Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Жаңалықтар 7385 0 пікір 30 Тамыз, 2013 сағат 09:33

Әсел Күзембаева. Қазақстандағы діни білім беру жүйесі қандай?

Діни білім – мемлекеттік оқу орындарындағы дін туралы білім немесе дін қызметкерлерін дайындауға бағытталған ілімді білдіреді және ол мемлекеттік білім беру жүйесінде бұрыннан келе жатқан маңызды фактор. Діни білім әлемнің көптеген өркениетті мемлекеттеріндегі оқу орындарында бұрыннан жүргізіліп келеді. Ал, дінтану – бұл діннің қоғамдық маңыздылығы бар феномен ретінде жалпы жүйелік білім беретін пән. Қазіргі жаһандану процесі кезінде әр мемлекет өзінің ұлттық құндылықтарын, ұлттық болмысын сақтап қалуға тырысады. Бүгінгі әлеуметтік жағдайда елімізде белгілі бір идеологиялық білім ретінде дінге деген қажеттілік бар. Сол себептен, Қазақстан қоғамының түрлі этностық, конфессиялық сипатын ескере отыра, соған қоса ұлттық діни мұраны сақтап қалатындай қазіргі зайырлы қоғамға, заман талабына сай дінтану пәнін оқыту, дінтанушы мамандар аса қажет және бұл тақырып қашан да өзекті болып қала бермек.

Діни білім – мемлекеттік оқу орындарындағы дін туралы білім немесе дін қызметкерлерін дайындауға бағытталған ілімді білдіреді және ол мемлекеттік білім беру жүйесінде бұрыннан келе жатқан маңызды фактор. Діни білім әлемнің көптеген өркениетті мемлекеттеріндегі оқу орындарында бұрыннан жүргізіліп келеді. Ал, дінтану – бұл діннің қоғамдық маңыздылығы бар феномен ретінде жалпы жүйелік білім беретін пән. Қазіргі жаһандану процесі кезінде әр мемлекет өзінің ұлттық құндылықтарын, ұлттық болмысын сақтап қалуға тырысады. Бүгінгі әлеуметтік жағдайда елімізде белгілі бір идеологиялық білім ретінде дінге деген қажеттілік бар. Сол себептен, Қазақстан қоғамының түрлі этностық, конфессиялық сипатын ескере отыра, соған қоса ұлттық діни мұраны сақтап қалатындай қазіргі зайырлы қоғамға, заман талабына сай дінтану пәнін оқыту, дінтанушы мамандар аса қажет және бұл тақырып қашан да өзекті болып қала бермек.

Кеңестік идеология мен тоталитаризм нәтижесінде орын алған дін саласындағы жағдай мен халықтың діни сауатсыздығын пайдаланып, шетелдерден түрлі діни ағымдар келе бастады. Қазақ жастарының бір бөлігі исламнан бөлек түрлі дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегінде кете барды, қалған бөлігі мұсылман елдері, солардың ішінде Иран, Сауд Арабиясы, Мысыр елдерінен келген идеологиялық діни ағымдардың ықпалына ұрынды. Ал, қазақи дәстүр мен мәдениетті сақтап қалған бөлігі ұлттық құндылықтарды алға тартты. Сондықтан, шетелден келген идеологияларға ұрынбай, өзіміздің ұлттық болмысымызды, дінімізді, зайырлы сипатымызды сақтап қалу үшін, халықтың діни сауаттылығын көтеру үшін діни білім, дінді оқытатын, діни жағдайды бақылап, талдау жасай алатын мамандар қажет болды. Осы орайда елімізде шетелдердің (Батыс және Шығыс) және көршілес мемлекеттердің діни білім жөніндегі тәжірибесі негізінде жоғарғы оқу орындарында дінтану пәні енгізіліп, кейіннен осы сала бойынша мамандарды даярлай бастады.  

2001 жылға дейін елімізде дінтану мамандығы бойынша жүйелі оқыту моделі болған жоқ. Дінтану саласында оқып бітірген жастарға «Дінтанушы және араб тілінің маманы» деген біліктілік берілді. Тек, 2002 жылдан бастап «Дінтанушы» біліктілігі беріле бастады. Алғашқы кезеңдерде дінтану әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлемдік тілдер университетінде, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жүргізілді. Кейіннен бұл мамандықтар Демирел атындағы Қазақ-түрік халықаралық университетінде және «Нұр» қазақ-египет ислам университетінде (бұрынғы «Нұр-Мүбәрак» Мысыр ислам мәдениеті университеті) жүргізіле бастады.

