Жексенбі, 24 Қараша 2024
Эксклюзивті сұхбат: 2481 7 пікір 2 Ақпан, 2024 сағат 14:09

Украинадағы қазақ: Екі жылда соғысқа етіміз үйренді...

Материалда қолданылған суреттер мақала авторының ұсынуымен, поштаға келген. Авторлық құқық мақала авторына тиесілі!

«Қазақстаннан украина халқын қолдауға
келген азаматтар да бар»: Украинадағы ерікті
 жерлесіміз елдегі соңғы жаңалықтар туралы айтып берді.

Украинада соғыс басталғалы бері қазақ диаспорасы еріктілер ретінде гуманитарлық жұмыстарымен айналысып келеді. Әсіресе, олар қақтығыс аймақтарынан зардап шеккен аймақтарды аралап, тұрғындарды қажетті заттармен қамтамасыз етуде. Киев қаласында тұратын сондай отандастарымыздың бірі – Марат Дәрменов екі жылға жуықтаған соғысқа үйреніп қалғанын айтады. Кейіпкеріміз тілшімізге елдегі соңғы жаңалықтар мен өздерінің жұмыстары жайлы айтып берді.

Марат Дәрменов – Қызылорда қаласының тумасы. Украина елінде соғыс басталғалы бері қазақ диаспорасының басын қосып, ерікті түрде зардап шеккен халыққа көмектесіп жүр. Екі ұл мен бір қыздың әкесінің үлкен ұлы Ресейге қарсы соғысуда.

Отандасымыздың екі жылға жуықтаған басқыншылық соғысқа еттері де үйреніп кеткен.

«Бастапқы кезде қатты қорқып, байбалам салып жүрдік қой. Міне, қазір екі жылға жуықтаған соғысқа адамның еті де үйренеді екен.  Осы қаңтардың бірінен екісіне қараған түні қатты жарылыстар болды. Терезеден бастан-аяқ бақыладық. Қараңғы түнді жап жарық қылды ғой. Қатты жарылыстан ұйқысы қатты, тоғыз жастағы қызым да оянып кетті. Бұрын алыстан естісек, бұл жолы үйдің қасынан естідік. Біздің әуе қорғаныш күштері жақсы жұмыс істеп тұр. Бірақ та көп зымырандармен атқылаған соң, кейбіреулері нысаналарға дәл тиеді.

Зардап шеккендерге билік барынша көмек қолын созуда. Барар жері болмағандарға үкімет уақытша паналайтын орын тауып беруде. Харьков және басқа да аймақтардан үйсіз қалған адамдар өте көп. Оларды шипажайларға орналастырып жатыр. Өйткені, соғыс болып жатса демалауға ешкім де бармайды ғой. Көнбегендері туыстарын паналауда. Жалпы әркімде жағдай әртүрлі ғой», - дейді сұхбат беруші.

Марат мырзаның айтуынша, үлкендерді құтқарамыз деп, жастар соғыстың құрбан болады екен.

«Билік эвакуация жұмыстарын жүргізеді. Ұрыс болып жатқан жерлерге де автобустарды жібереді. Бірақ, қарт кісілердің автобусқа мінбей қалып қоятын кездері бар. Олар «туған өлкем» дегендей, қырсығып бірдең жүре қоймайды. Жастар қайта-қайта көндіреміз деп жүргенде, соғыс басталып та кетеді. Осылайша, бораған оқтың астында қалғандары қаншама», - дейді ол.

Кейіпкеріміз қазіргі кезде Ресейдің бір жері атқыланса, жаппай халықтың қуанатынын жасырмайды.

«Бұрын қазақтар көп едік, қазіргі кезде азайдық. Көбісі елге қайтты. Бірнеше отбасы бір-бірімізбен араласып, ерікті болып жүрміз. Бұдан бұрын бір ай Донбасқа қарасты Краматорск қаласында болдым. Донбастың жартысы Ресейде, жартысы Украинада қалды. Краматорск қаласына шағын автобусқа дәрі-дәрмек және т.б. заттарды толтырып апардық. Сондағысы бәрі де өзіміздің қазақтар.  Бара алмайтындар жанармайымыз деп ақшасын да берді. Екі-үш күн қонуға тура келсе, арзандау қонақүйлер іздейміз. Бәріне де жерлестеріміз көмектесіп жатыр», - дейді үш баланың әкесі.

