Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Дін мен тін 3550 4 пікір 16 Ақпан, 2024 сағат 13:20

Тәңіршілдік дегеніміз не?

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Тәңіршілдік - көшпенді өмір көрінісі

Тарих ғылымы алғашқы адамзат өмірі көшпенді болғанын дәлелдейді. Түркілер бүкіл Болмысты Тәңір деп атап, Жоғарғы Қуат ретінде бағынған. «Тәңір» деген ұғым Тенк («таң сәрі»), немесе, Тан («таң»), деген көне түркі сөзінен шыққан. Оны әрбір халық өзінше атаған. Мысалы, «Тәңір» ұғымы көне Шумер сына жазуында және ғұндар мәдениетінде «Зингир» («Зеңгір») түрінде кездеседі. Ол Стефан Георг деген ғалымның болжауынша, Прото-Енисейдің «жоғары құдырет» сөзінен келіп шыққан. Санскритте Дхарма, Брахма деген атаулары бар.

Тәңірдің не екенін түсінудің маңызы өте зор. Көшпенділер бүкіл болмысты Тәңір деп қабылдағандықтан, олар үшін болмыс пен Тәңірдің айырмашалығы жоқ, яғни, Тәңірдің Өзі Болмыс, ал Болмыс — Тәңір. Екеуінің мағынасы бір. Бұл түсінік тәңіршілдіктің қандай кең мағынасы барын көрсетеді. Тәңіршілдік шексіз болғандықтан, барлық басқа түсініктер мен ағымдар содан шығады, оның бөліктері. Себебі, тәңіршілдік бүкіл Болмыс өмірін қамтиды. Ол өмірдің көріністерін түгелдей қамтитын, барлық халықтар мен діндерге ортақ көзқарас болған.

Тәңіршілдіктің Құдайдан келді дейтін кітабы, не пайғамбары, не нақты діни рәсімдері жоқ. Осының өзі тәңіршілдіктің күнделікті түсініктегі дін емес екенін білдіреді. Болмыстың Өзі көшпенділерге Құдай көрінісі болғандықтан, қоршаған ортаның өзі оларға қасиетті кітап, яғни білім көзі, ал табиғат заңдылықтары пайғамбардай болып, халықтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпын қалыптастырды. Табиғат заңдылықтары салт-дәстүрді қалыптастырып, ол болмыс заңдылықтарын орындау құралына, әдісіне айналды. Сондықтан, тәңіршілдік бүгінгі ұғымдағы дін емес, бүкіл Болмысты қамтитын дүниетаным, ой жүйе, және сол жүйедегі өмір салты. Ол бүкіл заттық және рухани әлемді толық қамтыйды. Ғылым-білім түрлері, діндер, басқа да түрлі ағымдардың барлығы бүкіл болмысты қамтитын тәңіршілдіктің бөліктері, оны салалары деуге болады. Тәңіршілдік бүкіл Болмыс көріністерін біріктіретін ұғым.

Болмыстың негізгі көрінісі қозғалыс болғандықтан, барлық бөліктер қозғалыста. Адамзат өмірі де осы қозғалыстан пайда болды. Ендеше бүкіл адамзат өмірі көшпенді дәуірден басталды. Көшпенді өмір бүкіл Болмыстың бір көрінісі болып, ал халықтар Оның бір бөлігі болғандықтан, олардың өмірі де бүкіл болмыспен үйлесімді. Олар Болмыспен бірігіп, ықпалына толық берілген.

Адамзат өмірі көшпенділіктен басталғандықтан, Тәңіршілдік адамзаттың алғашқы «діні» деуге болады. Әубастағы адамзат өмірі көшпенді болғаны бүгінгі күндері ғылыми түрде дәлелденген.  ХХ ғасырда пайда болған ежелгі адамдар өмірін зерттейтін палеоантропология ғылымы адамзат өмірі жүздеген мың жылдарға созылған көшпенді болғанын көрсетеді. Әуелде жеміс-жидек теріп, балық аулап, аңшылық құрып көшпенді өмір сүрген адамдар кейіннен малды қолға үйретіп өмір сүрген. Адамзат тарихы өмірінің көпшілігі көшпенді болғандықтан, негізінен ол көшпенділер тарихы болып табылады. Жер бетіндегі көптеген халықтар жүздеген мың жыл көшпенді өмірден соң отырықшылыққа жуырда ғана, яғни бірнеше ондаған мың жылдар бұрын ғана көше бастаған.

