Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
46 - сөз 4022 5 пікір 26 Қыркүйек, 2023 сағат 16:46

«Этникалық қазақтар» ұғымын «этникалық түркілерге» алмастырсақ көп дүние ұтар едік

Арма әлеумет! Сіздермен сыр-сұқбат өткізбегелі әудем уақыт болыпты...

Орқон бойы Қарақорым (Хархорин) даласы Күлтегін мен Білгі Қаған ескерткіші (мәңгітасы). Тасқа бәдізделген бітік жазуын қолмен сипап, ежіктеп оқып, басына тәу етіп келдім. Дала дүбірі, бабалар гүбірі құлағыма үілдеді...

Руна жазуымен алғаш мектеп оқып жүргенде таныса бастадым. Әр бейсенбі күні екі сағат екі сыныптың оқушылары бірігіп Қазақстандық ән-күйді немесе деректі фильмдерді тамашалайтынбыз. Бірде Күлтегін ескерткішінің көшірмесін Жапон ғалымдары Астанаға көшіргені туралы деректі фильмді көрдік. И.Тасмағамбетов, М.Қозыбаев бастаған Қазақстан делегациясының Моңғолиядағы Орқон ескерткіштеріне жасаған сапарын көрсетті. Залдың іші құлаққа ұрған танадай тып-тыныш, біз беріле тамашалап отырмыз. Арасында О.Сүлейменовтың Күлтегін мәңгітасындағы сөздерді мәнеріне келтіре оқыған қиығы бар. Бәрі құлағымызда қалды. Кейін үйге қайтқанымда Ұлттық Арнаның "Күлтөбе" бағдарламасын жүргізуші марқұм Рахат Мамырбек кезекті бір бағдарламасын Орқон ескерткішінен ситат келтіре "Жоғарыда көк Тәңірі, төменде қара жер жаралғанда, екеу ара кісі оғылы жаралған, кісі оғылына аталарым Бұмын қаған, Естеми қаған билік жүргізді",- деп бастағанда таңғалғаным сонша отырған орнымда қатып қалдым. Содан бастап қасқырдың бөлтірігі құсап "тауға қарап ұлитынды" таптым. Бұл менің Мұстафа Шоқайдың өз дауысын "Күлтөбеден" тыңдағаннан кейінгі екінші тамсануым еді...

Кейін жоғары білім алып Пекинде оқыдым. Жапониядан, Петербургтен, Америкадан оқып келген білікті түркітанушылардың алдынан сабақ алдым. Әсіресе Түркиядағы оқу кезеңінде түркітанудың жаңа бағыттарымен, тың жүйесімен таныстым. Қай жерге барсам да, бақытты да салымды шәкірт болдым, кілең білікті түркітанушының алдын көрдім.

Сонымен, әл-қисса...

Бірінші, Түркілік географиялық таным мектеп бағдарламасында анық оқытылуы керек деп ойлаймын. Жаңылмасам біздің оқу әдістемеміз барлық тарихты тек Қазақстанның бүгінгі әкімшілік территориясы аумағынан қарастырады да, жалпы түркілік этникалық шекараның болмысы анықталмайды. Түркілік этникалық кеңістікті танып өсудің мектептегі тәжірибесін өз басым бір кісілік сезініп өстім. Аталған таным баланың сана-сезіміне ғылым танырлық ынтаны құяды. Бала күннен жер-жаһанның жартысын бабадан қалған байырғы аумағым деп тануда тұрған не бар?! Орқон, Енисей, Тұла, Онон, Керулен, Ертіс, Іле, Сыр мен Жайық тіпті Тең (Дон) өзендеріне дейін жадына сақтап өссе әр баланың қағаншыл, қаншыл болары анық. Есейе келе оған Жақыт (Якут) та, Мадияр (Венгр) да бауыр...

