Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Саңлақ 1791 0 пікір 28 Мамыр, 2024 сағат 13:05

V чемпионат. 1976. Сегіз сағатқа созылған турнир

Коллаж: Abai.kz

Басы: Кешігіп туған керемет

Жалғасы: І Чемпионат. 1960. Кеңес футболының алтын дәуiрi

Жалғасы: ІІ Чемпионат. 1964. «Қызыл фурияның» тұңғыш табысы

Жалғасы: ІІІ чемпионат. 1968. Теріс түскен «теңге»

Жалғасы: IV чемпионат. 1972. Алманша арман-команда

1976 жылы ақтық сындағы төрт ойынның да жеңімпазы қосымша уақытта анықталды

Макдоналд – Кипр – 5:0

1972 жылдың 7 шілдесі күні Еуропа футбол қауымдастықтары одағының (УЕФА) сол кездегі президенті швейцариялық Густав Видеркер жүрегі қысылып, оқыстан қайтыс болды. Қаншалықты тосын оқиға болғанымен, енді күш жинап келе жатқан жас ұйым басшысыз көп отыра қойған жоқ. Марқұмның орынбасары венгр Шандор Барча біраз уақыт басшының міндетін атқара тұрды, сосын 1973 жылдың 15 наурызында ұйымның атқару комитеті Римдегі басқосуында италиялық Артемио Франкиді ресми түрде президент етіп сайлады.

УЕФА-ның бұрынғы басшыларында Халықаралық футбол федерациясына (ФИФА) жиі бас шұлғу басымырақ еді. Тіпті Еуропа чемпионатын әлемдік доп додасының іріктеу жарысына айналдыра салу туралы әңгімелер де жиі қозғалатын. Билік басына Франки келген соң, ондай ұсыныстар сап тыйылды. Алғашқы қадамдарынан бастап-ақ жаңа президент Еуропа чемпионатының ешқандай жарысқа «тегін қосымша» болмайтынын, өз бет-бейнесі бар, қызықты да тартысты турнирге айналатынын аңғартты. Ол тіпті құрлық чемпионатының финалдық сынына қатысатын командалардың санын көбейту (4 емес, 8 ету) туралы да бастама көтерді. Бірақ ол жобаны дер кезінде іске асыруға үлгермеді де, 1976 жылғы доп додасы бұрынғы ереже бойынша өтті. Яғни іріктеу кезеңінде 32 құрама төрт-төрттен 8 топқа бөлінді. Топ жеңімпаздары ширек финалда екі ойыннан тұратын жекпе-жекте ақтық сынға қатысатын төрт жүйрікті анықтады.

Іріктеу сатысындағы ерекше оқиғалардың бірі – аяқдопты ойлап тапқан ағылшындардың тағы да жүлдеден құр қалуы болды. Жүлде алмақ түгілі, бұл жолы олар топтан озып та шыға алған жоқ. Әуелгі матчта жаңа бапкер Дон Ривидің шәкірттері зор шабытпен ойнап, азулы Чехословакия құрамасын 3:0 есебімен тізе бүктіргенімен, кейінгі кездесулерде әлгі қарқынын бәсеңдетіп алды. Есесіне, Кипр мен Португалияны «жүндей түткен» чехословактар көп ұзамай бірінші орынға шығып, жарыс соңына дейін сол тұғырдан түскен жоқ. Қалған уақытта британдықтардың қолынан бар келгені – Кипрді 5:0 есебімен талқандау ғана болды. Бұл нәтиженің ешкімді таң қалдыра қоймасы хақ, ал бес голды да бір ойыншының (Малколм Макдоналд) соғуы Еуропа чемпионаттары тарихында тұңғыш рет тіркелді.

Голланд-поляк тайталасы

Ағылшын шабуылшысының табысы шабыттандырса керек, 2-топтағы Венгрия – Люксембург (8:1) кездесуінде алаң иелерінің үздік ойыншыларының бірі – Тибор Нилаши да бес доп соқты. Жалпы әу баста бұл топтағы негізгі текетірес осы венгрлер мен олардың құдайы көршісі – Австрияның арасында өтеді деп болжанғанымен, бірінші орын үшін таласқа ойламаған жерден Уэльс килікті де, басты қарсыластарын сырт алаңда да, өз алаңында да ұтып, тұңғыш рет ширек финалға ілікті. 3-топтан югославтар суырылып шықты. Ал 4-топқа кілең өзара деңгейлес командалардың шоғырланғаны сондай, он екі ойынның алтауы тең аяқталды. Оның бесеуі (!) румындардың қатысуымен жүзеге асты: Данияны 6:1 есебімен ойсырата ұтқан олар қалған кездесулерінің бәрінде де қарсыластарымен ұпай бөлісуге мәжбүр болды. Іріктеу турнирінде бірде-бір рет ұтылмаған тағы бір команда – Испания болса, шешуші ойындарын сәтті өткізіп, топ жеңімпазы атанды.

