Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3609 1 пікір 19 Желтоқсан, 2013 сағат 04:53

Ауыт Мұқибек. Нағашыма хат (басы)

немесе Төлқұжатым мен Жеке бас куәлігімді кері өткізуге мұрсат беріңіз, құрметті Нұреке!

 

1. «Кеше, яғни желтоқсанның 10-ы күні көпшілік талқысына түскен және әлеуметтің қатты наразылығына ұшыраған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға Мемлекет басшысы қол қойды. Бұл онсыз да қаңтарылып тұрған қазақ көшінің бұйдасы кері бұрылды дегенді білдіреді» (turkystan.kz ) – деп жазады «Түркістан» апталығы өзінің 12-желтоқсан күнгі санында.

Сонымен 22 жылға жалғасқан қазақ көшінің басынан бағы тайды. Дұрыс па, бұрыс па, – бағасын беріп, үкімін шығаратын – болашақ! 

«Тәуелсіз Отаны, ақсақал Президенті тұрып, аз емес, бес миллион қазақ далада қалмасын!» – деп шулаған қалың дауыстың ішінде менің де үнім бар еді. Сол бауырлардың атынан Сізге «Соңғы тілегімді» (abai.kz) жырыммен айттым. Ақыры қол қойылды. Енді төрт жылға тұл азаматтық сұрау шешіміне келіп, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің атыңызға осы хатты жазып отырмын.

немесе Төлқұжатым мен Жеке бас куәлігімді кері өткізуге мұрсат беріңіз, құрметті Нұреке!

 

1. «Кеше, яғни желтоқсанның 10-ы күні көпшілік талқысына түскен және әлеуметтің қатты наразылығына ұшыраған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға Мемлекет басшысы қол қойды. Бұл онсыз да қаңтарылып тұрған қазақ көшінің бұйдасы кері бұрылды дегенді білдіреді» (turkystan.kz ) – деп жазады «Түркістан» апталығы өзінің 12-желтоқсан күнгі санында.

Сонымен 22 жылға жалғасқан қазақ көшінің басынан бағы тайды. Дұрыс па, бұрыс па, – бағасын беріп, үкімін шығаратын – болашақ! 

«Тәуелсіз Отаны, ақсақал Президенті тұрып, аз емес, бес миллион қазақ далада қалмасын!» – деп шулаған қалың дауыстың ішінде менің де үнім бар еді. Сол бауырлардың атынан Сізге «Соңғы тілегімді» (abai.kz) жырыммен айттым. Ақыры қол қойылды. Енді төрт жылға тұл азаматтық сұрау шешіміне келіп, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің атыңызға осы хатты жазып отырмын.

Әрине, хатымның айғайлап тұрған атын көріп, Сіздің және мені толық біле бермейтін басқа да ағайындардың «бұл кім, есі ауысқан біреу емес пе?» – деп қалуы бек мүмкін ғой. Сол үшін кішкене арыдан бастап, Сізбен кеңірек сырласуды жөн көрдім.

Негізі, Нұрсұлтан Әбшұлы, мен Алматыға Қытайдың үлкен қалалары – Бежіңнен не Үрімжіден, болмаса мына іргеде тұрған Құлжадан да емес, төте ауылдан – Ойманбұлақтан келген баламын. Осынау зайырлы мемлекетте, қанша жерден, он бес жыл тұрдым десем де, сол ауылдың «жаман» әдетінен бір арыла алмай-ақ қойдым. Оның үстіне, қазақтың сол ескі жолымен ата-жөн сұраса кетсек, мысалы, әнеу қасыңызда жүретін мұртты жігітке қарағанда, мен Сізге әлде қайда жақынмын. Сіз ұлдан туғансыз да, мен қыздың баласымын, – туған жиеніңізбін.

«Асылдардың бүгінгі сүйегімін,

Домбыраның күй төккен тиегімін.

Тұманбайдың ең жақсы баласымын,

Нұрсұлтанның, білсе егер, жиенімін»

– деп өлең жазып жүргенім содан (abai.kz).

