Сенбі, 23 Қараша 2024
Сұхбат 5368 14 пікір 28 Желтоқсан, 2023 сағат 13:09

Қазақ еліне қоныс аударуымызға Хасекең себепкер болды...

Өткен ғасырдың 40-жылдарының ішінде Қытай шекарасын бұзып өтіп, Үндістан, ары қарай Түркияға барған Қалибек Хәкім, оның ұлы Хасан Оралтай деген тұлғаларды біраз жұртшылық таниды деп ойлаймын. Сол Қалибек Хәкімнің інісі Ілияс Райымбекұлының ұлы кәсіпкер Әбілбашар Ілиясұлымен сұхбаттасқан едік.

Әбілбашар аға, қазақ еліне келгеніңізге қанша жыл болды? Біздің бала күнімізде Әбілхайыр Төлеуханұлы аға екеулеріңіздің Қазақстанға оқуға кетті деген сөз Ерентаудағы ел-жұртқа таралып, аңыз болып айтылғаны әлі есімде. "Қасекең (Хасан Оралтай) өзі шақырып алып кетіпті" десті. Әңгімені осыдан бастасаңыз.

– Рақмет, Жеңіс бауырым, биыл біздің қазақ еліне келгенімізге де 30 жылға жуықтапты. 1992 жылы қараша айының ортасы Еренқабырға бөктері Қызыл өзен өңіріне Хасан Оралтай ағамыз Шынжаңның сол кездегі басшысының шақырумен сапарлай барған еді, Хасан аға сол барысында өзінің Алматыда бір халықаралық жиналысқа қатысқанын айта келіп: “Қазақ елі дербес мемлекет болды, міне, кеудемде көк туым, мен қазақ елінің астанасы Алматыдан келе жатырмын” деп жиналған туыстарға айтқаны әлі есімде. Хасан аға сол сапарында туыстарға Қазақстанға көшетіндерін ескерте келіп, ал мына “екі жігітті Қазақстанға апарып оқытам сонда қоныстанып туыстарды тартасыңдар” деген ойын айтты. Сонымен араға үш жыл салып біз Әбілхайыр екеуіміз 1995 жылы шілде айында Қазақстанның сол кездегі астанасы Алматыға келген едік.

– Қазақстанға келіп қандай оқу орнына түстіңіздер?

– Біз Алматыға 1995 жылы шілде айында келгенімізге байланысты оқу маусымы басталғанша күте тұруымыз керек болды. Ол кезде Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының жақсы жұмыс істеп тұрған шағы, шет елден келген қазақтардың қолына берілетін "қазақ" куәлігі Қазақстан азаматы куәлігімен тең құқылы еді. Ол кезде Дүниежүзі қазақ қауымдастығының ықпалы зор болды, шетел қазақтарының оқуға келген жастарына грант пен оқуға түсуіне көмек беріп отырды. Бізді сол кездегі қауымдастықтың басшысы Қалдарбек Найманбаев қабылдап, қай оқу орнына түскіміз келсе, соған жолдама беретінін айтты. Біз Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін таңдадық.

– Біздің Еренғабырғадағы ел баяғыдағы көшкен елден қалған ел ғой. Мен ес білгенде, көп болмаса да Қалибек Хәкімнің көші жайлы үлкендердің әңгімесінен естіп қалатынмын. Қалибек Хәкіммен сіздің әкеңіз Ілияс Райымбекұлы ағайынды кісілер. Хасан Оралтайдың "Елім-айлап өткен өмір" кітабын оқығандар болса біледі, ағайынды екі кісінің барыс- келісін, сол кездегі ел жайын, өткен ғасырға тән саяси уақиғаларды тәпіштеп, қалдырмай қадағалап жазған. Сіздер мен біздер құдандалы елміз, сондықтан да сонау бір жылдардағы хикаяттардан хабардар болатынымыз заңды. 1988 жылы Хасан Оралтай "Тәңіртау" фермасына келгенде алғаш көрген едім, жиені Бақанай ағамыздың үйінде, топырлаған қалың адамнан ішке кіре алмасақ та, Қасекеңнің көш жайында айтқан әңгімесін шет жағалап естігенмін. Кейін "Елім-айлап өткен өмір" кітабынан ол кездегі сапар жайында оқып, қанықтық. Сол кезден-ақ Қасекең Қытайдағы туысқандарына, сіздерге бағыт-бағдар сілтесе керек.

