Қазақ мінезінің өзгеруіне бодандықтың әсері қандай?
Қазақ мінезінің өзгеруінің себебі. Көшпелі дәуірдегі тәңіршілдік аясында қалыптасқан ежелгі «ер мінезді» болмысынан айрылып, бүгінгі қазақ момынға айналғаны, «қой мінезді» болғаны жиі айтылып жүр.
Қазақ болмысының осындай үлкен өзгеріске түскенін жасыруға болмайды. Өйткені бұрынғы дәуірге көз салып, қазақтың ежелгі және бүгінгі болмысын салыстыратын болсақ, бұған көзімізді оңай жеткізе аламыз. Бұл өзгерістің де себебі бар.
Көшпелі тіршілік бүкіл болмыс көріністерін бір Тәңірі ретінде қабылдап, қоршаған ортамен толық үйлесімді өмір сүруге мүмкіндік берді. Яғни, өмір табиғи болды. Ал көшпенділіктің әсері әлсіреп, табиғаттың ықпалынан шыққанда бұрынғы табиғи тіршілік жасанды өмірге айналып кетеді. Мұндай өзгерісті отырықшылықққа толық өткен елдерден көруге болады. Сөзіміз түсінікті болу үшін бір мысал келтірейік. Алғашқы шыққан тегі бір болғанымен, бүгінгі қазақ пен өзбектердің болмысында үлкен айырмашылықтар бар. Отырықшылыққа бұрын өткен өзбек халқында жасандылық байқалады. Солардың бірі қонақжайлық. Әрине, өзбектер де өте қонақжай халық. Бірақ, қазақ пен өзбектің қонақжайлығында айырмашылық бар. Өзбектер қазақтарға қарағанда үнемді, үлкен ысырапқа жол бермейді. Ал қазақ болса бір күндік мейрамы үшін қарыз алып, оны өмір бойы төлеуге дайын. Себебі, қазақ бір Тәңірге сеніп, табиғат не берсе, сонымен өмір сүріп үйренген. Өзбек болса, өзінің еңбегіне сеніп, оның жемісіне сүйеніп үйренген. Сондықтан ол еңбегін бағалап, дүниесін үнемдейді, ал қазақ болса, алған қарызын тағдырдың берген олжасындай көріп, оның келешектегі зардабына көп көңілін аудармайды. Алдағы өмірді ойламай, той-думанның соңында жүрген бүгінгі өмірімізді осылай түсіндіруге болатын тәрізді.
Бірақ, бүгінгі өмір басқаша. Бұл өмір көшпелі дәуірдегі тәңіршілдіктің ықпалы әлсірегеннен кейін бұрынғы ғасырлар қойнауынан келе жатқан қалпынан айырылып, оған мүлде қарсы көрініс алды. Осылай бойымыздағы бұрынғы көркем мінездеріміз өздерінің кері сипатын алып, бүгінгі күндері күншілдік, іштарлық, алауыздық, көре алмаушылық, қарабасының қамын ғана ойлау тәрізді көріксіз қасиеттерге ауысып, болмысымыз мүлде басқа түрге көшті деуге болады. Халықтың бұлай өзгеруіне, әрине, оның өзін кінәләуға болмайды. Табиғатта секіру деген жоқ, барлық құбылыс эволюциялық жолмен уақыт ықпалымен өзгереді. Сондықтан, қазақтың бұрынғы көркем мінезінің бүгінгі өзгерістерге бейімделе алмай, өзінің кері әсерін беруі табиғи құбылыс деуге болады.
Ендігі мәселе өзгерген сол «ер мінезімізді» қайтадан қалпына келтіру болып отыр. Ол үшін әуелі оның қалай өзгергеніне көз салып, өзгеру себептерін анығырақ түсініп алуымыз керек.
Бодандық әсері. Қазақ болмысының өзгеруіне үлкен әсер еткен себептердің бірі бодандық болды. Ресей империясы кезіндегі қыспақ Кеңес дәуірінде коммунистік идеология шеңберімен жалғасып, қазақтың бұрынғы еркін мінезін толық өзгертіп жіберді. Сол қыспақтың салдарынан ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық еркін мінезден айырылып, бүгінгі күндері қарабас қамынан шыға алмайтын әлжуаз, болбыр тәуелді қазаққа айналдық. Мұндай мінездің салдары туралы көп жазылды да, айтылды. Адам санасын тіршілік жағдайлары қалыптастырады деген осы болса керек.
Мұндай өзгерістің себебін Абай былай деп көрсетеді:
Еріксіз түскен ылдидан,
Еркіңмен шыққан өр артық.
Қорлықпен өткен өмірден,
Көсіліп жатқан көр артық.
