Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 6665 27 пікір 4 Желтоқсан, 2023 сағат 12:50

Шолпан жұлдыздай жарқыраған шайыр

Мағжан Жұмабаев – 130

Жетсе егер қорқынышты қара түнім,
Басса дерт, әлім құрып шықпай үнім.
Көңіл ашар, кеудеме жан кіргізер
Өлең менің Шолпаным, Айым, Күнім.

Ақында адамзаттан дос болмайды,
Жалғыз-ақ сырын сөйлер қаламына.
Жырлаймын, күңіренемін өткенді ойлап,
Кеудеме улы уайым толған сайын.
(Мағжан Бекенұлы Жұмабаев).

Мағжан (азан шақырып қойылған аты – Әбілмағжан) Бекенұлы Жұмабаев 1893 жылы 25 маусымда Солтүстік Қазақстан облысының Булаев ауданындағы Молодежный селосында (қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданындағы Сасықкөл ауылы) дүниеге келген. Орташа ауқатты отбасынан шыққан. Ауыл мұғалімен хат танып, сауат ашқан.

1909 жылы Петербордағы (қазіргі Санкт-Петербург) баспадан шыққан Абай Құнанбаевтың өлеңдерін оқып, оған арнап «Атақты ақын, сөзі алтын хакім Абайға» деген өлең жазған. Ұлы Абайға еліктеп, ақын болуды армандаған.

1910 жылы Қызылжардағы (қазіргі Петропавловск) Мұхаметжан Бегішев медресесін жақсы үлгеріммен бітірген. Осында оқып жүргенде қазақ, татар, араб, парсы, түрік әдебиетімен айрықша шұғылданған. Шығыс жұлдыздары санатындағы парсы ақындары – Әбілқасым Фирдоуси, Сағди (Муслихаддин Әбу Мұхаммед Абдуллах ибн Мушрифаддин Сағди Ширази), Хафиз (Шамсуддин Мұхаммед Хафиз Ширази), Омар Хайям (Әбу-әл-Фатх Омар ибн Ибрахим әл-Хайям), әзірбайжан ақыны Гәнжауи Низами (Ілияс ибн Жүсіп Низами), өзбек ақыны Әлішер Науаи (НизамеддинМир Әлішер) сияқты даналардың ұлы дастандарын түпнұсқадан оқып үйренген.

Ақын Мағжан Жұмабаев өзін шығармашылық өнердің адамы ретінде Уфадағы жоғары мұсылман мекемесі – «Ғалия» медресесінде оқып жүрген кезінде танытқан болатын. 1912 жылы Қазандағы Кәрімовтердің баспасынан «Шолпан» атты тұңғыш жыр жинағы шыққан. Мағжан сол медреседе сабақ беретін ұстазы, белгілі татар жазушысы Ғалымжан Ибрагимовпен, медресенің жетекшісі Сәлімгерей Жантуринмен, өзінің жерлесі, болашақ көрнекті жазушы Бейімбет Майлинмен танысады.

Мағжан Жұмабаевтың өмірінде академик Григорий Николаевич Потанин, қазақтың көрнекті ақыны әрі ғалымы Міржақып Дулатов, Омбыдағы мұғалімдер семинариясының директоры Александр Сидельников үлкен рөл атқарған. Солардың әсерімен ақын, педагог, түрколог, тарихшы, тіл маманы Мағжан Жұмабаев кейіннен «Қазақ тілі мен әдебиеті» оқулығы мен «Педагогика» кітабының авторы атанған.

Ақынның терең ой мен сұлу суретке толы өлеңдерінің шығуы тек қазақ еліне ғана емес, сонымен қатар татар, башқұрт, қырғыз, өзбек, қарақалпақ елдеріне де жеткен үлкен құбылыс еді. Сол кезең жайлы естелігінде Башқұртстанның белгілі жазушысы Сайфи Құдаш: «Қазақтың талантты жас ақыны Мағжан Жұмабаев «Ғалия» медресесінде «Садақ» атты қолжазба журнал шығара бастады. Өзінің медреседегі оқу кезінде шығарған өлеңдерін соның бетінде жариялап тұрды. 1912 жылы Қазан қаласында оның «Шолпан» атты тұңғыш жыр жинағы  шықты. Сөйтіп, қазақтың поэзия әлемінде өзіндік беті бар ерекше ақын дүниеге келді. Абайдың классикалық дәстүрін алға алып барушылардың ең ірісінен саналмақ», – деп жазған екен. (Сайфи Кудаш, «Последамюности», издательство «Советскийписатель», Москва, 1974 год, стр. 463.). Сөз орайы келгенде Сайфи Құдаш ХХ ғасырдың бас кезінде Солтүстік Қазақстанда мұғалім ретінде Мағжанмен бірге қызметтес болған, жете таныс  екенін де тілге тиек ете кетейік.

