Жұма, 22 Қараша 2024
Білгенге маржан 2988 21 пікір 5 Желтоқсан, 2023 сағат 14:10

Хандық деген - қазақ үй

Сурет әлеуметтік желіден алынды

«Дүниеде әділдік пен адалдықты
 ту еткен адамнан артық ешкім жоқ», -
Шоқан Уәлиханов.

Жақында оқушы жастармен жүздесіп, сұхбаттасудың сәті түскен еді. Мектеп ұжымы мені қазақ халқынан шыққан тұңғыш суретші, ғалым, ағартушы, демократ, гуманист Шоқан Уәлихановтың өмірі мен ғылыми еңбектері туралы баяндап, сұрақтарға жауап беруімді сұраған болатын.

Өте әсерлі өткен кездесу барысында бір ересек сынып оқушысы маған «Аға, қазақ хандығы деген сөздің мағынасын түсіндіріп беріңізші. Ол нені білдіреді, саяси құрылым ба? Құрамы, басқару жүйесі қандай? Қазіргі мемлекет деген ұғыммен салыстыруға бола ма?», - деген сұрақ қойды.

Бірден жауап бермей біраз ойланып алуға тура келді. Сол сәтте көзім кездесу өтіп жатқан залдың сахнасына қойылған қазақ үйдің ішкі көрінісіне түсті. Жартылай болса да шаңырақ, уықтар, кереге, сандық, жиналған көрпе, дөңгелек үстел сияқты көшпенді қазаққа тән заттар көрініп тұр. Кейін белгілі болғандай, бұл декорация Шоқан өмірінен шағын спектакль қою үшін алдын ала қойылған екен.

Сол арада оқушыларға берер жауабымды көз алдымызда тұрған қазақ үйдің кескінімен байланыстыра отырып, беруді жөн деп таптым да, төмендегі мазмұнда шағын шолу жасап, түсіндірдім.

Қазақ халқы – осыдан 6 мың жыл (Ботай мәдениеті) бұрын алғаш рет жабайы жылқыны қолға үйреткен, біртіндеп басына жүген, арқасына ертоқым салуды, ал өздері ыңғайлы болу үшін теріден шалбар тігуді үйреніп, қолына найза, арқасына садақ, беліне қылыш байлап, атқа мінген қаһарлы жауынгерге айналған Ұлы сақтардың, ғұндардың, түркілердің ұрпағы.

Ықылым заманнан бері қиыр шығыстан батысқа дейінгі кеңістікте алып империялар құрып, шексіз билік жүргізген біздің бабаларымыз жартылай көшпенді, жартылай отырықшыл өмір сүрген.

Көшпенділердің негізгі баспанасы - киіз үй. Киіз үй - тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі, тіпті оған көршілес елдердің де тұрақ - мекені. Солай бола тұрса да, оны қастерлеп ұстап, ғасырдан ғасырға оның мән-маңызын өзгертпей жеткізген біздің қазақ халқы екенін әрдайым мақтанышпен айтамыз.
Сондықтан,  ата-бабаларымыз «Атамыз - Алаш, керегеміз - ағаш», «Киіз туырлықты, ағаш уықты қазақпыз» деген аталы сөз айтып қалдырған.

Ал XII - XIII ғасырлардағы мемлекеттердің Алтын орда, Ақ орда, Көк орда деп аталуының өзі осы киіз үйге байланысты екенін кезінде Шоқан Уәлиханов жазып кеткен еді.

Алтын орда ыдырай бастағанда Керей мен Жәнібек хан Жетісу жеріне қазақтарды жинап, 1465 жылы Қазақ хандығын құрғандары белгілі.

Содан бастап  Қазақ хандығының іргесі бекіп, ауқымы ұлғайа түсті. Мысалы, ең өркендеген кезеңіңде,  Хақназар хан басқарған жылдары жалпы аумағы қазіргі Қазақстанды, Еділден Жайыққа дейін, Сырдария мен Әмудария өзендерінің аралығын, Хорасан жерін қамтыған.

XVII ғасырда Қазақ хандығы Жоңғар империясымен жер үшін жүз жылдан астам тынымсыз соғысып, қатты әлсіреді. Бұл жағдайды пайдаланған Ресей патшалығы  келесі ғасырдан бастап, біртіндеп Қазақ жерін  жаулап алуға кірісті.

Қазақ хандығының мемлекеттік құрылымы дала демократиясына негізделген монархияға ұқсас болған. Бұл жүйеде билік Ханның қолында болғанымен, жанындағы уәзірлер мен билер арқылы тепе-теңдік қағидасы қатаң сақталды. Хандар  Ұлы қаған Шыңғысхан ұрпақтары - төре деп аталатын рудан шыққан сұлтандар арасындағы таңдау негізінде сайланатын. Нәтижесінде, ғасырлар бойы ең жоғарғы билік тек Шыңғысхан ұрпақтарына ғана тиесілі болды. Бұл тәртіп ел ішінде ауызбіршілік пен ынтымақтастық жағдайын қалыптастырып отырды. Сұлтандар арасында хан тағы үшін сирек болса да орын алған өзара тартыстарды есептемегенде, қазақтың ешқандай ру, тайпа көсемдері, көшбасшылары немесе би, батырлары хан тағына таласпаған, хан болуға ұмтылмаған. Керек десеңіз, өздерін басқарып отырған хан қайтыс болып, орнына отыратын мұрагері болмаған жағдайда, сол елдің игі жақсылары өздеріне хан сайлау үшін басқа өңірден немесе Бас ордадан жас төре сұрап, алдырып отырған жағдайлар тарихтан белгілі.