Арғы атаңыз атақты Бәйдібек байдың Күнбике (Күнбүбі деп те жүр), Нұрбике деген екі қызы болғанын білесіз ғой. Соның екеуі де Домалақ (Нұрила) анаңыздың (el.kz) Жарқышағынан туған. Мен соның өте ақылды, көрікті болған соң ел: «Шіркін, Бәйдібектің қызы-ай!..» – деп жүріп, «Қызай» атап кеткен Күнбикесінің тұқымымын. Үлкендердің айтуынша, Қызай анамыз тірлігінде ұрпақтарына: «Ел өсіп, жерден қысылсаңдар, әкем Бәйдібектің ата мекені Ілені табыңдар!» деп өсиет қалдырыпты. Әпекеңізден қалған осынау сөз бойынша, «Қызайлар 1865-жылдан 1871- жылдар аралығында Іленің бұрынғы Құлжа, Сүйдін және көне Қорғас ауданы өңірлеріне дейін асып түсіп қоныстанған» (Қаһарман Мұқанұлы. «Ғылми зерттеу мақалалары», Ұлттар баспасы, 193-, 196-беттер). Қазір одан тараған төрт ұлдың (Меңіс, Жеңіс, Бегімбет, Дербіс) ұрпағы Іле Қазақ автономиялы облысының сегіз ауданында тұрады. Ал, Нұрбике (massaget.kz ), өз аты жайына қалып, «Мұрын» атанып кетіпті. Оның ұрпағы да өскен ауыл, Барқытбелдің арғы бетінде отыр қазір. Қысқасы, екі апайыңыздың ұрпағы ұлардай шулап, ауып барған қалың Албан-Суанмен бірге бүкіл Шығыс Түркістанның екі үлкен өңірін (Іле мен Тарбағатай аймағын) алып жатқан екі үлкен рулы ел қазір...

Менің өз әкем Мұқибек Мырзабайұлы (суретте) қызыл үкімет келерден бұрын өз руымыздың зәңгісі болған. Анам Бүбіжан Есболқызы 1944-жылы шілде айының соңында Іледен Шығыс Түркістан ұлт азаттық көтерілісінің тұңғыш оғын атқан қос батырлар Әкпар-Сейітке тіке туыс.

Мұқибектің немере інісі Мұқабай Құлжақанұлы Шығыс Түркістан Республикасы құрылу қарсаңындағы саяси күрестердің бел ортасында жүрген, бүкіл Албан-Қызайға аты мәлім қайраткер. 1946- жылыдың 2-шілдесінде Шығыс Түркістан Республикасы Сталин мен Мао жағынан тұншықтырылып, қызыл қытай билікке келгенде, Мұқабай атам бүкіл қызыметті тастап, ауылға кетіп қалады. Не керек, 1951 жылы пантүркизмші Мұқибек те, Мұқабай да (тағы бірнеше кісі бар) тұтқындалып, Сүйдіндегі түрмеге жабылады. 1952-жылдың 25-мамырында Мұқабай қандықол қызыл Қытай үкіметі тарапынан 37 жасында атылады. Сол кездегі      Орталықтан Шыңжаңға қызмет тексере келген әрі Батыс бес өлкенің кураторы, қазіргі Қытай басшысы Си Цзиньпиннің әкесі Си Чжуньсюннің бұйырығымен Шыңжаңдағы адам ату «науқаны» тоқтатылып, енді атылғалы тұрған жерінен Мұқибектер, Алла сақтап, аман қалады...

Ал, мен өзім бірінші сыныпқа, сенсеңіз, он бір жасымда әрең бардым, Нұраға. Оған себеп, арыстандай екі бауыры мен қайнысынан жастай айырылған шеркөкірек шешемнің Албан еліне ұзатылған тұңғыш қызы Зейнекүл тәтем 1959 жылы Советке кетіп, жылай- жылай екі көзі бірдей суқараңғы болып қалды. Өмірінің соңғы отыз жылын жарық әлемді көрмей өткізді. Мен сол шешемді он жастан асқанша ой мен қырға жетелеп жүрдім. Сауытбек ағамның тұңғыш қызы туып, аяғын басқан соң ғана менің қолым босады. Тұңғыш рет барып, бірінші сыныптың босағасын сомадай болып аттағаным есімде. Манағы ағамның қызы Әмина қарғам әжесін жетектеп жүріп, мектеп бетін көрмеген күйі күйеуге шықты...

