Ғабит МҮСІРЕПОВ. ЖАНЫ ТОЛЫ ЖЫР ЕДІ
Редакциядан: Әр жылдары келіп жататын мерейтойы мен «туғанына пәленбай жыл болды» деген әсіре әспеттерді күтпей-ақ, жүрекке жыры оралып, есімі әдеби ортада міндетті түрде аталып қалатын ақынның бірі – Ғали Орманов. Алайда ақынның өлеңдері оқылып, ол туралы естеліктер айтылып тұруы тиіс. Әйтпесе, бүгінгідей аласапыран уақытта асылымыздың ұмытылып, аяқ астында қалуы әбден мүмкін. Рас, әдеби орта болмаса, былайғы жұрт жадынан шығара бастаған ақын да – Ғали Орманов. Төменде біз қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповтің Ғали жайында, Ғалидың сырлы, қоңыр жырлары жайында жазған ғибыратты әңгімесін оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік. Мүсіреповтің Ғали туралы естелігін көшіріп, Abai.kz ақпараттық порталына жолдаған жас жазушы Қаламгер Азматқа көп рахметімізді айтамыз.
......................................................................................................................................................................
Редакциядан: Әр жылдары келіп жататын мерейтойы мен «туғанына пәленбай жыл болды» деген әсіре әспеттерді күтпей-ақ, жүрекке жыры оралып, есімі әдеби ортада міндетті түрде аталып қалатын ақынның бірі – Ғали Орманов. Алайда ақынның өлеңдері оқылып, ол туралы естеліктер айтылып тұруы тиіс. Әйтпесе, бүгінгідей аласапыран уақытта асылымыздың ұмытылып, аяқ астында қалуы әбден мүмкін. Рас, әдеби орта болмаса, былайғы жұрт жадынан шығара бастаған ақын да – Ғали Орманов. Төменде біз қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповтің Ғали жайында, Ғалидың сырлы, қоңыр жырлары жайында жазған ғибыратты әңгімесін оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік. Мүсіреповтің Ғали туралы естелігін көшіріп, Abai.kz ақпараттық порталына жолдаған жас жазушы Қаламгер Азматқа көп рахметімізді айтамыз.
......................................................................................................................................................................
Ғали маған “бісміллә” деп тартқан бірінші жолынан бастап, “тәтем” деп тоқтаған ең соңғы жолына дейін оқушының ойында қалған ақын сияқты елестейді. Әрине, ешбір ақынды ешбір адам түгел жаттаған да емес, түгел оқи алған да емес. Сонда да оқығаныңнан қалған әсер тұтастығы болатыны да даусыз. Ол – ақынның теңеулері мен бейнелеулеріндегі үнемі тереңдей түсіп отыратын сыр тұтастығы, бояу тұтастығы. Ғали ақын қайталанбайды, қайталамайды, тереңдеп отырады. Ғали бұлбұлы сайрағанда бұтақтан бұтаққа ұшып-қонып жүріп сайрамайды, өзіне ұнаған бір биігінен аумай сайрайды.
Ғали ақынның есте қалар бір ерекше қасиеті – ол әртүрлі сәтті кезеңді тосып, дәл кезін құр өткізбей үн қосып қана қоймай, ойы-қыры, қысы-жазы, қуанышы-мұңы бар үлкен өмірде солардың бірі мен бірінің байланысы-шиелінісі барын білетін, алманың өзімен бірге ағашын да, ағашымен бірге тамырын да бірге суаруын да ойлана жүретін ақын еді.
Ғали ақынның тағы бір ерекшелігі – ол айтайын дегенін құлағыңа емес, жүрегіңе айтатын еді. Сөзбен емес, бейнелеу-суреттеумен айтатын. Ғалидың ең берісі осы жақтарын жете тексере алсақ, Ғали көтерілген биіктің аласа еместігін де көрер едік.
Ғали елден оқуға келе жатқанда-ақ қойнында бір құшақ өлең келе жатыр:
Көкжиекке қосылған
Қара жолдың ұшына,
Қарай-қарай асығам,
Қанатым жоқ ұшуға.
Ауылдан Алматыға, болмыстан арманға асығып келе жатқан ақынжанды адамның халін суреттейтін осы бір өлең жас қаламнан туғанымен, кәнігі шебердің аяқ тастасындай. Иә, Ғали Ормановтың сонау жиырмасыншы жылдары жазған өлеңдерінің өзі-ақ терең тамыры Абай, Сәкен, Ілияс, Бейімбеттерге кеткен қазақ кеңес лирикасының гүл атып бусанып, көктеп тұрған бір бұтағы сияқты.
Жарбиған жаман тон-тұмақ
Жабысып кетті үстімде.