1912-1915 жылдары «Қазақ» газетінің редакторы, көрнекті жазушы, түрколог, мемлекет қайраткері Ахмет Байтұрсынов пен Шығыс, Батыс мәдениеттерімен терең суарылған, асқан дарын иесі Міржақып (Мир-Якуб) Дулатовтан дәріс алған Мағжан Жұмабаев шығармашылықтың жаңа қырына көтеріледі.

1913 жылы Мағжан Жұмабаев орыстың Сібір университеті атанған Омбыдағы мұғалімдер  семинариясына оқуға түскен. Онда болашақ революционер ақын Сәкен Сейфулинмен танысады. Осы бір кезең жайлы жазушы Хамза Абдуллин:

«Мағжан Бекенұлы Жұмабаев бізге жақын адам. Біздің үйдің құда баласы. Менің әкем Жармұхамед пен Мағжанның әкесі Бекен ертеден бірін-бірі жақсы білген. Бекен – волостнойправитель, ал Жармұхамед – іс жүргізушісі. Әкем – заңгер, орыс, парсы тілдерін білетін. Белгілі әнші Ермек Серкебаевтың әкесі – Бекмұхамед Мағжанмен Қызылжарда (қазіргі Петропавл), кейін Уфа медреселерінде бірге оқып, бірге бітірген. Бекмұхамед ақсақал бертін қайтыс болды, тірі кезінде жиі кездесіп тұратынбыз. Омбы мұғалімдер семинариясында Мағжан Жұмабаев пен Сәкен Сейфуллин бірге оқыған. Олар өзара өш болды деген өсек бар. Бұл дұрыс емес. Қуғын-сүргін кезінде Сәбит Мұқанов арқылы Сәкен Мағжанға ақша жібергенін өзім талай көрдім. Сәбиттің өзі де Мағжанға ақшалай көмек көрсететін», – дейді.

1916 жылы Мағжан Жұмабаев Омбыдағы оқуын ойдағыдай бітіріп, туған өлкесіне оралады. Қазақ даласында «Алаш» партиясын құруға атсалысып, чех көтерілісін бастан кешеді. Кейіннен Ақмола губерниялық «Бостандық туы» газетінің редакторы болып  қызмет істейді.

1918 жылдың өзінде Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов: «Сезімге әсер берерлік өлеңдер көбінесе Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, кейде Сұлтанахмұт Торайғыров һәм Ахмет Мәметовтікі. Олардың өлеңінде өзгеше бір сарын бар, жүрегінің сезімін суреттейтін нәрсемен жалғастырып әкететін артықша бір маңыз бар. Олар – сыршыл (лирик) ақындар... Сыршыл ақындардың ішінде өлеңінің ішкі суретіне сөзінің сыртқы кестесі үйлесіп, маңызды болып шығатын – Мағжан Жұмабаевтың өлеңдері», – деп жазыпты. (Қараңыздар: «Абайдан соңғы ақындар», Екеу, «Абай» журналының 1918 жылғы бесінші саны). Сөз орайы келгенде белгілі әдебиетші Қошке Кемеңгеров Мағжанның поэзиясын өте жоғары бағалағанын да тілге тиек ете кетейік.

Қазақтың классик жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезов тағы бірде: «Мағжан Жұмабаевты сүйемін. Еуропалығын, жарқыраған әшекейін сүйемін. Қазақ ақындарының қара қордалы ауылында туып, Еуропадағы мәдениетпен сұлулық сарайына барып, жайлауы жарасқан Арқа қызын көріп сезгендей боламын. Мағжан Жұмабаев   – мәдениеті зор ақын. Сыртқы кестенің келісімі мен күйшілдігіне қарағанда бұл бір заманның тегінен асқандай... Сондықтан бүгінгі күннің бір жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге аныққалуға жарайтын сөз Мағжан Жұмабаевтың сөзі. Одан басқамыздың бәріміздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін», – деген екен.

1919 жылы Мағжан ақын қос бірдей қасіретке кезігеді.Тағдыр қосқан қосағы – Зейнеп толғақ үстінде қайтыс болады. Азамат соғысы уақтысына орай есімін Граждан қойған сәбиі бір жылдан соң ол да үзіледі. Осының бәрі ақын жүрегіне зілбатпан ауыртпалығын салып, зілзала ізін қалдырады. «Мені де өлім, әлдиле», «З-ға» «Баланың қабір тасына» өлеңдері осы бір қайғы-мұңға толы кезеңде туған.