– Иә, біздің туыстардың қазақ еліне ертерек қоныс аударуына Хасан ағамыздың тікелей ықпалы болды. Өзің де айтып отырғаныңдай менің әкем Ілияс Райымбекұлы Қалибек Райымбекұлының інісі болуына байланысты қытай коммунистері жағынан өте ауыр соққыға ұшырап, бар мүлкі кәмпескеленіп, ауыр азаптар көргені белгілі. 1966-1976 жылдар арасындағы он жылдық мәдени төңкерісінде менің әкем Ілияс Райымбекұлы "бандының" інісі халық жауы ретінде әр күні күреске алынып, ауыр соққы зардабының кесірінен 1971 жылы 61 жасында өмірден өтті. Ал қалған аға-әпке, туыс-туғандарымның көрмеген қорлығы қалмағынын күні бүгінге дейін еске алып отырады. Осы жағдайлар жөнінде Хасан Оралтайдың "Елім-айлап өткен өмір" естелігінде 1984-1988 жылдардағы "Туған өлкем Шығыс Түркістанға сапарларым" деген бөлімде тоқталып өткен.

– Төлеухан, Қанен әкелеріміздің 2000 жылдардағы Қытайдың бейбіт кезінде, мамыражай тірліктерін тастап, бәрінен баз кешіп, өз ұрпақтарын қазақ еліне қоныстандыруының дұрыс шешім болғанын қазір уақыт дәлелдеп отыр. Біздер бұл күнде жаңа ортаға, тың тіршілікке үйлесіп, өсіп-өніп, орнығып қалдық. Бұл - бірінші Алланың, екінші - Тәуелсіздіктің арқасы. Кезіндегі Алаш арыстарының арманы орындалып, ХХ ғасырдың басында тәуелсіз мемлекет болып кеткенімізде  Қалибек, Хамза көші Еуропаға бет алмай, қазақ еліне қарай бұрылар ма еді, қайтер еді?

– Өткен ғасырдың басы 30-40 жылдар қазақ үшін ауыр жылдар болды. Қазақ еліндегі қазақтарды қолдан жасалған ашаршылық пен сталиндік қуғын-сүргін бостырғанын тарихтан оқыдық. Ал Шығыс Түркістандағы қазақтар гоминдаң-гуңсандаң (коммунист) қытайдан көрмегенді көрді... Менің ағам Төлеуқан Ілиясұлы, сенің әкең яғни менің нағашым Қанен Сәбитұлы ағалармыз туып өскен Тяншань тауы, Еренқабырға бөктері ол кісілердің кіндік қаны тамған туған жері емес пе? Сол жерді ұрпақ болашағы үшін қиып тастап кетіп отыр ғой... Ол жерде тарихтың ізі жатыр, аталарымыздың есімімен аталатын "Сәбит сайы", "Қалибектың дөң жайлауы" аға буын емес, біздің де өзегімізді өртейді, ойымыздан еш кетпейді. Тәуелсіз қазақ еліне қоныс аудару үшін бір ұрпақ өзін құрбандыққа шалды деп айта аламын. Әрине өткен ғасыр басында Алаш көсемдерінің арманы орындалып, қазақ елі тәуелсіздік алғанда, азаттық аңсаған Қалибектың көші Гималай аспас еді ғой.

– Хасан Оралтайдың "Елім-айлап өткен өмір" кітабын оқысаңыз, еркіндігінен айырылып, бұғауда болғысы келмеген қазақ халқының бір бөлігінің Такламакан шөлін кесіп өтіп, Гималай асып, Үндістанға,  қанды қырғын соғыспен Түркияға барғаны, одан Қасекеңнің "Азаттық" радиосында істеген қайсар өмір жолы баяндалады. Қазақ баласы қайда жүрсем де, ұлтқа қызмет етпей қоймаймын деген үлгі сол кісілерде ме деймін?

