Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әдебиет 2719 1 пікір 15 Ақпан, 2024 сағат 14:06

Ұлы Шығыс дүниесі

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Жеңіс ҚАНЕН

ӨЛЕҢ ДЕГЕН

Өлең деген – салынған сөзден сарай,
Жүрек біліп, жан ұғып, сезген сана.
Дүниені (баптаған жүйрік мініп),
Менің ұшқыр қиялым кезген солай.

Бес қаруын асынған жауынгерым!
Жанымды өртеп күйдірді жалын-демің.
«Тас бұлақтың суындай» сылдыр қағып,
«Тілге жеңіл» келетін жаным менің!

Дүр сілкініп тұады ел ұрандасақ,
Көзден жас боп домалар, жылап жатсақ.
Қасқыр алсам деген бір ойым да бар,
Қиялымда қанды көз қыран баптап...

Әлі күнге бір қанған жоқ сарығым,
Жүрегімнің түбінде жатқан «уым».
Нысанаға көздеулі дайын тұрар,
Қай кезде де оқтаулы отқаруым!

Жайлап атқан жанымда ақ таңымсың,
Ақ түйенің қарыны ақтарылсын!
Абай деген атамнан қалған мирас,
«Ермек үшін жазбайтын, мақтан үшін».

Сөзге айналып құлаған сағынышым,
Мен әлекпін бабыңды табу үшін.
Ақ жол тілеп әр жолғы сапарыма,
Өзен кейін қашады, тау ығысып!

ТҮН ТҰҢҒИЫҒЫНДАҒЫ ЖАРЫҚ

Үмітті қақ бөле алмайсыз қыршып сіз,
Даңғыл жолда тайған тайғақ табандар.
Бір арманды орындауға мүлтіксіз,
Мыңмен жалғыз алысады" адамдар.

Өмір мәнді көңіліңдегі алаңмен,
Қалған артта көзін жұмып күнә айы.
Көре білсең, мөлт-мөлт еткен санаңмен,
Дүниенің сан құбылған шырайы...

Дәмге айналар таңдайыңа тамып қар,
Кетті ұшып сынық қанат шағала.
Түнерген түн тұңғиығында жарық бар,
Аппақ нұрын шашыратқан санаға.

Мен «ұмыту»- деген сөзді білмеймін,
Жатам сосын жан дүниеме батып мұң.
Түсін түстеп: «Күндіз»- деймін, «Түн»- деймін,
Барлығыда шеңберінде уақыттың

Көңілдерде көр қаншама қазатын,
Ту сыртыңнан оқ атады тіл - "дұшпан".
Көкек айы, шақыратын өзі атын,
Шырылдаған «Шындық» деген бір құс бар.

Ақшасы мол «азап» іздеп сенделдім,
Беу, дүние-ай, сен недеген кең едің?
Ержеттім де әлдиімен мен жердің,
Санап көрдім саусағымның бедерін...

Болашағын болжап беріп, бал ашып,
Ешкім бағыт көрсете алмас ақынға.
Пендешілік құсы жемге таласып,
Жыр жырлатар құдайсыздық хақында...

АҚЫН

Құсым бар биікте самғап менің де ұшатын,
Маңайды көгілдір сәулеге бөлейді көңілді сәтім.
Заманның...
Адамның соққан жүрек дүрсілін,
Армысың, өзгеден бұрын сезінгіш ақын?

Жүрегіңе жүк болып түсті ме дала салмағы?
Кеңістік – айдай әлем ғой алақандағы.
Шағылысқан күн нұрына ойың ба сенің, Дірілдеп құбылған сағым Алатаудағы?

Түннен ауған аунап, таңда тұр сенім,
Құсыңды ұшырып биікке самғатушы едің.
Сүйе ме аялап, елжіреп ақ табаныңнан,
Алақанына салып әлдилеген Алматың сенің?!

Күніне сан құбылады, көрем, ішкі рең,
Шым-шытырық үрейге толы неге түс кілең? Аспан сүйеді,
қарашығымен қара түн аймалап,
Қараған ақын жанарын әлем үстінен...

Кейде ие болмай сезімге қаламын, есірік,
Шабады тұлпардай ақынның қаламы көсіліп.
Сарқыны өзің бе деймін көшпенділердің,
Көкірегіне қондырып алған даланы көшіріп?

