Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 2637 8 пікір 18 Желтоқсан, 2023 сағат 11:59

Беловежье келісімі: Назарбаев не дейді. Басқалары не дейді?

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев жуырда жарыққа шығарған «Менің өмірім: Бодандықтан бостандыққа» атты мемуарында әйдік Беловежье келісіміне не үшін бармағаны жайлы жазыпты. 6-7 парақтық жазбаға «Назарбаев келмеді» деп тақырыпша қойған, - деп жазады Mezgil.kz

Сонымен Назарбаев неге келмеді? Өз сөзінен үзінділер терейік:

Әуелі Ресейдің бұрынғы басшысы Борис Ельцинмен жақсы қарым-қатынаста болғаны жайлы тарқатып жазады.

1702545858474262.png

ЕЛЦИН МЕН ГОРБАЧЕВТІҢ ЕРЕГЕСІ

«Арамызда неше түрлі жағдай болды. Әркім өз елінің мүддесін ойлап, айтысып, тартысып та қала беретінбіз. Бірақ ол да, мен де шектен шықпайтынбыз», - деп келіп, Ельцинмен арадағы сол айтқан тартыстардан бір мысал келтіреді. Елциннің Атыраудағы Теңіз мұнай-газ кешенін сұрағанын, өзінің Елциннен Орынборды беруін талап еткенін жазады. Елцинді «айтуы да, қайтуы да тез адам еді», деп сипаттайды.

Әрі қарай Елцин мен Горбачевтің (Михаил) ерегесі жайлы жазады. «Екеуі бір-бірімен бітіспестер еді», - дейді. КСРО-ның ыдырауына осы екеудің ерегесі себеп болғанын жазады.

1702545924966515.jpg

БЕЛОВЕЖЬЕ КЕЗДЕСУІ: НАЗАРБАЕВ НЕ ДЕЙДІ?

«Ресей, Украина мен Беларусь басшыларының Белая Вежа тоғайындағы кездесуі атымен күтпеген оқиға емес еді. КСРО-ның құламай қоймайтынын жұрттың бәрі білді. Тек оның алдын ала болжауға келмейтін арналармен жүзеге асып, саяси күштердің шиеленіскен текетіресіне айналып кету қаіпі қатты ойлантатын.

Мен 8 желтоқсан күні М.Горбачевтің шақыруымен Мәскеуге бардым. 9 желтоқсанда төрт республиканың – Ресей, Украина, Беларусь пен Қазақстанның басшылары кезедесіп, Одақтық шарт туралы ақылдасамыз дегенбіз. Ол кезде Мәскеуде жиі-жиі бас қосатынбыз. Баруға бәріміз келісім бергенбіз. Алайда, сол күннің алдында Ресей, Украина, Белоруссия басшылары белорус тоғайларының бір түкпіріндегі резиденцияда жасырын жолығып жатыр екен. Горбачевпен кездесудің алдын орап кетіпті. Борис Елциннің, Леонид Кравчуктің, Станислав Шушкеевичтің мемуарларында, естеліктерінде, сұхбаттарында Беловежьедегі кездесудің аяқастынан, құпия түрде ұйымдастырылғаны, мені кездесуге шақыру идеясы жұмыс барысында туғаны ашықтан-ашық айтылады. Мұның алдында жаңа конфедерация құру, оны «Егемен Республикалар Одағы» - «Союз Суверенных Республик» деп атау жөнінде әңгіме қозғалып жүретін. Сонда қысқартып сөйлегенде СССР-дің орнына ССР құрылған болып шығатын. Жұрттың көзі де, құлағы да үйренген сөз. Үшеуі бас қосыпты да, ССР аббревиатурасы «Союз Славянских Республик» сияқты оқылып кетуі қаупі бар екенін ойлай қалыпты. Енді славян емес президент керек бола қалыпты...