1921 жылы Мағжан екінші әйелі Зылихаға үйленеді. Жан жарының толық ақталғанына куә болған ол 1989 жылы дүние салады.

1922 жылы Қазан қаласында белгілі ақын Бернияз Күлеевтің алғысөзімен «Мағжан Жұмабаевтың өлеңдері» деп аталатын жыр жинағы жарық көрген. Сол жылы Орынборда «Психология» оқулығын бастырады.

Жиырмасыншы жылдардың бірінші жартысында Мағжан Жұмабаев Ташкентте шығармашылық өнімді еңбек ет-кен. Сонда шығатын «Шолпан», «Сана» журналдарында, «Ақ жол» газетінде қызмет атқарып, біраз дүниелерін бастырады. Дәл осы кезде атақты «Батыр Баян», «Қорқыт», «Ертегі»  поэмаларын, көптеген өлеңдер  жазып, жарыққа шығарған.

1923 жылы Ташкенттегі «Шолпан» журналында «Батыр Баян» поэмасы, «Шолпанның күнәсі» деген ұзақ әңгімесі жарияланады. Сол жылы Ташкенттегі Түркістан Республикасы баспа үйінің баспасынан  белгілі партия және мемлекет қайраткері Сұлтанбек Қожановтың алғысөзімен «Мағжан Жұмабаевтың өлеңдері» деп аталатын жыр жинағы басылып шыққан. Жыр жинағында ақынның 159 өлеңі жарияланған. Бұл жинақтың бір данасы бүгінде Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада сақтаулы тұр. Аталмыш жыр жинағының «Мағжан өлеңдері туралы бір-екі ауыз сөз» деп аталатын алғысөзінде Сұлтанбек Қожанов:

«Мағжан Жұмабаевтың өлеңдері қазақ әдебиетінде үлкен орын алған деп санап, басып отырмыз. Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерімен оқырмандар бұрыннан таныс. Қазақ әдебиеті жаңа аяқтанып, әдебиет тілі енді жасалып келе жатқан жұртта Мағжандай ақындардың қызметі зор екені анық. Осы күнге дейін Түркістанда «қойшылар тілі» саналып келген, ресми қағаздарды жазуға, кітаптар жазуға жарамсыз делініп келген қазақ-қырғыз тілі іске асыруы былай тұрсын, өнеге алатын бай, жатық, таза, әдемі тіл екенін Мағжан Жұмабаевтың өлеңдері көрсете алады.

Сондықтан біз Мағжан Жұмабаев өлеңдерінің саяси мәнісінен гөрі әдеби мәнісін көбірек еске тұттық. Сол жақтарын ескеріп, Мағжан Жұмабаев өлеңдерінің ішінде кездесетін марксизм дүниетанымына ұқсайтын жерлерін оқырмандар көре салып үрікпей, көркемдік жағына, сыршылдық жағына, суреттеу жағына көбірек көз салу керек. Тарихи мәнісін жете түсіну керек. Бұл кітапқа Мағжан Жұмабаевтың баспасөз майданына шыққаннан бергі жазған өлеңдерінің көбісі кірді. Басу жағынан түзей алмай отырған кемшіліктеріміз – қай өлеңдерінің қай жылы һәм қандай жанрдан жазылғанын көрсете алмай отырмыз. Сөйтсем, Мағжан Жұмабаевтың өлеңдері әдебиет тарихында соңғы 10-15 жылдағы ағымдарды тексеруге де жақсы құрал бола алады деп ойлаймыз. Түркістан қазағына арнап Абайдан кейінгі екінші бастырып отырған әдебиет кітабымыз – осы Мағжан Жұмабаевтың өлеңдері.

Мағжан Жұмабаев өлеңдерінің тіл жағынан, әдебиеттану жағынан пайдасы көп болады деп сенеміз», – деп жазған.

1923-1927 жылдары Мағжан Жұмабаев Мәскеудегі «Күншығыс» баспасында қызмет істеген.  Валерий Яковлевич Брюсов жетекшілік ететін әдебиет-өнеринститутын-да оқыған. Орыс, Батыс Еуропа әдебиетімен етене сусындаған. Орыс мәдениетінің қайраткерлерімен жете танысып, көпшілігімен достық қарым-қатынаста болған. Сондағы профессорлардың бірі Мағжан Жұмабаевты «Қырғыздың (қазақтың) Пушкині!» деуші еді. Сол жылдары ол қазақ мектептерінің оқулықтарын даярлау ісімен де айналысты.