Жанайын деген бір шырақ
Жалтылдап кетті ішімде,
– деген жолдар оқушылардың ойына бірден орнығып қалған еді. Бір-ақ шумақ өлеңге біздің өмірдің алғашқы жүдеу жылдарының, білімге талпынған буылдыр кезеңнің кескіні тұтас сыйып кеткендей. Бұл ақын алғашқы адымын олақтықтың оппа сораптарынан бастап, шеберлік жолына бірте-бірте көтерілгендерден емес. Тырнақалдысының өзі – тарланбоздың жорғасындай су төгілмей тұрады.Ақындық сөздің атқан оқтай жылдамдығы, алапат қуаты, кісен үзер күші дегендерді Ғалиға теліп, терлемей-ақ қояйық. Задында ондай ерекшелік Ғали Орманов талантына туажат. Ал, ақындық сөздің сәулесі, нәзік сыршыл бояуы, мәні, дәмі дегендерге келер болсақ, мұның бәрін жіті меңгеру – Ғали поэзиясының бірінші белгісі.
Ақын Ормановтың алғашқы алған сабағы ауыз әдебиетіндегі жыр үлгісі болғанымен, алар нәрі алуан түрде жаңарып тұрды. Абайдан соңғы бірінші ақынымыз Ілиястың ізін баса үйрену, орыстың арғы-бергі аса күшті ақындарын аудару Ғали өлеңдеріне сұлулық, бейнелілік сіңірсе, Толстойдай алып прозашыны аударудың өзі де оның ойын тереңдетіп, өрісін кеңейтті. Шығыс поэзиясын, әсіресе, көне жырдың көрнекті туларын көтерген тәжіктерді тәржімалау ақындық бояуларын байытты. Міне, осындай үздіксіз ізденіс, оның үстіне, ел ішімен үзіліссіз байланыс, ауылда жиі-жиі болып, халық тіршілігінен, туған табиғаттан сусындау оның лирикасын оқушының жан-жүрегіне дәл тигізіп отырды.
Ғали Орманов Ұлы Қазаннан бұрын туғанымен, оның қаламын кеңестік дәуір ұштап берді, бағып-қақты, оқытты, қалыптастырды. Бұл жайлар ақынның өлеңдегі өмірбаянында сайрап жатыр. Алғашқы өлеңдерінен бастап, табытына қолындағы қаламымен түскенге дейінгі аралықта алыс сапар, адам тірлігі, қоғам өмірі, өзгеру, соғысу, жеңу, сену, кенелу кезеңдері кемел қамтылған.
Аздап мысал теріп, тізуге болады:
Алысқа тігіп көзімді,
Аянбай жеттім бір шаққа.
Қиынға жұмсап өзімді,
Қарайын талмай кітапқа.
(“Өрде”, 1940 жыл )
Қару бер, ана, қолыма,
Жауыңа жайдай тиейін.
Өзімді тосып жолыңа,
Үстіме жалын киейін !
(“Отан алдында”, 1941 жыл )
Даланы дария-дәулетке
Толтырып кімдер қойды екен?
Байытып қилы сәулетке,
Бедерін кімдер ойды екен?
(“Жер шебері”, 1959 жыл )
Бұл шөкім-шөкім жырлардан, үзік-үзік сырлардан Ғали поэзиясының жалпы панорамасы елес бере алады. Социалистік қазақ елінің басынан кешкен нұрлы тарих, ақынның шығармашылығын тұтастай сәулелендіріп, жасыл өріске айналдырып жіберген.
Әдебиет тарихында өзінен бұрынғылардан ұстаз таңдамаған, азды-көпті тағлым алмаған ақынды кездестіру мүмкін емес. Ғалидың үйренген мектептерін де оның шығармашылығы айқындап тұр. Абай лирикасындағы әр сөздің астарын толық ашып беру шеберлігінен, Бейімбеттің әңгімешілдігінен Орманов бойында жұғын жоқ емес. Ал, Қасымның атақты “Ғалияға хатына” жазған жауабында Орманов өз шығармашылығының ерекше бір қырын отты, өткір Қасымның дәл өзінше ширыға көрсеткені есімізде. Қысқасы, Ғалидың шығармашылығында қалыптасқан классикадан келген тарихи әсер де, айнала қаламдастан сіңген көрінеу әсер де көп болмағанмен кездесіп отырады. Бұл – ақынның міні емес, толыға тұлғалануы. Сөйткен Ғалидың өз інілеріне де әсері болғанын атап айтқан дұрыс. Стильдік беті Ормановтан мүлдем бөлек Хамит Ерғалиевтің өзі де Ғалиға арнаған өлеңінде:
Ақша қар жерге шашыңнан
Қылаулап жауып жатса да,
Жырыңдай жазған жасыңнан
Жарқырай берші, жақсы аға!
– деп ерекше жұмсара, екпіндемей тоқтайды.
“Ерекше жұмсару” мен “ екпіндемеуді” бекер қолданып отырған жоқпын. Бұлар – Ғали лирикасын барлық басқа ақындардан бөлекше көрсететін, тайға басқан “таңбалар”. Боран мен бұршақ, дауыл мен нөсер –табиғаттың сирек құбылыстары ғана. Негізінен, туған табиғатымыз да ойлы момақан, салмақты-сабырлы пішінде болса, Ғали өлеңдері де табиғаттың сол мінезінен өлшеп-пішкендей сыңайда туып жатады.