5-топ 1974 жылғы әлем біріншілігіне қатысқан үш мықтының – күміс жүлдегер Голландияның, қолаға қол жеткізген Польшаның және осы поляктардың «кесірінен» топтық кезеңде-ақ «тоңқалаң асқан» Италияның басын қосты. Үш «арыстанның» азуында кете барған финдер Римде күтпеген жерден күш көрсетіп, өздерінің осы циклдағы жалғыз ұпайын италиялықтардан жырып алды. Сөйтіп, ширек финал жолдамасы үшін негізгі тайталасқа голландықтар мен поляктар түсті. Шынын айту керек, бұлардың арасындағы екі ойын да өте тартысты және тартымды өтті. Әуелі Хожувте «голланд қамалы» құлады – 4:1! Батысгерман жеріндегі дүниежүзілік додада көзге түскен дүлдүлдер – Гжегож Лято, Роберт Гадоха және Анджей Шармах бұл жолы да өте жоғары деңгейде өнер көрсетті. Әріптестерінен еш қолдау таппай күйінген Йохан Кройф бар ішкі буырқанысын Амстердамдағы қарымта матчта ақтарып салды (3:0): үш гол да «ұшқыр голландықтың» көмегімен соғылды. Мәреге қатар келген қос жүйріктің тағдырын доп айырмасы шешті. Қалған топтарда КСРО, Бельгия және ГФР құрамаларының басқалардан басымдығы айқын аңғарылып тұрды.

Ширек финалдық жұптардың деңгейі шамалас еді. Өз мүмкіндігін толық пайдалана алмаған кеңес командасы құрлық чемпионаттары тарихында тұңғыш рет финалдық турнирден тыс қалды (Чехословакия – КСРО – 2:0, 2:2). Чехословак футболшылары әсіресе Прагада өте қарқынды ойын көрсетті. Сондағы қимылдарына қарап-ақ олардың алтын жүлдеге лайық екенін аңғаруға болар еді. Чемпиондықтан үміткерлердің қатарында өз көршілерінің (Бельгия – 5:0, 2:1) «қолын қол, бұтын бұт» қылған Голландия құрамасы да, испандықтарды онша қиналмай жолда қалдырған (2:0, 1:1) батыс немістері де аталды. Бұлардың жанында осалдау саналған Югославия командасы жартылай финалға жанжалмен әупірімдеп ілікті: Кардифте өткен қарымта ойында төреші уэльстіктердің екі голын есептемей қойды, бұған қоса алаң иелерінің шабуылшысы Терри Йорат пенальти соға алмады (1:1, белградтағы алғашқы ойында 2:0 есебімен югославтар ұтқан еді). Төрешінің әрекетіне наразы болған жанкүйерлер алаңға әртүрлі заттар лақтырып, ойын бірнеше минутқа үзіліп қалды. Матч біткен кезде стадион маңы кішігірім соғыс майданын көзге елестетердей еді. Қонақтар мен төреші алаңнан тәртіп сақшыларының көмегімен әрең шықты. Кейін УЕФА-ның тәртіп комиссиясы қауіпсіздік шараларын дер кезінде жасай алмағаны үшін Уэльсті келесі Еуропа доп додасына қатысу құқынан айырды.

Ешкім де 90 минут ойнаған жоқ

Финалдық турнир Югославияда ұйымдастырылды. Екі жартылай финал да аса тартысты өтті. Қарсыластардың өзара деңгейлес екені де көзге ұрып тұрды. Сол себепті, екі ойында да жеңімпаз қосымша уақытта анықталды. Чехословакия құрамасының бас бапкері ойыншыларды сәтті алмастырып, жасыл алаңдағы жан алысып, жан беріскен айқасқа кейіннен араласқан Франтишек Веселы әуелі Зденек Неходаға нәтижелі пас шығарып берді, сосын іске өзі кірісіп есепті ұлғайтты (3:1). Ал екінші жартылай финалдық кездесуде әуелі югославтардың басымдығы байқалды: бірінші тайм біткен кезде есеп 2:0 еді! Бірақ немістер қашанда ерік-жігерінің мықтылығымен қарсыласының мысын басады ғой: 65-минутта шабуылшы Хайнц Флоэ бір қарымта доп енгізді, ал 81-минутта соның алдында ғана Херберт Виммерді алмастырған жас талант Дитер Мюллер есепті теңестіріп кетті! Сағы сынған балқандықтар қосымша уақытта тағы екі гол жіберіп алды: екеуін де Д.Мюллер соқты. Бұл – Еуропа чемпионаттары финалдық турнирлерінің тарихындағы тұңғыш хет-трик болатын. 3-орын үшін болған ойында да жеңімпаз қосымша уақытта белгілі болды (жалпы финалдық сындағы төрт ойынның уақытын есептесе, 8 сағат болады екен!).