Таң жымиып күлмдемесе, түн ескіре ме,
Атылған жебе ойыңды ілестіре ме?
Үйіңнен сыртқа бір сәт шығып тыңдашы,
Кісінеген бабалар тұлпарының үні естіле ме?!

...Кейде осылай өлеңмен тарқатам көңіл құсасын,
Құсым бар, биікке самғап менің де ұшатын.
Заманның...
Адамның ішкі жан құпиясын,
Армысың, өзгеден ерек сезінгіш ақын?!

ҰЙҚЫ

Қап-қара шығар, бәлкім, ұйқы реңі?
Қонақтап көкірегіме күй түнеді.
Дүниенің әсерін тигізбестей,
Қоршап тұрған шығар-ау сыртын өлім?

Сәулесіне қосақталып күлкі іңірдің,
Несіне мазаны алып итім үрдің?
Бағана көп ойнады қалғу сәттер,
Асылып әр талына кірпігімнің.

Бұл да бір – тыныштық қой қалған ұйып,
Кездер де балтыр сыздап, талған иық.
Сәл мызғап алуым да керек шығар,
Қайтадан өмір күшін бойға жиып.

Қарасам қалғып тұрады емен жиі,
Әйтпесе, бар кезі ғой деген күйі...
Байқасам, ұйқы деген – түпсіз шыңырау,
Көз жетпес тереңдіктің тереңдігі!

Иегін артқаннан соң ұйқы өлеңге,
Дей алман: «беу, қарағым, бйте көрме!»
Сеземін жым-жырт қалқып жүргенімді,
Мен кенет тереңдікке күмп берем де...

ҰЛЫ ШЫҒЫС ДҮНИЕСІ

Бұл дүние,
Күншығыстан жылынды, Күнбатыстан «бүлінді»...
Туған таудың топырағын ұшырып,
Жел жасырған ізімді.

Алғаш адам ғұмыры,
Күншығыстан басталған,
Күнбатысты жастанған... Күншығыста күн кешіп мен келемін,
Мейірім тілеп аспаннан.
Қасиетті Алланың төрт кітабы,
Ұлы шығыс дүниесіне тасталған!

Ұмыта алман шолпыны,
Алтын-күміс сыңғырымен мол тілі. Қайырылып қайта аунаған күн батыс,
Білесің бе, күн шығыстың толқыны?!

Жырдың мәні осында,
Бұл ертерек кетті айналып жосынға.
...Керек оған өзінің ер кеудесі,
Өз толқынын тосуға...

Жырым-жырым болды іргең,
Шығысымның дидарында бар кірбең.
Мен халқымның тағдырына қиналам, Толқын ұрып мәңгірген...

Біздерге кім оқ атқан?
Көктем едік, көңілімізде жоқ ақпан...
Мен халқымның тағдырына ашынам,
Шолпысының мың сыңғырын жоғалтқан...

Ер кеудеге бас сауға,
Ез тірліктен мүмкін бе екен қашпауға?
«Жер ортасы - көктөбеге» жетіп ап,
Бола ма екен қайта ғұмыр бастауға?!

Айтшы аға, бола ма екен, бола ма?
(Бір өзгермес баяғы аға - сол аға.)
Топырағына алтын ізім көмілген,
Ұлы шығыс,
Бәрі сенен садаға!!!

ТІРШІЛІК НҰРЫ

Тіршіліктің кім жетіпті түбіне?!
Балғын тәнді бүркеп жатыр бөз анық.
Көзіңді аш, көңіліңді оят, дүние,
Шығыс жақтан таң келеді бозарып!

Батыс жақтан бұлт келеді буырқанып,
Есіп өтті оңтүстіктің ескегі...
(Тереземнен бозғылт сәуле тұр тамып, Беймезгілде мазаңды алсам, кеш мені!)

Аспан әлі,
Ай баяғы қалпында,
Бірде толып, ал, бірде жүр жартылап.
Өніп жатыр, солып жатыр гүлдер де,
Менің асыл сәтім болып жарқырап.

Баяғы асыл шақтарым-ай ат мінген!
Терегім боп жапырағынан тоналып.
Көк аспаннан көзімді алмай жаттым мен,
Соның шексіз бояуына боялып.

