Сенбі, 12 Қазан 2024
Анық 3418 23 пікір 25 Қараша, 2023 сағат 13:55

Тіл - Ұлттық құндылықтардың қоймасы

Әрбір халықтың өз тілі мен мәдениеті - осы халықтың мыңдаған жылдарғы эволюциялық дамуының нәтижесі болып табылады. Бұл екі рухани құндылық өзара динамикалық байланыстағы бірлікті құрайды: олар бір-бірінсіз өздерінің құндылық және мағыналық маңызын жоғалтқан болар еді.

Сондықтан, осыған дейін қазақтың небір көрнекті ғалымдары мен тұлғалары тіл туралы, оның ұлттың сақталуындағы ролі туралы  үздіксіз айтып келген.

Мысалы, Алаш қайраткерлерінің көшбасшыларының бірі Ахмет Байтұрсынов тәуелсіз Қазақ елі болуы үшін қазақ тілін жетілдіріп, оны мемлекеттік тілге айналуын алғашқы болып қолға алған еді.  Оңтайлы әліпбиін, тіл грамматикасын өзі де зерттеді.

Бірақ, өкінішке қарай, алаштықтар армандаған тәуелсіздік жүзеге аспады. Қазақстанда орыс тілі мемлекет тіліне айналды.

Араға жетпіс жыл салып қана, қазақ елі алдында өз тілін - мемлекет тіліне, өз мәдениетін - барша қазақстандықтарды мәдени-рухани тұтастандыру тетігіне айналдыру мүмкіндігі пайда болды.

Әлемде өзінің мәдени даму деңгейі тұрғысынан халықтар әртүрлі болып келеді. Солардың арасында Қазақстан тәуелсіздік қарсаңында әлдеқайда жоғары деңгейде тұрып еді. Қазақстан, шын мәнінде, адами капиталдың дамуы жағынан көп елден озық болды.

Осындай сауатты әрі білімді халықпен өзінің шынайы тәуелсіз әрі жан-жақты дамыған мемлекетін құру да - қолжетімді дүние болатын.

Бірақ, өкінішке қарай, жағдай олай болмай, елдік даму өз өзегінен ажырап қалды.

Неге десеңіз, Қазақстанда Мемлекеттік даму мен Ұлттық даму жолдары екі бағытқа айырылып кетті.

Дәл қазір біз оның барлық себептерін термелемесек те, бізде билік пен мемлекет бір жақта, ұлт пен халық бір жақта қалғандай көрініс орын алды. Мұның алғашқы зардабын, әрине, тіл тартты. Мемлекеттік қатынас жүйесінен «шеттетілген тіл» енді басқа түгілі, қазақтың өзіне де ажырамас құндылық болудан қала бастады.

Иә, осы кезде тіл тек өзі ғана қиналса бір сәрі - тіл өзімен бірге ұлттық тәрбиені әлсіретті. Соның әсерінен, қазақ халқы өзінің «ұлттық болмысын» жоғалта бастаған сыңайлы...

Бар мәселе осыдан туындайды. Егер, мемлекет пен халықта ортақ мақсат болмаса, онда ол өте әлсіз болады. Ал, Қазақстанда барша халықты мемлекет төңірегіне топтастырушы мәдениет пен тіл - қазақ тілі мен мәдениеті.

Бұл біз үшін тарихи әділеттілік. Қазақ Елінде одан өзге Отан жоқ!

Олай болса, қазіргі алда тұрған басты мәселе -  қазақ тілін ең оңтайлы мемлекет тіліне айналдыру мәселесі болуы керек деп санаймын.

Одан кейінгі екінші мәселе - біз қалай өз ұлттық тәрбиені қалпына келтіреміз, оны қалай ұлттық мәдениетті, болмысты қалыптастыру құралына айналдырамыз деген сұрақ - жан-жақты көтерілуі керек.

Қазір Мәжілісте Қазбек Иса бастап, өзгелері қостап, қазақ тілі мәселесін бекерден-бекер өткір қойып жатқан жоқ. Себебі, тілден ажыраған ұрпақ өз болмысынан ажырай бастайды да, ол мемлекетіміздің азаматтық іргесін әлсіретеді.

Мысалы, қазір небір дарынды жастар өз қабілетін ашу үшін шетелдерге кетіп жатыр. Оның саны, тіптен, мемлекеттік қауіпсіздікке қауіп төндірерлік жағдайға қарай кетіп барады. Осының бір себебі қазақ халқының өз мемлекетінде «мемлекеттігін сезінуі» төмен, немесе, жоққа тән еместігінде емес пе екен?

Сөз соңында, мен «Біз ұлттық құндылықтар жүйесі дегеніміз не?»  деген сұрақты қояр едім. Ал, енді, оны білу үшін біз парламенттік деңгейде осы идеологиялық мәселені шешіп алуымыз қажет. Басқаша айтсам, бізге қазір мемлекетіміздің дамуын қазақ халқының мыңжылдық арманымен ұштастыру аса маңызды болып барады дер едім!

Әбдірашит Бәкірұлы,

философ‑публицист

Abai.kz

23 пікір