Жексенбі, 24 Қараша 2024
Өнер 2402 1 пікір 23 Ақпан, 2024 сағат 12:56

Сүйектен түйін түйген шебер, күйші - Жұмақан...

Алматы қаласы, Алатау ауданының Ақкент мөлтек ауданында негізгі мамандығы скрипкашы, одан сырт қосымша төрт түлік мал сүйегінен сәндік қолданбалы өнер бұйымдарын жасаумен айналысып Қытайға танымал болған шебер, күйші, композитор Жұмақан Нұрмұқаметұлы тұрады.

Жұмақан аға Шыңжаң Алтай қаласы, Шеміршек ауылында қарапайым темірші отбасында 1956 жылы дүниеге келген. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей бала кезінен әкесінің етегіне жармасып жүріп, теміршінің балғасы мен төсінің шыңқылдаған дасын естіп өседі.  Бастауыш мектепті Шеміршекте оқып, қалған оқуын Алтай қаласында жалғастырған ол Шыңжаң көркемөнер мектебіне 4 баланың бірі болып талданып, Үрімжіге аттанады. Мектеп жасындағы кезінде әкесі қарағайдан шабып берген домбырасын тыңқылдатқаны болмаса, басқа музика аспабын өмірі ұстап көрмеген Жұмақан «скрипка» курсынан бір-ақ шығады. Ол бұл мамандықты 1978 жылы бітіріп келіп, Алтай қалалық көркемөнер үйірмесіне жұмысқа тұрады. Аспаптың сан түрін өздігінен меңгерген талантты жас оркестрде скрипкашы, домбырашы, сыбызғышы болумен бірге, сахналық шығармалар мен комедиялық рөлдерді сомдайтын әртіс те болады. «Арасында бухгалтер де болдым», – дейді ол бір сөзінде.

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Он саусағынан өнер тамған Жұкең жұмыстан бос уақтында төрт түлік мал сүйегінен түйін түйіп, сәндік бұйымдар жасай бастайды. Ол алғашында туыс-туған, дос-жаранға кәдесый тарту ету ретінде жасайды. Бұл кейін келе ұлғайып, дамып кәсіп көзіне айналады. Қытай мемлекетінің іші-сыртындағы көрмелерге қойылған оның бұл бұйымдарының көбі сатылып, бірлі-жарымы ғана қайтатын болған. Оның үстіне бас жүлдені қанжығасына байлаған кезі болыпты.

«Мен жан-жақты әртіс болдым»

– Жұмақан аға, қай жердің тумасысыз?  

– Менің аты-жөнім – Жұмақан Нұрмұқаметұлы. Шыңжаң Іле қазақ автономиялы облысы, Алтай қаласына қарасты Шеміршек ауылының тумасымын. Бастауыш мектеп табалдырығын өз ауылым Шеміршекте аттап, толықсыз ортаны  Алтай қалалық орта мектебіне келіп жалғастырып оқыдым.  Сегізінші сынып оқып жүрген кезімде (1975 жылы) аяқастынан конкурстен өтіп, Үрімжідегі Шыңжаң көремөнер мектебіне оқуға қабылдандым.

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Шыңжаң көркемөнер мектебінің қай мамандығын оқыдыңыз?

– Скрипка курсына түстім. Бұл кәсіпті үш жыл оқып, диплом алғаннан кейін 1978 жылы Алтай қалалық ойын-сауық үйірмесіне скрипкашы болып жұмысқа тұрдым. Содан табаны күректей 38 жыл жұмыс жасап, 2014 жылы зейнеткерлікке шықтым.

Алтай қалалық ойын-сауық үйірмесі қайжылы құрылған?

– Алтай қалалық ойын-сауық үйірмесі 1960 жылы құрылған. Үйірме құрамында 60 қа тарта адам қызмет істейді.

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Үйірмедегі әріптестеріңіздің бәрі қазақ па?

– Сахна безендіретін, шырағын жағатын және қосымша жұмыстарды істейтін 7-8 өзге ұлттан басқасының бәрі қазақ.

Ойын-сауық үйірмесіндегілер ән айту, музика тартумен ғана айналыса ма?

– Біздің ойын-сауық үйірмесінің әнші, күйші, бишілері және оркестрі өте сапалы болды. Кейде сахналық шығармаларды өзіміз жасап, өзіміз ойнайтынбыз. Сонымен бірге бізде өте мықты, талатты режиссер, дирижер және композиторлар жұмыс істеді. Үйірмемізде барлық шарт-жағдай жасалған, мүмкіндік болды. Алыстан арбаламадық, жақыннан дорбалап отырдық.

