«Жолшыбай такси» қызметіне жүгіне береміз бе?
«Елімізде такси қызметін пайдаланушылар легі жылдан-жылға артып келе жатқандықтан, қазақстандық таксилер жұмысын халықаралық талапқа сай еткен жөн». Осылай деп мәлімдеме жасап отырған әлеуметтанушы мамандардың есебінше, қазірде Алматы, Астана тәрізді ірі қалаларда халықтың үштен екісі осы қызмет түріне жүгінетін болған. Бұл саладағы қызмет түрін жандандыру қажеттігін көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев мырза да бірнеше мәрте айтып қалған-ды. Бұған қатысты кезінде Жұмағалиев мырза елдегі такси қызметіне қатысты «өркениетті елдердің денінде бұл қызмет түрі халықаралық талапқа сай, қауіпсіздік ережелерін сауатты қалыптастыра алған. Сондықтан бізге де осы межеден шығатын деңгейге жету керек» деген болатын.
Жалпы, халықаралық талапқа сай такси қызметіне қойылатын міндеттемелер: қырағылық және сыпайылық; көліктің қауіпсіз болуы; тазалығы; техникалық байқаудан өтуі; сондай-ақ таксишінің кем дегенде 5 жыл көлік жүргізген тәжірибесінің болуы; тұрғындардың такси қызметіне тапсырыстарын қабылдайтын диспетчер қызметінің болуы; көлікте таксометрдің орнатылуы және көліктердің түсі бірдей болуы қажет. Міне, халықаралық талап такси қызметіне осындай міндеттемелер жүктейді. Ал біздегі такси қызметі бұл үдеден шыға алып жүр ме? Қызмет құны мен сапасы бір-бірімен үйлесімділік тауып жатыр ма? Үйлесім таппаса, біз қашанғы «жолшыбай такси» қызметін місе тұтамыз?

«Тачанка», «пулемет» таксилер көбейген
Жалпы, мамандардың есебіне жүгінсек, бүгінде бір ғана Алматы қаласы бойынша сөз етер болсақ, мұндағы арнайы шақыртумен қызмет атқаратын такси қызметінің орташа құны 1000-1500 теңгенің аралығында. Қызмет күндізгі және түнгі болып бөлінеді. Мұндай таксилердің кептеліс саналатын уақыты күндізгі сағат 12 мен 14 сағат арасы болса, кешкі 17 сағат пен 19-ға дейін. Бір ескеретіні, бұл таксилерді шақыру үшін телефон шалсаңыз, қайсыбірінің жарнамасы да «ұрып» тұр. Мысалы, «тачка», «зеленый огонек», «тачанка», «пролетка», «пулемет» тәрізді атауларды олардың жарнамасын тыңдап тұрып аракідік естіп қаласыз. «Қала тұрғындары да біздегі такси қызметінің сапасын осылай аңғаратын болған» деседі мамандар.
Меруерт МОЛДАБАЕВА әлеуметтанушы, «Нұр» тұтынушылардың құқын қорғау бірлестігінің басшысы:
– Такси көліктерінің ішкі және сыртқы ластығынан, баратын жерге жол ақысын тым қымбаттатып айтатынынан, жолаушыны алып бара жатып, жолда тұрған адамды алып кететінінен әбден шаршаған тұрғындар бізге шағымданып жатады. Тіпті таксилерді телефон соғып шақырғанда уақытында келмейтіні, тым асығыс жүргендіктен, жолаушының мазасы кететіндігі, жолаушы ірі ақша беріп тұрса, өзінде ұсақ ақша жоқ екендігін айтып жолаушының өзін ақшаны ұсатып келуге жұмсауы тым әбестік екендігі халықаралық талапта «тайға таңба басқандай» етіп көрсетілген. Жалпы, біздегі осы қызмет түрінде жұмыс істейтін таксишілер мұның жауапкершілігін сезіне бермейді. Біздің қаламызда жүрген жүрістері тым асығыс «пулемет» таксилер көбейіп кетті. Ал мұның арты жол-көлігі оқиғаларының орын алуына және басқа да жағдайларға әкеліп соқтырып жатады. Сондықтан біздегі таксишілердің қызмет көрсету деңгейіне бақылау қажет. Бұл қызмет түріне барғысы келетін мамандар арнайы қатаң сынақтардан өткені жөн.
Абзалында, мамандардың пайымдауынша, таксилердің қызмет сапасын өсіру үшін оларға берілетін лицензия талаптарын қатайтқан жөн. Сонда бұл қызмет түрінің сапасы сәл де болса артпақ.
