Абай ілімі: Сенім мен иманның танымға әсері
Сенім мен иманның танымға әсері өте үлкен. Бұл екеуі Болмыстың заттық және рухани бөліктерін толық тануға мүмкіндік береді. Сондықтан, олар адам дамуының негізгі шарты болып табылады. Сонымен бірге, сенім мен иман танымға ықпал жасаса, таным да сенім мен иманға әсер етеді. Осылай олар бірімен бірі тығыз байланыста. Танымның сенімге әсері туралы өткен мақалада жазылды, енді сенім мен иманның танымға әсері туралы сөз болады.
Сенімнің танымға әсері. Қарапайым адам фәни әлемнің жарқылына толық сеніп, одан өзіне ләззат алып, бақытты болғысы келеді. Бұл тән құмары. Тән құмарынан пайда болатын ұйқы, тамақпен қоректену, ұрпақ қалдыру және қорғану тәрізді бүкіл барлық жан иелеріне тән қажеттіліктер адамды бұл өмірде тыныштық таппай әрекет етуге мәжбүрлейді. Жан құмарын ескермейтін, тек қана тән құмарына берілген адамдар бұл қажеттіліктер өмірдің негізгі мақсаты деп сенеді. Мұндай сенім оларға табиғат көріністерін танып, өздеріне пайдалануға мүмкіндік береді. Фәни әлем адамға толық бақыт береді деген сенім, осылай қоршаған ортаны тануға ынталандырып, заттық өркениеттің дамуына әсер етті. Өкінішке қарай, тек қана заттық өркениеттің дамуы адамды толық қанағаттандыра алмайды. Оған бүгінгі күндердегі әлемдегі қақтығыстар, ауарайының бүлінуі, бұрын болмаған түрлі апаттардың пайда болуы тәрізді келеңсіз құбылыстар жақсы дәлел болып отыр. Бұл адамзат көлемінде. Адамзат өмірі әрбір адамның өмірінен басталады. Сондықтан, әрбір адамның өмірі де негізінен тән құмарына бағытталады. Бұл қарапайым пенденің өмірі.
Фәни өмірдің жарқылына сеніп, оны тану арқылы бақытқа ұмтылу барлық пенделердің өмірі. Жан өзінің тану мүмкіндігін тек қана болмыстың заттық көрнеу бөлігіне бағыттағанда ол осылай материалдық өмірдің шырмауына түседі.
Абайдың өзі де жас кезінде осындай өмірден өтті. Сөзіміз түсінікті болу үшін, Абайдың өз өмірінен мысалдар келтірейік. Ол жас шағында өмірдің қызығына көп еліктеген. Аң аулау, ат жарысы, ән мен күй тәрізді өмір көріністерін көп қызықтаған. Өзіне ұнағанын қанша дүние сұраса да беріп, сатып алып отырған. Өзіне бірдеңе ұнағанда, әрине, Абай бойында қуаныш, ләззат, бақыт тәрізді адамға ұнайтын сезімдер пайда болды. Бұл сезімдер оның табиғатына әсер етіп, ақылын оған байлады. Байланған ақыл өзіне ұнаған нәрсесіне ие болуға мәжбүрледі. Өзіне тиесілі емеске мұндай ұмтылыс жүректі былғап, қиянатқа әкеліп, күнә жасатады. Не себептен өзіңе ұнағанға ие болуға ұмтылу күнә жасатады? Себебі, адам сол сәтте барлығы Оныкі (Құдайдыкі) екенін ұмытады. Осылай пенде баласы өзінің білместігінен қоршаған ортаны «менікі» деп есептеп, менмендігі өседі. Осылай затқа байланып, фәни әлемнің ықпалына түсіп қалады. Шын мәнінде оның ещтеңесі жоқ. Абайдың өзінің сөзімен айтқанда «Адам ғапыл дүниені дер менікі, Менікі деп жүргеннің бәрі Оныкі». Сондықтан әрбір істі асықпай, мәні мен мәнісін түсініп, сабырмен жасау керек. Бұл туралы Абай «Асығыс түбі өкініш, ойланып алмақ сабыр сол» дейді. Бұлай болмағанда қиянаттан жүрек былғанып, «жарым адам» деңгейіне құлдырайды. Бүгінгі қоғамдағы сергелдеңдердің негізгі себебі де осы.
