Жексенбі, 17 Қараша 2024
Саңлақ 2815 48 пікір 21 Ақпан, 2024 сағат 12:30

Тұрлыханов тұрғанда Головкинге тізгін беру не масқара?

Мен қарсымын!

Бүгінде Қазақстанда Үкімет ауысқаны жөніндегі әңгіме гу-гу талқыланып жатса, сонымен қатар, «ҚР Ұлттық Олимпиадалық Комитетіне Геннадий Головкин басшы боп келеді екен» деген алып-қашпа сөз Астанадағы қарлы борандай ұлып тұр. Бұл әңгімені кімнің таратқанын білмеймін, егер рас болса, мен оған қарсымын!

Головкиннің спорттағы табыстарын бір адамдай-ақ білемін. Оның сонау 2004 жылы Афины Олимпиадасының финалында шайқасқанын түбінде отырып көргенмін. Одан бөлек, Америкада небір керемет жекпе-жектер өткізгенде үш рет өз қаржыммен ұшып барып, сол жерден елге репортаж жүргізгенмін! Бұл - менің Геннадиді ғаламат спортшы деп тануымның белгісі.

Ұмытпауымыз керек: Ел Ұлттық Олимпиадалық Комитетіне басшы сайлау аса жауапты мемлекеттік шаруа! Әрине, ол Қоғамдық ұйым, бірақ біздің елде биліктің араласпайтын жері жоқ. Егер дәл солай боп жатпаса, Қазақстанның Ұлттық Олимпиадалық құрамасын әлемнің түкпір-түкпірінде өтетін жарыстарға бастап баратын жанды мың ойланып, бір-ақ шешу керек. Рас, соңғы жылдарға дейін Головкин кәсіпқой рингте жарқылдап көрінді. Біз сол жарқылға алданып отырмыз. Ал осыдан көп жылдар бұрын одан да асқан жарқылды керемет балуан Дәулет Тұрлыханов көрсетіп еді ғой!

Головкин бір Олимпиаданың күміс жүлдегері болса, Дәулет екі Олимпиаданың жүлдегері, үшінші Олимпиадада төртінші орын алған саңлақ емес пе?! Бүгінгі әлемдік күрес өнерінде Дәулетті Құдайдай сыйлайтын жан жетерлік. Кеше ғана Дәулет Тұлыханов еліміздің спорт министрі болды ғой, айналайындар-ау! Бүгінде бүкіл Азия құрылығының күрес өнерін басқарып отырған аймүйізді маман, әлем күрес өнері ұйымының Алқа мүшесі, одан асқан кім бар бізде?! Ғаламат спортшылығына қоса ел көлемі мен Халықаралық кеңістікте ұжым басқарып жүре алатын жан емес пе?!

Ал, Головкин бүгінге дейін бір адам да басқарып ысылмаған, ұжымдық тәртіптің дәмін татпаған жігіт қой! Ол жанға бір елдің тұтас Ұлттық Олимпиадалың Комитетін қалайша сеніп бере салуға болады, ә? Ойланайық та, аз-кем. Дәулеттің жөні мүлдем басқа. Өзі Парламент депутаты. Одан лайықты кім бар? Ел Ұлттық Олимпиадалық Комитетін көрсеткің келсе нағыз алдында қасқайып тұрар батырымыз сол емес пе?!

Мен ешкімнің ұлтына тиіскелі отырған жоқпын. Мысалы Дәулетті алмасақ, Сидней Олимпиадасында алмастай жарқыраған Ислам Байрамуковты таңдайық! Үлкен азамат, ұлтымыздың тілінде таза сөйлеп, елдегі небір маңызды істердің ортасында жүрген қайраткер жігіт! Исламның жәй өмірдегі ұстанымы, үлкенді - үлкен, кішіні - кіші деп бағалай алуы. Ең бастысы Қазақстанның әр ісіне асқан жанашырлықпен қарауы және сол үшін күресуі керемет! Нағыз сенімді де салмақты, қол басқаратын азамат!

Боксшы керек болса, Лондон Олимпиадасының алтынын мойнына тағып, оған қоса Вэл Баркер кубогын ала келген Серік Сәпиев отыр ғой, сол Комитеттің жауапты жұмысында. Серік те көп сөйлемегенімен, ішіне қазына жинаған алтын жігіт. Міне, ұзақ жылдардан бері еліміздің спорт майданында еңбек етіп, тәжрибе жинақтап алды. Спорт министрлігінің Спорт Комитетін басқарды.

Біле білсек, ол да бір бөлек министрлік! Осындай таңдаулар тұрғанда, сонау Амрикаға қоныс аударып алған, елге алыстан қол бұлғап қана жүрген Головкинді шақырғанымызға жол болсын. «Біреу біреудің малын ысқырып жүріп іздейдінің» кері келіп жүрмесін, әлі. Генаның қол бастауға деген тәжрибесі де жоқ қой. Бұл шаршы алаңда екінші біреумен ғана жекпе-жек өткізетін жеке бастың шаруасы емес, ел намысы үшін, ұлттық мемлекеттің абыройы үшін небір үлкен сынақтан өтетін, тіпті, әр қадамыңа есеп беріп, жақсы мен жаманды қос алақаныңа салып, салмақтап отыратын ақыл мен парасат тоғысқан, өмір көрген жанға лайық қызмет емес пе?! Жауапты жұмыс емес пе?! Сөз бастаудың да, қол бастаудың да қиындығын бабаларымыз жеріне жеткізіп айтып кеткен. Ал ҰОК ұжым басқаратын жанға таланттың керегі жоқ деп кім айтты?!

Мен осы ҰОК-тін сонау 1992 жылы құрысып, соның тұңғыш атқару комитетіне тұңғыш мүше болғандардың бірімін. Бұл ұйымның отымен кіріп, күлімен шықтым десем болар. Сондықтан да бұл ұйымды ойыншық қылмай (...Мені қойса да бәрін бүлдіріп біткенше 74-ке келген мен де істей беремін онда. Ал, сол жөн бола ма? Жоқ, әрине!), қалайша бағалау керегін, мұндай мемлекеттік маңызы бар істе асығыстық болмауы керектігін түсіне отырып, түн жамылып жазып отырмын бұл жазбамды.

Мен Ұлттық Олимпиадалық Комитетінің басшысы болып Геннадий Головкиннің келуіне қарсымын! Мұны көпшілік болып ел Президентіне жеткізіп, елдік шешім шығаруға көмек сұрау керек деп есептеймін!

Несіп Жүнісбаев

Abai.kz

48 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1306
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3072
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 4184