– Сіздер тек Алтай қаласында ғана өнер көрсеттіңіздер ме?

– Біздің ойын-сауық үйірмесі «Алтай қалалық ойын-сауық үйірмесі» деп аталғанымен, оның өрісі өте кең болды. Біз қала қалқыны концерт қойып қалмай, Қытайдың кез келген қала, аймақ, аудан, ауыл, өлкелеріне барып өнер көрсету құқығымыз да, мүмкіндігіміз де бар болды. Оған ешкім шектеу қойған жоқ. Біз концерт қоймаған Шыңжаңның аймақ, аудан, ауылы  қалмаған шығар. Біздің үйірмені негізінен орталықтан тікелей басқарып отырады. Олар қандай нұсқау көрсетеді, біз соны орындауға дайынбыз. Беине сарбаздар секілді, сақадай дайын болып жүрдік.

– Танымал әншілер мен композиторлардан кімдерді атар едіңіз?

– Әрине, атауға болады. Мемлекеттік бірінші дәрежелі композитор Уалиолла Сәдуақасұлы деген танымал композитор ағамыз болды. Мемлекеттік бірінші дәрежелі орындау шебері Шамқиза Есікқызы тағы басқа да танымал сазгерлер бар. Әйгілі термеші Әсемқан Ғибадатқызы, танымал әнші Кенжебек Зиноллаұлы, Бақытгүл Қабипқызы, Мұрат Дәлелқанұлы тағы басқалар бар. Танымал комадик Әскерқан Жәлікейұлы, Жұмақан Нұрмұқаметұлы, Сансызбай Қасенұлы, Төлес Адайқанұлы, Рақила, Бақытгүл қатарлыларды атауға болады. Бұл әріптестерімнің біразы өмірден озып кетті. Ал қалғандары зейнет демалысына шығып, бала-шағаларының ортасында, немерелерінің қызығын көріп аман-есен жер басып жүр.

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

«Алдыңғы толқын – ағалар, кейінгі толқын – інілер» деп ұлы ақын Абай айтқандай Алтай қалалық ойын-сауық үйірмесінде қазір алдыңғы буын аға-әпкелерінің орнын басып, ізін қуған кейінгі толқын жастар жүргізіп жатыр. Дәстүр сабақтастығы осылай жалғасын тауып жатыр деп ойлаймын.

– Сіз жаңа Уалиолла Сәдуақасұлы деген атақты композитор, режисер ағамыз болған дедіңіз. Осы кісінің қандай атақты шығармаларын атар едіңіз?

– Бұл кісінің үш жүзге жуық ән, күй, би музыкалары бар. Олардың бәрін тізбеліп айтып отырсақ, оның өзі ұзақ әңгіме. Мәселен, бастыларын айтар болсам: «Көрікті қыран», «Кестелі сырмақ» қатарлы күйлері, «Ертіс пен Қыран», «Мантор қыз», «Кездер-ай» әндері және көптеген биге арналған музыкалары болды.

– Сіз үйірмеде 38 жыл жұмыс жасапсыз. Бұл жарты ғасырға таяу уақыт деген сөз. Өзіңіздің жазған шығармаларыңыз бар ма?

– Өзімді алып айтсам, мен жан-жақты (универсал) әртис болдым. Қосымша композиторлықпен де шұғылдандым. «Туған ел» атты бір әнім мемлекеттік екінші дәрежелі сыйлыққа ие болды. «Атамекен», «Жолаушы», «Мұңлық-Зарлық», «Көктем», «Жас келін», «Аттылар», «Желіп-аяң» қатарлы 18 күй шығардым. Бұл күйлерім Шыңжаң радиосы мен телеарналарында беріліп келеді.

Қазақ еліне оралғаннан кейін де бірнеше күй жаздым. Мәселен, «Айбынды Қаратау», «Нар желісі», «Қазақ батыры», «Ақ аю». Бұл күйлердің әр қайсысының өзіндік шығу тарихы бар...

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

«Мен он саусағымнан өнер тамған шебермін»

– Сіз өз мамандығыңыздан сырт, қолөнермен де айналысады екенсіз ғой.

