Жексенбі, 24 Қараша 2024
Абай мұрасы 2226 2 пікір 22 Желтоқсан, 2023 сағат 13:21

Абай тәрбиенің маңызы туралы

Өмірді өкінішсіз, дұрыс өткізудің маңызы үлкен екені белгілі. Рухани жаңғырудың бұл маңызды мәселенін дұрыс түсініп, қабылдау үшін әуелі өмірдің не екеніне, оны дұрыс өткізудің негізгі шартына, яғни оның терең сырына  үңіле білуіміз керек. Абай мұрасына көңіл бөлетін болсақ, өмірді өкінішсіз, дұрыс өткізу сырларын толық көре аламыз.

Өмірдің не екенін Абай отыз сегізінші сөзінде былай деп түсіндіреді: «Ғұмыр өзі – Хақиқат. Қай жерде ғұмыр жоқ болса, онда кәмәлат жоқ». Араб тілінен енген «Ғұмыр» және «Хақиқат» деген сөздер қазақ қоғамына дін арқылы келгендіктен, олардың мағынасы фәнилік «өмір», «ақиқат» емес, рухани деңгейдегі бүкіл «Болмысты», «Алла тағаланы» білдіреді. Сондықтан, Абайдың бұл терең мағыналы сөзінен ұғатынымыз ғұмырдың өзі (яғни болмыс) Хақиқат (Алла) көрінісі екен. Ал өмір дегеніміз болмыстың бір бөлігі. Сондықтан, «өмірдің өзі Хақиқаттың, яғни Алланың бір көрінісі» деген түсінік шығады. Ал өмір жоқ жерде кәмәлат, яғни, жетілу де жоқ. Ендеше, өмірді дұрыс өткізу үшін ең әуелі рухани жаңғыру жолына түсіп, сана-сезімді өсіріп, ой өрісін кеңейту керек.

Әрі қарай Абай «Ғылым – Алланың бір сипаты, ол – Хақиқат, оған ғашықтық өзі де Хақлық һәм адамдық дүр» деп жазады.  Бұл сөздерден білім мен өмірдің байланысын көре аламыз. Өмір ғана емес, ғылым да Алланың бір сипаты, яғни оның бір көрінісі екен. Осылай өмірдің өзі ғылымның көрінісі екенін, яғни, өмір – ғылым-білім бұлағы екенін көреміз. Өмірдің өзі білім көрінісі, білім қазынасы. Өмірді дұрыс сезініп, қабылдай білуіміз керек, себебі, өмірді  қабылдау деңгейі білім дәрежесін білдіреді.

Бұрынғы қазақ «тектіден текті туады» деп адамның ата-тегіне үлкен көңіл бөлгені белгілі. Сонымен бірге, адамның өміріне тәрбиенің үлкен маңызы барын білеміз. Ал Абай жаннан шығатын жан құмарын білу керектігін ескертеді.

Сонымен,  жалпы алғанда, өмірді қабылдау деңгейі, яғни кәмәлатты болу үш нәрсеге байланысты.  Олар – ата-тегі (генасы); өскен ортасы, яғни, алған тәрбиесі; және жан қасиеттері. Осы үшеуі жоғары және үйлесімді болғанда адам санасы жоғары болып, өмірі де маңызды, және сәтті болып өтеді. Ата-тегі мен жан қасиеттері баланың туғанынан беріледі. Оларды өзгертуге болмайды. Ал өсу ортасын, яғни тәрбиесін өзгертуге болады. Өмір жағдайлары жанға әсер етіп, тәрбиелейді. Қоршаған ортаның жағдайын өзгерту арқылы тәрбиені өзгертуге болады. Яғни, өмірді реттеу үшін қоршаған ортаны, яғни тәрбиені дұрыстау керек.