Ғали лирикасына тән, көп жағдайда оның шығармашылығын тұздықтап отыратын тағы бір ерекшелік – жеңіл юмор. Өмірде де аса биязы ақынның өлеңдеріне халықтық нышандар, қалжың-оспақ бояулары дарып отырады. Курортқа кеткен жұбайына әзіл-хаты қандай жылы:
Отырар ма екен бір қу мұрт
Өле жаздап қасыңда?!
– деген жолдар ауызекі орамдылығымен ойға орнығып қалады.
Партияның әртүрлі кезеңдердегі қаулы-қарарларына үн қосу, оны халыққа үгіттеу – заманында қалам ұстаушылардың қадірлі борышы болды. Ғали осындай биік борыштарға да соншалықты саналы түрде қарайтын еді. Біздің кейбір ақындарымыз қаулыдан қаулыны ғана, шешімнен шешімді ғана көріп, пікірлер беріп жатқанда, Орманов ол шешімдердің адам жанына әсер етер нұрлы тасқынына жаңа өлеңдерін шомылдырып шығаратын. Содан соң Ғалидың жекелеген биік беделдерге арналған өлеңдерінен де жақын жолдасына, бауыр-досына бағышталған жүрек сөздерінің жылуы шалқып тұрушы еді. Даурықпа айқай, әсірелей көтермелеу дегендерден Орманов өз қаламын алыс ұстаған адам.
Ғали – жақсы жыр жазуды өмір бойы армандап өткен және де сол арманына жетіп кеткен ақын. Жақсы жыр жазу мұраты оның жетпіс жылдық өмірінің аяғына дейін түгесілген жоқ. Аурумен арпалысып жатқанда да қолындағы жалғыз қаруы – қаламы ғана болатын:
Ауруым жатты мені алты ай аңдып,
Асауға арыстанша аузын қан ғып.
Алдырмас аужайымды таныған соң
Ақырын бет алдына кетті қаңғып.
Дәрімнің ең күштісі – өлең менің,
Денімнің сездірмейді ол көнергенін.
Жақсы жыр, жалынды жыр жаза қалсам,
Тынысым кеңейеді дереу менің.
Тумақ болғанда, өлмек те – өзекті жанның құтылмас қарызы. Осы қарыздың төлем тұсы таянғанын аңдағанда да Ғали ақын күйрекке түсіп, морт кетпейді, тереңге шымырлап батқан асыл тастай әсем иірім қалдырады:
Болар, бәлкім, бұл менің соңғы өлеңім,
Сөзім қалса соңғыға – сол көмегім.
Жылы тисе жырларым, сезер әркім,
Жер бетінен шырағым сөнбегенін.
Жердің сұлулығын байыздап тұрып өмір бойы жырлаған ақын сол жерді, өзін қоршаған табиғат әлемін мәңгі бірге сезінеді. Айрылысар шақтың ауырлығын сезсе де қайыспайды, қиналмайды:
Шіркін, жер, қаршадайдан бауыр басқан,
Кетермін қалай тастап қайрылмастан?
Артымда қалай үнсіз қалар тұрып
Кең дала, көгілдір тау, торғын аспан?
Иә, қадірлі ақын, кең дала, торғын аспан, көгілдір тау бәрі де өзің көрген орындарында, өзің жырлаған қалыптарында. Кең далаң көгере түсті, кеңейе түсті.
Бір жолы Ілиястың туған жылын өзінің туған ауданында өткізіп, екеуміз бірге қайтқанымыз менің есімде әлі жүр.
– Мынау Сара апаңның қыстауы болған жер... Анау жатқан қоңыр жон Айтбала екеуміздің екі жақтан келіп ұшырасатын жеріміз еді. Жастықтың бар сыр-сипатына кір жұқтырмай, бір-бірімізге жан-жүрегімізді ақтарысқан биік жон осы... – деп едің.
Сол көк даланы, сол қоңыр жондарды жайлаған еліңнің есінде, сенің жырларың берік сақтаулы. Том-том болып басылып жатыр. Елім де, жерім де, ақын-жазушы аталатын аға-іні бауырларың да сенімен біржола қоштасқан емес, поэзияң тірі. Адамның жан-жүрегіне еркелете тиетін, біреуді жұбатып, біреуді уататын поэзияға өлім жоқ. Оны өзің де білетінсің.
Қалса өлеңім көңілге жаққан шамдай
Ойлар мені ел-жұртым еске салмай.
Көкейінде көп жылдар сақталармын,
Жолаушылап бір жаққа кеткен жандай...
– деп жай айтқан жоқсың да.
Бәріміз бас иетін бұлжымас шындық мынау ғой:
Алдыңғы толқын – ағалар,
Кейінгі толқын – інілер,
Кезекпенен келінер,
Баяғыдай көрінер!
– деген ғой ұлы атамыз Абай.
Бұған айтар дау болмақ емес. Жүрегінде жанайын деген шырағы бар інілерің келіп те жатыр, келе де бермекші. Бәрімізге де ортақ ұлы қуаныш осы ғой, Ғали!
Abai.kz