Қазақ - жиырма, теңге - отыз. 2030 нумерологиясы
Data Hub калькуляциясына сенсек Қазақстан халқы күн санап 732 адамға көбейіп келеді. Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, жылдың басында біз 19 766 807 адам болсақ, бірінші қыркүйекте 19 944 700 жеттік.
Сонда 8 айда 177 900 адамға өскенбіз. Шамамен 15 қараша күні біздің халық саны 20 миллионға жетуі тиіс. Бұл төл теңгеміздің 30 жылдық мерейтойына тұспа-тұс келеді. Тіпті 20 миллионыншы Қазақстан азаматына Теңгебек әлде Теңгегүл деп есім берілуі де ғажап емес.
Ал 2030 жылы Қазақстан халқы 21,8 миллион болуы тиіс.
Маған осы өсімнің өңірлік балансы өте қызық. Мысалы, жыл басынан бері халық саны ең көбейген өңір – Астана қаласы. Ол 8 айда 3,5 пайызға өскен.
Яғни, 1 354 556 адамнан елорда 1 402 002 адамға дейін жетті. Алайда, бұл өсім табиғи туудың есебінен емес, Астанаға көшіп келген дайын адамдардың арқасында болып отыр. Астанаға жыл басынан бері 31 294 адам көшіп барған, 16 152 адам туған. Ең көп бала туған Түркістан облысы. Онда 30 мың нәресте дүниеге келген. Бірақ қас қылғанда, жыл басынан бері 13 700 адам көшіп кетіп, статистикасы бұзылып қалған.
Бізде туу бойынша тек Солтүстік-Қазақстан облысы минуста отыр. Қалған өңірлерде табиғи өсім жағымды сальдо көрсетті. Ал миграцияда өте қауіпті тенденция орын алғанын байқаймыз: Қазақстан халқы тек бес өңірге көшіп баратын болған. Олар Астана, Алматы, Маңғыстау, Шымкент пен Алматы облысы. Қалған өңірлердің барлығынан адамдар кетіп жатыр.
Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ аумағы бойынша 1991 жылдан бері халық саны өскен екі мемлекеттің бірі болып отыр. Ресей, Беларусь, Арменияда соңғы 32 жылда халық саны азайған. Ал Қазақстан мен Қырғызстанда керісінше көбейген. Біз 32 жылда 3,55 миллион адамға өстік. Яғни, 16,45 миллионнан 20 миллионға жеттік.
Адам саны және экономика
Адам саны көп және тез өсіп жатқан елдер үшін таяқтың екі ұшы бар. Біріншісі – кедейлік қақпаны. Әлеуметтік көмек пен жұмыс орны бәріне бірдей жетпейтіндіктен, халқы кедейлік қақпанына түсіп қалған мемлекеттер аз емес. Біз де, жетпей жатқан мектеп, емхана, балабақша, ауыз суға қарап, халық санының өсіп келе жатқанын және осыған қатысты қиындықтарға тап бола бастағанымызды көріп отырмыз. Халықтың өсуі жағдайында кедейшілікпен күрес бағдарламасын сәтті жүзеге асырып, соның арқасында экономикасын еселеп өсірген елдер де бар. Бізге осы модельді қазірден бастап зерттей беру қажет. Кедейлікті жеңген елдер осы мәселелерді ішкі өндіріс, ішкі тұтыным мен шағын кәсіпкерлік арқылы шеше алды. Біздің де осы жолмен жүретініміз анық.
Фото:ашық дереккөзден
Айбар Олжаев
Abai.kz