Бірақ, Абай қарапайым пенде емес, хакім деңгейіне көтерілген адам, сондықтан дер кезінде есін жиып, өмірден сабақ алып, нәпсі ықпалынан құтылуға мүмкіндік ала білді.
Ол ой өрісі жетілгенде өзінің көп уақытын мардымсыз өткізгеніне өкінген. «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Бір дәурен кемді күнге -- бозбалалық», «Ғылым таппай мақтанба», «Күнәйім көп Илаһи, Кешіре гөр мұнымды», «Не іздейсің, көңілім, не іздейсің?» тәрізді өлеңдерінде осыны мойындап өкінген көңілін білдіреді. «Ойға түстім, толғандым», «Осынша ақымақ болғаным көрінгенге қызықтым. Ғаділетті жүректің әділетін бұзыппын» деп ол қателігін мойындайды.
Бірақ, күнделікті өмірде көпшілік қауым Абайдай бола алмайды. Олар нәпсінің ықпалынан шыға алмай, әлемді өз қарабасы үшін танып-білуге ұмтылады. Сол себептен Жаратушыны ұмытып, не болмаса қабылдағысы келмей, адам санасы фәни әлемге байланып, Болмыстың біртұтастығын бұзады. Өздерінің қызығын қорғауға ұмтылғандықтан, түрлі көзқарастар, ағымдар пайда болып, араларында келіспеушіліктер, талас туады. Осылай жарықшақ шығып, бір келісімге келе алмай, өзара қарсыласып, бұрынғы біртұтастық жойылады. «Жарым адамдар» қоғамы дегеніміз осындай болса керек.
Адам көңілі бұрынғыдай қоршаған табиғатқа емес, өзінің күнделікті өміріне ауады. Адамдардың ойы Тәңірге емес, енді өздерінің қарабас қамына шоғырланды. Адамдар бірінен бірі алшақтап, мыңдаған адамдардың арасында өзін жалғыз сезінетін болды. Өзара бірлік бұзылып, мейірімділік, қамқорлық сезімдерінен айырылып, рухани деңгейі құлдырап кетеді.
Қоғам бойынша алатын болсақ, Тәңірдің тұтастығынан шығатын алғашқы монотеистік ұғым бөлініп, политеизмге айналып, адамның ой жүйесі тарылып, болмыс көріністерін бөліктерге бөле бастайды. Осылай адамзат қоғамында көпқұдайшылық, олардың түрлі көріністері, діни ағымдар пайда болып, фәни әлем саналуандығын тудырады. Сенімнің мұндай ұсақталуы Болмыстың заттық бөлігіне түсіріп, заттық өркениет күш алып, фәни әлемнің заңдылығына шырмайды. Адамзат құлдырау жолына түседі. Бүгінгі күндердегі адамзат қоғамының түрлі қиыншылықтар шырмауына түсіп, заттық әлем шырғалаңынан шыға алмай жүргені осының көріністері.
Өмірдің мұндай төменгі деңгейін Абай «Ақылға сәуле қонбаса, Хайуанша жүріп күнелтпек» деп хайуан өмірімен салыстырады. Алғашқы бір негізден пайда болған араб пен еврей халықтарының, не болмаса, орыс пен украин халықтарының арасындағы бүгінгі соғыс, және әлемдегі дінаралық қақтығыстар осының дәлелі тәрізді. Бұл алауыздықтар күнә жасатып, жанды былғап, жүрек көзін жаба түседі. Менмендік күш алып, қоғам бірілігі бұзылып, адамдар азып кетеді. Әлемдегі пайда болған әрбір құбылыс біртіндеп әлсіреп, ақыры жойылып жатады.
Адамзаттың бүгінгі заттық өркениетіндегі біртұтас Болмыстың бөлініп, ұсақталу себебі көшпенді өмірден отырықшы өмір салтына ауысудан басталды.
Бұл шырғалаңнан шығу жолы біреу. Ол жол – енді бөлінуді қойып, қайтадан бірігуге ұмтылу. Сөйтіп, жағдайды жақсы түсіне отырып, Болмыс үйлесімділігін қалпына келтіруге болады. Бұл жүрек көзін ашып, іштегі кірді қашыруға мүмкіндік береді. Осылай адам заттық деңгейдегі сенімнен рухани деңгейдегі имандылыққа көтеріледі.