Бүгінгі күні Қазақстанда дін мамандары екі бағытта  - дінтанушылар мен теологтар ретінде даярланады. Дінтанушылар дінді ғылыми тұрғыдан зерттеп, жалпы әлемде бар барлық діндердің тарихы мен теориясын қарастырса; теологтар құдайды, дінді іш жағынан, діни тұрғыдан зерттеп, құдай идеясын мойындайтын және негіздейтін діндерді, ең алдымен, әлемдік діндерді зерттейді. Дінтанушы мамандарды Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Шет тілдер және іскерлік университетінде (алғашында Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және бүкіләлемдік тілдер университеті жанындағы Шет тілдер факультеті болған), Астана қаласындағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, Түркістан қаласындағы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде, Қарағанды қаласындағы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде бакалавриат және магистратура бағдарламалары бойынша даярлайды. Дінтанушы мамандарға мемлекеттік, діни және қоғамдық ұйымдарда, бұқаралық ақпарат құралдарында тәуелсіз сарапшы ретінде және сарапшылар комиссиясы құрамында, мемлекеттік басқару, сыртқы және ішкі саясат бөлімінің, дін істері агенттігінің қызметкерлері, мемлекеттік және мемлекеттік емес жоғарғы және орта арнаулы оқу орындарының оқытушылары ретінде сұраныс жоғары.

Қоғамда зайырлы дінтанушы мамандармен қатар, дінді тереңінен түсіндіретін теолог мамандарға да сұраныс жоғары. Ислам теологтарын Қазақстанда жалғыз «Нұр» қазақ-египет ислам университеті даярлайды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Республикалық Имамдардың білімін жетілдіру Ислам институтында имамдар бірнеше айлық курстардан өтіп, дәрістер алып, курс соңында емтихан түрінде сынақтан өтеді. Бұдан басқа, 9 медресе мен Ақмола және Павлодар облыстарында 2 қарилар дайындау орталығы жұмыс істейді. Исламдық білім беретін оқу орындары мен білім беру мекемелерінің бұл көрсеткішіне қарамастан, имамдарды даярлау саласында да әлі шешімін таппаған мәселелер бар. Қазақстандағы мешіттерде әлі де имамдардың жетіспеушілігі байқалады. Қазақстандағы барлығы 2228 мешітте жұмыс істейтін имамдардың шамамен 30% ғана жоғары білімі бар. Егер, республика бойынша жоғары білімді имамдарды даярайтын тек бір ғана жоғарғы оқу орны барын ескерсек, бұл көрсеткіш заңды. Халықтың 70 % астамы мұсылмандар болып табылады, ислам дінінің қазақ халқы үшін тарихи, мәдени маңызы зор. Халыққа ислам дінінің негіздерін, дін атын жамылған дәстүрлі емес діни ағымдар мен ұйымдардың діни идеологиясын ислам дінінің ханафи мазхабынан ажыратып бере алатын, бүгінгі діни ахуал жағдайында қоғамдағы тұрақтылықты сақтау үшін, әсіресе жастар арасында экстремистік және лаңкестік идеялардың алдын алу мақсатында діни сауаттылықты арттыруға бағытталған уағыздарды жүргізуде имамдардың рөлі зор. Сондықтан, ислам бағытындағы дін қызметшілерін даярлау мәселесі әлі де жетілдіруді қажет етеді.            

Қазақстанда теолог мамандарды даярлау тек ислам діні бойынша ғана жүзеге асырылмайды, 1997 жылдан бері католик діни қызметшілерін даярлайтын «Мария – Шіркеу анасы» Епархияаралық Жоғарғы Діни семинариясы қызмет істейді. Аталмыш діни оқу орны Орта Азия бойынша жалғыз діни семинария болып табылады. Семинарияда оқыту мерзімі 8 жылды құрайды. Бүгінгі таңда Епархияаралық семинарияда 20 астам діни қызметші ғана даярланады. Бұл көрсеткіш шет елден келетін миссионерлер санынан да аз.