Қадырлы Нұреке, келгелі он бес жылдан бері айтпаған бұл әңгімені Сізге өзімді асқақтатып көрсетейін немесе бір сорлы күйге түсіріп, мүсіркете қояйын деп баяндап отырғам жоқ. Құдай сақтасын ондай жексұрындықтан! Сіздің шетелде қалып бара жатқан әр жиеніңіздің, әр қандасыңыздың отбасында бар, басынан өткен қилы тағдыр бұл. Демек, бұл ел көргенді, ол қазақтар да басынан кешті. Осының бәрін үлкендердің ауызынан тыңдап өскен ұрпақтың жүрегінде не болушы еді? Әрине, удай ашыған запыран! Қыж-қыж айнаған кек!! Оның бірден-бір емі – Алла берген Қазақ елінің қасиетті Тәуелсіздігі еді. Солығымызды басып, еңсемізді көтерген Сіздің «Алыста жүрген ағайынға ақ тілегіңіз» (http://old.abai.kz/node/40129) болатын!

Я, құмырсқандай қалың қытайдың ішінде жүріп, шамамыз келіп, аяғымыз жеткен жерге дейін оқыдық. Туған ауылымыз Ойманбұлаққа оралып, мұғалім болдық. Жас болсақ та, ел үміт артып, үкімет сеніп тапсырған соң, үш жыл мектеп директорлығын да атқардық. Сіз ел астанасын Ақмолаға ауыстырам деп жатқан сол тоқсаныншы жылдардың ортасында, біз де Ойманбұлақтың мектебін кеңірек жерге көшіріп, үш кезекпен оқитын 900 балаға бір мезгілде дәріс тыңдай алатын жаңа мектеп салдырам деп жоғары-төменге шақпылап, арпалыспен жүрген болатынбыз. Халықтың қолдауы, Шыңжаң өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы, қазақтың ардақты азаматы Жәнәбіл Сымағұлының бұйрығымен қазынадан бір миллион юан ақша бөлініп, 1995 жылы бастаған ісім 1998 жылдың қыркүйегінде сәтті аяқталды. 24 бөлмелі, екі қабатты мектеп үйі сол кездің өлшемімен қарағанда, Іленің ауыл-қыстақтарындағы білім ошақтарының маңдай алды еді. Керек-жарағын түгелге жуық жаңартып, толықтадым. Билік біткеннің басында қытай, одан қала берді ұйғыр отырады. 25 жасқа енді толған қалқаң құлақ бала үшін бұл шаруа оңайға түскен жоқ. Сіз кешкен күйді мен де басымнан өткердім. Сіз Астананы айтып мақтана бастағанда, менің есіме Ойманбұлақтың мектебі түседі бірден...

2. Ендігі арман – Атажұрт Қазақстаға кету еді. Онда барып, Тұманбай Молдағалиевке сәлем беру болатын!

1998 жылдың 24-қазанында қасиетті Қазақстан топырағына табаным тиді. Мен туардан он жыл бұрын кеткен Зейнекүл апайымды, Жандос жездемді артынан іздеп келіп қуанттым. Апам: «Ұзатқан қызды артынан төркіні жоқтамаса, өлгенде қорқау қасқыр сүйегін кеміреді екен!» – деп жылайтын. Сөйтіп, мен апайымды сол қорқау қасқырдан құтқардым. Сұрастыра жүріп, Тұмағамды да таптым.

Арғы бетте жатып, Тұмағаның жүрекжарды жырларын оқып, оның бүкіл жан-дүниесін, өткен-кеткенін, арман-тілегін, мейірімге толы жүрегін, биік адамгершілігін, адал көңілін, кең құшағын... жан-тәніммен сезінгем. Маған бүкіл Қазақстан Тұманбай Молдағалиев болып елестейтін. Ішкі түйсігім алдамаған екен, менің өзін соншама жақсы көретінімді, пана тұтып келгенімді жаутаңдаған көзімнен бірден оқып үлгірді жақсы аға. Оқыған өлеңімнің өзінің өлеңдеріне тартқанын айтып, мақтап та қойды. Сосын бар жағдайымды, осында қалғымның келетінін сұрап ұқты да, маған аға болуға дайын екенін, қолынан келгенше көмектесетінін айтып, келесі күнге үйіне шақырды. Әке-шешемнен, екі бірдей ағамнан, бір жеңгемнен айырылып келген мен байқұс бір демде қунап, жайнап шықтым асыл ағаның алдынан. Өмірімде бұдан өткен қуанышты, жұлдызды сәтімнің болғанын еске түсіре алмай, қатты толқыдым. Аға дидарын өз көзіммен көрсем деген ұзақ жыл күткен арманым сәтті орындалды. Мен сол күннен бастап, Тұманбай ағаңызға туған іні боп кеттім. Ол кісі бүкіл қызыметкерін а дегенде Ауыт деп шақыратын болды.

