыру арқылы түбегейлі қайта құру қажеттігін толығымен дәлелдейді деп ойлаймыз. Біріншіден, Қазақстан тарих ғылымын реформалау арқылы қайта құрудың объективті алғышарттары бізде толық пісіп жетілді. Олар: еліміздің тәуелсіздік алуы, ұлттық сананың оянуы, ұлттың өзін-өзі тануға деген ұмтылысы, шынайы тарихқа деген ұлттық сұраныстың артуы. Осы және басқа да объективті факторлардың ерте ме, кеш пе, негізі кеңестік кезеңде қалыптасқан, Қазақстан тарих ғылымын қайта құруға алып келері анық. Ал, оның бірден-бір жолы - реформаландыру.
Екіншіден, кез-келген ғылыми-танымдық процесс негізгі үш компоненттен тұрады. Олар: таным объектісі, таным субъекті және таным методы. Ғылыми-зерттеу жұмысында бұл үш компонент те шешуші рөл атқарады. Өкінішке орай, біздегі ресми тарих ғылымында бұл үш компоненттің үшеуі де айқын емес. Ал, оларды анықтап алмай Қазақстан тарих ғылымының дұрыс бағытта дамып, қажетті нәтиже беруі мүмкін емес. Демек, қазіргі Қазақстан тарих ғылымының теориялық-методологиялық проблемалары да, оның келешекте қай бағытта дамып, қандай нәтиже берері де негізінен, осы компоненттердің тарих ғылымындағы орны мен маңызын жете түсініп, дәл анықтай білумен тікелей байланысты.
- Сонда, ол қандай компоненттер? Сол туралы анығырақ айтсаңыз.
- Егер, жалпы Қазақстан тарих ғылымының бүгінде ұлттық деңгейдегі жүргізіп отырған зерттеу жұмыстарын макро, яғни кең көлемдегі ғылыми-танымдық процесс деп алсақ, онда қазіргі Қазақстан тарих ғылымының ең басты методологиялық проблемасы, ол өзінің кең көлемдегі басты зерттеу объектісін анықтап алуы деп айтуға болады. Біздің ойымызша Қазақстан тарих ғылымының ұлттық деңгейдегі басты зерттеу объектісі қазіргідей Отан тарихы - (Қазақстан Республикасының тарихы) емес, Қазақ тарихы болуы тиіс. Бұл жай ғана терминдерді ауыстыру емес. Бұл Қазақстан тарих ғылымының бағыт-бағдарын түбегейлі өзгерту деген сөз. Кез келген ғылымның өзінің нақты ұғымдары мен терминдерін анықтаудан басталатындығын ескерсек, онда бұл екеуінің екі басқа ұғымдар екендігін мойындауымыз керек. Сондықтан екеуі екі бағыттағы, екі басқа зерттеу объектілері болып табылады. Демек, Қазақстан тарих ғылымының келешек даму бағыттары да, осы екі объектің қайсысын таңдаумен тікелей байланысты. Тарих ғылымының басты теориялық-методологиялық макро проблемаларының бірі ретінде, зерттеу объектісін дұрыс таңдай білу ғылымның да, сол ғылыммен айналысатын ғалымдардың да алдына шынайы, табиғи проблемалар қойып, сол проблемаларды шешу жолдарын іздестіруге мүмкіндік берсе, объекті дұрыс таңдай алмау жалған, ойдан шығарылған проблемалар қойып, соларды шешумен айналысуға мәжбүр етеді.
- Бүгінде Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекшілігімен «Қазақстан тарихы» деген атпен 20 кітаптан тұратын 10 томдығының дайындалып жатқандығы көпшілікке белгілі. Дегенмен көптомдықтың қалай аталу керектігі туралы тарихшылар әлі бір тоқтамға келмеген сияқты. Мысалы, Сіз «Қазақ тарихы» деп атау керек дейсіз. Ал, басқа тарихшылар басқаша атауды ұсынады. Сіз бұған не айтасыз?
