Оқушылар ел болашағын қалай елестетеді?
1) Отанды сүю неден басталады?
2) Дәл қазір еліміздің игілігі үшін сіз қандай үлес қоса аласыз?
3) Тәуелсіздік дегенді қалай түсінесіз?
4) Еліміздің болашағын қалай елестетесіз?
Сізге дәл осылай сұрақ қойса, не деп жауап берер едіңіз? Ал біз оқушылардан сұрап көрдік. «Қоқысты қоқыс жәшігіне тастаудың өзі Отанымызды жақсы көретінімізді білдіреді» дейді олар.
Еліміздің игілігі үшін сабағымды жақсы оқимын
1) «Отанды сүю отбасынан басталады» деген сөзді жиі естиміз. Демек, біз ата-анамызды қалай жақсы көрсек, еліміз бен жерімізді солай жақсы көруіміз керек. Оны әр ісімізбен дәлелдей аламыз. Мысалы, қоқысты қоқыс жәшігіне ғана тастау, әр затты күтіп ұстау, елдігімізді сипаттайтын құндылықтарға құрметпен қарау секілді бізге ұсақ-түйек болып көрінетін істердің түбінде отанға деген махабббатымыз жатады деп ойлаймын.
2) Ел игілігі үшін тау қопарып, теңіз кешудің қажеті жоқ. Әркім өзінің шама-шарқы жететін жұмыстарды жақсы атқарса болғаны. Ал менің қолымнан қазір не келеді? Мен еліміздің игілі үшін сабағымды жақсы оқимын, қосымша үйірмелерге қатысып, қабілеттерімді шыңдаймын, жүрген жерімде тазалық сақтап, ата-анама қолғанат боламын. Жасым өсіп, жұмыс істеуге жарағанымда, бұдан да гөрі маңызды істермен айналысамын деп сенемін.
3) Тәуелсіздікті Заңнан өзгеге бағынбай, қалағаныңды қалағаныңша істеу деп түсінемін. Кім не дер екен демей, қалаған жеріне барып, керегін пайдаланатын адамды тәуелсіз адам деп айтуға болатын шығар.
4) Мұнай таусылмаса, Қазақстанның болашағы керемет болады деп ойлаймын. Болашақта көп жұмысты робот істейді деп және бәрі тоқпен жұмыс істеп, ауамыз таза болады деп елестетемін. Келешекте адамдар қолмен жазу жазуды қойып, барлығы пернетақтамен басылатын болады. Шынайы кездесулердің орнын онлайн кездесулер басады. Қазақстан дамыған ел қатарында болады.
Назерке ТУЛЕПБАЕВА,
Алматы қаласы, №146 мектеп-лицейінің 6-сынып оқушысы.
Отанды сүю – әуелі, ет жақындарыңды жақсы көру
1) Отан – менің кіндік қаным тамған, туып өскен жерім, әке-шешем, ата-анам, туыстарым, достарым. Отанды сүю дегеніміз – әуелі, осындай ет жақындарыңды жақсы көру деп ойлаймын.
2) Мен қатарлы балалар елінің игілігі үшін, бірінші, патриот болуы керек деп есептеймін. Менің де қосатын үлесім сол, елімді, жерімді, қазақ тілімді сүйемін, мұны әрдайым айтып, дәріптеп жүремін.
3) Әр елдің өзіне тән тілі, заңы, салт-дәстүрі болады. Осы айтылғандарды ешкімнен, ештеңеден қорықпай сақтай алса, сол жолмен жүрсе, сондай елді тәуелсіз мемлекет деп айтуға болатын шығар. Тәуелсіз ел ешкімге құл болмайды. Мен осындай елде – Қазақстанда тұратынымды мақтан тұтамын.
4) Мен елімнің болашағын білімді, патриот, жалынды, рухты жастармен елестетемін. Жастардың қолынан бәрі келетініне сенемін және болашақта өзімді сол қатардан көремін!
Айзере КӨБЕГЕН,
Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Ақжігіт селосы, М.Бегенов атындағы жалпы білім беретін мектептің 6-сынып оқушысы.