Жалпы, дінтанушылар мен діни қызметшілерді даярлайтын білім беру жүйесінің бүгінгі көрінісі осындай. Бірақ, дін туралы білім тек орта немесе жоғарғы оқу орындарында ғана емес, бұл отбасында, кейін мектеп қабырғасында да негізі қалануы тиіс білім болып табылады. Себебі, өскелең ұрпаққа және жастарға дін, оның тарихы, адам өміріндегі, мәдениет пен рухани-өнегелік саладағы діннің рөлі туралы объективті ғылыми білім беру  қажет. Осы мақсатта 2009 жылы «Дінтану негіздері» курсы бойынша жалпы білім беретін мектептердің 9-сыныптарына арналған бағдарлама бекітіліп, 2010 жылдан бастап Қазақстан мектептерінде оқытыла бастады. Бұл өз кезегінде жас ұрпаққа дінді таңдау немесе таңдаудан бас тарту кезінде ар-ождан бостандығына өз құқығын табысты жүзеге асыруға, нейтралдық ұстаным тұрғысынан дін туралы объективті білімді қалыптастыруға, Қазақстандағы және әлемдегі тыйым салынған діни ұйымдар туралы толыққанды ақпарат алуға мүмкіндік береді. Дін туралы білім беретін пәнді мектеп бағдарламасына енгізу тәжірибесі өзге елдердің білім бағдарламаларында да бар. Мысалы, көрші мемлекет Ресейде 2010 жылдан бастап «Діни мәдениет және зайырлы этика негіздері» оқу пәні мектеп бағдарламасына енгізілсе, мектеп бағдарламасына дінтануды енгізу бойынша алғашқы қадам жасаған Белоруссия мемлекеті болды. Дінтану пәні – бұл тек діндер туралы ғылыми пән ғана емес, сонымен қатар ең басты мақсаты – оқушының дін туралы түсінігін және оған деген объективті қатынасын қалыптастыруға мүмкіндік беретін гуманитарлық пән болып табылады. Сондықтан, бұл пәнді арнайы дінтанулық білім бар мамандар беруі тиіс. Өкінішке орай, бүгінгі таңда мектептерде аталған пәнді дінтанушы мамандар емес, өзге пән мұғалімдері жүргізуде. Мектептегі дінтану пәнін арнайы дінтанушылардың оқыту жолдарын қарастыру керек, болмаса бұл пәнді жүргізіп жатқан мұғалімдерді дінтану саласы бойынша біліктілігін арттыру курстарынан өткізу қажет.   

Діннің қоғамдағы рөлін, тұлғаның қалыптасуындағы маңызды орнын, еліміздің поликонфессиялығын ескере отырып, бүгінгі дәстүрлі емес діни ағымдардың етек алып, діни негіздегі экстремистік, террористік саясаттың өрбуі кезеңінде халықтың діни сауаттылығын көтеру үшін, жастардың бойында түрлі жат ағымдарға қарсы иммунитет қалыптастыру үшін, елдегі және шетелдердегі діни жағдайды бақылап, талдау жасай білу үшін көпконфессиялы қазақстандық қоғамға діни білім аса қажет және бүгінгі күні өзекті болып табылады.

Жалпы, діннің қоғамдағы рөлі артқан сайын, бүгінгі қоғамның сұранысын қанағаттандыра алатындай дін мамандары мен діни қызметшілерді даярлайтын орта және жоғары оқу орындарын құру мен қолдауға көңіл бөлінуде. Тәуелсіздік алған бастапқы жылдармен салыстырғанда бүгінгі күні Қазақстанда дінтанушы және теолог мамандарды даярлау біршама алға басқанын атап өту қажет. Ханафи мазхабындағы ислам дінін тереңдете оқытатын, исламтанушыларды даярлайтын «Нұр» қазақ-египет ислам университетінде ислам дінін оқытатын мұсылман елдерінің жетекші ғалымдары сабақ беретіндіктен, студенттер шет елге шықпай-ақ Қазқстанда да шет елдің білім деңгейіне сай білім алып шыға алады. Оған қоса, «Нұр» университетіне исламтанушы мамандарды даярлау үшін мемлекет тарапынан 2011 жылы – 100 грант, ал 2012 жылы 128 грант бөлінген. Бұл да діни білім беру мәселесінің маңыздылығын көрсетеді. Зайырлы дінтанушы мамандарды даярлайтын университеттердегі білім шет елдік тәжірибе негізінде жүзеге асырылуда. Болашақ дінтанушы мамандарға сапалы және жан-жақты білім беру үшін шет елдің дінтану бөлімі бар университеттерімен келісім-шартқа қол қойылып, соның негізінде студенттерге шет елге шығып, шет елдік профессор, ғалымдармен кеңесіп, білімін шыңдауға мүмкіндік бар. Бұдан басқа, ислам, христиан, шығыс діндерімен айналысатын профессорларды студенттерге дәріс оқу үшін арнайы шақыртады. Бұл әрекеттердің барлығы Қазақстандағы дінтану ғылымының алға басуына, жан-жақты білімді дінтанушыларды даярлау ісінде өз үлесін қосары сөзсіз.

Күзембаева Әсел Еркеболатқызы,

ҚР ДІА

Діни оқу орындарымен байланыстар және дінтану сараптамасы жөніндегі басқарма сарапшысы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1521
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3300
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5904