Сонымен, білімді тереңдетіп, өмір сырларын дұрыс түсініп, бақытты өмір орнату үшін ең алдымен тәрбиені реттеу керек. Тәрбиенің терең мәнін түсінудың маңызы үлкен. Себебі, тәрбие әріден, ана жатырынан басталады. Нәрестенің алғашқы жетілуі ана құрсағындағы жағдайға байланысты. Оның алған қорегі, ананың психикалық жағдайы, сол сияқты басқа да сыртқы жағдайлар баланың қалыптасуына тікелей әсер етіп, келешегін анықтайды. Бұларды ескермегенде дүниеге «жарымжан» бала келуі мүмкін. Қазақтың «жарымжан» деген сөзінің өзі бала болмысының дұрыс, және толық қалыптаспағанын көрсетсе керек. Бүгінгі күндері осындай балалардың дүниеге келуі аз емес. Аяғы ауыр ана осыны ескеріп, дұрыс тамақтанып, ұйқысын, көңіл-күйін реттеп, өмірдің шырғалаңына берілмей, жан тыныштығын сақтап, нәрестенің дұрыс қалыптасуына жағдай жасай білуі керек.

Ал жарық дүниеге келгеннен кейін баланың тәрбиесі туған ортаға байланысты болады. Туған ортаға отбасының  жағдайы, елдің, табиғат, замана өзгерістері т.б. өмір көріністері жатады.  Осылай, өмірді қабылдап, өмірді түсініп, жан өзінің білімін толықтырады. Өмірдің өзі білім көзі болғандықтан, өмірді қабылдау дәрежесіне байланысты адамның білімі төмен, не болмаса жоғары болуы мүмкін. Осылай, адамның білімі оның тәрбиесімен тығыз байланысты екенін көреміз.

Тәрбиенің маңызын жақсы түсініп, Абай отыз жетінші сөзінде былай деп жазады «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім». Бұл өте маңызды сөз. Қандай адам болса да тәрбие арқылы оның мінезін түзеп, дұрыс жолға салуға болады.  Кейбір жағдайларда адам өзінің, не болмаса баланың мінезін түзетуге құлқы болмай, салғырттыққа салынады. Қажырлық көрсетіп әрекет арқылы түзетудің орнына, сылтау іздейді. Бұл, әсіресе, тәрбиемен айналысатындар үшін өте маңызды тұжырым.

Тәрбие де әртүрлі болады. Тәрбиенің негізгі мәнін Абай былай деп береді: «Ұстаздық қылған жалықпас, Үйретуден балаға». Бұл сөздің де үлкен мағынасы бар. Ұстаздық қылған неге жалықпайды? Іс жүзінде керісінше емес пе? Мектептегі мұғалімдердің, тіпті жоғары оқу орындарында дәріс беретін ғалымдардың өздері осындай сөзді айта алмайды. Бұл сөздің мағынасы рухани білім мен дүниелік білімнің айырмашылығында жатыр. Ұстаз рухани білім береді. Рухани болмыспен байланысқанның барлығы да рухтанып, рухани әрекетке айналды. Ал рухани әрекет ешуақытта жалықтырмайды. Себебі, ол шексіз ләззатті. Ұстаз деген сөздің алғашқы мағынасы үйретуші емес, рухани білім беретін адамды білдіреді. Ертедегі Грек ойшылдарының «Бәрін айттым, көрсеттім, түсіндірдім, өзім түсіндім. Ал менің шәкірттерім әлі түсінген жоқ» деген сөзі ойға келеді. Ұстаздық қылғанда бала ғана емес, ұстаздың өзі де түсініп, жетіледі. Рухани білім беру – рухани іс. Рухани іс жан арқылы болатындықтан, кімге болса да пайдалы, ол адамды ешуақытта жалықтырмайды. Білім беруді рухани деңгейге көтерген жағдайда, барлық әрекет руханып, ұстаз жалықпайды, керісінше, өзі де жаңғыру жолына түсіп, жетілудің шыңына көтеріле алады.  Бүгінгі мектеп мұғалімдері осыны жақсы ескерулері керек. Олар неге жалығады? Жалықтыратын – заттық іс-әрекет. Мұғалімдердің жалығу себебі – олардың ісі заттық деңгейде.