Фәни әлемде жақсы болсын, жаман болсын, адам мінезінің өзгеруі сыртқы күштердің әсерімен, яғни, адамның ниетіне қарсы, зорлықпен болады. Еркінен айырылған адам құлға айналады. Құлдың өзінде ерік болмайды. Оның еркі құл иеленушінің еркімен шектеледі. Ол қол астындағы құлын өзінің еркінше өзгертіп алады. Ресей саясаты да осы әдісті пайдаланды.
Қазақ елінде ғасырлар бойы қалыптасқан хан-сұлтан билігін ел басқарудан біржолата ығыстырып, жалпы империялық басқару тәртібін енгізу үшін ол 1867—1868 жылдардан бастап Қазақстан аумағында әкімшілік реформа жүргізілді. Жаңадан енгізілген шаралар өлкені шаруашылық жағынан отарлауға және Ресейден қоныс аударған шаруаларды одан сайын көбейту үшін жасалды. Бұл реформа қазақ өлкесінде отаршылдық тәртіпті нығайтуға бағытталды. Өйткені біріншіден, қазақ даласында сұлтандардың билігі әлі де бұрынғысынша сақталып қала берген еді. Олардың билігі патша үкіметінің Қазақстан аймағын неғұрлым тезірек отарлауына кедергі болды. Реформа әрі қарай өзгертіліп, облыстық, уездік, болыстық, ауылдық басқаруға бөлінді. Мұндай бөлшектеу елдің бірлігін бұзып, патша үкіметіне қазақ халқын отарлық құлдықта ұстауын жеңілдетті. Басқару аппаратын әскери-полицейлік функциямен қамтамасыз ете отырып, оларды жоғары отаршыл әкімшіліктің қатаң қадағалауында ұстады. Отарлау реформасы түрлі облыстарға, уездерге бөлшектеу арқылы қазақ халқының бірлігін бұзып, бүкіл ел бір әскери басқарманың қолында болуы үшін жасалды. Реформа халықты еркінен айырып, оны отарлық езгіде ұстау, бірігіп бас көтеруіне мүмкіндік бермеу мақсатын көздеді.
Болыстар мен ауыл старшындары 3 жыл мерзімге сайланатын. Болыстарды губернатор, ал ауыл старшындарын уезд бастығы бекітті. Сондай-ақ оларды бұл қызметтерден кез келген уақытта алып тастауға да құқықты болатын. Болыстар мен ауыл старшындарын қызметке бекіту мен қызметінен алып тастаудың мұндай тәртібі қазақты орыс билігіне тәуелділігін күшейте түсті, сонымен бірге, ел арасына іріткі салып, өзара тартысты көбейтті.
Ауыл старшындарына және болыстарға қоладан құйылған төс белгілер, сондай-ақ арнайы жасалған мөр беріліп, олар отаршыл әкімшіліктің полиция және тыңшылары міндетін қоса атқарды. Олар қазақ даласында үкіметпен алауыздық тудырмайтын тыныштық орнатуға міндеттенді. Сонымен қатар заңдардың қатаң сақталуын, алым-салықтың уақтылы әрі толық жиналуын, басқа да міндетті борыштардың түгел орындалуын қамтамасыз етуге тиіс болды. Олар сот шешімдерінің және халық соттары қаулыларының орындалуын жүзеге асыруға да міндетті еді. Осылай, жағымпаздық, парақорлық, сатқындық тәрізді мінездер қалыптаса басталды. Бұрынғы еркін қазақ тіршілік шырғалаңына түсіп, бұрынғы мейірімді, жомарт мінезі қатыгез, күншілдік, құлқын қамынан аса алмайтын жексұрын қасиеттер ала бастады. Сөйтіп, «Жаңа низам» заңы қазақ халқын өзін-өзі билей алмайтын бейшара күйге түсірді, бір қазақты «алты бақан, ала ауыз» етті. Абай өмір сүрген заман дәл осындайға тұспа-тұс келген еді. Патшалық басқарудың зымияндық астарына, отарлық заңның сұрқиялығына көзі жеткен Абай: «Қысқа күнде қырық жерге қойма қойып, қу тілмен қулық сауған заңы құрысын», – деп күйінеді. Қазақтың рухын, ділін, дәстүрін түбегейлі құртуға бағытталған аяр заңның астарын аңдаған Абай: «Қызмет қылма оязға, жанбай жатып сөнуге. Қалай сабыр қыларсың, жанбай жатып сөнуге?», – дейді.
Осы кездегі қазақтың мінезінің өзгеруін сынап Абай бірсыпыра ғибратты сөздер жазғанын білеміз. Мысалы, «Мәз болады болысың» атты өлеңінде шенді шекпенге қызыққан атқамінерлерді былай деп сынайды:
Мәз болады болысың,
Арқаға ұлық қаққанға,
Шелтірейтіп орысың,
Шенді шекпен жапқанға.