– Хасан Оралтай ағамыздың “Елім-айлап өткен өмір” естелігінің алғашқы басылымы 1999 жылы Стамбулда басылды. Кітаптың кіріспесінде “Шығыс Түркістан қазақтарының 1930 жылдан бергі елдегі және шеттегі қазақтардың ұлт-азаттық күрестерінен көріністер, сондай-ақ Такламакан шөлінде, Гималай тауында және Түркия мен Германияда арпалыспен өткен жылдар” деп атап өткендей балалық шағынан азаттық, еркіндікке ұмтылған қазақ халқының аянышты тағдырын, нақты өз көзімен көргендерін еске ала отырып, “Туған елім Шығыс Түркістанның Еренқабырға тауы бөктеріндегі Манас-Сауан аудандарына қарасты Қызыл өзен мен Ұлужан жайлауы және Қорқыс пен Манас өзенінің екі жағындағы қалың ел ішінде, кезінде талай ауыр күндерде тағдырлас болғандарды, сол топ ішінен екшеле келе, Такламакан шөлінен бірге өтіп, Гималай тауынан бірге асып, Үндістан мен Ирак және Сирияны басып, Түркияға жеткендердің өлі-тірісін құрметпен еске аламын” дей келе, “Қалибек Хәкім Райымбекұлы әкесінің хатын алып 1950 жылы 17 жасында Оспан батырға барып кездесуін баяндайды. Сол кездесуде “Оспан батыр Исламұлы мен биыл 51 жастамын” дегеніне орай естелігінде “дүниеге келгеніне биыл 100 жыл толған марқұм Оспан батыр Исламұлының аруағы алдында құрметпен бас иемін” дейді. Бұл жерде Хасан Оралтайды тағдыр жасынан ұлт-азаттық күрескерлік жолға салғанын көруге болады. Азаттық радиосында 28 жыл қызмет етіп, 1995 жылы зейнеткерлікке шыққанша ұлт үшін қызмет етудің құндылығының үлгісін көрсетті. Хасан Оралтай ағамыз “Біз шет елдегі Мұстафа Шоқайдың ізбасарларымыз” деп отырушы еді. 2005 жылы Хасан Оралтай ағамыздың 28 жыл Азаттық радиосында істегенде жазған мақалалары, 1986 жылғы Желтоқсан шындықтары, орыс отарлау саясатын әшкере еткен радио хабарлары мен көптеген құнды деректерін қамтыған 450 том жеке мұрағатын академик Рымғали Нұрғали арқылы Астанадағы академиялық кітапханаға тапсырылды.

– Бәрімізге белгілі Қалибек Хәкім да, Хасан Оралтай да ұлтына, тіліне, дініне, иманына адал болды. (Алла бақиын жайлы етсін! )  Қасекең қазақ еліне неге көшіп келмеді  және кейінгі ұрпақтары жайлы бірер сөз.

– Дұрыс айтасың, Хасан Оралтай және Қалибек Хәкім әкелі-балалы екі тұлға ұлтына, дініне, діліне адал болды. Қазақтың ешкімге тәуелді болмай жеке ел болуын армандап сол жолда күреспен өткенін Хасан ағамыздың “Елім-айлап өткен өмір” естелігін оқыған көзі қарақты оқырман түсінері даусыз. Мәселен, Қалибек Хәкім атамыздың 1946 жылы Сауан ауданы әкімі болып тұрғанда Сауан ауданы Қызыл өзен өңірінде Шығыс Түркістан Республикасының бір жылдығын атап өтуін және ол тойға Тарбағатай аймақтық басшыларының және орыс консулінің келуі тарихи мәні зор! Сол жылы туған балаларға Түркістан атының қойылуын тарихтан ешкім өшіре алмасы анық. Хасан Оралтай ағамыздың екі ұл, үш қызы болды, екі қызы өмірден өтті, үлкен қызы Азаттық радиосында өзімен бірге жұмыс істеді, екі ұлы Германияда тұрады. Сонда туып өскен балалары өз қалауымен өмір сүріп жатыр. Ал Хасан ағамыздың елге көшіп келмеуінің себебін білгің келсе, 2007 жылы Қазақстан Ұлттық арнасының “Қолтаңба” бағдарламасындағы сұхбатын қарасаңыздар болады немесе “Хасан Оралтай 90 жыл” youtube платформасынан көруге болады.

– Қалибек Хәкімнің 100 жылдығын Қасекең өзі ұйымдастырып өткізгенінен хабардармыз. Биылғы өзіңіз бас болып туыс-туғандарымен ұйымдастырған Хасан Оралтай ағамыздың 90 жылдығы туралы айта кетсеңіз.

