Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Құйылсын көшің 2650 10 пікір 16 Ақпан, 2024 сағат 13:59

Ұлы көшке кедергілер жойылуы керек!

Коллаж: Abai.kz

ЕНДІГІ ӨЗГЕРІСТЕР ЕҢБЕК ТУРАЛЫ ЗАҢ АРҚЫЛЫ ЕНГІЗІЛЕДІ

2024 жылы 6 ақпанда жаңадан тағайындалатын Үкімет мүшелеріне парламентте келісім берерде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыповаға «Азаматтық ала алмаған қандастарды үкіметке ертіп бара беремін!» - деп мәлімдегенде, 20 баптың 5 тармағы мәселесін екі жақтап шешетін болған едік.

Сол келісім бойынша 2024 жылы 12 ақпан күні дүйсенбіде Еңбек министрі С.Жақыповамен кездестік. Министр орынбасарларымен, комитет, басқарма басшыларымен қарсы алды. Қандастарға арналған бірнеше цифрлы бағдарламалармен таныстырды.

Үстелдің аржағында оншақты министрлік өкілдері, бер жағында біз заңгер Әлібек Алмабай екеуміз ғанамыз, әбден айтыстық,тартыстық. Әйтеуір бір мәмілеге келдік, 20 бапты өзгертуді 20-30 күннің ішінде шешетін болып келістік!

Кездесуде мен Мәжіліс депутаты ретінде Көші-қон туралы заңның 20 бабының 5 тармағы Конституцияның 5 бірдей бабына қарсы екенін, оны өзгертудің қоғамдық-саяси маңызының зор екенін барынша жеткіздім. Егер 20 баптағы кедергі өзгермейтін болса, «Ақ жол» фракциясы түгел заңға қарсы дауыс беретінін мәлімдедім. «Бүкіл қазақтың наласына қалмаңыздар. Министр ретінде үкімет, сіздер жауапты боласыздар!» - деп айтуға тура келді.

Екі-үш жылдан бері қандастар мүддесін сотта қорғап келе жатқан Әлібек Алмабай тәжірибелі, мықты заңгер екен, қатты риза болдым. Министрлік өкілдерінің әр тақырып бойынша барлық қарсылығын заңмен дәлелдеп, тойтарыс беріп отырды. Қандастар басынан өткеріп отырған, көшке кедергі болып тұрған қай мәселе болсын, Әлекең барлығы бойынша соттасқан және сотта жеңген болып шықты. Заңның әр бабымен дәлелдеп берді. Ол қандастар мүддесін қорғап, 2 рет Жоғары сотта жеңіске жетіпті. Тіпті, зейнетақыға байланысты, легализация, апостиль секілді күрделі мәселелерде Жоғары Соттың қаулысын да шығартып алған! Бұл Жоғары Соттың қаулысы біз бен министрліктің, екі жақтың бір-біріне қарсы қойып, сүйенген заңдары теккетіреске түсіп қалғанда, біздің пайдамызға шешілді.

Әлекеңді іздеп тауып, сұқбат алған журналист Қалиақпар Үсемханұлы бауырымызға көп рахмет!

Қысқасы, Еңбек министрі және оның командасымен айтысымыздың алғашқы нәтижесі бар. Ақыры, 20-30 күннің ішінде 20 баптың 5 тармағына өзгеріс енгізілетін болып, келісімге келдік. Көші-қон туралы заң әлі 2 ай талқыланып, 29 наурызда қабылдануы керек еді, аяқ астынан кеше қабылданатын болды да, оған өзгеріс енгізіп үлгермейтін болғасын, бұл 20 бапты Парламент Мәжілісіндегі депутаттар бастамасымен қаралып жатқан Еңбек туралы заңға өзгерістер енгізу арқылы өзгертетін болып, жоспарлап отырмыз.

Құдай қаласа, енді осы істі соңына жеткізуіміз керек. Алда талай тартыс бар. Ол үшін бәріміз ынтымақта болып, тізе қосып күресуіміз керек.

ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТТЫҒЫН АЛУ ҮШІН ҚАЗАҚ ТІЛІН БІЛУ КЕРЕК!

Көші-қон туралы заңдағы ерекше жеңісіміз - Азаматтық алу үшін Мемлекеттік тіл - Қазақ тілінен және Конституция мен ел тарихынан емтихан тапсыратын болады. Бұл Қазақстанға шет елдерден, жан-жақтағы алпауыт мемлекеттерден ағылып жатқан өзге ұлт өкілдері үшін үлкен сынақ. Ал этникалық қазақтар, яғни қандастарымыз бұл емтиханды тапсырмайды.

Ел 30 жылдан бері күтіп, «Ақ жол» партиясы он жылдан бері көтеріп келе жатқан бұл бапты заңға енгізген - депутат Қазыбек Иса. Бұл ұсынысты түгел қолдаған Мәжілістің заңнама комитеті мен заң жобасының жұмыс тобы мүшелеріне көп рахмет!

Екінші жақсы жаңалық - үкімет белгілеген Солтүстік өңірге барған қандастарға ауыл шаруашылығы үшін конкурссыз жер телімі беріледі. Бұл суық өңірді жылыту үшін баратын қандастарымыз бен қоныс аударушыларға зор қолдау! Біз бұны 2021 жылы қандастар көші қарқынын күшейтуді талап еткен депутаттық сауалымызда да көтергенбіз.

Үшінші жаңалық – енді Солтүстікке қоныстанушылар үшін берілетін мемлекеттік субсидияны олардың банкке басқа қарыздары үшін бұғаттау болмайды.

Төртінші жақсы жаңалық - енді Қазақстан азаматтығын алғысы келетін қандастарымыздың ұлты «қазақ» екеніне анықтама берілетін болды. Бұл анықтаманы жергілікті уәкілетті органдар құрған комиссия беретін болады. Бұрын еш органның «ұлты - қазақ» деген анықтама бермеуі төлқұжатқа адамның ұлты жазылмайтын Түркия, Иран, Пәкістан, Германия секілді елдерден келген қандастарға өзінің «қазақ» екенін анықтауға кедергі болып келді. Бұл қандастардың талайдан бері айтып жүрген талабы еді! Бұл мәселені, жоғарыдағы 20 баптан бастап, қандастар қамы үшін қайрат көрсетіп жүрген Германиядағы бауырымыз Өмірхан Алтын екеуміз былтыр, 2023 жылы қыркүйек айында Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға кіргенде де көтерген едік.

Қазақ Елін аңсаған қандастарымыздың Ұлы көші қарқынды болып, елге ел қосылуы құтқа айнала бергей!

Алла жар болсын! Ақ жол!

МӘЖІЛІСТІҢ 20 БАПҚА ҚАТЫСЫ ЖОҚ - жалған ақпаратқа айқын анықтама

Көші-қон заңындағы шу болып жүрген 20 баптың 5 тармағы 2023 жылы 16 наурызда Мәжіліс тарап кеткенде, Сенат Әкімшілік реформа туралы заңға өзгеріс енгізу арқылы қабылдаған. 2023 жылы 19 сәуірде Президент қол қойған.

Қазіргі ҚР Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылымы алғашқы Жалпы отырысын 2023 жылы 5 сәуірде бастады. 20 сәуірге дейін 14 заң қабылданды. Бұлардың ішінде Көші-қонға қарсы, 20 бабы 5 тармағына қатысты ешқандай да заң қабылданған жоқ.

Яғни, Ауыт мырзаның: «Көші-қон туралы заңның 20 бабы 5 тармағын Мәжіліс қабылдады» деп, күнде кінәламаса, мүлде ас батпайтын сөзі қып-қызыл өтірік, яғни Мәжіліске жабылған жала болып шықты...

Ауыт бауырымыздың өзі өте жақсы білетін Қытай көсемі Мау Цидунның: «Тексеріп, зерттемеген тақырыпты сөйлеуге құқың жоқ» деп тура тауып айтқан сөзі бар екен...

Санада ұстар, сабақ болар сөз!

Қазыбек Иса

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2050