Сонда жүргенде ол  Максим Горькийдің (Алексей Максимович Пешков)  «Сұңқар жырын», Дмитрий НаркисовичМамин-Сибиряктың (Мамин) «Ақбоз ат» әңгімесін, семейлік жазушы жерлесі ВсеволодВячеславович Ивановтың «Қазақ әңгімелерін» аударып бастырған. Психология тақырыбына «Жан жүйесі және өнер таңдау» деген оқу құралын шығарған.

Мағжан Жұмабаев оқыған, өзі қанық болған есімдердің ішінен неміс ақындары – Иоганн Вольфганг фон Гёте, Христиан Иоганн Генрих  Гейне, Иоганн Кристоф Фридрих фон Шиллер, ағылшын ақыны Джордж Гордон Байрон, орыс қаламгерлері – Александр Сергеевич Пушкин, Михаил Юрьевич Лермонтов,  Афанасий Афанасьевич Фет (Шеншин), Николай Васильевич Гоголь, Иван Андреевич Крылов, Владимир Галактионович Короленко, Дмитрий  НаркисовичМамин-Сибиряк (Мамин), Дмитрий Сергеевич Мережковский, Константин Дмитриевич Бальмонт, Сергей Александрович Есенин, Николай Алексеевич  Клюев, Валерий Яковлевич Брюсов, Александр Александрович Блок, Максим Горькийді (Алексей Максимович Пешков) кезіктіреміз.

Мағжан Мәскеуде жүргенде Валерий Яковлевич Брюсов, Сергей Александрович Есенин, ОсипЭмильевичМандельштам, Всеволод Александрович Рождественский, өрімдей жас Михаил АркадьевичСветловпен араласқан. Орыс классиктерінен Дмитрий НаркисовичМамин-Сибиряк (Мамин), Максим Горькийдің (Алексей Максимович Пешков) туындыларын төл тілімізге тәржімалаған. Мәскеуде жерлесі, семейлікВсеволодВячеславович Ивановпен достасқан.

Алайда, сол кезеңде Мағжан Жұмабаев жайлы сыни материалдар қаптап кетеді. Басқаны айтпағанның өзінде Қазақстанға басшылыққа жаңа келген, өлең, әдебиет түгілі, халық, ұлт жайын әлі аңғарып біле қоймаған ВКП (б) Қазақ өлкелік комитетінің жауапты хатшысы Филипп ИсаевичГолощёкиннің (Шая Ицикович) өзі Мағжан Жұмабаевты сынай бастаған көрінеді.

1923 жылы Жүсіпбек Аймауытов Ташкент жұртшылығы алдында Мағжанның ақындығы талдап, терең түсіндіретін баяндама жасап, оны «Лениншіл жас» журналында (қазіргі «Жас Алаш» газеті) бастып шығарса да сыңаржақ сыншылар тобы ақынның соңынан қалмайды. Қайта Мағжанның ескішіл, жат өлеңдерін орынсыз мақтадың деп Жүсіпбектің өзін қоса сынайды.

1924 жылдың аяғына таман Мәскеуде оқитын қазақ жастарының Мағжанға қарсы жиналысында ақын өлеңдері талқыланып, оның туындыларын теріске шығарған қаулысы елге жіберіледі. Орынсыз сыннан көңілі жабыққан ақынның «Сәлем хат» деген өлеңін «Тілші» газеті басып шығарады. Сол жылғы 19 желтоқсанда «Еңбекшіл қазақ» газетінде «Сәлем хат жазған азамат Мағжан Жұмабаевқа» деген ескертпемен Сәбит Мұқановтың «Сәлемге сәлем» өлеңі жарық көреді.

Соған қарамастан 1925 жылғы 14 қаңтарда «Еңбекшіл қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеті Мәскеудегі әлгі жиынның ұйғарымын жариялайды. Сол жылғы 19 қарашада әлгі «Еңбекшіл қазақ» газетінде Ғаббас Тоғжановтың «Мағжан кеңес тұсында» деген сыни мақаласы да жарық көреді.

1926 жылғы маусым айында Қазақстан Жазушылар одағы  «Қазақстанның пролетариат жазушылары ассоциациясының бюросы» болып құрылған. Бұл кезеңде Мағжан Жұмабаев бастаған ақын-жазушылар көркем әдебиеттен таптық принципті талап еткен большевиктік идеологияға қарсылық ретінде «Алқа» ұйымын дамыта бастаған еді. Кейін Алашшыл «Алқа» жұмысы тоқтап, большевиктер бағытындағы жазушылар ұйымы күшейді.