- Иә, оныңыз рас. Мысалы, жақында «Білім» арнасында өткізілген «Ғылыми кеңесте» белгілі тарихшы М. Қойгелді: «Қазақстан тарихы» деп атала ма?, «Қазақ тарихы» деп атала ма? Онда тұрған ешнәрсе жоқ. Оны сөз қыла барудің де қажеті жоқ» десе, өзіңіз атаған иниститут директоры Х. Әбжанов: «Маған «Отан тарихы» деген ат ұнайды, сондықтан «Отан тарихы» дегеніміз дұрыс» деді. Ал, З. Қиянатұлы ағамыз: «Елбасы өз жолдауында келешекте «Қазақ мемлекеті» деп аталамыз деді ғой. Сол кезде «Қазақ тарихы» деп атармыз, әзірге «Қазақстан тарихы» дей берейік» деді. Оны миллондаған телекөрермендер көрді де, естіді де.
Әрине, әркімнің өз пікірінің болғаны жақсы. Бірақ, бар мәселе сол пікірдің қаншалықты шындыққа сай келуінде және оның қаншалықты ғылыми негізделуінде. Егер, өз пікірім туралы айтар болсам, біріншіден, Қазақстан тарих ғылымының зерттеу объектісін – "Қазақстан тарихы" деп алу, біздің ұлттық мүддемізге де, тарихи тағдырымызға да сай келмейді. Өйткені, ол ұлттың тарихын емес, мемлекеттің тарихын зерттеу болып шығады. Біріншіден, «Қазақстан Республикасы» деп аталатын мемлекеттің 1991 жылы дүниеге келгендігі тарихи факты. Демек, «Қазақстан тарихы» деп атау тарихты 1991 жылдан бастау деген сөз. Екіншіден, қазақтарды құрған мемлекеттер емес, мемлекеттерді құрған қазақтар. Қазақстандағы мемлекет құрушы бірден-бір ұлт - қазақ ұлты. Ал, өзгелері басқа ұлттардың өкілдері, яғни біздегі диаспоралар. Олардың ұлт ретіндегі тарихы өздерінің тарихи отандарында жан-жақты зерттелуде. Сондықтан,қазақ тарихы мемлекеттер тарихының тінінде (контексінде) емес, мемлекеттер тарихы қазақ тарихының тінінде (контексінде) зерттелуі тиіс.
Екіншіден, "Отан тарихы" деп алу сырттағы 5 миллионға жуық қазақтарды туған тарихынан өз қолымызбен айыру деген сөз. Мысалы, тағдырдың тәлкегімен Қытайда өмір сүріп жатқан 2 миллионға жуық қандастарымыздың Отаны - ҚХР. Өйткені олардың көбі сонда дүниеге келіп, сонда өсті. Сол сияқты басқаларының да өз Отандары бар. Ал, «Қазақ тарихы» - дүниенің қай түпкірінде жүрмесін өзін қазақпын деп санайтын азаматтардың бәрінің де ортақ тарихы. Демек, ол қазақ тілісияқты дүниежүзі қазақтарының басын біріктіріп тұратын маңызды факторлардың бірі болуы тиіс.
Үшіншіден, Қазақстан тарих ғылымының алдында тұрған басты теориялық-методологиялық проблемалар мен негізгі міндеттерді тұңғыш Президентіміз Н. Ә. Назарбаев өзінің "Тарих толқынында" атты еңбегінде тарихтың ұлттық идеяны қалыптастырудағы шешуші рөлі туралы: "Ұлттық идеяның қалыптасуы өзіміздің төл тарихымызды жаңаша ұғыну негізінде ғана мүмкін болады...ұлттық тарихты жиырма бірінші ғасырдың өлшемдері шеңберінде ұғыну ұлттық идеяны тұжырымдаудың алғашқы қадамы болып табылады"- дейді. /Тарих толқынында. 40 б./. Демек, көптомдықтың атын «Қазақ тарихы» деп алып, атына сай мазмұнын толықтыру Президент саясатын іске асыру деген сөз. Ал, ол тарихшылардың тікелей міндеті болып табылады.