– Мен жұмыстан тыс кезімде қолөнермен айналысатынмын. Өйткені, мен он саусағымнан өнер тамған шебермін. Ол маған қанмен келген. Әкем марқұм: «Қол өнер біздің тұқымда ежелден бар. Ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан ата кәсібіміз» деп үнемі айтып отыратын. Әкем Нұрмұқамет азаттықтан бұрын (Қытай коммунистері билікке келуден бұрын) зергерлік өнерімен айналысқан екен. Алайда, жаңа құрылыған үкімет оның зергерлікпен айналысмуына жол бермепті. Содан барып ол амалсыз қара темірге ауысады. Әкемнің ағасы қазақ киіз үйінің мүліктерін жасайтын және етік тігетін шебер адам болатын. Мен бала кезімнен осы кісілердің жанында жүріп, істеген ісін көзбен көріп, жұмысына шамамның келгенінше қолғабыс тигізетінмін. Әкем мені тоғыз жасымнан бастап қасына алып, көрікті қалай басу, темірді қалай қыздыру, балғаны қалай соғуды үйретті ғой.

– Темір мен ағаштан түйін түйетін шеберді білуші едік,  ал сіз сүйектен түйін түйеді екенсіз. Бұл ой сізге қайдан келді?  

– Қытайда 1980 жылы базар экономикасы мен жеке меншік деген жолға қойылды ғой. Осыдан кейін елдің бәрі жеке кәсіп ашып, өз шаруаларын дөңгелетуге көшті. Әркім қолынан не келеді, нені істей алады, сонымен айналысатын заман туды ғой. Шеберлердің дені ағаштан, темірден, тастан қолданбалы бұйымдар жасап кетті. Мен ол кезде бойдақ, жатақханада жатып жұмыс істейтінмін. Бос кезімде бірге жұмыс істейтін, домбыра жасайтын Сансызбай деген досыма көмектесіп жүріп, домбыра жасаудың қыры мен сырын меңгеріп алдым. Қазір ұстап жүрген мына домбыраны сол кезде өзім жасап алған едім.

Бертін келе, менде ұсақ-түйек бұйымдар жасауды ептеп қолға алдым. Ел ағаштан, темірден түйін түйсе, мен сүйектен түйін түйіп көрейін деген бекімге келдім. Қазақ ежелден төрт түлік малмен айналысқан халық қой. Оның етін жеп, терісі мен жүнін тұтынсақ, оның сүйегін де ит-құсқа жем қылмай неге тұтынбасқа, қолданбасқа деген ой болды. Ең бастысы, басқалар айналысып жүрген шаруамен мен айналысқым  келмеді. Өнерде өз бедерімді, өз ізімді салғым келді. Сізге бір қызық айтайын, о заман да, бұ заман сүйектен жасалған төсек болған  дегенді естіп пе едіңіз?

– Естіген жоқпын.

– Сіз естімесеңіз, мен естігем. Менің арғы аталарымның бірі мал сүйегінен төсек, (бұл жердің елі кереует дейді ғой) жасаған екен. Демек, сүйектен түйін түйу менің арғы атамнан келе жатқаны белгілі. Менің тірлігім – соны жаңғыртып, жолға қою ғана. Содан мал, құс, балық сүйегінен әсемөнер бұйымдарын жасауды қолға алдым. Онда да туыс-туғанға, құда-жегжатқа және дос-жаранға кәдесый ретінде жасаған болатынмын. Осы бұйымды сыйға алғандар: «Жұмақан, мынауың бір керемет дүние екен ғой! Неге мұны көбірек жасап, тауар ретінде базарға салып сатпайсың. Сыйға тарту еткенше, солай істегенің дұрыс болар!» деп қолқа салып, қолдау көрсеткеннен кейін, кәсіпке айналдыра бастадым.

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

– Негізінен сіз төрт түлік мал сүйегін пайдаланасыз ғой?

– Иә, негізінен төрт түлік мал сүйегін пайдаланам. Оған қоса құс, балық сүйегінен де жасап жүрмін.

– Сүйек дегенімізбен, оның бойында май болатыны белгілі. Сіз оның майын қалай кетіріп жүрсіз?

– Дайындаған сүйектерді қазанға салып, оған май кетіретін дәрі қосып екі-үш сағат қайнатсам болды, сүйекте май түгел кетеді.

– Сіз сүйектен адам мүсінін жасайсыз ба?

– Мен не жасағым келеді, соны жасаймын. Мәселен, құс жасағым келсе, сол құстың бейнесін жасаймын, ал адам жасағым келсе адамның бейнесін жасап шығамын.

– Сүйектік бәрін керекке жарата бересіз бе, әлде ыңғайына қарай талдап аласыз ба?

