Сәрсенбі, 13 Қараша 2024
Қайнайды қаның... 3041 9 пікір 21 Қыркүйек, 2023 сағат 13:20

Риддердегі жалғыз қазақ мектебі: «Шаңырақ» қаңырап қалды

Сурет: Әлеуметтік желіден алынды

Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы жалғыз қазақ мектебі – «Шаңыраққа» құлып салынды. Аталған білім ошағында білім алатын оқушылардың бәрі уақытша басқа мектепке ауыстырылды.

Жергілікті тұрғындар бұған дейін ғимараттың шатыры кез келген уақытта құлауы мүмкін екенін айтып дабыл қаққан. Түркістан қаласында өткен биылғы білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінде сөз сөйлеген ҚР Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса бұл туралы: «Риддердегі жалпы 16 мектептің 1-еуі ғана қазақша, 12-сі орысша, 3-еуі аралас мектеп. Қазақ елінде қазақ мектебі 20 жылдан бері жаңа ғимарат сұрап зарлап келеді. Риддерде қазақша мектеп жетіспейтіндіктен, қазақ балаларына дискриминация жасалып, оқуға ешқандай жағдай жасалмай, зардап шегуде», – деген еді.

Сондай-ақ, депутат 2008 жылы «Шаңырақ» қазақ мектебін салуға жер телімін бөлу туралы қаулы шыққанда мектептің апаттық мектеп екені туралы эксперт сараптамасы да, типтік емес мектепте отырғаны туралы да құжаттар болғанын, бірақ 2019 жылы бұл сараптаманы да басқа құжаттарды да мектептегі жиналыста Риддер қаласы білім беру бөлімі басшысы Дәулет Ильясов өз қолымен алып кетіп, жоқ қылғанын, содан кейін 2019 жылы жаңа қаулы шығарғанда №6 ықшамауданда салынатын мектеп құжаты қазақ мектебі емес, аралас мектеп болып бұрмаланып кеткенін айтқан.

ШҚО Білім басқармасының басшысы Инесса Чернышева болса: «Бізде мектептің апатты жағдайда еместігін растайтын сарапшы қорытындысы бар», – дейді. Алайда, оның сөзінше, іргетас пен жылу жүйесіне қатысты ғимаратқа толық жөндеу жұмыстары қажет екен. Балаларды басқа мектепке ауыстырудың бар себебі сол-мыс.

Чернышеваның сөзіне сенсек, «Шаңырақтың» оқушылары «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша жаңадан мектеп салынғанша №11 мектепте білімін жалғастырады. Жоспар бойынша, ол 2024 жылы қолданысқа берілуі керек. Дегенмен пайдалануға беру мерзімі созылуы да мүмкін.

Риддердегі 550-дей қазақ баласы оқитын жалғыз қазақ мектебі өткен ғасырдың басында, 1936 жылы және 1952 жылы салынған.

Қазір қалада 60 мыңға жуық адам тұрады. Халықтың 80 пайызы – орыс ұлтының өкілдері. Сол себепті, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының хатшысы Құралай Салдықованың айтуынша, Риддердің қазақтары өздерін диаспора санайды.

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1254
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2965
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 3423