Күнде жақсы бола ма,
Бір қылығы жаққанға?
Оқалы тон тола ма,
Ар-ұятын сатқанға?!...
Бұл өлеңде болыс болған қазақтың мінез-құлқы үшінші жақтан суреттеледі. Ақын болыстың қолымен жасаған нақты ісін ғана емес, сонымен қатар оның көп сырын бүгіп, бүркіп жатқан ішін де ашып керсете отырып, адам мінезін ашудың ұтқыр да, ұтымды тәсілін шебер пайдаланады. Ұлық арқаға қақса, мәз болып, иығына шекпен жапса, шат болып, әр жерде жоқты-барды шатып, күпініп, қампайып, шалқып жүрген болыс әлдебір қуанышы үшін үй-ішін, ауыл-аймағын түгел әурелеп, әбігерге түсіреді. Ал ісі оңға басса, күлмеңдеп, өлең қағып, қасқайып, мақтанға салынады, бас пайдасы, құлқының қамы үшін біреулерді қақпанға түсіруді ойлайды, ел ішінен бір дәмдіні татып, өңеші майлана қалса, қолын шапалақтап жас баладай қуанады.
Өмір күресі жүректі тазалап, адамды жетілу жолына салады. Бірақ, күрестің мақсаты бірігу үшін емес, бас пайдасына бағытталғанда, бұл күрес жүректі былғайды. Былғанған жүрек ақыл мен қайратты басқара алмайды, адам қиянат істерге барып, күнәға батады. Күнәлі іс жүректі одан әрі былғайды. Осылай, адам күнәдан күнәға батып, үздіксіз құлдырау жолына түседі. Ресей саясаты ғасырлар бойы қалыптасқан қазақтың бірлігін бұзды, әркім өз бас пайдасымен кетті. Осылай қоғамда алауыздық молайып, өзара күрес машыққа айналып кетті. Бүкіл халық бұл ағымнан шыға алмай, ұлттық болмыс мінез толық өзгеріске түсті. Бүгінгі қазақ мінезінің өзгеруі сол заманнан басталып, әлі де жалғасып келеді деуге болады.
Сол кезде қазақ мінезінің өзгергені туралы Абайдың көп жазғаны белгілі. Күңірене жазған әйгілі өлеңінде ол былай дейді:
Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың...
...Бас-басыңа би болған өңкей қиқым,
Мінеки бұзған жоқ па елдің сиқын?
Өздеріңді түзелер дей алмаймын,
Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың.
Бұрынғы болмыспен үйлесімді көшпенді өмірде қалыптасқан қазақ болмысы енді Ресей империясы жасаған жасанды тәртіп құрсауында қалды. Осыны көрген Абай «Өздеріңді түзелер дей алмаймын, Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың» деп, қазақтың мінезінің бүгінгі өзгерісін түсіндіргендей болады.
Қазақ бойында көшпелі дәуір ғасырлар бойы қоршаған ортаға бейімделгіш қасиет қалыптастырды. Өзінің сол асыл қасиетін қазақ енді жаңа дәуірде қолдануға ұмтылды. Тұрмыстың жаңа өзгерісіне бейімделуге тырысты. Осылай ол бас пайдасы үшін бәсекелестерін қаралап, жала жауып, олардан құтылу жолдарын іздеді.
Болмыс аясында қалыптасқан қазақтың көркем мінезі осылай күрт өзгеріп, тұтас тұлғасы ұсақталып, адам танымастай өзгеріске түсіп кетті.
Патша дәуіріндегі қалыптасқан мінез көрінісі Кеңес үкіметі келгенде әрі қарай жалғасты. Мысалы, Кеңес дәуірінде зиялы қауымның 25 мыңы репрессияға ұшырап, еліміздің ең аяулы бөлігінен айырылып қалдық. Оның себебі қазақтар бірінің үстінен бірі домалақ арыз жазып, көрсетіп отырғаны кейінгі ашылған құпия құжаттар дәлелдеп отыр. Орта Азия халықтарының арасында мұндай шығын ешбір елде болмаған. Мансап, бас пайдасы үшін күресте өмірге бейімделгіш жақсы қасиетіміз, осылай өзінің кері әсерін берген екен.
Бүгінгі күндердегі ел басқаруда жылпос, алаяқ адамдардың көбеюі, коррупцияның күш алып кетуі тәрізді келеңсіздіктер осының бір көрінісі болып табылады. Осылай, ғасырлар бойы қалыптасқан көркем қасиеттері өзіне кері әсер етіп, енді қазаққа зардап әкеліп отыр.
Досым Омаров,
абайтанушы, теолог
Abai.kz