– Сіз мал, аң, құс сүйегін қолыңызға алып, сәп салып қарасаңыз көбінің пішіні әр түрлі нәрсеге ұқсап тұрғанын байқайсыз. Мәселен, малдың жағы адамның санына, қолына ұқсай ма, ұқсайды ғой. Ал омыртқасы ұшқан құсқа немесе ертоқымға ұқсайды. Өзім санамда қалыптастырған немесе көрген затты жасаудың алдында сүйекті кесіп, жонып, егеп келтіріп алып, желіммен жапсырып құрасатырамын. Мына шөккен түйені көріп тұрсың ғой, сырттан қараған адамға бұл түйе мүсіні құрама екені білінбейді. Алайда, бұл мүсіннің басы, құлағы, екі өркеші, төрт аяғы желіммен жапсырылған. Екі бүйірін басқа сүйектерден кертіп немесе ұнтақтап желімге араластырып жапсырдым. Жапсырғаны білініп тұрған жоқ, бейне қалыппен құйып жасалғандай секілді көрінеді адамға. Жасаған дүниелерімнің реңін (бояуын, түсін) келтіру өте қиын болды. Бір-екі жыл ізденіп, ойланып жүріп зорға таптым. Жарық жеріне ақ түс келтіру, қоңырлау жеріне қоңыр түс келтіру, көлеңке жеріне қара түс келтіру дегендей. Осындай сан түрлі рең келтіруге келгенде менің басым не дәуір қатқан кездері болған еді.

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

– Сүйекті қырып-жонатын құрал-саймандарыңыз бар ма?

– Қырып-жонатын пышақ, егеу, ұңғы және қоларам бар. Басқа жабдық менде болған емес.

– Сіз бұл бұйымдарыңызды базарға алып шығып саттыңыз ба?

– Саттым. Кейін ел назарына іліккен соң, аудан, қала, аймақта болатын жәрменкелер мен көрмелерге апаратын болдым. Жаман емес, жасаған дүниелерім марапатталатын болды. 2008 жылы Жеменейде Халықаралық көрме өтті, соған мен де барып қатыстым. Үш күн болған көрмеде мен жасаған қолданбалы өнер бірінші дәрежелі жүлдені қанжығасына байлады. Сонда ішкі Қытайдан келген, арнайы қолданбалы бұйымдар жасайтын зауыты бар, ірі кәсіпкер мені шақырып алып әңгімеге тартты. Ол менен: «Сенің компанияңда қанша адам жұмыс істейді» – деп сұрады. – Менде компания деген жоқ, – деп едім, әлгі адам маған таңғала қарап: «Сонда қалай? Осыншама затты жалғыз өзің жасадың ба? Сен недеген адамсың, мен көрмелердің бәрінде бірінші жүлдені бермеуші едім, осы жолы сен тартып алдың», – деп күлді.

– Ол Қытай компаниясы да сүйектен бұйымдар жасай ма екен?

– Ол өте үлкен кәсіп орын, олар сүйектен қолданбалы бұйымдар жасауды білмейді екен. Басқа шикі заттармен жасайды екен. Сүйектен жасайтын дүниежүзінде жалғыз мен шығармын (күлді).

– Бұл кәсібіңізді ұлғайтып арнайы кәсіп ашпадыңыз ба?

– Менің өз жұмысым бар болды. Оны тастап сүйектің соңынан кетіп қалуды қаламадым. Бұл маған қосымша кәсіп болып қалыптасты. Қарапайым сөзбен айтқанда бұл өнер – менің жәй қызығушылығым, ермегім болды. Болмаса Қытай үкіметті маған қолдау көрсетті, талай жерді осы өнерімнің арқасында араладым. Телеарналар мен баспасөз тілшілеріне менен сухбат алып танымал болдым. Шыңжаң әсемөнер кеңсесінің тұрақты жорасы болдым.

Қазақстанға келгеннен кейін бұл өнерімді жалғастыра алмай қалдым. Бұрын жасалған біраз бұйымдарымды Алматыда болған бір-екі көрмеге апарып көрдім, ел бұған онша назар аударған жоқ. Қысқасы, бұл елдің халқы сүйектен жасалған бұйымға қызықпайды екен.

– Қазір немен айналысып жүрсіз?

– Қазір айтарлықтай бір нәрсемен айналысып жүрген жоқпын, анда-санда тыңқылдатып домбыра шертемін. Шақырған жерге қонаққа барып қоямын. Одан басқа уақытта есіктің алдына шығып қариялармен әңгіме дүкен құрамыз. Ол аз болса, кейде карта соғамыз, шахмат пен нарды ойнаймыз. Осылай ептеп күн өткізіп жатқан жайымыз бар.

– Әңгімеңізге көп рақмет!

– Мені елеп, ескеріп іздеп келіп әңгімелескеніңе көп рақмет! Аман-есен бол, бауырым!

Сұхбатты жүргізген Әлімжан Әшімұлы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5572