Төртіншіден,Мәскеудің де, КОКП-ның да құлдығынан құтылғанымызбен «Қазақстан тарихын» зерттеуден айырылмауымыздың да өз объективті және субъективті себептері бар. Ол патша үкіметі бастап, кеңес өкіметі аса белсенділікпен жүргізген отарлау саясаты салдарында елімізде қалыптасқан реальды жағдаймен және қоғамымызда өмір сүріп жатқан әлеуметтік топтар мен сол әлеуметтік топтардың мүддесін көздеген зерттеуші-субъектермен, қазақ тарихшыларының психологиясымен, олардың кәсіби дайындығымен, яғни әлеуметтік-субъективтілік факторлармен байланысты.
Біріншіден, тарихшы жерлестеріміздің империялық пиғылдан айырыла қоймаған белгілі бір тобы өздерінің қазақ жерінде өмір сүріп жатқандықтарын, сол халықтың тілін, тарихын білулері керектігін мойындағылары келмейді. Сондықтан, сол топтан шыққан тарихшылар үшін бет-бейнесі белгісіз, бәріне де ортақ, қандай деректерге сүйеніп жазсаң да, қай тілде жазсаң да бола беретін «Қазақстан тарихы» туралы жазған тиімді. Екіншіден, белгілі бір әлеуметтік топтың өкілі болып табылатын, қазақ тарихшыларының бір бөлігі өз тілінде оқи да, жаза да білмейді. Демек, тума төл деректерімізді дерек көздері ретінде пайдалана да алмайды. Сондықтан, олар да «Қазақстан тарихы» туралы орыс тілінде пайда болған деректер негізінде, сол тілде еңбектер жазып, ғылыми атақ-дәрежелерге ие болды және ие болуда. Олардың түсінігінде ғылым тек орыс тілінде ғана дамуы мүмкін. Үшіншіден, өз тілдерінде жаза да, оқи да алатын қазақ тарихшылырының өздері де «Қазақ тарихын» емес, «Қазақстан тарихын» зерттеуге дайындалған және дайындалуда. Сондықтан олар да түбегейлі психологиялық және кәсіби өзгерістерді қажет етеді.
Осындай, және басқа да себептерге байланысты біз әлі туған тарихымызға, атап айтқанда, «Қазақ тарихына» бет бұра алмай келеміз. Әрине, қоғамдағы әр түрлі әлеуметтік топтардың мүдделерін ескерген жақсы, бірақ ол неге қазақтардың ұлтық мүддесінің есебінен жүргізілуі тиіс? "Қазақстан - ұлттар достығының лабароториясы" деп даурығып жүріп, өзіміздің бет-бейнемізден, тілімізден, дінімізден, тарихымыздан т. т. айырылып қала жаздағанымыз бізге неге сабақ болмайды? Достық достықпен, бірақ қазақтар да өз тарихын білуге құқылы. Оған біздегі басқа ұлттардың өкілдері де түсіністікпен қараулары керек.
Бесіншіден,Қазақстан, яғни мемлекет тарихын зерттеу ісімен арнайы айналысып отырған бізде ғылыми-зерттеу институты да бар. Ол Астана қаласында ашылған «Мемлекет тарихы институты». «Қазақстан тарихын» жазу солардың міндеті. Ал, Ш. Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты азамат тарихымен, атап айтқанда қазақ тарихын зерттеу ісімен айналысуы тиіс. Ол сонда ғана өз орнын ақтай алады. Егер, ол да Қазақстан тарихын зерттейтін болса, онда бірін бірі қайталайтын екі бірдей институттың не қажеттігі бар?
Алтыншыдан, тарих – тарихшылар қалай атағы келсе солай атайтын тарихшылардың меншігі емес. Тарихшылар қайдан құлақ шығарғысы келсе содан құлақ шығаратын тарих қазан емес. Тарих – ұлттың алтын қазынасы. Тарих – ұлттың ғасырлар бойы тірнектеп жинаған байлығы. Тарих – ұлттың жады. Ал, тарихшылардың міндеті сол байлықты ұлтқа қайтару, әр түрлі себептерге байланысты көмескеленген ұлт жадының қалпына келуіне көмектесу. Ұлтымыз біздерден, яғни кәсіпқой тарихшылардан 20 жыл бойы өзінің ғылыми негізде жазылған жүйелі де, шынайы тарихын күтті. Ал, біз, тағы да, сол бұрынғыдай, көне дәуірден бүгінге дейінгі «Қазақстан тарихын», яғни ұлттың емес, көне дәуірде де, орта ғасырларда да болмаған мемлекеттің тарихын жазсақ жұршылық, әсіресе келер ұрпақ, бізге не дер екен? Мен өз әріптестерімнен осыны ұмытпауларын өтінемін.
