Жұма, 22 Қараша 2024
Ақмылтық 1903 12 пікір 3 Сәуір, 2024 сағат 17:31

Су басқыны бойынша үндеу: Елге қолайлы әкімшілік құрылым қажет!

Құрметті ағайын!

Елдегі су басқынының зардабын шеккен халқымыздың жағдайына жайбарақат шыдау мүмкін емес. Осыған орай Қазақстанның азаматы ретінде мынаны мәлімдеймін.

Елдегі су басқынына бірнеше себеп бар.

Оның бастылары:

1. Ғаламдық өзгерістер мен Жердің экологиялық тозу мәселесі;

2. Елдің әкімшілік-аумақтық құрылымының ескі иерархия форматында қалуы;

3. Жемқорлық, ұры-қарлық, қабылетсіздік...

Осылардың ішіндегі 2-себеп біз үшін маңызды. Өйткені, басқа себептерге барынша тойтарыс беретін, келеңсіздікті жоятын - бірден бір ел басқарудың әкімшілік жүйесі.

Жылдың төрт мезгіліндегі төрт дүлейге дайын болмау мен қырсыздық, қауқарсыздық, қыруар қаржының тиімсіз жұмсалуына осы себеп қана жауап береді.

Мәселе – шлюздердің ашылмай қалуында емес,  саланы басқаратын Склярда емес!

КСРОдан қалған әкімшілік-аумақтық формат жаңа жағдайдағы мемлекетті басқаруға икемсіз.

Бұрынғы тоталитарлық-авторитарлық әкімшілік-аумақтық  жүйе әлі жаңарған жоқ. Әсіресе, мемлекетті тігінен және көлденеңінен басқарудың әкімшілік жүйесі советтік иерархияның форматында қалып отыр.

Елдің қыруар әлеуеті мен ресурсы соның кесірінен оңды-солды рәсуә болып, тиімсіздік абыройсыздыққа ұласуда.

Қазыр жергілікті әлеует пен мемлекеттік ресурс әрі-сәрі, кімнің нені басқарып, не істеп отырғаны түсініксіз. Орталық пен өңірлердің арасында тығыз шешімтал қатынас жоқ. Үшдеңгейлі ескі советтік қазақстандық әкімшілік иерархия өзін ақтай алмай, халқымыз соның кесірінен жапа шегуде.

ҚЫСҚАСЫ, ЖЕР АУМАҒЫ ОРАСАН, ХАЛҚЫ АЗ ҚАЗАҚСТАН ҮШІН,

Ел басқарудың әкімшілік тетігін қосдеңгейлі форматқа көшіру керек, атап айтқанда:  қалыптасқан тоталитарлық әкімшілікті ығыстыратын, жергілікті өзін өзі басқару мен жоғарғы-мемлекеттік деңгейдегі қоссатылы аумақтық-әкімшілік ФОРМАТЫ қажет.

Ортаңғы ОБЛЫСТЫҚ әкімшілік жүйені жауапсыз, икемсіз, қауқарсыз,қырсыз,  бойына бүкіл субъектив себептер мен кеселдерді жинаған звено ретінде мүлдем жою керек.

17 облыстық әкімшіліктің орнына ежелгі төрктердің жүйесіне (АҚ,КӨК,ҚЫЗЫЛ,ҚАРА,САРЫ) салып, 5 аймақтық министрлік құрып, сол аймақтарға мемлекеттік ресурс пен билікті әділ түрде тарату керек те, жергілікті әкімшілік жүйені түгелімен Халыққа тапсыру қажет: барлық әкімдер мен мәслихаттарды халық ШЫНАЙЫ сайласын, өз бюджетін өзі жасақтап, өзі жұмсап, өзі бақыласын!

Бұл әкімшілік формат ең алдымен Жергілікті қолда бар ресурсты Халықтың өз өміріне тиімді жұмсауына керек. Халық кәзіргідей жаутаңдап тентіреп қалмау үшін қажет!

Жергілікті жұртшылық өз қамын өзі ойлап, өз мәселесін өзі шешуге қажет ресурсты тиімді пайдалануға қолжетер биліктің көзі халықта болуы тиіс.

Сонымен бірге өңірмен тығыз қатынаста болатын әрі мәселені мемлекеттік деңгейде шешетін жоғарғы мемлекеттік әкімшілік құрылымы да сәйкесінше құзырлы мемлекеттік орган болуы  қажет.

Іріленген әрі толық құзыры бар 200 ауданның есебінен құрылған 5 аймақтағы 5 министрлік тікелей Үкімет құрамына кіріп, жоғары билікке есеп беруге және Үкіметтің өзі аймақтағы мемлекеттік міндеттерді атқаруға осы министрліктер арқылы тікелей араласуға мәжбүр әрі жауапты болар еді.

Бұл аймақтық министрлер Парламенттің бекітуімен тағайындалғаны абзал.

Қоссатылы бұл басқару форматы көктемде су апатынан, жазда от апатынан, күзгі өнімнің рәсуә болып, қыста қарлы боранның құрсауынан құтқару үшін ғана емес, елдің өмірін  тыңғылықты басқаруға тиімді мемлекеттік әкімшілік жүйеге айналатыны сөзсіз.

Халықты әкімшілік құрылымның былығынан құтқаратын уақыт келді, ағайын. Тағы да айтам, мәселе ашылмай қалған шлюз бен саланы басқаратын Склярда емес... Әкімшілік басқару жүйесінде!

Билік пен халықтың назарын осыған аударғым келді.

Апаттан аман болайық!

Құрметпен: Серік Ерғали,

90-жылдардағы Азаматтық «Азат» қозғалысының негізін салушылардың бірі, 1992 жылы әзірленген «Көсеге қайтсе көгерер?» саяси тұжырымдаманың авторы.

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320