Жарнамаларының өзі күмәнді
Негізінде, байыптап көрсек, бұл қызмет түрінің құны бізде жыл сайын өсіп отырады. Бұған дейін таксишілердің қызметіне жүгінгеніміз үшін 800-1000 теңге төлеп келсек, бүгінде телефон шалып арнайы шақырту үшін 1000-1500-2000 теңгеге дейін ақы төлеуге тура келеді. «Бұдан соң өздеріне тұтынушы жинап алу үшін бұл кәсіп түрімен шұғылданып жүрген филиалдардың түрлі жарнамаларына құлақ салсаңыз, сол жарнамаларының өзі күмәнді» дейді мамандар. Мысалы, 158, 555, 999 тағы басқа нөмірлерді терсеңіз, әдеттегідей автоматты жарнамалар тиегі ағытылады. Сол жарнамалардың бір парасы былай тізбектеледі: бізге қоңырау шалу тегін; такси бағасы арзан; жолаушының жайсыз сезінбеуіне кепілдік береміз; әр шақырымына 70 теңге (есептеп көріңіз, шақырымына 70 теңге болғанда қандай ақы төлеуге тура келеді?); жас аналар үшін «авто-няня», яғни авто-бала күтушіміз бар; ішімдік ішпеген жүргізушіміз бар (!), ең күлкілісі де осы емес пе? (нақ осы жарнама рульге ішімдік ішіп алып жолаушы таситын таксишілердің барын нақтылай түсетіндей). Қысқасы, тізе берсек, мұндай жарнамалардан көз тұнады. Ал айналып келгенде, құнының қымбаттығын сөз етсек, олар техникалық қызмет көрсету, сақтандыру, жөндеу, жанар-жағармай қымбат болғандықтан, такси бизнесімен айналысып отырғандарға ауырлық түсіп отырғанын айтып ақталады. Такси бизнесімен айналысатын филиалдар осылай деп сылтау тізбелеп жатқанда, таксишілердің де айтар базынасы жетіп-артылады. Айталық, таксиші бір ауданда жүріп күніне 10 мың теңге тапса, оның 12 пайызын диспетчер қызметіне береді, тағы басқа қосалқы шығындарын есептегенде таксишілердің қолында сол тапқан 10 мыңның 25 пайызы қалады. Сондықтан да таксишілер «барынша асығыс, үлгерімді жылдамдатуға тырысамыз» деседі...
Сапалы әрі арзан қызметтің ауылы алыс
Сөйтіп, бұл салада арзан, сапалы қызмет түріне жүгінудің ауылы әлі де алыстау екені бізге мәлім болған тәрізді. Демек, біз үшін тиімдісі – сол, жол жиегіне тұра қалып, «жолшыбай такси» тоқтатудан артығы болмай тұр. Ал, бұл ретте, мамандар сол «жолшыбай таксилердің» өзіне салық салу қажеттігін алға тартуда.
Тоғжан ШАЯХМЕТОВА, экономист-ғалым:
– Нақ қазір «жолшыбай таксилердің» тапқан табысы да, істеген ісі де қомақты. Бір айта кетерлігі, бұл таксишілер арнайы салық төлемейді. Қала ішінде олардың өзіндік орнатып алған кезегі бар. Сол кезек арқылы жолаушыларын толтырып алады да, діттеген жеріне жеткізіп салады. Ал оларды арнайы бақылап отыратын диспетчерлер мүлде жоқ. Түсімдері айтарлықтай. Сондықтан, менің ойымша, осы «жолшыбай такси» қызметіне арнайы салық төлеуді енгізу қажет. Олар да арнайы тіркеуден өтіп, лицензия алып, түскен табысының 5 пайызын немесе 7 пайызын салық ретінде төлеп отырса, бір реттілік орнайтын еді. Сондай-ақ әлеуметтік такси желісін дамыта алсақ, осы арқылы халыққа дүкеннен азық-түлігін уақытында әкеліп беретін жүйені жетілдіре алсақ, сондай-ақ мүгедектерге қызмет көрсететін таксилердің жұмысы алға басса оң болар еді. Жалпы, такси қызметіне жүгіну кезінде баршылықтың белгісі болса, қазір бұл –заман қажеттілігі. Алматы тұрғындарының үштен екісі қазірде осы қызмет түріне жүгінеді. Бұл саладағы арнайы салық түрі; қызмет көрсету сапасы; қызмет құны белгілі бір өлшеммен үйлесімділік табуы тиіс. Бір сөзбен айтқанда, біздегі такси бизнесіне де мемлекеттік бақылау керек.
Автор: Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ
"Алаш айнасы" газеті