Abai.kz-ке 15 жыл: Министр Балаеваның құттықтауы
Бүгін Abai.kz ақпараттық порталының құрылғанына 15 жыл. Біздің ұжым осы бір дөңгелек датаға орайластырып бірқатар іс-шаралар жоспарын әзірлеген. Алайда тосыннан болған тасқын су еліміздің ондаған өңірін басып, еліміз Төтенше жағдайды бастан кешіруде. Мұндай алағай да бұлағай уақытта Abai.kz ақпараттық порталы да той-тойлап жатуды жөн санамады.
Десе де, портал оқырмандарына ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаеваның құттықтау хатын ұсынғанды жөн көрдік.
Abai.kz ақпараттық порталына
Құрметті әріптестер!
Сіздерді Abai.kz ақпараттық порталының 15 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!
Ұлы Абайдың атын арқалап, еліміздің ақпараттық кеңістігіне айшықты бағыт-бағдарымен қосылған портал тың тақырыптарымен, ерекше айдарларымен мыңдаған оқырманның ыстық ықыласына бөленді.
Он бес жылдық тарихында белгілі қаламгер Дәурен Қуаттың жетекшілігімен ел мүддесін қозғаған өзекті мәселелер көтеріп, ұлт зиялыларының мәртебелі мінберіне, еркін пікір алаңына айналды.
Портал бүгінде мемлекетіміздің қалыптасуы мен руханиятымыздың дамуы, еліміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік-тұрмыстық, әдеби-мәдени өмірінің жан-жақты жандануы жолында қажырлы қызмет етіп келеді.
Кәсіби мамандар шоғырын қалыптастырған ұжымға толайым табыс, шалқар шабыт пен жарқын жетістіктер тілеймін!
Өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан Abai.kz ақпараттық порталының ғұмыры ұзақ болсын!
Құрметпен,
Министр Аида Балаева
Abai.kz