Тәрбие дегеніміз –туғанынан берілген табиғатына бәйкес адамның мінез-құлқын қалыптастыру. Мінез-құлық – адамның алдағы тағдырын қалыптастырады.

Дұрыс тәрбие беру үшін адам өмірінің кезеңдерін білу керек. Адам баласы туғаннан кейін оның өмірі табиғи үш кезеңнен өтеді. Дұрыс тәрбие беру үшін бұл кезеңдерді жақсы білу керек. Педагогиканың негізі осы үш кезеңді дұрыс түсініп, дұрыс пайдалануда жатыр.

Бала тәрбиесіндегі бұл кезеңдерді қазақ халқы жақсы білген. «Жалпы қазақ халқының бала тәрбиесінде: «Балаңды бес жасқа дейін жаныңдай жақсы көр, он бес жасқа дейін құлындай жұмса, бас алдырмай үйрет, он бестен асқан соң бидей ақылдас» деген халықтық қағиданы ұстанады» деп жазады Айып Нүсіпқасұлы. Бұл сөздердегі «Жаныңдай жақсы көр» деп балаға толық еркіндік беруді білдірсе, «Құлындай жұмса, бас алдырмай үйрет» деп балаға толық ие болуды айтады, ал «Бидей ақылдас» дегеніміз оған ешқандай қысым көрсетпей, құрметпен білгеніңді үйрет деген сөз.

Енді осы кезеңдерді кеңірек таратып көрелік.

Біріншісі – бала туғаннан бастап бес жасқа дейін. Ол – патша. Баланың іс-әрекетіне шек қоюға болмайды. Ол толық ерікті. Ешқандай шектеу жоқ. Бұл кезеңде жан табиғи инстинкт бойынша қоршаған ортамен сезімдері арқылы байланысып, өмірді танып-біледі. Сезімдер табиғатынан берілген, бірақ ақыл-ес әлі жетілмеген. Бүкіл хайуанат әлемі осы деңгейде. Хайуанаттарда да жан бар және жан оларды толық басқарады, сондықтан олар қателік жасамайды. Инстинкт дегеніміз осы болса керек. Тіпті олардың естіп-көру қабылеттері адамнан да жоғары. Мысалы, ит-мысық тәрізділердің көру, иіс білу, есту, тәмді білу қабылеттері адамнан көп артық. Бірақ олар осы деңгейден әрі көтеріле алмайды, ақылдары жетілмеген. Адамның олардан артықшылығы – жетілу мүмкіндігінде. Себебін Абай «Әзелде Құдай тағала хайуанның жанынан адамның жанын ірі жаратқан» деп көрсетеді.

Сонымен, жан бес жасқа дейін қоршаған ортаны өзінің сезімдері арқылы танып, біледі. «Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып» деп Абай баланың осы мінезін суреттейді. Ол бұл жасында әлі ақылы жетілмеген, жақсы мен жаманды айыра білмейді, сондықтан көрген нәрсесін өзіне тартып көріп, қиратады, шашады. Бұл үлкендерге ұнамаса, ал оған қызық. Оған өмірдің ішкі сыры емес, оның сезімдерімен қабылданатын сыртқы көрінісі керек. Олардың қуануы да, ашулануы да оңай, тез өзгереді. Жылаған бала ойыншықтарды көрсе, барлық көңілін соған аударып, жылағанын да ұмытып кетеді.

Құштарлығы арқасында жан осы қысқа мерзімде қоршаған ортаның сыртқы құбылыстарын интинкт арқылы тез танып, көптеген өмір құбылыстарымен танысып, қабылдайды. Сондықтан баланың бұл құштарлығына бөгет болмай, ерік беру керек. Тек қана бір нәрсеге ұрынып, өзіне зиян келтірмес үшін әрекетін қадағалап отырса болды.

Өкінішке орай, көптеген ата-ана бала тәрбиесіндегі бұл кезеңнің маңызын түсінбейді. Баланы үйретемін деп оның іс-әрекетіне шек қояды. «Оны істеуге болмайды», «мұны істеуге болмайды» деп баланың талпынысын, білімге деген құмарлығын басады. Бұлай тәрбиеленген баланың білуге деген құмарлығы жас кезінен жоғалып, ынтасы шектеледі.

