Бейсенбі, 25 Шілде 2024
Әдебиет 2116 0 пікір 12 Ақпан, 2024 сағат 13:56

Көдектің Тоғызтарауға сапары

Сурет автордың ұсынылуымен жарияланды

Басы: Көдек ақын Қытайда

Жалғасы: 

1980 мамыр айында Шыңжаң әдебиет-көркемөрершілер бірлестігі жағынан Көдек Байшығанұлы Маралбайдың ел арасында айтылып жүрген өлең-жырларын жинау үшін арнайы сапармен Іленің Моңғұлкүре ауданына, оның Ақдала ауылына бардым. Өйткені бұл ауылдың әкімшілігінде баласы Айтуған бар еді. Ол әкесінің бірсыпыра өлеңдерін жатқа білетін. Онан басқа жылқышы Қашқынбай, қойшы Қайыңбай деген кісілер де біледі деп естігем. Сеніп барғаным көбінше осы кісілер болатын. Барған соң ауылдың әкімі Атықан: Теріскейде (қазіргі Ұзынбұлақ ауылы) Әділбай дейтін молданың да көп білетінін айтты. Әрі осы кісілерді шақыртып әңгімелесу орайын жаратып берді. Әңгімелесу барысында Көдек ақынның Моңғұлкүре өңіріне келген соң ел ішіне жасаған екі сапары ерекше екенін байқадым. Оның бірі – Әкімқұлды ертіп «Тұрғын елді аралауы»,   енді бірі – «Тоғызтарау, Күнесті аралауы» екен. Әкімқұл ерте қайтыс болғандықтан мүмкіндік болмады. Екінші сапарын бірге басқан Әділбай молдамен осы орайда әңгімелескен едім. Енді сол кісімен болған әңгімені айта кетейін:

– Ел жайлауға шығып болған кез еді. Жаңылмасам 1932 жылы болатын. Бір күні ойда жоқ жерден біреу маған сені Көкең шақырып жатыр деген соң бардым. Үйлерінде бірсыпыра кісілер бар екен. Маған:

– Келдің бе? – деді.

– Келдім, Көке, – дедім. Аздан соң кісілер тарасты. Көкең маған:

– Жағдайың келе ме, мені Тоғызтараудағы Дарубай, Әнәпия, Нұрсапалар тағы да шақырып, келген біреуден хат жіберіпті. Жағдайың келсе бірге барып қайтайық, – деді.

– Мен тұтқиылдан айтылған бұл сөзге не дерімді білмей тосылып қалып едім:

– Жағдайың келмесе, онда басқа біреу барар, – деді солғындау.

– Барсам барайын, Көке, – дедім мен ол кісі ренжіп қалды ма екен деген оймен, – бірақ дереу жүре қоуға...

– Ой, бүгін жүре қоятындай неменеге абыржыдың, келер сәрсенбіге дейін дайын болсаң болды, – деді Көкең риза болып.

– Түске таяу Көкең біздікіне келді. Мен де дайын тұрған едім, жүріп кеттік. Көкеңнің астында сол Кеңес одағында жүргенде баптап мініп жүрген, бөрі маңысы бар күрең төбел, жүрген сайын шұлғый басып жайтаң қағады. Менің астымда тор жорға, бұда Кеңес одағынан келген. Енесі Солтанқол қажының жылқысының тұқымы.

Бұл жылы Көкеңнің көңілі көтіріңкі еді. Оның себебі, бірі – Кеңес одағында қалған жақын туыстары – Игенбай ауылы. Жансеркенің Бердіқұлы, Шойқы молданың Сауқымбек қатарлы балалары, тағы басқа айттың ауылдары түгелге жуық келіп Көкеңнің көңілі орнына түскен еді. Енді бірі – жаңа келгендегідей емес, тұрмыстары да оңала бастаған. Есігіне екі-үш бұзау байланып, сойыс ұсақ мал жинап, алдағы жылдары қонаққа лақ соя алмайтын күйсіз халден құтылып еді.