Сөзінше, Астанадағы шетелдегі қазақтардың құрылтайына да қатыспақшы болған.

«Елде соңғы рет 2020 жылдың наурыз айында болдым. Былтыр Астанада шетелдегі қазақтардың құрылтайы өтті. Мені де шақырған еді. Өкінішке орай, шекарадан шыға алмадық. Осында тұратын қазақ жігіті билетіме дейін алып қойған. Әуе жолдарымен емес, пойыз жол арқылы бармақшы болдық. Бізде 18 бен 60 жас аралығындағы ер азаматтарды жібермейді екен. Мен Украина азаматы болған соң, сырт елге кетуге рұқсат жоқ. Осындағы қыздарымыз атамекенге барып, құрылтайға қатысып келді.

Осылай етті деп ешкімге өкпелемейміз. Ерікті ретінде жұмыстарымыз тоқтаған жоқ. Екі апта бұрын  Херсон облысына барып келдік. Кішкентай балаларға жаңа жылдық сыйлықтар апарғанбыз. Әуеден атқылауларының салдарынан, екі аптадай көлігімде заттары тұрып қалды. Херсонның өзіне 10-нан аса барыппын. Жазда бүлінген үйлерге құрылысқа қажетті заттарды жеткізгенбіз. Ол жақта адамдар жертөлелерде тығылумен жүр», - дейді ерікті.

Жерлесіміз түрлі жерлерді аралап жүріп, жолда қызықты жағдайларға да тап болған.

«Мына бүркітті жолда көлік қағып кетіпті. Осыны қолыма көтеріп түскенім ғой.  Шамалыдан кейін өзі ұшып кетті. Әйтпесе, емдетемін деп ойлағанмын. Енді бүркітті қолға үйретіп, тазыны аңға салған халықпыз. Қуана-қуана ұшырып жібердім», - деп әсерімен бөлісті.

Қазіргі кезде киіз үйлерден тек Киевте қаласындағысы ғана тұрақты түрде жұмыс екен.

«Киевтегіден басқалары демалыс күндері ғана қабылдайды. Өткен жылдардағыдай емес, электр жарықтары жанып тұр. Әуеден шабуыл болса, қайта-қайта өшіп қала беретін. Зымырандар трансформацияларды бүлдіретін. Шынын айтқанда әбден ығырымыз шыққан. Қазір олар ататын болса, біздікілер де қарап жатпайды ғой. Кейде ғана бір-екі сағатқа өшіп қалады. Биыл енді күнде қатты суық емес.

Бір киіз үйді Киевке әкелдік. Черкассы облысына қақтығыс аймақтарынан ауып келген адамдар көп. Соларға көмек ретінде киіз үйді тігеміз. Бұл қазақ диаспорасынан гуманитарлық көмек. Киіз үйдің ашылуына палау бассақ дейміз. Күнделікті шәйі мен тамағы да берілетін болады», - дейді ол.

Марат Дәрменов әлеуметтік желілерде белсенді болмаса да Украинадағы қазақ диаспорасының арқасында танымалдылыққа ие.

«Еріктілер болып жүргенімізге биліктен ешқандай жеке көмек жоқ. Жергілікті адамдар өздері заттарын әкеп береді. Қазір Житомир облысынан келген бетім. Осының өзінде көршім ерікті түрде үлес қоссам дейді. Олардың заттарын гаражға жинап, халыққа үлестіреміз. Жергілікті билік Алғыс хатын берді», - дейді отандасымыз.

Әкесі ерікті болып жүрсе, ұлы украина жауынгерлерінің қатарында жауларымен соғысып жүр. Бүгінде демалысқа шығып, жарылыстың зардабынан көзін емдетуде екен. Осы демалыстарда қайтадан майданға оралмақшы.

«Ұлымның шағын автобустарының маторын жөндетіп бердім. Достарым да ақшаларын қосты. Ұл жарақат алған сарбаздарды шығару үшін керек дейді. Ұрысқа шығар кезде зымыран салып, қайтарда жаралы сарбаздарды тасиды ғой»,- дейді батыр ұлын уайымдаған әке.

Қадырбек Әулиеата

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5572