Алғашқы отырықшы өмір Таяу Шығыста тек соңғы 10-13 мың жылда басталып, ал Еуропада соңғы 4-5 мың жылда ғана пайда болған. Осылай адамзаттың өмірі өзгермей, бірқалыпты болуы оның көпшілік өмірі көшпенді болғандықтан деген тұжырымға келеміз. Ал адам өмірінің және табиғаттың өзгеріске түсуі отырықшылыққа өту әсерінен, және өте қысқа мерзімде болған. Осылай, қазіргі заттық өркениет пайда болып, ол көшпенді емес, отырықшы өмір салты екенін көреміз.

Әлемді кемшіліксіз бір Жаратушы жаратып, оны Өзі басқарып отырғандықтан, мұндай өмірде де кемшіліктің болуы мүмкін емес. Ендеше көшпенділер өмірі де кемшіліксіз болды. Жан табиғат аясында эволюция бойынша үздіксіз жетілу барысында. Кемшіліксіз көшпенділер бүкіл адамзат өмірін реттеп, үйлестіріп отырған негізгі күш болды десек артық болмайды. Адамзат тарихында тән құмарына беріліп, эволюциялық жолдан шыға бастаған халықтарды жөнге салып, оларды табиғи өмірге қайтарып отырған. Бір Тәңірге бағынған көшпенділердің отырықшыларды бағындырып, Көк Аспан астына біріктіріп, ұлы мемлекеттер құрған. Осылай елде тыныштық орнап, өзара қарым-қатынастың жақсаруы, халықтың өмірі бір қалыпқа келуі бұның бір дәлелі.

Тәңіршілдіктің түрлі деңгейлері

Өзінің алғашқы кең ауқымында тәңіршілдік дүниетанымы бүкіл Болмысты қамтығанымен, күнделікті өмірде оның мағынасы тарылып, көптеген түрге ие болады. Адамдардың барлығы бірдей ой өрісі бүкіл Болмысты қамтитын дәрежеге әлі жеткен жоқ. Сондықтан олар әлемді бөліктерге бөліп, оларды жеке қабылдайды. Тән құмары әсерімен ой жүйе төмендеп, жан былғанып, олар болмыс бірлігін, бөлінбейтін тұтастығын ұмыт қалдырады. Осылай Болмыстың бөліктерін ғана қабылдағандықтан, адамзат қоғамында түрлі түсініктер мен ағымдар пайда болады. Бұлар бір Тәңірді танудың, яғни тәңіршілдіктің түрлі деңгейлері. Теология мен философияда олардың түрлі атаулары бар. Қысқаша тоқталайық.

Монотеизм. Болмысты бөлмей, Тәңірді бір Құдай ретінде қабылдау монотеизм (грек тілінен «моно» бір, теизм «Құдай»), яғни, бір құдайшылық деп аталады. Барлық Құдайлар негізгі Бір Құдайдың көріністері, барлық Құдайларды Бір Құдайдан бөлуге болмайды деген түсінік супертеизм деп аталады.  Тәңіршілдіктің алғашқы мәні Болмысты біртұтас деп қабылдайтын, міне, осы супертеизм болып табылады. Бұл ұғым өте жоғары сананы керек қылатындықтан, адамзат қоғамы оны көптеген бөліктерге бөліп қабылдайды.

Политеизм. Болмысты толық қабылдамай, Оның ішіндегі көріністердің әрқайсысын Құдай деп қабылдағанда, оны политеизм (грекше поли «көп», теизм «Құдай») деп атап, көп құдайшылық пайда болады. Политеизм саналуан ағымдарға бөлінеді. Табиғаттың түрлі көріністеріне табынуды орыс тілінде язычество (орысша «тіл») деп те атайды. Бұл атау болмыстың бөліктерін әрбір халық өз тілінде атағаннан шыққан болуы керек. Бұл политеизмнің көптеген атауларының бірі. Кейбір халықтар ғаламның ішіндегі күн, жер, су, ауа, от періштелерін, және табиғатты басқаратын періштелерді  жеке Құдай ретінде қабылдап, оларды өзара бөліп табынған. Мысалы, гректердің Зевс, Гера, Афина. Апполон, Артемида, Афродита, Деметра, Гестия, Арес, Гермес, Гефест, Дионис деген тағы басқа да Құдайлары болған. Рим елінде де өздерінің Құдайлары болды. Олардың қатарына Плутон, Салация, Марс, Диана, Юл, Эскулап, Атлант, Венера, Геркулес, Меркурий, Веста, Вулкан тәрізді көптеген Құдайлары жатады. Түркі халықтарында жер Құдайы Ұмай бар.

