Жексенбі, 24 Қараша 2024
Билік 2574 4 пікір 21 Қыркүйек, 2023 сағат 13:28

Әлемге үндеу: Тоқаев мақаласында не айтылды?

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық «The Hill» саяси басылымына мақала жазып, онда әлем көшбасшыларына үндеу жолдады.

«Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылғаннан бері 78 жыл бойы БҰҰ Бас Ассамблеясы жыл сайын заманауи халықаралық мәселелерді шешу үшін әлемдік саясаттың ең ықпалды көшбасшыларының басын қосады. Әр жылы бұл кездесу миллиардтаған адамның тағдырын өзгертетін шешімдері үшін, мейлі ол шешімдер елеусіз, әрі еш маңызы жоқ боп көрінсе де бірнеше адамның шексіз жауапкершілігін еске салады», – деп жазды Тоқаев.

Оған қоса, биыл жауапкершілік жүгі әдеттегіден де ауыр екенін атап өтті.

«Әлемдік көшбасшылардың таяу айлардағы, тіпті жылдардағы қабылдаған шешімдері – климаттың өзгеруі болсын, жасанды интеллект жайлы болсын – ондаған жыл, тіпті ғасыр бойы жаңғырып тұрады. Сондықтан біз бақылап отырған халықаралық диалогтың әрбір сәті маңыздылықтың жаңа өлшемін тудырады. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі әріптестерім жаңадан пайда болған дағдарыстар мен проблемалардың тактикалық шешімдерін табумен айналысып жатыр, оларды біз бірінші басшылар ретінде назардан тыс қалдыра алмаймыз», – деп қосты Президент.

Мемлекет басшысы әлем көшбасшыларына үндеу жасады.

«Біз саяси мансабымыздан және осындағы бізге бөлінген уақыттан тыс жерде де болашаққа деген жауапкершілігімізді ешқашан ұмытпауымыз керек. Кейінгі жылдардағы оқиғалар өзіміз жақсы білетін, олардың біздің заманымызда орын алуы екіталай деп есептеген, аса қатты мән бермеген қауіптерге толық дайын емес екенімізді растады. Осыған қатысты ең айқын мысал: пандемия. Қарапайым вирустық штам тудыратын хаосқа бірде-бір мемлекет дайын болмағанын ешкім жоққа шығара алмайды, – деді Тоқаев.

Президент осыған байланысты тағы бір айқын мысал деп климаттың өзгеруін атап өтті.

«Бұл дағдарыстың таңғаларлық ештеңесі жоқ – ол бір күнде пайда бола салған жоқ, бәрі біздің көз алдымызда, айналасы он шақты жылдың ішінде баяу және дәйекті түрде дамып отырды, соның салдарынан дұрыс шешімдерді кейінге қалдыруға тура келді. Енді ғана, табиғатқа тиетін залал тиіп болған кезде, біз жағдайды қалыпқа келтіретін шешімге жақындап келеміз. Дегенмен жетістікке жетеміз бе, жоқ па, оны уақыт көрсетеді. Жоғарыда аталған қауіптердің ішіндегі ең қорқыныштысы ядролық өзін-өзі жою – соңғы айлардағы ядролық державалар арасындағы шиеленістің күшеюі бұл сөзімізді одан сайын растауда. Мұндай шиеленіс әлемнің барлық аймағында сезілуде – ол қырғи-қабақ соғыстың ең зұлмат күндерінде де байқалмаған деңгейге жетті», – деп жазды президент.

Ол Қазақстан ядролық қаруды таратудың зардаптарын бастан кешкен ел ретінде оның таралуына жол бермеу үшін жаһандық күштің алдыңғы қатарында тұрғанын атап өтті.

«Біз біраз жетістіктерге жеттік. Бірақ біз әлі де өзімізді-өзіміз құрдымға тастап жатырмыз, бұл ұжымдық шараларымыздың сәтсіздігін, бейбітшілік жылдары бізге берілген мүмкіндіктерді жоғалтып алғанымызды көрсетеді.

Мұндай ұзақ мерзімді, маңыздылығы бойынша пропорционалды емес мәселелер біздің күнделікті жоспарымызға енбей қалып жатады. Заманауи саясаттың тынымсыз қарқынына байланысты біз бәріміз бұл мәселелерді тікелей қауіп төнген кезде ғана шешуге тырысамыз, бірақ ол кезде бәрі өте кеш болады. Тіпті әрбір халықаралық форум мен кездесудің күн тәртібінде тұрған климат мәселесі басымдықтар тізімінде жиі төмендетіліп, тез арада әрекет етуді талап ететін жедел дағдарыстармен ауыстырылады», – деп қосты мемлекет басшысы.

Бұл анархияға жол беруіміз керек дегенді білдірмейді, деді ол.

«Әрине, біз, мемлекет көшбасшылары ретінде туындап жатқан дағдарыстарды шешуге, азаматтарымыздың күн сайын бұрынғыдан да жақсы өмір сүруін қамтамасыз ету үшін қолымыздан келгенін жасауға міндеттіміз. Мұны ұмытсақ, саяси мансабымыз ұзаққа созылмайды. Сонымен қатар, біздің көшбасшылығымыз алдымызда тұрған проблемаларға толықтай енуде және біздің назарымыз бен ресурстарымыз халқымыздың болашағын айқындайтын мәселелерді шешуге жеткілікті болуы үшін саналы әрекет етуде көрінеді, - деді Президент.

Ол Қазақстанның ядролық қарусыздану шараларымен қатар, басқа да салаларда күш салып жатқанын атап өтті.

«Біз болашақ пандемияға дайындалуға көмектесетін БҰҰ-ның биоқауіпсіздік агенттігін құруды ұсынамыз. Біз сондай-ақ жаһандық су және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін шешуге ашық шақырамыз. Біз халықаралық серіктестерімізбен уран, литий, сирек жер және басқа да маңызды пайдалы қазбалардың кең байтақ кен орындарын игерудің ең тиімді жолын табу арқылы болашақ экономикасының негізін қалау бойынша жұмысты жалғастырамыз», – деп жазды Мемлекет басшысы.

«Алайда, – дейді автор, – бұл талпыныс бүкіл әлемде қолдау тауып, интернационалданған жағдайда ғана нәтиже беріп, нақты бола алады».

«Олар бүкіл әлем көшбасшыларының саяси көзқарасын, батылдығын және көрегендігін талап етеді. Жаһандану мен БАҚ тудыратын барлық бағыттағы қосымша саяси қысым мен поляризация оңай міндет емес. Дегенмен, біз адамзат тарихының тұрақты және табысты болғанын қаласақ, кең ауқымда ойланудан басқа амалымыз жоқ. Біз күш-жігерімізді алдағы бірнеше айға арналған шешімдерге емес, ғасырлар бойына созылатын, болашақты қалыптастыратын шешімдерге бағыттауымыз керек. Олай болмаса, біздің азаматтарымыз бен жалпы адамзат алдындағы жауапкершілігіміз құрдымға кеткені», – деп түйіндеді Тоқаев.

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3260
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5583