Ойманбұлақтағы ел: «Біздің Ауытымыз Алматыдан Тұманбай деген ақын аға тауып алыпты. Ол кісі Назарбайға (Қытайдағы жиендеріңіз Сізді осылай атайды) жақын туыс, аға екен. Ана Ауыт енді Тұмағасына еріп барып, патшамен емін-еркін жолыға беретін болыпты!» – деп естіпті. Ауылға барсам, бұл сөз Ойманбұлақтың басынан аяғына дейін желдей есіп жүр. Жаратылысын аңқау, ақ көңіл, сенгіш болып жаралған туыстарыңызға мен не айтады дейсіз, «ауыздарыңа май!» – дедім де қойдым.

Бірер жылдан кейін Тұмаға мені «Балдырғанға» жұмысқа алды. Белгілі себеппен Астанаға кетіп қалған жерімнен өзі келіп, Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзадан штат сұрап, қайта алып кетті Алматыға. Одан арғы жерде, қашан дүниеден озғанша, мен Тұмағаның қасынан екі елі айырылғам жоқ. Елдегі жағдайға қарай айлап, ақысыз демалыста болып, жарты айлыққа да түсіпжүрсем де, асыл ағамның қасында шауып жүре бердім...

Сөйтіп, мен балаларға қажетті дүниелерімді жазып тапсырған соң, саяжайда отырған кәриямның қасында болам; кітаптарын құрастырып, баспаға ұсынам; сусынын дайындаймын; Сізге арнап жазған өлеңдерін «Егемен Қазақстанға» жіберем; Жазушылар одағы мен басқа сарайларда болатын кештерге ертіп барып, саханаға сүйеп шығарам; өлеңін оқып болған соң, баспалдақтан демеп қайта түсіріп алам. Айтпақшы,

«Таптағы өзің ойлап бір сылтауын,

Келіп кет біздің үйге, Нұрсұлтаным...» –

деп басталатын өлеңін Кәдірбек Сегізбаев пен Марал Ысқақбаевқа телефонда оқып берген соң, почтадан мен жібергем Сізге. Сол өлеңді алған Сізден телефон келгенде мен тағы қасында отырғам. Әуелі, ол өлеңді саяжайға кетіп бара жытып, машинасын тоқтатып қойып, жол үстінде жазғанына дейін әлі есімде! Сіз келем деп, ағам екеуміз саяжайды күрделі жөндеуден өткізіп, бассейін салдырып, жаз бойы күткеніміз бар. Күзде қолыңыздың тимегенін айтып, ғафу өтіндіңіз. Райымбек батырдың Нарынқолда өткен 300 жылдық тойында Сізбен дастарқандас болғанда, Сіз берген кәмпиттен де ауыз тигем. Астында ойып басылған қолтаңбаңыз бар, Сіз сыйлаған алтын сағатты да жуғамыз...

Қысқасы, Сізбен әр кездесуі ағаңыз үшін, оның қолғанаты болып жүрген мен үшін ұлы мереке, зор қуаныш болатын. Біз Сіздің атыңызға ақ тілектер айтып, ол мерекені арнайы атап өтетінбіз. Тұмаға жарықтық ерте тұрып, Қыбылаға қарап қолын жайып, ұзақ мінажат ететін. Қасында мен естіп тұрам, Алдымен Қазақстанның іргесінің берік болуын, оның басшысы – Сіздің амандықтарыңызды тілеп, Жаратқанға жалынатын. Тағы да көп адамдардың атын атап, қазақша дұға жасайды. Соңына таман менің де есімім естіліп қалатын сол тізімнен. Бетін сыйпаған соң, «Ауыт, ел аузында атымыз бар ғой, біз секілді адамдардың тілегі тез қабыл болады!» – деп қоятын. Мен оған кәміл сенем. Тұмағаға Аллатағала бәрін берген, тілегі орындалған, жаратылысы бөлек адам. Оның реніш, наласы да екшкімді оңдырмайтынын менің ақындық түйсігім әбден сезеді... Соңғы сапарға шығарарда, сүйегіне өзім түсіп, жақсылап жудым жан ағамды.