Екінші кезең – бес жастан он бес жасқа дейін. Бала – солдат. Бұл кезеңде баланың ақылы қалыптаса бастайды. Өмірді тану үшін жан енді сезімдерді ғана емес, ақылды да пайдаланады. Абайдың «онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп,... көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді» деп баланың осы кезеңін көрсетеді.

Бала жаны сезімдерімен өмір көріністерін қабылдап, ақылымен бұл ақпараттың ішкі сырына үңіледі. Яғни «бұл немене?» деп оның мағынасын, ақылына салып, мән-мәнісін білуге ұмтылады. Соған байланысты, ақылымен керектісін, не болмаса керексізін анықтайды. Осылай бала табиғат көріністерінің сыртқы бейнесін ғана емес, оның ішкі сырын, қалай пайдалануға болатынын да біліп, білімі толыға түседі.

Не себептен бала бұл жасында «солдат» болуы керек?

Оның себебі ақыл мен сезімнің күресінде жатыр. Сезімді ақыл жеңуі керек. Бала өскен сайын оның тән құмары, яғни сезімі де өседі. Жанның рухы бүкіл денеге тарайды, сондықтан адам болмысының барлық мүшелерінде сезім бар. Абай отыз сегізінші сөзінде дене сезімін – сыртқы, ал ақыл-есті – ішкі сезімдер деп атайды. Жан қай сезіммен ләззаттанса, өзін сол мүшемен балайды. Осылай жалған эго пайда болып, өзінің жан екенін ұмытады. Жан өзінің тәні арқылы ләззаттанса, тән қуат алып, тән құмары жан құмарын билеп кетеді. Осындай жағдайды «Жан бізді жас күнімізде билеп жүр екен. Ержеткен соң, күш енген соң, оған билетпедік. Жанды тәнге бас ұрғыздық» деп түсіндіреді Абай.

Сондықтан, осы кезеңде тән құмары қуат алып кетпеу үшін сезімді ауыздықтай білу керек. Ақыл сезімді басқаруы керек. Жас бала өмірді ақылымен танып-түсініп, оның қызығын көргісі келеді. Ол осылай сезімдерінің ықпалына түсіп қалады. Сондықтан, сезімдерге шек қойып, олардың шексіз ләззаттануларына жол бермеу үшін ақылды тәрбиелеу керек. Ал ақыл тәрбие алмай, әрненің өлшеуін білмеген жағдайда, бала сезімдерге ие бола алмайды. Осылай оның нәпсісі өсіп, сезімдері жүгенсіз кетеді. Ол «аспандағы айды әпер» деуі де мүмкін. Осылай Абайша айтқанда «Өлшеуінен асырса, боғы шығады». Тәрбиенің бұл кезеңінде бала ақылымен өзінің сезімдерін басқаруға үйренуі керек, яғни әскердегі солдат тәрізді ата-анасының айтқанын мүлтіксіз орындауы тиісті. Осылай ақыл сезімдерді тежеп үйренеді. Бала сабырлы және ақылды адам болып осылай тәрбиеленеді.

Жетексіз өскен нәпсіні кейіннен тежеу мүмкін емес. Ақылын тек қана нәпсі үшін пайдаланып өскен бала келешекте өзіне де қоршаған ортаға да көп қасірет әкеледі.

Қазіргі заманда мектеп балалары әдемі киім-кешек киюге, ұялы телефон, смартфон тәрізді қымбат нәрселерге әуес болып, осылай құрдастарының алдында өздерінің беделін көтеруге ұмтылады. Олар өздерінің жалған эгосын өсіріп, келешекте мақтаншақ, басқаның қамын ойламайтын мейірімсіз, өркөкірек адам болып шығады. Қазіргі заманда қоғамды парақорлық, жемқорлықтың шырмауы, әркімнің жанын қинамау үшін жеңілдің асты, ауырдың үстімен жүруге ұмтылатыны осының көрінісі. Оларға рухани жаңғыру жолы жабық.