***

Біз Аттың тауынан еңкейіп Қобы өзеніне түскен соң, бөктер жолмен жүрсек ит шайнағандай қалың қырқаға ұрынып атты қинап аламыз, сәл айланыс болсада жаттық жолмен жүрейік деп Қобыны құлдай тарттық. Күн барда Қобының шыға беріс аузындағы селдір-селдір мәліден келіп шықтық. Аудан орталығы осы жерде екен. Бұрын Тоғызтарау ауданына қарап жарым аудан болып тұрған бұл аудан осы жылы ресіми аудан болыпты. Ол кезде қазіргі Моңғылкүре Текеске қарайтын жарым аудан екен. Текес ауданы көпке дейін «Қызылкүре ауданы» болып аталыпты. Себебі Қобының топырағы қызыл болады. Осы топырақтан салынған моңғылдың Күресі бар екен. Аудан құрылғанда осы Күрені (бұтхананы) белгі етіп солай атаған сияқты. Кейін Моңғылкүре ауданы да моңғыл бұтханасына байланысты аталыпты.

Қобда биік пешейуаны (шәпкінің маңдайы секілді жабылған үйді осылай атайды) бір қораға келіп түстік, бұл Көкеңнің барып-келіп жүретін үйі – Қоңырбөрік Тұрысбек деген кісінің үйі екен. Өзі мырза, ретті, таза, ат тұрман, үй тұрмысы да жаңаша болғандықтан және жомарт кісі болғандықтан ол бұл кісіні пасон Тұрысбек деседі екен.

Біз қораның ашық қақпасынан кіргенде бір жігіт келіп атымызды ұстады, Көкең ол жігіттен:

– Түкең бар ма? – деп еді.

– Бар, үйде кісілермен отыр, – деді жігіт.

Біз үйдің есігіне қарай беттегенде, терезеден қарап отырған сияқты, сұңғақ бойлы, ет-женділеу келген, қара қияқ мұртты кісі алдымыздан қарсы шықты.

– О, Көкең екен ғой, ассалаумағаликұм, – деп келіп Көкеңмен құшақтасып көрісті. Менімен жай қол алысты.

Үйге байырғы қазақ әдетінше сәлем беріп кірдік, төрде аппақ жейдесінің омырауын ашып тастап, үлкен денелі сары кісі отыр екен. Келіп ол кісімен қол алысып көрісіп отырдық, аман-сәлемнен соң үй иесі қауқалақ қағып қуанып қалды. Бірдеме есіне түскендей:

– Ібеке-ау, сіздерді таныстырмаппын ғой, мына келіп жаныңызда отырған кісі Көдек, кәдімгі ақын Көдек... – дегенде әлгі кісі әлде не қалт есіне түскендей, Көкеңе денесімен бұрыла жалт қарап:

– Көдек?! – деді Көкеме тесіле қарап, – баяғы Албанның Көдегімісің?!

– Солай, – деді Көкең ол кісіге тесіле қарап.

–  Ойбай-ау, сіздер... – деп сөзінің соңын айтқанша пасон Тұрысбек ағамыз:

– Бұл кісі Ыбырайым, Ыбырайым Жайнақов, – деді қысқа ғана.

Көкең де бағанадан шырамытып, бірақ қайдан, қашан көргенін есіне түсіре алмай отыр екен. «Ыбырайым Жайнақов» деген соң:

– Ой, жарықтығым, сізді көретін күн бар екен-ау! – деп Ыбекеңді құшақтап алды. Ол кісі де зор денесін бұрып келіп Көкеңді құшақтап жатыр. Арадағы әңгіме қашан, қайда келіп орналасқандарын сұрасып отырып шай ішілді. Артынан тамақ дайындалған екен, бірге отырып тамақ жеп, сыртқа шықтық, жатар кезге келгенде Түкең:

– Қонақтарым, сіздердің жайларыңыз болғанымен енді аттарыңыздың жайы бар, мына Көкеңнің жолдас баласымен біздің мына бала екеуі енді қырға шығып ат бағатын болады, – деді күліп. Ыбекең:

– Ойбай-ау, Түкеңе ат бақтыратын болдық қой, болсын, болсын! – деді қарқылдап күліп.