Иманның танымға әсері. Заттық деңгейдегі сенім мен рухани деңгейдегі иманның айырмашылығы үлкен. Сенім болмыстың материалдық бөлігін ғана танып, адамды рухани құлдырау жолына түсірсе, ал иман, керісінше, болмыстың рухани және материалдық бөлігін бірдей қамтып, адамды жетілу жолына түсіреді. Абай ілімдегі «адам» деңгейі осындай иманнан басталады. Иман Болмыстың заттық бөлігін ғана емес, рухани бөлігін де тануға мүмкіндік береді. Иман адамды өмірдің түпкі мақсатына жеткізетін негізгі шарт.
Сенімді иманға қалай айналдыруға болады? Бұл сұрақтың маңызы өте зор. Егер адам Абайдың «Алланың барлығына болмыс куә» деген ойын дұрыс түсініп, қабылдай алса, онда болмыс көріністерін тану барысында бүкіл әлемнің бір Жаратушысы барына сеніп, оның сенімі иманға айналады. Бұл рухани сенім, яғни, иман. Имансыз таным тәңіршілдіктің, сонымен бірге, барлық діндердің, бүкіл қоғамның құлдырау себебі болса, ал иманды таным, керісінше, ойдың өрісін шексіз кеңістікке салып, жетілудің шыңына жеткізеді.
Осылай иман танымды оятып, ой өріс Болмысты толық қамтып, адам рухани жетіле бастайды. Бұл құбылысты Абай былай деп көрсетеді:
Жүректің көзі ашылса,
Хақтықтың түсер сәулесі.
Іштегі кірді қашырса,
Адамның хикмет кеудесі.
Сенімді иманға айналдырып, Болмыс заңдылықтарын толық тануға ұмтылғанда Аллаға деген «Ынталы жүрек, шын көңіл» пайда болып, үлкен қайрат пен жігер пайда болады. Жетілу жолында ондай адамға фәни әлемнің шырғалаңдары кедергі бола алмайды. Жүректің көзі ашылу дегеніміз осы. Сол кезде Хақтықтың сәулесі жүрекке түсіп, іштегі кір қашып, адам болмысы тазарады. Нәтижесінде адамның кеудесі хикметке толып, өмірдің қандай шырғалаңдары болса да оңай жеңіп, өзінің мақсатына жетеді. Ол өзінің рухани болмысын танып, Алланы танып, өмірдің түпкі мақсатына жетуге мүмкіндік алады.
Сенім мен иманның, заттық әрекет пен рухани әрекеттің, фәни әлем мен бақи әлемнің айырмашылықтары осында жатыр. Ең маңызды мәселе -- сенімді иманға айналдыруда. Осылай Түп Иеге қайтуға жол ашылады. Ал бұл жол шексіз, сондықтан, кімге болса да, Алланың шапағат нұрына бөленген шексіз бақыт жолы ашылады. Адам өмірдің түпкі мақсатына жетуге мүмкіндік алады. Рухани жолда иманның осындай үлкен маңызы бар.
«Адам» мен «толық адамның» айырмашылығы олардың имандарының дәреже айырмашылығында жатыр. «Адамның» иманы толық емес, ал «толық адамның» иманы толық. Толық иманды адамның барлық әрекеті рухани деңгейге көтеріліп, фәни әлем заңдылығынан шығып, мүлде басқа қасиет алады. Рухтың қасиеті шексіз болғандықтан, иман Болмысты толығырақ тануға құмарландырып, шексіз ізденіс жолына салады. Болмыстың заттық бөлігін зерттейтін ғылым ғана емес, оның көрінбейтін эзотерикалық әлемі де зерттеліп, бүкіл әлемнің терең сырларын түсінуге мүмкіндік туады. Адам ғалым деңгейінен «толық адам» сатысындағы хакім деңгейіне көтеріледі.
Толық иман Болмыстың шексіз әлемдік көрінісін танып қана қоймай, оның негізі болып табылатын рухани көзін де танып, әлемнің бірлігіне алып келеді. Әлемнің жалпы заңдылығын танып, Алланың хикметтерін, шексіз рақымдығын, мейірімділігін сезіп, танығанда махаббат сезімі оянып, Абай көрсеткен «Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті» деңгейіне көтеріледі. Бұл Абай көрсеткен «толық адамның» әулие деңгейі.
Адамның дамуы үшін имандылықтың қандай үлкен маңызы барын осылай көруге болады.
Досым Омаров,
абайтанушы, теолог
Abai.kz