Қарып өтті солтүстіктің суығы,
Қазақпын – мен,
Қазақ нені көрмеген?!
... Сықырлайтын киіз үйдің уығы,
Қара таудан соққан тентек желменен....

Еңіреулі сәтім өтті қаншама,
Қатты батты жаттың суық тізесі....
Құлдық ұрып жалтақтаймыз басқаға,
Тым иілгіш боп кеттік пе біз осы?!

Ағайын көп үйренген құр айғайға,
Сұрғылт жартас қайталап тұр бос қарап.
Доп - басыңды домалатар қай-қайда, Жүйрік уақыт жанында еш жоқ тағат

О, дариға-ай, ойсыз адам - масқара,
Ойсыз тірлік кетті мүлдем басталып...
Аттай шұлғып, изектейміз басқаға, Құрғақ үміт сілекейіне тамсанып...

Қара шұбар жылан жолды жүр кесіп, Көңілде бар айтатүғын базына...
Жаттың шипық торысына мінгесіп,
Ешбір адам бара алмайды Қажыға!

Күн кешеді өзін алдап бар қауым,
Жалғыздардың үні шықпас, әл құрып.
Азабы мол жер үстінде,
Перғауын-
Қызыл қанмен зиратын жүр салдырып...

МЕНІҢ БАЙЛЫҒЫМ

Менің байлығым-
Мөлдір иманым, көңілді ай-күнім.
Сәулесін шашқан күміс күлкілер,
Гүлмен сыпырған көгін қайғының.

Шегін көрсетпей тұр далаларым,
Ілесіп күнмен бірге араладым.
Сүйгенім ұйып балқыған қасымда, Таңнан құйылған нұр - балаларым

Ай қасына орныққан қалың қазағым, Бақыттың бозарған таңын жазамын.
Өлген соң, ағайын, дұрыстап жатуға,
Уақыттан үңгіп қабыр қазамын...

Тілеулес жандар жүр ғой қасымда,
Дұспанынан асырар бірге айласын да...
Сөз рахатын сезіну үшін,
Күнде шаншлам тіл найзасына!

Төңкеріліп жабылса көкке көк түндік,
Бүйрек емес бітеу, өкпе жеп тындық.
Қараңғылықты нұрмен турайтын,
Қылпылдап тұрған неткен өткірлік!

Қанша естісе шөлі қанбай жатыр жұрт, Қайда барсаң да қалмайды ақындық!
Жалғап тұр ара қылымызды үзбей,
Бір - бірімізге таңдай жақындық.

Боран қып боратса бізге іңір лебін, "қолымда әлі тізгінім"- дедім.
Сүт бетінің алған қаймағын қалқып,
Көлеңке бүркеді күз күбірлерін...

ЕЛІСХАН БАТЫР, ГИМАЛАЙ ТАУЫ

(Баллада)

Отаны жоқ, оты жоқ ел - бейшара, қорғансыз, Бастап кетсе бекініп қиыншылық сапарын. ...
Көшті Елісхан батырлар, болашағы болжаусыз-
Жатсаң түске кірмейтін европаға бет алып.

Жасырып бой түндерге, үміт артып ақ таңға,
(Бір аяғын қырқып берген арлан сынды қақпанға!)
... Кірді бір күн түсіне қанға бөккен әкесі,
Гималайдың иығында тоқым төсеп жатқанда...

«Ұлым қайда барасың, тым жырақтап кеттің ғой?
Қайсар баста болады беті қайтпас екпінді ой. Қызығынан шыжығы көп, бес-ақ күндік бұл дүние,
Бұл түннің де саған онша баяны да жоқ түн ғой!

Күрсініп ал дұрыстап, көкірегің кеңісін,
Бір Алладан басқаның көмегі жоқ сен үшін.
Ілініп бір кететіндей замананың қырына,
Таң қаламын, құдайға жақпай қалды не ісім?

Жуық ара тоқтай алмас кеткен қаңбақ жел қағып,
Алған бетің: ой, үмітің маған енді болды анық.
Шың шысай мен Қожаняз кезек-кезек сүйрелеп,
Сен абайла!
Мен қалдым ғой екі арада сорланып...

