Су тасқыны: Qoldau.gov.kz порталы іске қосылды
Су тасқынынан зардап шеккен бірде-бір қазақстандық мемлекеттің қолдауынан тыс қалмайды. Осы орайда Egov.kz негізінде Qoldau.gov.kz порталы әзірленді.
Онда мемлекеттік және уәкілетті органдар атқарып жатқан шаралар мен оларды жүзеге асыру, көрсетілетін көмек туралы ақпарат жарияланады. Барлық дерек дер кезінде жаңартылып, тиімді форматта көрсетіледі. Бұл туралы ҚР мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов ОКҚ алаңында хабарлады.
«Азаматтарды қолдау, бизнес өкілдерін қолдауды осы платформа арқылы кез келген азаматтың көріп отыруына мүмкіндік бар. Бұған қоса, әрбір азамат немесе ШОБ өкілі, соның ішінде ауыл шаруашылығы қожалығының өкілдері осы мобильді қосымшаға кіріп, тиімді пайдалану үшін өздерінің өтініштерін жүктей алады. Өтініштің қаралуы цифрлық онлайн режимде қарауға толық мүмкіндік бар», – деді спикер.
Порталда азаматтарды қолдау, өтемақы алу, оның түрлері, зардап шеккен тұрғын үйлерді қайта салу бойынша өтініш қабылдау функциясы бар.
Qoldau.gov.kz ресурсының негізгі міндеті: Орталық коммуникациялар қызметінің базасында, Үкіметтің қолдауымен осы контекст бойынша барлық қажетті ақпарат бір сайтта жинау.
Қолдау шаралары туралы өзекті деректер, онлайн-өтініштер, жедел мәліметтер, соңғы жаңалықтар, ресми тұлғалардың мәлімдемелері, министрліктер мен әкімдіктердің релиздерін осы интернет алаңнан табуға болады.
Орталық коммуникациялар қызметі директорының орынбасары Александр Белиловский атап өткендей, барлық деректер барынша тез жаңартылып, қосылып отырады.
«Су тасқыны басталғаннан бері ОКҚ базасында Республикалық ақпараттық штаб ашылды, Осы уақытқа дейін министрліктер мен әкімдіктер өкілдерінің қатысуымен 170-ке жуық брифинг өткізілді. Үкімет зардап шеккен өңірлердегі ахуал және су тасқынының салдарын жою үшін қабылданған барлық шаралар туралы дереу хабардар етеді. Су тасқынына байланысты ақпарат көп болған жағдайда, адамдарда оны тексеріп, ресми дереккөздермен салыстыру мүмкіндігі болуы керек», – деді спикер ОКҚ алаңында өткен брифингте.
Abai.kz