Ал алтын жүлденің иесін анықтау үшін 120 минут та аздық етті. Бұл ұйымшыл командалық қимыл мен ойыншылардың жеке шеберлігі кереметтей үйлескен нағыз заманауи футболдың үлгісін көрсеткен матч болды. Әсіресе Вацлав Ежектің жігіттері айрықша көзге түсті. Йозеф Модер, Зденек Нехода, Ян Швеглик, Карол Добиаш тәрізді ойыншылар үнемі неміс қорғаушыларының мазасын алумен болды. Антон Ондруш, Ян Пиварник, Коломон Гог, Йозеф Чапкович секілді майталмандар тылды торуылдап қана қоймай, шабуыл отына май құйып отырды. Қашандағыдай ойынды қарқынды бастаған чехословактар ә дегенше екі гол соғып үлгерді. Олар тіпті үшіншісін де енгізіп, ойын тағдырын шешуге мүмкіндік алды, бірақ шабуылшы Мариан Масны батысгерман қақпашысы Зепп Майермен жекпе-жек шықса да, қанжығасын майлай алмады. Немістер әдеттегіше тістесіп бағып, үзіліске дейін есеп айырмасын қысқарта алды. Екінші таймның басым бөлігі ГФР құрамасының шабуылымен өтті. Бірақ чехословак қақпашысы Иво Виктор тамаша ойнады. Десе де, 90-минутта таразы басы тағы да теңесті: әуелеп келген допқа Виктор мен Бернд Хельценбайн қатар ұмтылды, неміс шабуылшысы қақпашыны төрешіге байқатпастан итеріп қалды да, өзі допты... желкесімен торға бағыттады – 2:2.

Қосымша 30 минуттағы алма-кезек шабуыл да ешқандай нәтиже берген жоқ.

Финал алдында Неміс футбол одағы ұйымдастыру комитетіне «егер матч қосымша уақытта да тең аяқталған жағдайда бұрынғыдай жеребе тастауды қойып, оның орнына бес-бестен пенальти тебу қолға алынса...» деген өтініш жазған еді. Жеңімпаз онда да анықталмаса, пенальтиді кім бұрын қателескенге дейін жалғастыру ұсынылған-ды. Чехословак жағы бұл ұсыныспен келіскен болатын. Нәтижеде италиялық төреші Серджо Гонелла командаларды ойын соңындағы пенальтилерді тебуге шақырды. Қарсыластардың алғашқы үш соққысы нысанаға дөп дарыды – 3:3. Чехословакия құрамасынан 11 метрлік нүктеге төртінші боп келген Ладислав Юркемик те мүлт кеткен жоқ. Бұдан соң допқа ГФР құрамасының қорғаушысы Бернард Дитц жақындады. Алайда... аяқ астынан оны бүгінде «Баварияның» құрметті президенті болып жүрген Ули Хенесс басып озды да, тездетіп теуіп жіберді: доп қақпадан әлдеқайда биік кетті. Енді Антонин Паненканың соққысы шешуші маңызға ие болды: егер ол қателессе, немістер есепті теңестіруге мүмкіндік алады, ал дөп соқса чехословактар чемпион атанады. Паненканың соққысы (егер оны соққы деуге болса) футбол тарихындағы ең тосын әрекеттердің бірі ретінде есте қалды – ол, өзінің қимылын аңдыған қақпашы далбасалап бір шетке қисая бергенде, допты жәй ғана сырғыта көтеріп, орта тұстан домалата салды. 5:3!

Енді немістердің бесінші соққысының қажеті де болмай қалды. «Күміс амфора» Прагаға кетті...

V ЕУРОПА ЧЕМПИОНАТЫ

(1976 жыл, Югославия)

Финалдық турнирде 4 матч өткізіліп, 19 доп соғылған. Мерген футболшы: Д.Мюллер (ГФР) – 4 доп.

Жартылай финал

Чехословакия – Голландия – 3:1 (қосымша уақытта), Югославия – ГФР – 2:4 (қосымша уақытта)

3-орын үшін матч

Голландия – Югославия – 3:2 (қосымша уақытта)

ФИНАЛ

ЧЕХОСЛОВАКИЯ ГФР 2:2. Пенальтиден 5:3

20 маусым. Белград. «Црвена звезда» стадионы. 30 790 көрермен. Төреші Гонелла (Италия).

Чехословакия: Виктор, Пиварник, Чапкович, Ондруш, Гог, Паненка, Добиаш (Веселы, 94), Модер, Масны, Швеглик (Юркемик, 80), Нехода.

ГФР: Майер, Фогтс, Беккенбауэр, Шварценбек, Дитц, Беер (Бонгартц, 80), Бонхоф, Виммер (Флоэ, 46), У.Хенесс, Д.Мюллер, Хельценбайн.

Голдар: Швеглик, 8 (1:0), Добиаш, 25 (2:0), Д.Мюллер, 28 (2:1), Хельценбайн, 90 (2:2).

Пенальти сериясы: Масны – 1:0, Бонхоф – 1:1, Нехода – 2:1, Флоэ – 2:2, Ондруш – 3:2, Бонгартц – 3:3, Юркемик – 4:3, У.Хенесс (қақпадан биік кетті) – 4:3, Паненка – 5:3.

Ескерту алғандар: Добиаш, Модер.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2047