Күшің барда, жатқа есеңді бостан-босқа жіберме!
Қазақ деген көнбеген ел тұсау менен шідерге.
Бұдан ары барасыңдар, (табасыңдар жылы ұя,) Болашақта өсіп-өнер Үнді деген бір елге...

Еркіндіктің аспанынан құлап түскен таңғы арай,
Ешқашан да деп ойлама: барлығы да болды оңай.
Тынымы жоқ, кемеліне келмей кеткен жалған-ау,
... Сонан кейін көшесіңдер, көшесіңдер ары қарай.

Қиындық бұл созылатын әлі де көп сан айға,
Дидарыңды тұр көрсетіп «тағдыр» деген шарайна.
Әз басыңа келетұғын алда үлкен сынақ бар,
Ең алдымен аман қалар саулығыңды көп ойла.
А-б-а-й-ла,
Ж-а-р-а-й-ма?»

... Бұл сапардың жаныңа еш тынымы да жоқ сапар,
Ойлай қалсаң бір қасірет сүйегіңді қақсатар.
Көзден лезде ғайып болды сәуле болып зымырап,
Әкесі оның әулиеге айналды да ақсақал...

Кетті оянып Елісхан батыр...
Жанның жасыл бүршігі-
Қалтырардай, тым асқақтап Гималайдың тұр шыңы.
Әліп үні - әке үні құлағында жаңғырып,
Тұрды естіліп дүріс-дүріс етен жүрегінің дүрсілі.

«Е, жүрегім, ет жүрегім, әлі талай туларсың,
Қуаныш та, қайғы да ортақ, тулау үшін туғансың.
Келіп тұрған аян шығар Алладан бұл, бәлкім,
Ат айылын босататын таяу шығар күн, бәлкім?

Құсымыз жоқ Гималайдің биігіне қонатын,
Күн болды-ау бұл, ойлай қалсаң, есімізден танатын.
Өмір ғой бұл, (кері тізгін тартпаспын!)
Белгісіздік сағымына сіңіп ғайып болатын.

Неде болса көресіні көрдік сол жазған тағдырдан,
Жетер жерге жетіп алып жақсы-ау ұйқы қандырған.
Есте ұмытпай сақтармын-ау жортар алда жолымда,
Өсиетін әкенің аманат қып қалдырған...»

Әке жатыр Баркөлдің бір қойнауын жастанып,
Есіне алды екі ұланын... жанарынан жас тамып...
Тас түйін боп бекініп тұрып кетті ол орнынан,
Түлкі тұмақ бауларын ескен самал қашты алып.

Гималай тұр қарадай бір өңі қашып сұрланып,
Ешкімді де менсінбестей, өрлігіне бұлданып.
Басып тұрды табанына дүниенің жотасын,
Жердің шарын шиырлаған, қазақ деген бір халық!

Қос шырағы секілді еді - екі бірдей қос ұлы,
Жүрегінің түбіне әбден шер боп қатып бекіді.
Тізе бүгіп Елісхан ер,
Қырғын тапқан ел-жұрттың
Аруағына бағыштап ұзақ құран оқыды...

Қатулыққа қалқалатып көмейінің бүлкілін, Қайсарлыққа бүркетіп көңілінің жыртығын.
Қыран көзін төңкеріп жан-жағына қаранып,
Таңдайына оқ басып, сайлап қойды ол мылтығын.

Жинап алды қара мақпал шашын жерге жайып түн...
«О, туған жер, амал нешік, қадырыңды жай ұқтым.»
Таң жадырап келеді, әне,
Тасасынан дәу тастың-
Қақырынған үні естілді дәрет алған Зәйіптің...

Жұрттың бәрін белгісіз бір ұлы үрей жүр меңдеп,
Бір сағыныш көкіректен миға шапшып тік өрлеп.
Ер Елысхан тұрды орнынан... бетке алып Үнді елін,
Бірақ, сонда көп ұзамай көз жұмарын білген жоқ!

Ұмытылмас саналардан мәңгілікке сәт осы,
(Бізді жебер қабыл болған елдің дұға - батасы.)
Жүгін артты ел көлігіне «Иә, Алла, Аллалап»,
Көш жөнелді,
Қала берді меңірейіп Гималайдың жотасы...

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3263
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5588