1927 жылдың өзінде Әбділда Тәжібаев Мағжан Жұмабаевты қатты сынға алған өлең жазады. Онысы 1934 жылы шыққан «Жаңа ырғақ» кітабының 28-29 беттерінде жарық көреді. Өз кезегінде сол  жылы Мағжан Жұмабаев та оған қарсы «Тоқсанның тобы» атты поэмасын жазып, оны  «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде  жариялайды.

1928 жылы Мәскеуде  Мағжан Жұмабаевтың «Жүсіп хан» атты ертегі поэмасы баспадан шыққан.

1929 жылы Мағжан Жұмабаев «Алқа» атты жасырын ұйым құрғаны үшін деген айыптаумен Мәскеудегі Бутыркатұрмесіне жабылады. Кейіннен он жылға сотталып, Карелияға айдалады. «Кісендеулі қолымен» Беломор –Балтық каналын қазуға қатысады. Негізінде «Алқа» ұйымы – бұл Сибревком жанындағы Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы өкілінің келісімімен құрылған көпшілік қауымға белгілі отырықшылыққа айналдыру жөніндегі ресми түрде рұқсат етілген ұйым болатын. (Өкінішке орай, 1929-1938 жылдар аралығындағы ақынның он жылдық ғұмыры бізге белгісіз).

1930 жылы жазушы, Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасының тұңғыш Оқу-ағарту халық комиссары, Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы Ғылым академиясының академигі Анатолий Васильевич Луначарскийдің редакциясымен шыққан «Әдебиет энциклопедиясында» Мағжан Жұмабаев  нағыз ұлтшыл, сарыуайымшыл, декадент ақын болып суреттелген. Содан Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Ахмет Байтұрсынов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Міржақып Дулатовтың жеке бастары қаралы болып, мұралары ұлттық  әдебиет пен мәдениеттен тыс қалды. Ал Мағжан  Жұмабаевты Алашорда ұйымына қатысты деу де дәлел емес. Өйткені Владимир Ильич Лениннің (Ульянов) декретімен ол ұйымға да, оның адамдарына да кешірім жасалған болатын.

1936 жылы Максим Горький (Алексей Максимович Пешков) мен оның зайыбы Екатерина Волжинаның (Пешкова) араласуымен Мағжан Жұмабаев азғана уақыт бостандық алып, еліне оралады. Петропавлдағы мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беретін мұғалім болып  істейді. Алайда, ақын тағы да қызметінен босап қалады. 1937 жылғы 20 ақпанда араша сұрап Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Сәбит Мұқановқа хат жазады (қараңыздар: «Сәбит пен Мағжан», «Қазақ әдебиеті» газеті, 1990 жылғы 15 маусым).

Сөз орайы келгенде жазушы Сәбит Мұқановтың ақын Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығына жоғары баға бергенін тілге тиек ете кетейік. Сәбеңнің: «Абай Құнанбаевтан кейін тіл өнегесіне Мағжан Жұмабаевтан асқан ақын қазақта жоқ. Мағжан өлеңінде сыршылдық (лирика) жағы күшті келеді. Мағжан өлеңінен құр ғана үйлескен сөздерді көрмейсің, ақынның ішіндегісін әйгілейтін айнасын көресің. Сыршылдық жағынан Мағжан көп ақынға бәйге бермейді», – деп жазғаны бар.

1937 жылғы  18 наурызда Мағжан Жұмабаев Сәкен Сейфуллиннің шақыруымен Алматыға келген. Алайда, не баспана, не жұмыс таба алмастан, сергелдеңге түскен. Аласапыран тұста, сол жылғы 13 тамызда Ілияс Жансүгіров тұтқындалады. 29 тамызда «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Мұхамеджан Қаратаевтың Сәкен бастаған жиырмашақты қаламгерді қаралаған «Қазақ әдебиетіндегі авербаховшылдықтың қалдығын толық жою керек» деген мақаласы жарық көреді. 16 қыркүйекте «Казахстанскаяправда» газетінде осы мақаланың орысша нұсқасы жарияланады. 24 қыркүйекте Сәкен үйінен ұсталып әкетіледі. Ол 1938 жылғы 24 ақпанда атылады.

1937 жылғы 30 желтоқсанда ұсталған Мағжан Жұмабаев 1938 жылы оққа ұшады. Алайда нақты дәлелденген дерек жоқ. Сондай әңгімелердің бірінде ол атылмаған секілді. Бір лақапта ол 1942 жылы айдауда қайтыс болған делінеді. Ал екінші бір деректе 1938 жылы наурызда ату жазасына кесілген 19 адам – партия, үкімет, мәдени қайраткерлермен бірге Новосибирск облысына жер аударылып, одан Новаяземляға айдалып, сонда 1956 жылы жалдамалы кәззаптың қолынан қаза тапқан көрінеді. Бір ғажабы, Мағжан ақын айдауда жүріп фельдшер мамандығын меңгеріп алған екен.