Тотемизм. Хайуанаттардың, өсімдіктердің өздерінің иелері бар деген ұғыммен олардың періштелерін бөліп табынған. Ру-тайпа мүшелері өздерінің арғы тегін белгілі бір хайуанатпен байланыстырып, оны қолдап, жебеуші күш деп білген. Мысалы, түрік халықтарында өздерінің шыққан тегі – Көк бөрі. Сондай-ақ белгілі рухани адамдардың, батырлардың өздеріне көмектесетін ғажайып киелі жануарлардың бар екеніне сенген. Мәселен, Мұхаммед пайғамбардың (ғ.с.) бурасы, Жәнібек батырдың жолбарысы, Абылай ханның бурасы, Жамбылдың жолбарысы, тағы тағылар табиғат көріністерінің өзара байланысын көрсетеді. Немесе, сиырдың, қойдың, түйенің, жылқының өз иелері бар. Қазақтарда түйе пірі -- Ойсыл қара, сиыр -- Зеңгі баба, жылқы атасы -- Қамбар ата, қой -- Шопан ата, ешкі --  шекшек ата т.т. Оларға кейбір жерлерде ескерткіш, мазар салынған. Мысалы, Ташкентте Зеңгі баба мазары бар. Табиғат көріністеріне табынған мұндай көрініс тотемизм деп аталады.

Пантеизм. Болмыстың ғаламдық көрінісін Құдай деп қабылдау пантеизм (грек тілінен «барлығы Құдай») деп аталады. Ғаламның ішіндегі көріністердің барлығы Құдай көріністері. Құдай мен ғалам біртұтас, бір ұғым.

Персонализм. Болмыстың тұлғалық көрінісін қабылдап, Құдайды тұлға ретінде қабылдау персонализм (персона «тұлға») деп аталады. Алланың бір екені ұмытылып, Алла тек қана ғаламның ішінде екенін қабылдағанда көпқұдайлық пайда болады. Персонализм көп Құдайға табынатын политеизмді тудырады. Құдайлардың мүсінін жасап, табынғанда пұтқа табыну пайда болады. Болмыстың бөліктерін Құдай деп қабылдағандықтан, пұттар көбейіп, олардың арасында үздіксіз қақтығыс жүріп жатады. Діндер арасындағы қақтығыстардың бір себебі көпқұдайшылық әсерінен пайда болатын осы пұтқа табынушылық болып табылады.

Имперсонализм. Болмысты энергия ретінде қабылдағанда имперсонализм (имперсона «тұлғасыз») пайда болады. Имерсоналистер бүкіл болмыс рухани энергия, әлемнің барлық көріністері сол энергиядан пайда болады деп түсінеді. Олардың түсінігінше «Заттық әлем рухани энергиядан пайда болған, және өзгергіш. Бар болып, қайтадан рухани энерияға айналып кетеді, сондықтан ол иллюзия, яғни ол жоқ».   Осылай олар Алла тұлға екенін, және Ол ғаламның ішінде екенін мойындамайды.

Осы қысқаша шолудың өзі бір Болмысты бөліктерге бөлгенде саналуан діндер, түрлі философиялық ағымдар пайда болатынын көреміз. Діндер мен ағымдардың көп болуы -- біртұтас Болмысты бөлетін ұғымдардың саналуандығына байланысты. Осылай олар фәни әлем ықпалына түсіп, үздіксіз күрес пен түрлі тартыстан шыға алмай қалады. Бұл тартыстан шығу жолы тек қана біреу – ол Абай көрсеткен Болмыстың барын, және бір екенін мойындап, қабылдау.

Досым Омаров,

абайтанушы, теолог

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2047