Атты Қобының үстіңгі жағындағы қыраттан азырақ апарып екі-екіден қосбауладық та өзіміз ұйқыға кеттік. Ертесі біз келгенде кісілер шай ішіп отыр екен. Сонан соң көп аялдамай құшақтасып аттандық, жүрерде:

–  Әй, Көдек, ұмытып қалма, сені күтеміз, – деді Ыбекең.

– Құдай бұйырсын, – деді Көкең де.

Былай шыққан соң Көкеңнен:

–  Пасон Тұрысбекті бұрыннан білемін, ал ана кім болды? – дедім. Көкең:

– Ол – үлкен кісі. 1916 жылғы үркінде мұнда қашып келіп, бір жылға жетпей «Кеңес үкіметі құрылыпты. Елді жетістіріп жатыр екен» деген соң сүйретіліп қайта барған жоқпыз ба, барсақ, қайда ол? Бұрынғы тігулі қалған үй, асулы қалған қазан, қораңда қалған малдан ештеңе жоқ. Адамы жоқ үйді, мал-жанды орыстар өткізіп алыпты да, керекке жарайтын мүліктерді бөлісіп алып үй-пүйіңе қарамай бір-ақ өртеп жіберіпті. Малды қазынаға өткіздік деп оны да жоқ қылыпты. Барарын барып алып тақыр жерге отырдық. Аш-жалаңашпыз. Енді қайту керек? Өстіп дағдарып отырғанда: «Ойбай, Алматыда комиция құрылыпты. Босқын елге көмек беріп жатыпты» деп естіп Албаннан бірнешеуіміз Алматыға бардық. Осы Ыбекең деген кісі сол көмек жасайтын Жетісу облыстық қазақ комитеті деген орынның жауаптысы екен. Өзі бас болып шеттен қайтып барғандарға елден, үкімет орнынан жылу жинап, аш-жалаңашқа көп көмек жасап еді. Сонда жанында жүріп танысқам, – деді.

***

Көкеңнің Әділбай молдаға берген осы жауабынан баяғыда Шынжаң институтында оқып жүргенде оқыған бір кітап есіме түсті. Кітап Қазақстанда славиян әрпімен басылған, «Дүрбелең» деген роман еді. Авторы – орыс жазушысы еді, сол кітапқа: Кеңес үкіметі жаңа құрылып, бір жағынан, ақтардың, тағы бір жағынан елдегі аштықтың салдарынан көп оқиғалар болған екен. Сол кезде осы жұмыстың басы-қасында болған қоғам қайраткерлері Ыбырайым Жайнақов дейтін кісі жүргені айтылатын.

Әділбай молдамен менің бұл сөйлескенім 1980 жылдың көктемі еді. Содан бері Көкеңе пасон Тұрысбек үйінде кездескен осы Ыбырайым Жайнақов емес пе екен деген ой әркез есімнен кетпеуші еді. 2004 жылы қыс айында Қазақстанға туысшылай барып Қазақстанның белгілі жазушысы Нұрқасым Қазыбекұлының үйінде қонақта болдым. Осы жолы Нұкең маған «Тасада қалған тарландар» («Білім» баспасы. Алматы. 2003 ж.) деп аталатын кітапшасын тарту етті. Осы кітапшаны оқып отырып Ыбырайым Жайнақовпен кездестім. Онда былай деп жазылыпты:

«Ыбырайым Жайнақов 1884 жылы Алматы облысының Боралдай ауылында туылыпты. Ер жеткен кезде генерал губеннатор Фелбаумның (неміс) жүргізушісі болды. 1917 жылы (бұл дұрыс емес сияқты – Т.Қ.) осы күнгі Райымбек – Сейфуллин даңғылдарының қиылысындағы түрмеге жабылды. Сол жылы оны атуға үкім шығарылады. Бірақ бір орыс досының көмегімен қашып шығып, Шәуешекке өтіп кетеді. Онда екі жыл тұрып, Құлжадағы бажасы Патих Аллаяровқа барады. Сөйтіп соның саудасын жүргізеді... Сәл әлденген соң Текес ауданының Көктерек деген жеріне келіп тиірмен жүргізеді. Кеңес үкіметінен қашып өткен қазақтарды жұмысқа орналастырады. Шешекке қарсы вакцина егу жұмыстарын жүргізеді... Ыбырайым Жайнақовтың үйінде Нарынқолдан қашып өткен кәдімгі ақын Көдек Байшығанұлы Маралбаевта болыпты».

Нұрқасымға Омардың айтуынша, Ыбекең 1938 жылы ақпанның 28 күні Гоминдаң түрмесіне алынып, 1941 жылы Үрімжі түрмесінен Семейге алып кеткен. Бұл әңгімеге қарағанда, Көдек ақынның Текестегі Албан, Қызайдың Нақысбек, Мазақ, Тынбай сықылды атақты кісілермен ғана емес, сонымен бірге өз кезінде елінің ардагер азаматы болған Ыбырайым Жайнақов, Түрік Әскербек, Шарғын Алғазыұлдарымен де үйір-айқас болғанын көрсетеді. Көне көздер сол кезде көп елдің жанына арашашы болған деп біз айтып отырған Ыбырайымды, Әскербекті, айт-қыпшақ Сауқымбек Шойқыұлын көп атайды.

Сауқымбек ақсақалдың айтуынша, әкесі Шойқы үлкен молда болыпты. Оған қоса дәрігерлікпен шұғылданады екен. Жас жігіт Шойқы кезінде Тәшкент, Әулиеата жағындағы туыстарына жолаушылап бара жатып бір үйге түседі. Түскен бұл үйдің жалғыз қызы болып, ол талай жылдан бері ауру екен. Шойқы қыздың тамырын ұстайды да ауруын табады, сонан соң қыздың әкесіне керекті дәрі-дәрмек алғызып, дәрісін жасап береді де ары кетеді. Туыстарын аралап айға жуық жүрген Шойқы қайтарында әлгі үйге келіп түседі. Қараса әлгі қыз жазылып кетіпті. Қыздың әкесі Шойқыны күтіп біраз күн қонақ қылады. Кетерінде Шойқыға:

– Балам, ұлы сөзде ұяттық жоқ деген, ренжімесең саған айтайын бір ауыз сөзім бар еді, – дейді.

– Айтызыз, кария, айтыңыз –  дейді Шойқы.

– Құдайға берген уәдем бар еді, егер осы қызымды кім аурудан айықтырса, соған қалыңсыз, кәдесіз берем деген. Соны сен орындадың, бұған не дейсің? – дейді қыз әкесі.

Шойқы мақұлдық беріп, қайта айналатынын айтып аттанып кетеді. Келген соң Шойқының әке-шешесі де мақұл көріп, жол-жоралғысымен барып келінін алып қайтады. «Келіннің аяғынан» демекші, осыдан былай Шойқының дәулеті тасып, абыройы арта түседі. Албанның алдыңғы қатардағы кісілерінің бірі болады. 1916 жылы халық көтерілісінде Шойқы отаршылыққа қарсы көтеріліске белсене қатынасып, сол себепті Жәменке, Ұзақтар қамалған Қарақол түрмесіне қамалады. Сол 1916 жылдың 11 тамызында болған қалың қырғыннан аман қалып, екінші рет атылатындар қатарында болады. Атылатын күні түрмедегі кісілер ерте тұрып таям соғып дәрет алып, иманын үйіре бастайды. Ешкімде үрей қалмайды. Сонда Шойқы аяқ дәретін алмақ болып бір мәсісін шешіп отырып:

«Құдайсыз қурай сынбайды» деген. Енді бір мәсімді шешкенше Құдай не әл береді, шошымаңдар, – депті. Айтқанындай екінші мәсісін шешкеннің аралығында жоғары ұлықтан бұларды босату бұйрығы келіпті. Содан былай Албандар Шойқыны әулие санаған. 1920 жылдардың ішінде сол Шойқы әулиені Кеңес үкіметі «көрнекті» деп қолға алып Жәркент түрмесіне әкетіп, жоғалтып жіберген, мінеки, сол Шойқының баласы Сауқымбек те екінші үркіндегі босқындармен тағы бірге келіп, емкөстігін жалғастырып, халықтың алқауына бөленген кісі еді. Одан кейін де бұл кісінің беделі өрлемесе төмендеген жоқ. Іле облыстық Саяси кеңестің, Шынжаң Ұйғыр Автономиялы Райондық Саяси кеңестің мүшесі болып, тағы бір жағынан ата мұрасы – дәрігерлікті жалғастырып жүріп дүниеден өтті. Атақты «Албан тарихы» атты жырында:

«Қыпшақта Шойқы молда білермен боп, Жасынан білім жолын бағып өткен» деген жолдарда айтылатын Шойқы, міне осы Сауқымбек ақсақалдың әкесі болатын.

***

Жә, енді Әділбек молдамен болған әңгімеге қайта оралайық. Осы орайда бұл әңгіме Әдекең молданың жазып берген не болмаса аузынан тіке жазып алған әңгіме емес. Бұл кісі бұл әңгімені 1980 жылы көктем айында айтып бергеннен есте қалған жүлгесі бойынша жазып отырғанымды оқырманға ескертіп өткім келеді. Одан бері 25 жылдай уақыт өтіпті. Көп нәрсе ұмытылған болуы да мүмкін.

–  Алдымен Тоғызтараудың «Көлденең» дейтін жайлауында отырған Әнәпияның үйіне түсті –  деп жалғыстырды Әдекең әңгімесін – бұл кезде «әнапия Тоғызтарау аудандық үкіметте хатшы екен. Өзі арнайы шақыртқандықтан және өзіміздің айттың баласы болғандықтан барғанымызға қатты қуанды. Көкеңмен:

–  Сені тірі көрсеткен Құдайға мың разымын! – деп жылап көрісті.

Біздің келгенімізден хабар алысымен келесі күні Тоғызтараудағы Албанның ақылақшысы Нұрсапада келіп құшақтасып көрісті. Бір аптадай осы екі ауылдың арасында қонақта болып еруледік, бір күні Қызайдың аты аруақты Дарубай ақылақшының жіберген адамы келді, ол бізге ақылақшының бізді арнайы қонаққа шақырғанын айтты. Сол күні Райымбек батырдан тарайтын Тілеужан деген кісінің болыс ұлы Разақ пен Бағыбай балаларының да шақырушысы келіп еді. Әнәпия соның бәріне мақұлдық беріп қайтарды.

Дарубай Шашы жайлауының Белқұдық дейтін жерінде отыр екен, біз ауылы жақындағанда ауылда қаптап жүрген қалың адамды көрдік. Сөйтсек мұның бәрі «Албанның атақты Көдек деген ақыны келеді екен, өлеңін естіп, тамашасын көреміз» деп келген нөпір екен. Бізді Әнәпия мен Нұрсапа Дарубай ақылақшының алты қанат ақ ордасына төте бастап апарып түсірді. Сыртта Дарубайдың ағасы Кешілдің баласы, қара мұртты, толықша келген Қанапия қарсы алып үйге бастады. Дарубай үйінде Есенқұлдың Қуандығы бар бір топ кісі бар екен. Дарубай ақылақшы Көкең бастап үйге кіргенде орнынан тұрып илтипатпен қол алысып, бәрімізбен сәлемдесті. Отырған соң бәрімізден амандық сұрады. Ол күні жай әңгімелермен болды да Көкеңе көп салмақ түспеді. Келесі күні күндіз келген-кеткенмен болып сөзге орай болмады, Кешінде тағы да ақылақшының қонағы болдық. Ел орныға отырып, әбден жайғасқан соң ақылақшы сөз бастады.