1702546009110778.jpg

ОЛАРҒА СЛАВЯН ЕМЕС ПРЕЗИДЕНТ КЕРЕК БОЛДЫ

Олардың үшеуі де Беловежье келісімінде экспромт элементтері көп кездескенін, оған қатысушылардың құрамы да апыл-ғұпыл қарастырылғанын айылын жимай жазады. Айтқандай, Соженицын сол тұста Мемлекеттік Думада сөйлеген сөзінде Назарбаевты Беловежьеге шақырмады деген өкінішін білдірген. Бос сөз. Шақырған. Мен бармағанмын», - деп жазады Нұрсұлтан Назарбаев. Беловежье келісіміне өзін де шақырғанына дәлел ретінде Шушкеевич, Кравчук пен Елциннің естеліктерінен үзінді келтіреді. Әрі қарай, ұшағы Мәскеуге қонған бетте Елцин телефон шалып, Беловежьеге шақырғанын жазады.

«Мен Мәскеу әуежайына түскен бетте Б.Елцин телефон шалған. Осылай да осылай, Беловежье деген жерде үшеуіміз шешім қабылдап, арнайы келісімшарт жасадық, сен бізді қолдасаң, қол қойсаң жақсы болар еді дейді. Ол қандай құжат? Не жайында? Мәселенің мәніне қанып алмай тұрып, қалай жол жүрмекпін? Әрине, бара алмаймын. Оларға үш славян республикасы бірігіп алып, оңайша шешім қабылдапты деген әңгімеден қашу керек болып тұрғаны белгілі. Бүтін бір алып елдің тағдырын осылайша, опыр-топырда, оп-оңай шеше салу көкейге қона ма өзі?», - деп толғанады.

Онан әрі Ресей Конституциясының авторларының бірі Сергей Шахрайдың: «Нұрсұлтан Әбішұлы Вискулиге келе жатыпты-мыс, оны орта жолдан Мәскеуде КСРО премьер-министрінің қызметін беруге уәде еткен Горбачев қағып алып қалыпты-мыс деген аңыз әңгіме бар. Бұл болжам маған қиыннан қиыстыру болып көрінеді, өйткені қазақ президенті – өте тәжірбиелі саясаткер. Ол сол сәтте іс жүзінде де, сөз жүзінде де одақтық үкімет жоқ екенін тамаша біліп отырды: бұрынғы үкімет бүліктен кейін доғарысқа жіберілген, ал жаңа үкімет құрылмаған күйі қалған. Иван Силаев басқаратын КСРО-ның Республикалық экономикалық комитеті ғана жұмыс істеп тұрды. Назарбаевтың нені басқаруы мүмкін еді?», - деген естелігін мысал етеді.

«...Әр нәрсені өз атымен атайтын болсақ, оңаша, тіпті жасырын жиналып жатқанынан, ел басшысының хабарсыздығынан-ақ ондағы әңгіме не жөнінде қозғалатынын шамалау қиын емес еді. Мені ол жерге келісімге төртінші құрылтайшы ретінде қол қоюға шақырып отыр. Шушкеевич жазғандай, ұшағым техникалық себептерге байланысты Мәскеуден шыға алмады... Ал ұшақ неге «шыға алуы» тиіс еді?», - дейді. Дейді де 1991 жылғы наурыздағы бүкілодақтық референдумның нәтижесі жайлы: «Бір жағынан соның алдында ғана бүкіл ел бойынша референдум жүргізіліп, онда қатысушылардың басым көпшілігі КСРО-ны біртұтас мемлекет ретінде сақтауды жақтаған. Қазақстанда одақтың сақталуын жақтаушылардың үлесі басқа республикалардың бәрінен де жоғары (94 пайыздан астам) болып шыққаны түсінікті. Елдің еркімен санаспаудың жөні жоқ...

Екінші жағынан, саясаткер ретіндегі ішкі түйсігім халқының жартысынан астамын өзге ұлт өкілдері құрайтын (қазақтардың үлесі небәрі 39 пайыз еді) республиканың басшысы ретінде мұндай келісімге қол қоймақ тұрмақ, оны талқылайтын кездесуге қатысуымның өзі қисынға келмейтінін сездірді», - дейді.

1991 жылғы қарашадағы Ново-Огареводағы басқосулар жайлы айта келіп, сол кезде Беларусь сыртқы істер министрі болған Петр Кравченконың: «Беловежье келісіміне 23 литр самогон кетті», - деген естілігін сөз етіп: «Назарбаевты Беловежьеге шақырудың аяқастынан ойлап табылғаны қол қоюға славян емес президенттің керек бола қалғанына байланысты екеніне, ол оқиғаға қатысқан адамдардың талайы екі кеш бойыағыл-тегіл ішімдік құйылғанын жазғанына... тоқталмақ емеспін.