Таяуда экранға шыққан «Мұқағали» деп аталатын фильмде мынадай бір эпизод бар. Майдангер жазушы Батыр Баукең, Бауыржан Момышұлы ақын Мұқағали Мақатаев пен сазгер Нұрғиса Тілендиевті  үйіне қонаққа шақырады. Дастарқан басындағы әңгіме барысында Баукең:

–1952 жылдары Сібірде әскери қызмет атқарып жүрген кезімде өңі жадап-жүдеген ақын Мағжан Жұмабаевты  көрдім. Кейіннен бір іздеп барғанымда оны «Көпірден құлап, бақилық болған»,  – деп айтты. Соған қарағанда ақын 1938 жылы оққа ұшпаған сыңайлы.

Ақын Мағжан Жұмабаев «Мен өлмеймін, менікі де өлмейді» дегенде қауіп-қатер жоқ демегені белгілі, бірақ сондағы қылша мойны талша қиылатынын біліп пе? Жалпы, «мен өлмеймін» деген сөздерде терең шындық бары рас. 60 жылдан астам уақыт автократия ақын үнін шығармай, тұмшалап келсе де енді естіліп, ақыры жалғастық тапқаны шындық.

1956-1957 жылдары Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин сынды үш бәйтерегіміз  ақталғанан кейін Мағжан Жұмабаев шығармашылығы қайта қаралған. Оның есімін ақтау ісі 1958 жылы ғана қолға алынған. Арнайы ресми комиссия құрылып, ақынның таңдамалы лирикалық жырларын жариялау жөнінде ұйғарым жасалған. Бірақ одан ешқандай нәтиже шықпай, шығармалары басылмай қала берген.

1960 жылы Түркістан әскери округы әскери трибуналы алқасының шешімімен Мағжан Жұмабаев ақталған. Алайда, оның есімін атауға, шығармаларын жариялауға рұқсат болмаған. Өйткені, бұл саяси ақтау емес, бар болғаны азаматтық жағынан ақталу деген үстірт, жаңсақ түсінік тұғын. (1958 жылы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы Прокуратурасы ақтаған Шәкәрім Құдайбердіұлы туралы да дәл осындай «дәлел» айтылған екен).

Тіпті, бертіндегі 1960 жылы «Өмір және поэзия» кітабында Әбділда Тәжібаев Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығын тағы да жоққа шығарады. 1968 жылы республикалық «Простор» журналының Мағжан ақын жайында ақтау мақалалар басылған саны түгелдей жоғалып кетуін де кездейсоқтық дей алмаймыз.

Түркияда кітаптары жарық көргенімен, олар қазақ оқырмандарының қолына тимеген. 1969 жылы Мағжанмен қызметтес, таныс болған адамдар оны ақтау, шығармаларын жариялау қажеттігі жөнінде Қазақстан басшыларына хат жолдайды.

Жазушы Рүстем Жанғожа кеңес дәуірі кезінде, дәлірегі 1987 жылы Бүкілодақтық «Литературнаягазетаға» Алаштың рөлі, Мағжан Жұмабаев пен Міржақып  Дулатов туралы үлкен мақала шығарған. Кейіннен әлгі мақала ақын Ұлықбек Есдәулеттің аударуымен «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған.Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында отбасылық жағдайына байланысты Украинаға қоныс аударуға мәжбүр болған. Марқұм ақын Есенғали Раушанов Киевке барғанда Рүстемнің үйінде жататынын айтушы  еді. Қазір Рүстемнің басына қиын жағдай туып отыр. Зайыбы Гүлнара жеңгей жүректен қайтыс болған. Жалғыз ұлы Мағжанды соғысқа алып кеткен. Жазушы Роллан Сейсенбаевтың айтуына қарағанда осы ауыртпалықтардан Рүстемнің көзі көрмей қалған.

Ақын Мағжан Жұмабаев  1988 жылдың желтоқсан айында ақырғы рет толығымен біржолата  ақталған. 1989 жылы ғана ақынның шығармалары қайта жариялана бастайды. Ақыр аяғында ақын толық ақталғаннан кейін тоқсаныншы жылдары «Мағжанның алдында кешірілмес күнә жасадық» деген Әбділда Тәжібаев Мағжан Жұмабаевтың жыр жинағына мүлде жаңа көзқараспен мақала жазуға мәжбүр болады. Әбекең: «Мағжан Жұмабаевтың басын құртқан ең бәлекет дүние – телегей-теңіз білімі», – деп мойындаған.