Жетіншіден, көптомдықтың қалай аталып, қай бағытта, қандай мазмұнда жазылары тек тарихшыларға ғана қатысты тар көлемдегі мәселе емес. Ол ұлттық көлемдегі ауқымды мәселе. Сондықтан жұртшылық та тек сырттай бақылаушы ғана болып қалмай, көптомдықтың осы бастан дұрыс аталып, дұрыс бағытта дайындалуына және ұлттық мазмұнда жазылуын талап етулері тиіс.
Сегізіншіден, қандай да болмасын нәрсе белгілі бір уақыт пен кеңістікте болады. Уақыт пен кеңістіктен тыс еш нәрсе де болмайды. Уақыт пен кеңістіктен шығу жалпы ғылыми зерттеудің ең басты ұстанымы (принципі). Бұл тарихқа да тән ұстаным. Қазақстан тарих ғылымының зерттеу объектісін – "Қазақ тарихы" деп алу, осы ұстанымға толық сай келеді. Ол, біріншіден, уақыт жағынан қазақ тарихын оның шыққан тегі сақ, үйсін, түрік дәуірлерінен бастауға мүмкіндік берсе, екіншіден, кеңістік жағынан тағдырдың тәлкегімен бүгінде әр түрлі мемлекеттердің аумағында қалып қойған байрығы қазақ жерін толық қамтуға мүмкіндік береді.
Шынайы қазақ тарихын жазу үшін, жоғарыда айтқанымыздай, таным объектісін анықтаумен қатар, таным субъекті және таным методы сияқты компоненттердің де болуы да шарт. Бір-бірімен тығыз байланысты бұл екі компоненттің де Қазақстан тарих ғылымында алар орындарын айқындап алудың маңызы, зерттеу объектісін айқындап алудан кем емес. Мысалы, Қазақстан тарих ғылымындағы таным субъекті дегеніміз, сол қазақ тарихын зерттеу жұмыстарымен айналысатын кәсіпқой тарихшы-зерттеуші мамандар болса, таным методы дегеніміз, сол мамандар меңгеруге тиіс - деректану ғылымы. Деректану - сол маман тарихшы- зерттеушілерге қазақ тарихын тума төл деректердің негізінде терең де жан-жақты зерттеп, жаза білуге мүмкіндік беретін зерттеу әдістері мен тәсілдері, яғни ғылыми-зерттеу технологиясы.Тарихты тарихи деректерді сыни талдаудан өткізу, яғни деректану ғылымы арқылы жазу, Қазақстанның тарих ғылымын құбылыстың тек сыртқы көріністерін суреттеуге бағытталған қазіргі эмпирикалық деңгейден, құбылыстың ішкі мән-мағынасы мен мазмұнын ашуға мүмкіндік беретін теориялық деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Міне, осы компоненттердің Қазақстан тарих ғылымындағы орындарын толық анықтап, оларды бір-бірімен тығыз байланыста дамыта білгенде ғана шынайы Қазақ тарихының жазылуы мүмкін. Ол үшін ең алдымен біздегі кеңестік кезеңнен қалған маман тарихшылар даярлау жүйесін де реформаландыру арқылы түбегейлі қайта құру қажет. Сонда ғана ХХІ ғасыр талабына сай ғылыми негізделген жүйелі де танымды тарих жазуға қаблетті, құлдық психологиядан арылған, анау не дер екен, мынау не дерек деп ешкімге жалтақтамайтын тарихшылардың жаңа буын өкілдерін дайындап,, тарихи зерттеу метоттарын жетілдіруге және тарих ғылымын қазіргі эмпирикалық деңгейден теориялық деңгейге көтеруге болады. Ал, ол, өз кезегінде, ұлттық идеологияны тарихи таным негізінде жүргізіп, ұлттың тарихи жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді.
Сұхбаттасқан - Аман Әйтім
«Ақиқат» журналы Шілде, 2013 жыл