– 2008 жылы Қалибек Хәкім Райымбекұлының туғанына 100 жылдығын қазақ елінде атап өту – бір кездерде “Қалибек банды”, ұрпақтарын “Қалибектың қалдығы” деп аталып келген біздің әулет үшін тарихи жыл болды. Баста Қалибек атамыздың 100 жылдығын атап өтуді көтергенімізде Хасан ағамыз сене қоймады. Өйткені “1999 жылы Оспан батыр Исламұлының 100 жылдығын атап өту туралы ұсыныс жасаған Хасан ағамыз еді. Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының басшысына жазған ұсыныс хаты аяқсыз қалып, Оспан батырдың 100 жылдығы аталмай қалғанына қатты ренжіген еді. Қалибек Хәкімнің 100 жылдығы да солай тоқтатып тастар ма екен деген күдікпен болды. Бірақ қазаққа теңдік сұрап екі көршіміз орыс пен қытайға бас имеген Қалибек атамыздың 100 жылдығын Алматыда тойлауымыз біз үшін үлкен мұғжиза еді. Қалибек Хәкімнің туғанына 100 жылдық мерейтойын республика деңгейінде өтуіне және халықаралық ғылыми-теориялық конференцияны жоғары деңгейде өткізуге мұрындық болған сол кездегі Мәдениет және ақпарат министірі Мұхтар Құл-Мұхаммед болды. Мерейтойда Қалибек Хәкімнің көзін көрген, бұл күнде өмірден өтіп кеткен марқұм замандастары, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, лауазымды қызмет атқарған тұлғалардың конференцияда баяндама жасап, шетел қазақтарының мәртебесін өсірді. "Қалибек Хәкім туралы естеліктер" атты кітап басылып шықты.

Ал, биыл 2023 жылдың 4-мамырында Алматы қаласында Хасан Оралтай Қалибекұлының туғанына 90 жыл толуына орай Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында “Хасан Оралтай және ел тәуелсіздігі үшін қызмет етудің құндылығы” атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Конференцияны Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры З.Е.Қабылдинов өзі ашып, жүргізіп отырды. ҚР бұрынғы ақпарат министрі Дархан Қыдырәлінің құттықтау хаты оқылды және ғалымдар, тарихшылар, жазушылар, қоғам қайраткерлері баяндама жасалды. Хасан Оралтайдың 28 жыл Азаттық радиосында Тәуелсіздікке жету жолындағы еңбектері жоғары бағаланды. Азаттық радиосында Хасан ағамызбен бірге жұмыс істеген ардагер журналистер Хасан Оралтай туралы естеліктер айтты. Институт қызметкерлеріне Хасан Оралтай атындағы стипендия берілді. “Хасан Оралтай және ел тәуелсіздігі үшін қызмет етудің құндылығы” атты конференция материалдары және Астанадағы академиялық кітапханадағы Хасан Оралтайдың жеке қорынан дайындалған “Азаттық радиосынан сөйлеп тұрмыз” атты екі кітаптың тұсаукесері болды. Конференция соңында Хасан Оралтайдың рухына бағышталып құран оқытылып, ас берілді. Алматы қаласы, Өжет ықшам ауданынан Хасан Оралтайға берілген көшенің ашылу рәсімі болды. Астанадан мерейтойлық шара аясында келген Қ.Қуанышбаев атындағы театрдың Хасан Оралтай мен Халифа Алтайдың естелігі желісімен дайындалған “Алтайдан ауған ел” атты Гималай асқан көш туралы театр қойылымы залдағы көрерменге ерекше әсер етіп, зор ықыласқа бөленді. Осы тұста айтарым, Хасан Оралтай ағамыздың 90 жылдық мерейтойлық іс-шарасына атсалысып, көмектескен барша қауымға алғысым шексіз! Қазақ елінің тәуелсіздігі баянды болсын! Көк туымыз мәңгілік желбірей берсін!

– Әбілбашар аға, қазір немен айналысып жүрсіз? Болашаққа қандай жоспарыңыз бар?

– Жеңіс бауырым, жоғарыда айтып өткенімдей, менің атамекен Қазақ еліне келіп қоныстанғаныма да 30 жылға жуықтапты. Қазіргі жағдайымыз Аллаға шүкір жақсы. 1995-2000 жылдар аралығында Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті экономика факультетінің халықаралық қатынастар мамандығы бойынша білім алып шықтым. 2000 жылдан бері Алматы өңірінде жеке кәсіпкерлікпен айналысудамын. Болашаққа жоспар көп қой... Алла ғұмыр берсе, қазақ елінің экономикасының дамуына өз үлесімді қосуға жұмыс істеудемін. Кәсібіміздің бір саласы жылыжай шаруашылығын дамытып ауыл шаруашылық өнімдерін өндіріп көршілерге тәуелділіктен арылсақ деген ниетім бар!

Ойға алғаныңыз орындалсын, ісіңізге Алла береке берсін! Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Жеңіс Қанен

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5409