Екінші, Түркілік этникалық география анықталып болған соң мектеп оқушылары 9- сыныптан бастап Түркітану (Түріктану) сабағын арнайы оқыса құба-құп болар еді. Түркітану пәнінде түркілер кімдер, қашан, қалай бөлінді, кім қайда мекендейді, саны, тілі мен ортақ дәстүрі, қазаққа қаншалық жақындығы туралы мағлұмат жүйелі оқытылса, бұл бір жағынан ресейлік орыс-глобализация мен арап-глобализациясынан және шығыстық қытайзациядан сақтап қалатын мәдени, рухани қалқан болар еді. Осындай білім бағдарламасы жиырма немесе отыз жылда нәтижесін беретін болады да, түркі баласы жаңа идеялар мен жаңа құндылықтар аясында бір-біріне жақындаудың кезекті мүмкіндіктерін табар еді.

Үшінші, егер шынымен біз бұны мектеп бағдарламасында жүйелі оқыта білсек, онда жақын жылдары түркілік бағыттағы жаңа алтын дәуір басталар еді. Мысалы, біз қазақтар татарлардың ішінде қандай мәдени толқу болып жатқанын, қандай әдеби, рухани жаңа бағыттар қалыптасып жатқанынан мүлде хабарсызбыз, ноғай да, башқұрт та және барлық түркі бауырлар да дәл сондай... Өзбек, Қырғыз, Ұйғыр немесе Якуттардың тілі, әдебиеті, мәдениеті мен руханияты қандай жақсылықты жағалап игілікке қарай ұмтылып жатқанын біле бермейміз, әркім өз алдына бір төбе, өз қотырын өзі қасып беймәлім кетіп бара жатыр. Зәудеғалам, арамызда ортақ таным мен түйсік болса бірге ақылдасып бірігіп игілікке ұмтылар едік. Тарих, тіл және мәдени танымдарға байланысты әркім өзіне тартады, біз қазаққа тартамыз. Сонымыздан ұтқанымыз қайсы?!.

Төртінші, осы уақытқа дейін сыртқы саясатта "этникалық қазақтар" деген ұғым белсенді қолданыста болды. Егер біз "этникалық қазақтар" деген дипломатиялық ұғымды "этникалық түркілер" дегенге алмастырсақ онда көп дүние ұтар едік. Атап айтқанда алдымен аймақтық пантүркизм қалыптасады. Мысалы кейбір түркілік тарихи аймақтарда этникалық қазақтар мүлде жоқ, есесіне этникалық түркілер (якут, құмық, қарашай, ноғай, татар, т.б) бар. Олардың өз жерінде өзін еркін сезінуі немесе мәдени ортақ құндылықтардан бірге игіліктенуінде біздің атқаруы тиіс міндетіміз бар екенін олар да, біз де тең сезінуіміз керек.

Бесінші, түркілік географиялық анықтама және түркі масштабына бағыттап жұмыс істеу Қазақстандық жаңа имидждің тың мүмкіндігі. Бізді қоршаған төрт үлкен мәдени кеңістік бар. Олар: Шығыс өркениеті (қытай, жапон, корей); Соғды (сарт, тәжік, иран, қорасан); Орташығыс (арап әлемі) және Славян әлемі. Бірақ біз осы төрт кеңістікпен көрші ықпалдасып отырғанымызбен, бізге еуропалық және Америкалық жаңа мәдени, технологиялық һәм түрлі жаңа-жаңа құндылықтар да әсерін тигізуде. Шығыстағысы шығысқа, Қорасандағысы иранға, батыстағысы славяндық глобализацияға бір-бірден ұшырап жұтылып жатқан түркі баласының өзіне тән ортақ құндылығы мен ортақ таным, түйсігі неге жоқ?-,дейтін сұрақ туындайды.