Қазақ хандығының тұңғыш ханы -  Керей, соңғы ханы -  Кенесары Қасымұлы.

Сонымен, хандық дегеніміз өз дәуірінде өркендеген дербес, тәуелсіз, саяси-экономикалық одақ, яғни мемлекет екенін білдік. Енді оның құрылымына келетін болсақ, дана халқымыз ата-баба салтын берік ұстанып, ғасырлар бойы қалыптасқан басқару жүйесін қолданған. Бұл жүйенің басында ел басқарушы хан тұратын болса, негізін уәзір, би, батыр, ақын, шешен сияқты халық сыйлайтын дана-данышпандары құраған.

Хандық жүйе қазақтың қара шаңырағы – қазақ үйдің  құрылымына ұқсас болып келуінде. Бұл тегіннен тегін емес. Бұл ұқсастықты бейнелі түрде, келесі салыстырудан байқауға болады.

Мысалы, қазақ үйдің шаңырағын ханға теңеуге болады. Ал оған шаншылған уықтар жоғарыда аталғандай, сұлтан, би, батыр, ақын, жыршы сияқты ел бірлігін сақтаған абыз ақсақалдар мен данагөйлер деп айтуға болады. Қазақ үйдің керегелері – ол қалың қазақ елі, оларды бір - бірімен берік байланыстырыратын таңғыш, бас арқан, шалма, бел-бау сияқты бау-құралдар – ол әр рудың, елдің, тайпаның көшбасшы азаматтары. Қазақ үйдің сәнін келтіретін басқұр, желбау, үзік баулары болса, олар елдің көркі қыз – келіншектерді елестетеді. Сондай, ақ қазақ үйдің сыртқы киізі, туырлығы, түндігі, түрлі-түсті кілемдер мен көрпе-жастықтары, жабдықтары сияқты заттар халқымыздың салт-дәстүрі, заңдары, мәдениеті деп бейнелеуге болады.

Ең қызығы, қазақ үйдің құрылымына негізделген басқару жүйесін қазақ хандығынан бастап, қазақтың кез келген руы, елі, тайпасына дейін, тіпті әрбір отбасына да салыстырмалы түрде қолдануға болады. Мысалы, отағасы - ол қара шаңырақ иесі, яғни отасының бас адамы, оның әйел, бала-шағасы – уықтар, ағайын-туыс, жекжаттары – керегелер деп жалғаса береді.

Сонымен, түсінікті болу үшін қайталап айтатын болсақ, хандық жүйе мен қазақ үйдің құрылымында бейнелі түрде төмендегідей ұқсастық бар:

  • шаңырақ – Хан;
  • уықтар – сұлтан, би, батыр, ақын, жыршы сияқты ел бірлігін сақтаған абыз ақсақалдар мен данагөйлер;
  • керегелер – қалың қазақ елі;
  • бау-құралдар – әр елдің көшбасшы азаматтары;
  • басқұр, желбау, үзік баулар, ою-өрнектері сияқты сәндік заттар – өскелең ұрпақ, қыз-келіншек, апа-әжелер;
  • киіз, туырлық, түндік, түрлі-түсті кілемдер мен көрпе-жастықтар мен жабдықтар сияқты заттар – халқымыздың салт-дәстүрі, заңдары мен мәдениеті.

Әрине, бұл салыстырмалы түрде, абстракты ойлану үшін бейнеленген көзқарас. Оны әркім өз бетінше толықтырып, дамыта алады. Мұндағы ең  басты мәселе – өскелең ұрпақтың Қазақ хандығының тамыры өте тереңде екенін, ата-бабаларымыздың ықылым заманнан бері темірдей тәртіпке негізделген басқару жүйесін игергендігін, соның арқасында алып империялар құрғандарын біліп, есте сақтап, мақтаныш тұтып, ата-баба салтын жоғалтпай, соған лайықты азамат болып қалыптасуында.

Қазақтың «мың өліп, мың тірілуі», тек соңғы екі жүз жылдың ішінде басына түскен отаршылдық, ашаршылық, геноцид, саяси қуғын-сүргін, екі дүниежүзілік соғыс,  атом бомбасының қасіреті сияқты басқа ешбір елдер көрмеген зобалаңнан ұлт ретінде аман қалуы да осы қазақ үймен байланысты екені сөзсіз. Себебі, қандай да болмасын тастан, кірпіштен салынған ғимараттар бір жер сілкінісінен қирап қалады, ал қазақ үйді жер сілкінісі де, нөсер жауын да, қарлы боран да құлата алмайды. Міне, қазақтың түп-тамыры осында, мәңгілік ел болудың бір сыры да осында. Біздің міндет ата-бабаларымыздың осындай аманатын сақтап, болашақ ұрпаққа аман-есен табыстау.

Бағдат Бақтыбайұлы Ақылбеков,

Жетісу облысы, Кербұлақ ауданының тумасы, мемлекеттік қызметші, Тезек Төре және Шоқантанушы, бос уақытында шығармашылық-зерттеу жұмысымен де айналысады.

Abai.kz

21 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1452
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3216
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5241