Шерияздан Елеукенов «Мағжан» деген кітап жазған. «Япыр-ау» әні Мағжан Жұмабаевтікі екендігін айтқан.

Ақын Жұмекен Нәжімеденов ұлына Мағжан деп ат қойып, М.Жұмабаевтың зайыбы Зылиха апайға кішкентай ұлын апарып, бата алғанын жазады Нәсіп апай өзінің естелігінде.

Мағжанның өзі айтып, өзі тұжырымдағандай, ақын деген өзі болжап біле бермейтін жолға сапар шеккен пір, кейде жын, кейде бала, сол сапарда ол қиындықты қайыспай көтеретіне дүниені тәрк етіп, бәрінен безінген жан. Содан да «Қиял құлы мен бір ақын» деуін ұғуға болады.

Автордың көз алдында Шыңғыс хан, Әмір Темір сынды қаһарман тұлғалар, атамекеннің иесі және қорғаушылары болған Абылай, Баян, Бөгенбай, Ағыбай, Кенесары, тағы басқа таутұлғалар тізбектеліп өтеді.

Жүректі жарып шыққан өлеңдерінің үлкен бір тобы сүйіспеншілік лирикасы: «Гүлсімге», «Жәмила», «З-ға», «Махаббат не?», «Сен сұлу», «Жас келін», тағы басқа өлеңдері қазақ қыз-келіншектеріне арналған. Ақын олардың сыртқы да ішкі де сұлулықтарын тәңірдей көтере жырлайды. «Бәрінен де сен сұлу» өлеңі уақытында өзіндік әуенімен халық арасына кең тараған. Біреулер бұл әннің авторы Мағжан екенін біліп, енді біреулер білмей жаттап өскен.

Мағжан Жұмабаев – «Қорқыт», «Ертегі», «Батыр Баян», «Қойлыбайдың қобызы», «Оқжетпестің қиясында»,  «Жүсіп хан», «Қаныш бай қиссасы», «Ертегі», «Өтірік ертегі», «Тоқсанның тобы», «Толғау» поэмаларының авторы.

1993 жылы Түркияда Мағжан Жұмабаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған ізгілікті де игілікті іс-шара  өткен. Оған Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы Қалдарбек Найманбаев бастаған онбесшақты қаламгер қатысып қайтқан.

1995 жылы Алматыдағы «Білім» баспасынан филология ғылымының докторы Мүсілім Базарбаев жетекшілігімен шайырдың үш томдық шығармалар жинағын шығару қолға алынған.

1998 жылы Астанадағы «Елорда» баспасынан Ерік Асқаровтың құрастыруымен «Батыр Баян» деп аталатын өлеңдер мен поэмалар жинағы жарық көрген.

2002  жылы Алматыдағы «Атамұра» баспасынан «Атамұра» кітапханасы» сериясымен «Сүй, жан сәулем» деп аталатын өлеңдер мен поэмалар жинағы баспадан шыққан.

2009 жылы Алматыдағы «Ан Арыс» баспасынан «Алтын қалам» сериясымен Мағжан Жұмабаевтың өлеңдері мен поэмалары ойлы оқырман қолына тиген.

2013 жылы Алматыдағы «Жазушы» баспасынан Сәндібек Жұбаниязовтың құрастыруымен қостомдық шығармалар жинағы жарық көрген. Сол жылы Оңтүстік астанадағы «Өлке» баспасынан «Жасөспірімдер кітапханасы» сериясымен Мағжан Жұмабаевтың өлеңдері мен поэмалары баспадан шыққан.

2016 жылы Роллан Сейсенбаевтың Халықаралық Абай клубы «Менің 100 кітабым» сериясымен Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер», Мағжан Жұмабаевтың «Сұм өмір», Мұқағали Мақатаевтың «Қасқыр жүрек ұлдарым ер жетеді» деп аталатын жинағын шығарған.

Мағжан ақынның «От», «Сағындым» деп аталатын өлеңдері «Қазақтың жүз үздік өлеңі» аталымына енген.