– Иә, Көдекжан, – деп бастады сөзін Көдекке бұрылыңқырап, – Баяғыда бір білермен кісінің жалғыз ұлы болған екен. «Қыздың қылығы – үйде, ұлдың қылығы – түзде» демекші, ұлының қалай өсіп келе жатқанына жіп таға алмай, басқалардан сұраса, олар: «Балаңыз ондай ақылды, мұндай тәрбиелі» деп мақтайды екен. Бір күні әлгі білімпазға «ұлымды өзім сынап көрейін» деген ой түседі де, баласын ертіп алыс жолға жолаушы жүреді, бір күн өтеді, балада тіл жоқ, екі күн өтеді, бала сұрағанға жауап береді, басқа сөз жоқ. Үшінші күні тағы үн жоқ, сонан соң әлгі ақылман баласына: «Жол қысқарт балам» депті. Бала әкесіне аңыра бір қарапты да, атынан түсе қалып жанынан пышағын алып жолды көлденеңдеп кескілей бастапты.

Мұны айтқанда мен сені сынайын деп отырғаным жоқ. Мұнда бұрын өзің келмесең де сөзің келіп болған. «Кісіге қарап кісі алма, сөзіне қарап кісіні ал» деген ұлы сөз бар, мұндағы ел өзіңді танымасада сөзіңді таниды. Екі-үш күннен бері осы ауылға Көдек ақын келеді деп, сөзін естиік деп апыр-топыр болып жүрген елді көрдің. Бұл бір. Екіншіден, бізді үлкен жағынан Қызай деп, онан берілегенде Есіркеп, Жарылқап болып аталамыз. Біздің бұл Қызай ананың баласы да кейде тіршілік қамымен, кейде басқа түскен зобалаңның салдарынан талай жердің отын оттап, суын татып келеміз. Осыны білмей осындағы біреулер «жығылып жатып қисайғанға күліпті» дегендей, бүгінгі мына Албан атаның балаларын «қашқын» деп, анау деп, мынау деп бойына жуытқысы келмейді. Мен оларға: «Аяз, өткен күніңді ұмытпа, көн шақайыңды құртпа» дегенді айтып келем, Құдайға шүкір, мұндағы Албан мен Қызайдың берекесі жаман емес, солай ма? – деп Көкеңнің аяқ жағында отырған Әнәпия мен Нұрсапаға бұрылды. Олар қатарласа:

– Солай, солай, – деп жауап берді.

– Мен енді бұрын басқалардан естіп жүрсем де, екі істің жайын сұрайын деп отырмын. бірі, 1916 жылғы Албан үркіні, енді бірі, осы жолғы үркін?

– Оныңыз жөн, ақылақшы, – деп бастады Көкең сөзін, –  Бұрынғылар айтқан ғой: «Ер басына күн туса, етікпенен су кешер, ат басына күн туса, ауыздықпен су ішер» дегендей, Көкең ақылақшының сөзіне жай сөзбен айтып беруге ыңғайланып еді, ана кісі оны біле қойды да:

– Ақынсың ғой, болса өлеңмен айтып бер, осы үйдің қазір іші-сыртының бәрі құлақ, бәрі естісін, – деді.

Көкең әуелінде біраз ыңғайсызданғандай болды да, артынша керегеде ілулі тұрған күрең тал домбыраға шалқая қол созып, құлақ күйін келтірді де ақырын ыңыранып барып даусын көтере түсті. Бұл кісіге шын шабыт келгенде көзі жайнап, бет, құлақ, мойнына дейін қызарып кетуші еді, сол кейпіне келді де:

«Ұраным – Райымбек, затым Албан,
Құдайым несібемді түзден салған.
Мас қылған қызығына азғана күн,
Баянсыз пәни дүние мына жалған.
Аузымнан лебізімді шығармасам,
Барады өртеп кетіп ішімді арман.
Адасып үйірінен тоз-тоз болып
Кетті ғой су түбіне біздің Албан.
Ақ патша әділеттен тайғаннан соң,
Соғысқа бала бердеп қылды пәрмен.
Өлсекте бұған бала бермелі деп,
Қырылды Қарақолда өңшең бағлан.
Басшыдан ақыл табар табар айырылған соң,
Сандалып, бұқарадан кетті дәрмен...
Қытайға жан сауғалап қашып бердік,
Дүниелік түгел берік мүкамалдан.
Ерте жатып, кеш тұрған, уа, дәриға,
Баяғы біздің заман қайда қалған?!», – деп ағыла жөнелгенде үй іші үнсіз мүлгіп тыңдады. Денесі қызып, арындаған ақын:

«Зар болдым, зар болдым ғой, қайран елім,
Қаз болып жүзіп жүрген шалқар көлім.
Жалғыз атпен жүргенде байлық қуушы ем,
Басылды су сепкедей менің желім.
Жүретін жұрт ішінде ерке болып,
Бұрынғы келерме екен күнім менің.
Аузымнан лебізімді шығарайын,
Ішімнен тарқарма екен қайғы-шерім.
Қырылды Қарақолдың түрмесінде
Басшысы Жәмеңке, Ұзақ кемеңгерім.
Далада көр-кебінсіз бекер қалды,
Маңлайын күн шалмаған өңкей ерім.
Әйтеуір түбін берсін біздің Албан,
Айрылып жақсылардан сынды белің.
Бір жерге бас қосар күн болама екен,
Болдық қой осы күнде телім-телім.
Кетеді тимей-тимей көзен жасым,
Қарқара еске түссе – жүрген жерім.
Қанаттас қазақ-қырғыз қатар жатқан
Ел едік тамашалы алым-берім.
Барады ішім толып сары суға,
Тірі жүр шықпаған соң құры көнім.
Тағы да рақымың боларма екен
Бар қылған жоқтан бізді құдырет керім?! – дегенде, үйдің іші-сыртындағы ел күңіреніп кетті. Ұзақ жыр аяқтап барып:

«Біздің де жақсы-ақ еді талабымыз,
Жоқ еді еш адамға залалымыз.
Жаяуға ат, аш-арыққа тамақ болған
Бар еді мархабатты манабымыз.
Күндіз-түні дастарқан жиылмаған,
Қайырлы қайда кетті тамағыңыз?
Қарсы жерде көрмеген жаяу жүріп,
Ойылды зор келгенде табанымыз.
Патшамен қарсыласып ұрысуға,
Болмады қолда қару-жарағымыз.
Өзі рақым қылмаса Құдай бізге,
Дағдырып таусылып тұр амалымыз.
Қарқарада жүргенде тегіс едік,
Жоқ еді, жалы қыңыр жаманымыз.
Таубамызды түсірді есімізге,
Жоқ еді михынаттан хабарымыз.
Рахат енді бізден кетті қашық,
Бастағы қоңыр салқын самалымыз.
Өзімнің өмірімнің барлығында,
Бұрынғы келер ме екен заманымыз!», – деп үні толқып барып тоқтағаннан кейін де отырғандар мүлгіп барып естерін жинағандай болды.

– Ой, бәрекелді, Көдекжан, Құдай жаныңа жамандық бермесін, осында келген Албандар сені бекер мақтамаған екен, енді көзім жетті. Сендей ұл туған халық жаман болмас, түбі жаман болмас, – деп Дарубай ақылақшы қатты риза болды.

***

Осы жерден Әдекең молданың әңгімесін үзе тұрып, осы 1916 жылға арнаған үздік жыр жөнінде біраз сөз қоса кеткіміз келді.