Алтыншы, тарихта түркілер далалық наным-сенім рухы негізінде тәңірлік таным арқылы жер-жаһанның жартысына дейін тәртіп орнатты. Түркілер өздерін тәңірдің жер бетіне тәртіп орнатушы әскері деп санады, яғни көктің тұқымы деді. Осы көктің тұқымы ұғымы бара-бара саяси идеологиялық мутацияға ұшырап Шыңғыс қаған кезеңінде "алтын ұрық" дейтін танымға айналды. Түркілік этникалық масштапты анықтаған кезде "көктің тұқымынан - алтын ұрыққа" дейінгі киіз туырлықты даланың саяси танымы бірге анықталып отырса онда көп дүниенің шешуі түсінікті болған болар еді. Осы саяси концепцияның негізінде түркілер әрбір рухани сенімнің түркілік бағытын қалыптастырып отырды. Мысалы, түркілер парсы глобализациясы ықпалында ислам құндылықтарымен жақын танысты, бірақ мұсылманшылықтың түркілік бағытын қалыптастырды яғни түркі мұсылманшылығы немесе түркілік ислам. Түркілік ислам арапглобализацияның мәдени ықпал жүргізуін тежеп, есесіне түркілік танымдар исламмен ассоциацияланды да кейбір орта шығыстың діни негізде қалыптасқан мәдени ерекшеліктері үстемдігін жүргізе алмады. Ал, қай аймақта түркілік ислам әлсіресе сол аймақтағы түркілер біртіндеп арап-парсыға сіңіп кетті. Бүгінгі күні "түркілік ислам немесе түркі мұсылманшылығы" ұғымы тағы да дағдарысқа ұшырап, орта шығыстың діни және географиялық негізде қалыптасқан нео арапглобализациясы қайтадан ықпалын жүргізіп жатыр. Бұл рухани отарлықтың басы. Арапглобализациямен болған күресті тіке дінмен күреске айналдырмай, есесіне күрес жолына өзгеріс енгізе отырып түркілік исламды күшейткен дұрыс.

Жетінші, түркілік этникалық кеңістікті таныған кезде зайырлы көзқарасты да сақтап отырғанымыз дұрыс. Түркілер әртүрлі себептерге байланысты түрлі діни наным-сенімдерге бөлінеді. Бұл олардың кінәсі де, кереметі де емес, жай қоғамдық құбылыс. Түркілік көшпенді дала өркениеті бәріне бірдей ортақ нысан болуы шарт. Өзі сенетін қандайда бір классикалық дін түрі ешқайыссына тықпаланбайды. Мысалы, біз діни ықпал негізінде орта шығыстан келген қаны мен заты басқа кез-келген араппен бір дастарқанда отырып тамақ іше аламыз, ал таудың арғы бетінде тұрып жатқан горно-алтайлықтардың дастарқанын "арамсынып" отырамаймыз. Бізге Орқон, Енисей, Керулен мен Тұла өзеніне қарағанда орта шығыстың шөлдері әлде қайда ыстық, әлде қайда жақын... Егер біз түркілік масштапты анықтаған кезде діни факторды үстемдікке шығарсақ онда көп мүмкіндіктен айрыламыз.

Сегізінші, ежелгі ғасырларда түркілерді соғданиттер, орта жазық қытайлары "жабайы" деп санайтын. Оларша түркілер ат үстіндегі бұлаңшы халық. Не сауда-кенті жоқ, не тұрақты бір жерде отырмайды, ет жейді, сүт ішеді одан басқаны білмейді, қаланы тонап өртейді-, деп түйсінетін болған. Бара-бара бұл ұғым отырықшы дағдыға ауысқан кейінгі түркілерге де ауысып, сонымен отырықшы түркілер- көшпенді түркілерді "надан, жабайы" санай бастады. Бүгінгі таңда осы таным әлі де өмір сүріп жатыр. Көшпенді мәдениетті отырықшы сипатымен қарап теріс баға беру белең алды, соның кесірінен түркілердің киелі ұғымдары мен құтты мекен даласы ескерусіз қалды тіпті менсінбейтін жағдайға дейін жеттік. Сондай мысал қатарында Моңғолия даласы мен Ібір-Сібір аймағы кіреді. Бізше бұл аймақ "ақиқатты діни сенімге кірмегені үшін құдайдың назары түспей өз-өздігінен тозып кеткен" аймақтай жаңсақ сезіледі. Ал шынтуайтында мүлде олай емес. Мұның бәрі түркілік географиялық, түркілік мәдени танымның дұрыс жүргізілмегенінен болып отыр.

Әзірге осы, кейін тағы жазамын.

Фото Моңғолия сапары кезінде түсірілді.

Көпке түсінікті болу үшін "түркі, түркілік" деген термин қолданылды.

Елдес Орда

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052