Арада алты жыл өткенде Александр Лукашенко сол тоғайда Кравчук пен Шушкеевич Елцинге КСРО президенті қызметін уәде еткен еді деп әйгіледі. Мұндай мүмкіндік қарастырылғанын Елциннің өзі де толықтай теріске шығармайды», - деп аяқтайды.

1702546211637273.jpg

ҚҰРЫЛМАЙ ҚАЛҒАН ТҰРАН ОДАҒЫ

Онан кейін сол жылы желтоқсанда Ашхабатда ОА республикалары басшыларының бас қосып, Беловежье келісіміне жауап ретінде Тұран одағын құру, яғни, Орталық Азия мемлекеттері конфедерациясын құру туралы жобаның талқыланғанын жазады«Бұл жобада славян елдері басшыларының әрекеттері айыпталған еді», - дейді.

«Елцин бізді үштік одаққа қосылыңдар деп үгіттеп бақты. Ол түркітектес елдердің одағы құрылуы мүмкіндігінен қатты сескенді. Қалыптасқан күрделі жағдайды срапатай келіп, мен ондай одаққа қосылмайтынымызды, бірақ тең құқықты, жаңа одақ құру мәселесін талқылауға болатынын айттым. Славяндар бұл ойды қабылдады. Сол үшін Алматыда бас қосуды, Достастықтың құрылуын заңды етуді ұсындым», - дейді. Дейді де Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының (ТМД) құрылуы туралы баяндайды.

Беловежье келісімі туралы, оған Назарбаевтың шақырғаны, бірақ бармағаны туралы аталған келісімге қатысқан өзге саясаткерлер уағында естеліктерін де айтқан еді. Олар не деді? Бірсыпырасын сөзталқы етейік:

1702546241960197.jpg

ШУШКЕЕВИЧ НЕ ДЕЙДІ?

Нұрсұлтан Назарбаев өз мемуарында есімін жиі атаған Станислав Шушкеевич бір сұхбатында:

«Беловежьедегі кездесуге Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев та шақырылған. Бірақ Назарбаев жолай Мәскеуге тоқтап, Кремльде СССР президенті Михаил Горбачевтің қабылдауына кіріп, ақыры бармай қалғанын», - айтады.

Оның айтуынша, Назарбаев келісім жасалғанға дейін шақырылмаған, бірақ аса маңызды геосаяси мәселені шешуге тек қана славян мемлекеттерінің қатысқанын бұрыс санап, сол кезде беделді адам Назарбаевты шақыруды жөн көрген. Оған Елцин қоңырау шалады, алайда қандай құжатқа қол қоятындарын айтпайды.  Ол кезде Назарбаев ұшақ бортында болған.

«Иә, Назарбаев ұшақ бортында болатын және оған ұшақтың радиожүйесі арқылы байланыстық. Бірақ Горбачев оған бармауға кеңес берді. Ол келмеді. Ол интеллигент емес адамға тән қулық істеді. Үнсіз кетті. Онымен байланыс үзіліп қалды. Сол себепті Назарбаев маңызды мәселені талқылауға қатысқан жоқ», - дейді Шушкевич.

1702546267469639.png

ФОКИН НЕ ДЕЙДІ?

1991 жылы Украина премьер-министрі болған Витольд Фокин былай:

«Нақты кім екені есімде жоқ, құжатқа қол қоймағандардың бірі болса керек, бәрі дайын болған кезде: «бұл іске Қазақстанды да араластырсақ жаман болмас еді», - деп қалды. Бәрі: «әрине», - деп келісе кетті. Нұрсұлтан Әбішұлымен сыйлас қарым-қатынаста екенім ескеріліп, оған не боп жатқанын айтып беруді маған тапсырды», - деп еске алады.