Баланы өзінің сезімдерін ақылымен тежеуге үйретудің осындай маңызы бар. Бұрын қазақ өз баласын «Еті – сенікі, сүйегі – менікі» деп моллаға берген. Молланың қатаң тәрбиесінде бала рухани білім алып қана қоймай, өзінің ақылын қалай жетілдіріп, дұрыс пайдалануға үйренеді. Осылай ол сезімдерін ақылға жеңдіріп, келешекте қиындық көрмейді.

Үшінші кезең – 15 жастан бастап өмірінің соңына дейін. Бұл кезеңде бала – дос. Оның ақылы толған, өзінің сезімдерін тежей біледі. Енді оның есі қалыптаса бастайды. Жан енді өзінің ақылымен өмір көрінісінің қандай, не үшін екенін ғана біліп қоймайды, оның өткені мен болашағын түсінеді. Әрбір құбылыстың қалай пайда болатынына және оның қандай салдары барына тереңірек үңіледі. Бұл «ол неге үйтеді?», «бұл неге бүйтеді?» деген сұрақтарға жауап іздеу кезеңі. Әрненің себебі мен оның салдарын білу – естің міндеті. Осылай ес қалыптаса бастайды.

Кім болса да ақыл-сезімі арқылы алған білімін пайдаланып есін толықтырады. Енді ол сезімдері арқылы алған ақпаратты ақылымен қорытып, білімді есі арқылы қабылдайды. Осылай ол өмірдің терең сырына үңіледі. Есі арқылы әрбір құбылыстың себебін түсініп, ол болмыстың түпкі сырына жетуі мүмкін. Болмыстың түпкі сыры – рух, яғни Жаратушы. Бүкіл әлемнің түп иесі – Бір Жаратушы және адам Оның бір бөлігі екенін түсініп-сезінгенде жалған эго нағыз эгоға айналады. Ол өзінің рухани болмысын сезінеді. Осылай өзін-өзі таныған адамға білім толық ашылып, енді танитын ештеңе қалмайды.

Өмір көріністерінің қалай пайда болатынын және алдағы уақытта қандай салдары болатынын түсінген адам әлемде не бар болса барлығының өзіндік себебі барына көз жеткізеді. Болмыстың әрбір мүшесі өзінің орнында белгілі бір тәртіппен орналасқан. Әлемде артық, не кем нәрсе жоқ, барлығының үйлесімді орны бар. Жан осылай өзінің де сол әлемнің бір мүшесі екеніне көзі жетеді. Абайдың айтқан «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар, қалан!» қағидасына сәйкес, өмірдегі өз орнын тауып, болмыспен бірігуге мүмкіндік туады. Қазақ халқының көшпенді тіршілігі осындай үйлесімді өмір салтын тудырды. Өмірдің өзі сабақ болды. Сондықтан бұрынғы қазаққа есті болу үшін арнайы тәрбиенің қажеті жоқ еді.

Рухани жетілу барысында адам өз-өзін тану шыңына көтеріледі.

Қазақтың «Он бесте – отау иесі» деген сөзі тегін айтылмаған. Іс жүзінде дүниені танудың негізгі кезеңі – отау құру. Осы кезеңнен бастап ес қалыптаса бастайды. Отау болу үшін өмірдің алды-артын болжауға үйрену керек. Сезімдері өсіп, ақылды дұрыс пайдалануға үйренген адамға енді есті қалыптастыру үшін шек қойылмайды. Ол еркін адам. Осы кезеңнен бастап өмірінің соңына дейін ол – дос. Достық қатынас тең адамдардың арасында орнайды. Сенім пайда болады. Өзара тең, сыйластық қарым-қатынас арқылы ғана жанға дұрыс бағыт беріп, дұрыс өмір жолын көрсетуге болады.

Осылай, Абай мұрасынан тәрбие негіздерін де көре алады екенбіз.

Досым Омаров,

Абайтанушы, теолог-ғалым

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5572