Жемқорлықтың тамырына балта шапсақ, даму жолымыз жақсара түседі
1) Менің ойымша, Отанды сүю – отбасынан бастау алатын жеке құндылық. «Отан» сөзін естіген кезде біздің бойымызда патриоттық сезім тулап тұруы керек. Сол себепті отанды сүйе білу үшін адам, ең бірінші, өзінің айналасындағы адамдарға құрметпен қарай білуі керек.
2) Мен еліміздің игілігі үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын. Өйткені ата-бабамыз осы жерді қорғау үшін терін, қанын төгіп, жанын берді, оны сақтап, бізге аманат етіп қалдырды. Сондықтан осы мемлекеттің әр тұрғыны еліміздің өсіп-өркендеуі жолында еңбек етуі керек.
3) Тәуелсіздік дегеніміз – өз елімізде еркін жүріп-тұруымыз, керегімізге қол жеткізе алуымыз. Әрине, тәуелсіздік сөзінің мағынасы мұнымен ғана шектелмейді.
Менің ойымша, қазіргі қоғам «тәуелсіздік» сөзінің мағынасын білмейді. Бұлай дейтін себебім, адамдар тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа, басқа да қылмыстарға төтеп бере алмай жатыр. Еркіндік дегенді, бір жағы, қылмысқа қарсы тұру еркі деп түсінсек те қателеспейміз деп ойлаймын.
4) Ешкім өз болашағын бақытсыз елестетпейді ғой. Мен де сол, жарқын өмірді ғана көрсем деймін. Қоғамда болып жатқан түрлі деңгейдегі қылмыстарды тоқтатсақ, еліміз көркейе түсуші еді. Жас жүрегіммен сезетін тағы бір жайт бар: біз жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың кесірінен қарқынды дамыған мемлекеттерге жете алмай келе жатқан секілдіміз. Осының салдарынан қанша адам жапа шекті десеңізші. Егер осынау жемқорлықтың тамырына балта шапсақ, даму жолымыз жақсара түседі деп ойлаймын.
Абылай ХАМИТҰЛЫ,
Түркістан облысы, Түркістан қаласы, № 28 мектеп-лицейдің 8-сынып оқушысы.
Қазақстанның болашағынан зор үміт күтемін
1) Маған қымбат дүниенің барлығы – менің Отаным. Отбасым, ағайыным, елім, жерім, табиғат – бәрі-бәрі бірігіп, Отан деген жалғыз ұғымды білдіреді. Соларға деген сүйіспеншілігім – Отанға деген махаббатым. Бірақ, Мұқағали атамыз айтпақшы, «Оңай сөз ғой Отанды сүйем деген...». Отанын шын сүйетін адам оған лайық болуға тырысады.
2) Дәл қазір елімнің өркендеуі жолында қолымнан келетін және ең маңызды міндетім сапалы білім алу, ал болашақта жақсы маман болып шығу деп білемін. Қазақ тілінде сөйлеп, қазақша киноларды көріп, қазақша әндерді тыңдап, қазақ спортшыларының жанкүйері болу, отандық өнімдерді тұтыну да елімнің игілігі үшін қосар үлесім деп ойлаймын.
3) Территориясы біртұтас, шекарасы қорғалған, өзінің ақша бірлігі бар елді Тәуелсіз мемлекет деп атайды. Тәуелсіз мемлекет басқа елдермен терезесі тең, егемен саясатын жүргізе алады.
4) Қазақстанның болашағынан зор үміт күтемін. Неге десеңіз, жеріміз пайдалы қазбаға бай, елімізде білімді, талантты жастар жеткілікті. Жауапты адамдар Қазақстанды гүлдендіру үшін, көркейту үшін барын салып жатыр. Шетелден мекемелер келіп жатқанын да білеміз. Орта Азиядағы ең үлкен ел саналатынымызды мұғалімдеріміз айтып жатыр. Ендеше, келешегіміздің кемел болмағы сөзсіз.
Назым МАРАТҚЫЗЫ,
Ақтөбе облысы, Ақтөбе қаласы, М. Құрманғалиева атындағы №32 гимназияның 8-сынып оқушысы.
Abai.kz