Енді бір сәт ақын Мағжан Жұмабаев жайлы жазылған ой-пікірлерге құлақ түріп көрелік:

«Мағжан – алдымен сыршыл ақын. Не жазса да сырлы, көркем, сәнді жазады. Оқырманның жүрегіне әсер ете алмайтын құрғақ өлеңді, жабайы жырды Мағжаннан таба алмайсыз. Ол табиғатты суреттей ме, әйелді жаза ма, тарихи адамдарды ала ма, ертегі айта ма, ұран сала ма – бәрінде де ақынның ойлағаны, сезгені, жүрегінің қайғыруы, жанының күйзелуі, көңілінің кірбіңі көрініп тұрады. Қай өлеңін оқысаң да не ақынмен, не өз жүрегіңмен, не ел жүрегімен сырласқандай боласың. Ақынның өзі көрінбейтін өлеңдерін оқысаңыз да еріксіз бір сезім туғызады. Әлде өкіндіреді, әлде мұңайтады, әлде жылатады, әлде аятқызады, әлде есіркетеді, әлде жігер береді...».

«Ақын Мағжан Жұмабаев  өзінің «Түркістан екі дүние есігі ғой» деп аталатын көлемді толғау жыры арқылы  Тұранның қадыр-қасиетін, Афрасияб хан жайын, қасиетті Тұранға ертедегі Кей-Қысырау мен Зұлқарнайын құмар болғанын, жалпақ далада Шыңғыстай ер туғанын, Ақсақ Темір даңқын, Тұранда туған Ибн-Сина Әбуғали, Ұлықбек атын мақтанышпен жырлайды. Сірә, шынайы ақындық ұлттық жоқшысына, қорғанына айналумен бірдей болса керек. Мұны Мағжан жырларының өзегінен айқын аңғаруға болады».

«Мағжан Жұмабаев – сыршылдығымен, суретшілдігімен, сөзге еркіндігімен, тапқыштығымен күшті. Маржандай тізілген, торғындай үлбіреген нәзік үнді күйімен, шерлі-мұңды зарымен күшті».

Жүсіпбек Аймауытов,                      

ақын, жазушы, ғалым.

«Мағжан Жұмабаевтай ақыны бар, бір жерде тізе қосып отырған бес миллион қазақтың тілі қалай жоқ болады?!»

Әлихан Бөкейханов, 

Алаш қозғалысының негізін қалаушы, Алаш Орда үкіметінің басшысы, ұлт көсемі.         

«Мағжан Жұмабаев – қазақ поэзиясының жарық күні. Күн нұр шашса, кейбір «әдебиеттің жұлдызы боламыз» деп жүргендер сөніп қалады».

Ілияс Омаров,

мемлекет және қоғам қайраткері.

«Қазақ өлеңінің Абайдан кейінгі алыптарының, айтулы алтын діңгектерінің бірі ғана емес, бірегейі – Мағжан Жұмабаев».

Зейнолла Қабдолов,

академик, жазушы.

«...Сол күні Мұқаң, Мұқағали Мақатаев Мағжан Жұмабаев туралы қайыра-қайыра оралып соғып, ақынның қасіретті тағдыры жайлы көп әңгіме айтты. Жазу үстелінің суырмасынан бір қызыл мұқабалы қойын дәптерін (блокнот) алып: «Міне, Мағжанның жырлары. Ерінбесең, көшіріп ал!» – деді де ішінен екі-үш өлеңін оқыды. Ақынның саф металдай таза дауысы құлағымда тұр:

«Тере де жүріп шөмшегін,
Көкке сауып емшегін...
Құлыным қайда дер ме екен?..».

Екінші өлең:

«Тәңірім бе?
Әлде байғыз ба?
Тәңірім болсаң, кел бермен!
Қолымды көкке жайғызба!»

Екі үзіндінің екеуі де жүрек пен санаға қона кетті. «Мағжан – казахский Блок! Они оба поэты от Бога!» – деді. Сол сәт Мұқаң жалы күдірейіп, жанары от шаша қараған көк бөрідей көрініп еді маған».

(Нұрлан Оразалин, «Уақыт жаратқан ұлы жыр», «Жұлдыз» -- Қазақстан жазушыларының әдеби-әлеуметтік журналы, №10, 2021 жыл, 63-80 беттер).

Иә,  биыл кең-байтақ еліміз 130 жылдық мерейтойын кең көлемде, аса зор салтанатпен  атап өтіп отырған ақиық ақын Мағжан Бекенұлы Жұмабаев – осындай тағдыры тым қатал жан болатын. Соған қарамастан ол талай тамаша жыр жауһарларын жаза білген. Ақынның ұрпағына қалдырған мол рухани мұрасы  қазақ халқы бар кезде мәңгілік жасай бермек!

Әбдісаттар Әліп,

журналист, ақын, аудармашы, Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі, республикалық «Шымкентім, шырайлым!» әдеби-көркем альманағының Бас директоры – Бас редакторы.

Шымкент қаласы

Abai.kz

27 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5534