Негізі Тұмаға мені алдап кетті... Емханаға өз аяғымен барып, шықпай қалды ғой. Төсек тартып ауырғанда, бүйрегі, жүрегі не басқа бір организмі істен шыққанда, мен денемнің оған керек кез-келген мүшесін кесіп беруге әзір едім. Түк екіленбестен! Өйткені ол – Тұманбай Молдағалиев қой. Жолында өлсем де арманым жоқ еді! Жұбан ағамша айтқанда, бүгінгі мына сорақылықты көрмес, естімес едім! Қамқор аға маған қолынан келгеннің бәрін жасады. Менен жетіскен ғалым шықпағаны болмаса, Қазақтың Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің аспирантурасына түсірді. Тұңғыш кітабыма алғысөз жазып, батасын берді. Бір ауыз сөзімен-ақ, ел қатары, Алматының шетінен баспана әперді. Астыма ақ тұлпарын мінгізді. Қол астына жұмысқа да алды. Күлтайын, Едіге досын ертіп, өзі таңдаған қыздың ауылына құдалыққа барды. Бір жылқысын сойып, тойымды өткізді... Кәзір қызыл жейдесінен бастап, менің үстімдегі біраз киім – Тұмағаныкі. Сағынғанда киіп алам. Жағасынан жан ағамның иісі аңқып тұрады.

Тұмағаның ел көзіне түспей жүрген бір кереметі бар. Ол Қазақ елі тәуелсіздігін ала салған елең-алаң шақта өлең жазып, шеттегі қандастарын Қазақстанға шақырған тұңғыш қазақ ақыны! Менің жолында өлем деп жүргенім – сол.

« ... Қинамайды енді қайдан келдің деп, көздерін ешкім атпайды да,

Бабаларға арнап оқысаң мейлі, оқи бер, бауырым, таң атпай дұға!

Босаға күтеді ылғи алыста жүрген өз перзенттерін,

Тасада тұрып сендерге енді ешкім оқ атпайды да!

 

Бақ іздеп әуре болмаңдар сендер, бақ деген баба мекені екенін,

Білмегендерге «неге білмейсіңдер» – деп, қаттырақ айтып, төте кетемін.

Тілімді сақтап, дінімді сақтап, ділімді сақтап жүрген қазақты,

Бауырым демей, қауымым демей, қалайша бөліп, бөтен етемін»

– деп еді-ау Сіз екеуіміздің есіл Тұмағамыз, Нұрсұлтан Әбішұлы!

Қылышынан қан тамып тұрған сонау 1985 жылы Қытайдан Еуропаға ауып барған Оспан атты қазақпен бір сапарында кездесіп, оның өмірінен еңіретіп отырып «Алтай – Оспан» деген поэма жазып, оны «Біздің Отан» газетінде бастырған ерің тағы осы – Тұманбай Молдағалиев болатын.          

    «... Кеудемде талай менің қайғы ысталды,

    Өсірсем жақсы еді-ау ұл ойға ұстамды.

    Мен өлсем, балаларым барар елге,

    Қумаңдар, жат көрмеңдер байқұстарды.

 

    Бұл елдің бөлек жолы, тәртібі де,

    Білмеймін кемшілі не, артығы не.

Ұлдарым қазақ болмай қала ма деп,

    Кетеді зәрем менің зәр түбіне...»

– деп зарлатады ғой қайран ақын сол дастанында шетте жүріп, көкірегі шерге толған Оспан бауырын.

Бәрін демей-ақ қояйын, тек өз қолыңыздан әр жылы марапат алып жатқан ақындардың кітаптарын, тым құрыса, бір сүзіп шығыңызшы! Мұндай өлеңді Сіз емге таппайсыз олардан!

(жалғасы бар)

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354