Конституциялық соттың қателігі һәм 7-баптың жыры...
«КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТ КОНСТИТУЦИЯҒА ҚАРСЫ»
Мен Конституциялық Сотқа (КС) «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы заңының 8-бабы Конституцияның 7-бабына қайшы келеді», деп арыздандым.
Олар «1997 жылғы 8 мамырдағы Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулысында 7-баптың 2-тармағына түсіндірме берілген», деп шағымымды іс жүргізуге қабылдаудан бас тартты. Осы шешімнің заңдылығын зерделей келе, мен Конституциялық Соттың Ата Заңды да, мемлекеттік тілді де ұқпайтынын құрметтемейтінін байқадым.
Конституциялық Сот мемлекеттік тілді қажетті деңгейде білмегендіктен, арызды мүлдем түсінбеген. Мен тiл туралы заңның 8-бабын Конституцияның 7-бабына сәйкестігін қарауды талап еттім, ал олар бұл мәселені мүлдем қарамаған. Осы заңдағы 8-бап Конституцияға сай емес берілген.
«Мемлекеттiк тiл Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының, ұйымдарының және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының жұмыс және iс қағаздарын жүргiзу тiлi болып табылады, орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады», - делінген.
Айтылған норма Конституцияның 7-бабындағы:
«1. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тiл - қазақ тілі. 2. Мемлекеттік ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» - дегенге мағынасы да, мәні де мүлдем қайшы келіп отыр. Көрсетілген екі бапты салыстыра келе, 8-баптың Конституцияның 7-бабына қарсылығын көреміз. 7-бабтың 2-тармағында «мемлекеттiк орган» деген сөз жоқ. Бұл қате норма менің және әрбір азаматтың Конституцияда бекітілген құқықтар мен бостандықтарды тікелей қозғап, елді арандатып отыр.
Айтарым осы мен қойған талап ешқашан қаралмаған, КС берген тұжырымдамасы негізсіз.
Неге осындай шешім қабылданғанын мен КС құрамымен толық танысып шыққанда байқадым. Қаулыдағы көрсетілген он бір сот мүшелерінің кейбіреулері мемлекеттік тілді мүлдем білмейді, ал басшылары қазақ тілін төмендетуді әдетке айналдырған. Мемлекеттік тілді білмейтін адам қалай шешім шығарады? Қалай тағайындалған жоғарғы қызметке? Конституциялық іс жүргізу тілін білмейтін Конституциялық Соттың судьясы 10-бапқа сәйкес, менің арызымды қараудан бас тартатынын мәлімдеуге міндетті болатын, алайда бұлай жасалмаған.
Менің мемлекеттік тілде берген арызыма, олар үнемі орыс тілінде ақпарат береді. Төраға Э.Ә. Азимова қай қызметте болса да, мемлекеттік тілді кемсітумен келеді. Кезінде 2021 жылы осы төраға, «статус официального языка для межнационального общения закреплен за русским языком» (орыс тілінің ресми түрдегі статусы ұлт аралық қарым-қатынас тілі), - деп елді шатастырып, Ата Заңға қарсы заңдарда жоқ мәлімдеме жасап, қоғамды шулатқан болатын.
Енді менің сөзімнің дәлелі, ол Конституциялық заңның
36-бабындағы, «Конституциялық іс жүргізу мемлекеттік тілде жүзеге асырылады, орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады», деп бекіткен нормасы. Демек Конституциялық Сот заңға сәйкес істерді тек қана мемлекеттік тілде қарауы керек. Ал олар Ата Заңға қарсы әрекет етіп, көбінесе орыс тілінде іс жүргізіп, шешім шығаруда, бұл олардың осы уақытқа дейін қабылдаған қаулылары заңсыз дегенді білдіреді.
Осы күрделі мәселені Конституциялық Кеңес 2007 жылы 23 ақпандағы нормативтік Қаулысымен былай деп бекітті, «мемлекеттiк ұйымдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында мемлекеттiк тiл - қазақ тiлi мен ресми түрде пайдаланылатын орыс тiлiнiң тең қолданылуы бұл соңғысына (орыс тіліне) екiншi мемлекеттiк тiл мәртебесi берiлетiнiн білдірмейді», деді.
Енді осыдан келіп туындайтын сұрақ, неге мемлекеттік орган - Конституциялық сот Конституциялық іс жүргізуді мемлекеттік тілде өткізбейді? Бұлар өзі қай Елде тұрып қызмет етіп жатқанын біле ме?
Әлде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың, «Қазақстан халқын ұйыстыратын тағы бір символ – мемлекеттік тіл. Қазақ тілі мәңгілік мемлекеттік тіл тұғырында болады» - дегеніне қарсы ма?..
Мақала авторы Мухамадиев Айыпқан,
Заң ғылымының кандидаты
Ескерту: Abai.kz еркін ақпарат алаңы. Мұндай ой жарыстырып, пікір таластыруға Қазақстанның кез келген азамыт құқылы. Мақалада аты аталын тарап редакциямызға жауап беруге құлықты болса, екінші тараптың да жауабын ұсынуға әзірміз.
Abai.kz