Дарубай ақылақшының үйіндегі мәжілісте жырланған бұл жыр жайлы әңгіме аз күннің ішінде тұтас Тоғызтарауға тарайды. Онан ары барған-келгеннен Суанның болысы Дәркенбайдың құлағына тиеді. Сонан ол кісі де арнаулы адам жіберіп ауылына қонақ болуға шақырады. Онда барған соң жырды естіп ерекше риза болады. Тіпті ақынды жібермей өз қолымен жаздырып алады. Сондықтан дарубай ақылақшыға айтқан жырдан Дәркенбайға жазып берген жырдың бір айырмашылығы сонда:

«Бұл қиса жұма күні болды тамам,
Құдайым азаматты қылсын аман.
Бекерге лебізіңді тастамаспын,
Дәркенбай, разы бол, асыл затым!
Бізбенен түбің бірге – бөтен емес.
Ойлайды аруақты білген адам.
Разы ықыласыңа болып кеттім,
Қолдасын аруағы Үйсін бабам.
Есің барда ел таны деген сөз бар,
Нашарға қайырым қыл келсе шамаң.
Жүзіңнен иман нұры көрінеді,
Жеткізгей талабыңы Алла Тағлам!», – деп басталатын он шумақ қосылған. Онан кейін келетін 10, 11, 12 деп нөмір қойылған жыр бөлектері де сол Дарубай үйінде айтылған күйінен басқаша. Бұл жайлы Әдекең молдадан сұрағанымда: «Дәркенбай болыс Қарақол түрмесінде қырылған кісілерді де жырға қоса кетсең» деп талап еткен екен. Соған сай бұл қоспалар қосылған екен дегенді айтты.

***

– Жә, көпшілік, – деді Дарубай ақалақшы, – «Жазды күні қысқа таң, оянбайсың ұйықтасаң» дейтін кез ғой, енді қонақтар дем алсын, екінші істің жайын тағы да жата-жастана сөз етерміз. Осы сөзден соң Қанапия орнынан тұрып: – Ертеңгі әңгімеміз біздің үйде болсын, – деді.

Келесі күні біраз үйден жаздың дәмін татып, бесінде Қанапиянікіне барып түстік, ақылақшы бізден бұрын барып іргені түргізіп қойып үй ішінде самалдап жатыр екен. Кешкі әңгімені тағы ақалақшының өзі бастады.

–  Ал қонақтар, кешегі түнді сағыныштың сарығын жырмен басайық деп, соған деніміз ауып, өзіміз жайлы ештеңе де айта алмап едік. «Бір көрген біліс, екі көрген таныс» дейді атамыз қазақ. Мына отырған Қанапия, кешеде басқаларға күлердей жайымыз жоғын айтып едім, енді соны шешіп айтайын, атамыз Найманнан болғанымен анамыздың сіздермен туыс екенін білесіздер. Сол анамыз әулие болып, кейінгі ұрпағы «Қызай елі» атаныпты. Мүсірбай емші деген мықтылар өткен деседі. Онан соңғыларынан Бәйеке, Боқаш, Сасан сықылды билер болған. Осы кісілердің тұсында Қызай елі алдымен Тарбағатайдан Бұратала өңіріне онан соң Ілеге қоныс аударыпты. Неге қоныс аударғаны, оның барысы ұзақ әңгіме...

Міне енді арамызға Кеңес одағындағы туыстар келді. Ел көбейді. Көңіл сиса бәрі сияды, – дей келіп, ендігі әңгіме сенде қалды дегендей Көкеңе қарады. Көкең домбырасын күйлеп алып, осы рет болған үркін туралы өлеңдете жөнелді. Жаңылмасам «Ашаршылық» деген өлеңі болса керек...

Жалғасы бар...

Белгілі баспагер, ақын-жазушы, әдебиеттанушы ғалым Тәліпбай Қабаевтың Бейжіңдегі Ұлттар баспасынан шыққан «Көдек Маралбай» (2008 ж.) кітабынан дайындаған Әлімжан Әшімұлы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Абай мұрасы

Абай іліміндегі өмір мақсаты не?

Досым Омаров 1429
Ой түрткі

Әлмерек абыздың оралуы - Елге діннің оралуы

Бақтыбай Айнабеков 2263
Көршінің көлеңкесі

Ресей тілдік һәм саяси экспансияны қалай жүргізді?

Бейсенғазы Ұлықбек 2298