Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Аймақ 2068 7 пікір 15 Мамыр, 2024 сағат 15:22

Өңірлерден қазақ мәдениеті мен өнерін жоғалтпайық!

Көрнекілік суретті мақала авторы ұсынды

Жуықта бір министрдің сөзінен «Қазақстан – көп ұлтты мемлекет» дегенді естідім. 

Осы сөзінен-ақ, бұл министрдің саяси сауатсыз екендігін танисың. Осындай білімі шамалы, саяси танымы төмен, ұлт болашағына қауіпті адамдарды жоғары лауазымға қалай тағайындайтынын түсінбеймін. Баяғы Кеңес Одағының салып берген құлдық идеологиясының шырмауынан шыға алмай жүрген мәңгүрттер.

Біздің елімізде бір ғана ұлт немесе бір ғана халық бар. Ол осы Қазақстан мемлекетін құрушы – қазақ халқы. Өзгелері жан-жақтан келген, жиналған ұлт өкілдері, яғни, этностар. Жалпы, билік өкілдерін тағайындарда, олардың тек қана алған білімі мен жинаған тәжірибесіне қарау аздық етеді. Осылармен қоса, бұл адамдардың саяси тұрғыда сауаты терең, сондай-ақ,  тарихи танымы кең және оларға, ауызынан шыққан әр сөзіне жауап бере алатын, ел ішін бүлдірмейтіндей, дүрбеленге салмайтындай, айтқан ой-пікірі ақылға сиятындай жауапкершілік арқалату керек. Әйтпесе, әлі күнге дейін  Қазақстанда жүз отыз ұлт тұрады деу, идеологиялық тұрғыда мүлде қате  ұғым.

Менің ойым, қадірменді билік иесі - әрбір облыс және мегаполис  қалалардың әкімін тағайындарда, оның тек қана шаруашылықты  жүргізе алатын қабілеті мен біліміне ғана емес, оның қазақ мәдениетіне, өнеріне және әдебиетіне қаншалықты жақын адам екендігіне де көңіл  аудару керек. Әйтпесе, өзіне тапсырылып берілген өлкедегі қазақ   мәдениеті мен өнерін, сондай-ақ, әдебиетін, тұтас қазақ болмысын,  сол аумақтан мүлде шығарып тастайды. Сонымен қатар, Мемлекеттік  қазақ тілін мүлде қолданыстан алады. Сонда, енді не болды?! Тура бір  Ресейдің өзіндік ана тілі мен мәдениеті жоқ қара орыстар мекендеген  губерниясына айналады.

Мысалға айтайық: Қостанай облысы кейінгі жылдары тура осындай аймаққа  айналды. Кезінде, Өмірзақ Шөкеев пен одан кейінгі әкімдердің тұсында, бұл аумақ кәдімгідей қазақтікі секілді еді. Қазір, мүлде олай деуге ауызың  бармайды. Мен бұл арада өткен ғасырда революция бесігіне айналған   Торғай өлкесін айтып отырған жоқпын! Қазіргі, кейінгі келген әкім, қазақтың  мәдениеті мен өнеріне қарамақ тұрмақ, жарты облысты миллиардтаған  шығынға батырып, суға ағызып жіберді. Әрине, жеке өзін жамандап немесе кір жағайық деп отырған жоқпыз. Дегенмен, өзінің жауапкершілігіне берілген  облысты мемлекеттік тұрғыда саяси сауаттылықпен басқарған жөн емес пе?! Сондай-ақ, Ата заңымызда көрсетілген қазақ тілінің мәртебесі қайда қалды?! Бұл, Солтүстік және Павлодар облыстарына тән нәрселер.

Абай атамыз айтқандай, «Баяғы жартас, сол  жартас!».   

Сондықтан айтарымыз, облыс, сонымен қатар, ірі қалалардың әкімдерін    тағайындағанда, олардың ұлт мәдениеті мен өнерінен, әдебиетінен хабары  бар ма, соған да назар аудару қажет-ақ. Өйтпейінше, Тәуелсіз Қазақ  мемлекеті отарланған губернияның түс-келбетін танытып, әлі талай жылдар тұра береді.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1969