Фокин Назарбаевпен Елцин емес, өзінің сөйлескенін айтады. Ол Назарбаевқа қандай құжат дайындағандарын айтып, оған кейін басқа республикалармен бірге қол қойса да болатынын айтқан. Алайда, Назарбаев өзінің қолы жиналғандардың қолымен қатар тұрғанын қалайтынын және өзін күте тұруын сұраған. Фокин оның нақты ұшақ ішінде болғанын нақты айта алмаса да, «жарайды, қазір борт шақырамын», - деп айтқаны есінде жақсы сақталғанын айтқан.

Витольд Фокин 2016 жылғы бір сұхбатында:

«Құжаттар дайын болғаннан кейін, қол қоюға әзірленіп, енді тек қол қою ғана қалған уақыт. Кім екені есімде жоқ, біреуі: «Бәлкім Горбачевті құлақдар ету керек пе еді», - деді. Кім екенін айтпай-ақ, қояйын, сондағылардың біреуі: «Жоқ. Мүлде болмайды, оған айтуға. Ол бірден шара қолданады. Ал Бушпен ақылдасуға болады», - деді. Сөйтіп, барлығы ортақ шешімге келіп, Ельцин Бушқа хабарласатын болды. Ол хабарласты. Ельцин мен Буштың әңгімесі кезінде мен сонда болдым. Барлығын өз құлағыммен естідім. Әңгіме сондайлық бір нақты болмады. Буш нақты жауап бермеді, бере алмайтын да еді. Өйткені, ол сол болған жайды толық түсініп те үлгерген жоқ.

Мен: «Бұл дұрыс болмады. Әуелі Горбачевке хабарласып айту керек еді», - дедім. Сол кезде сондағылардың (президенттер) бірі: «Бұл іске Назарбаевты да қосу керек емес пе», - деді. Барлығы: «Иә, иә, Назарбаев та бұл жағдайды білуі керек», - деп қолдады. Сонда жиналғандардың арасында Назарбаевпен жақын, жылы қарым-қатынастағысы мен едім. Мен ол адамды қазір де ерекше құрметтеймін. Ол шынында кемеңгер адам. Каримовке де көңілім сондай. Мен олармен дос болдым. Сөйтіп, жиналғандар Назарабевқа хабарласу керектігін, және оған хабарласуға ыңғайлы адам мен екеніме мақұлдасты.

Мен хабарластым. «Нұрсұлтан, қол қою үшін, міне осындай құжат дайындалды. Біз сенің пікіріңді білмекпіз», - дедім. Ол: «Әрине, әрине мен қолдаймын», - деді. Мен: «Ендеше сен кейінірек қол қоюшы үштікке қосыла аласың», - дедім. Ол: «Жоқ, мен сонда, сендермен бірге болып, қол қойғым келеді», - деді. Мен: «Біз міне дайындап, қол қояйын деп отырмыз ғой», - деп едім, Ол: «Міне, борт шақырып, ұшып келемін. Менсіз қол қоймаңдар», - деді.

Мен болған әңгімені, жиналғандарға жеткізіп ем, барлығы Назарбаевты күту керектігін айтты. Сөйтіп, біз Назарбаевты күтетін болып, ақыры аңға шықтық. Арада 5 сағаттай уақыт өтті. Нұрсұлтан Әбішұлы болса әлі жоқ. Барлығының көңіл-күйі түсе бастады. Сөйтсек, Нұрсұлтан Әбішұлы Горбачевтің қабылдауында екен. Менің Михаил Сергевичтің көмекшісімен байланысым болды. Дереу хабарласып: «Нұрсұлтан Әбішұлы сендер жақта ма», - деп сұрадым. Ол: «Иә, олар Михаил Сергевич екеуі кездесіп отыр», - деді. Барлығына түсінікті болды», - дейді.

Түйін: 8 желтоқсан «Беловежье» келісіміне қол қойған күн. Кеңес Одағын ыдыратқан бірден-бір құжат. 1991 жылы 8 желтоқсанда Ресей, Украина, Беларусь республикалары басшылары Беловежье орманында келіссөз жүргізді. Келіссөзде Кеңес Одағын сақтап қалудың бұдан былай мүмкін еместігіне көздері жетіп, олар өз республикаларының одақтан шығатынын және өзара саяси, экономикалық, әскери одақтастық жөнінде жаңа шартқа қол қоятындықтарын мәлімдеді. Осылайша Кеңес Одағы тарайды.

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1495
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3266
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5608